Өлең: Қадыр Мырза Али (Етікші) » ZHARAR
Көрдің, әлде көрмедің,
Етікші атам бар менің.
Қартпын деп ол айтпайды,
Қол қусырып жатпайды.
Тук-тук, тук-тук,
Қол қусырып жатпайды.
Құрып алып малдасын,
Жалпақ басты балғасын,
Пышағы мен бізін ап,
Отырғаны қызық-ақ.
Тук-тук, тук-тук,
Отырғаны қызық-ақ.
Қоңыр күзде, көктемде,
Қара жаңбыр төккенде
Кетпесін деп сыз өтіп,
Тігеді ол бізге етік.
Тук-тук, тук-тук,
Тігеді ол бізге етік
Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!
Дереккөз: zharar.com