Өлең: Қадыр Мырза Али (Хикая) » ZHARAR
— Амансың ба, Омаржан?
— Амансың ба, Құмаржан?
Деп бір арық, бір семіз
Көріскенін көрсеңіз!
Бірі тұрса балпиып,
Бірі тұрар қалқиып.
Құмарменен теңесе,
Омар толық екі есе.
Бойшаң емес ол аса,
Аласадан да аласа.
Жуанның да жуаны,
Ондай жуан жоқ әлі.
Омарменен теңесе,
Құмар бойшаң екі есе.
Оның өзі тіпті бір
Сыптығырдан сыптығыр.
Ұзынның да ұзыны,
Міне осында қызығы…
— Болса да асау арғымақ,
Мінеді жұрт қарғып-ақ.
Міну үшін ал маған
Айла керек ондаған,—
Дейді Омар досына,—
Күледі жұрт осыма.
— Жұртқа дәп-дәл үзеңгі
Қағады кеп тіземді.
Отырып-ақ есекте
Сүрінемін кесекке!—
Дейді Құмар досына,—
Күледі жұрт осыма.
Досы айтады:— Мойыма!
Мақтан қайта бойыңа:
Шалшық, бұлақ, арықтан
Кезің жоқ бір қорыққан.
Түрініп те жатпайсың,
Алыптай бір аттайсың!
Ұят тіпті көргенге,
Мен сол тайыз жерден де
Өте алмаймын азапсыз,
Өте алмаймын мазақсыз.
Бар киімді шешемін,
Сосын барып кешемін,—
Досы айтады:— Мойыма!
Мақтан қайта бойыңа:
Есіктен ең аласа
Екі жасар балаша
Оп-оңай-ақ кіресің,
Сосын маған күлесің.
Ал мен есік таңдаймын,
Бір сарт етіп маңдайым,
Ыза болып, кептеліп,
Өтем екі бүктеліп.
Ал отырсам,баяғы,
Сыймайды екі аяғым.—
Тегін тапал емес қой,
Төсі де дәу
дөңес қой,
Айласы бар алуан
Омар мықты палуан.
Ардақтайтын тұстасы
Ол — ауылдың ұстасы.
Орақ болса керегі,
Омар істеп береді.
Барса біреу ағалап,
Береді атын тағалап.
Сөздің әділ-дұрысы:
Ол — ауылдың ырысы.
Тегін ұзын болған ба,
Құмарыңнан бұл маңда
Озатұғын кісі жоқ,
Не үлкен, не кіші жоқ.
Қадірлейтін тұстасы,
Ол — ауылда пошташы.
Тасимын деп хат-хабар
Таң атпай ол аттанар.
Тәулік бойы тыным жоқ,
Сонда да одан мығым жоқ.
Сөздің әділ-дұрысы:
Ол — ауылдың ырысы.
Ұзын болса несі мін?
Тапал болса несі мін?
Қасиеті кісінің
Бойында емес —
Ойында,
Міне, осыны мойында!
Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!
Дереккөз: zharar.com