Өлең: Мұқағали Мақатаев (Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің)
Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің,
Сабағындай шырмайды шырмауықтың
Үмітпенен, арманмен, күдікпенен,
Өтіп жатыр зымырап зырлауық күн.
…Шешем менің еңкейіп бара жатыр,
Қай күні келер екен нала «батыр».
Жел маған сыбырлайды аят оқып:
«Бір күні айрыласың, қара да тұр».
Кім білсін, көңіл, қандай күй кешеді,
Қаңырап қалуы оңай үй кешегі.
Аландаймын алтыным жоғалғандай,
Анамның көрінбесе кимешегі.
Шешем менің — иілген сұрау белгі,
Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді.
Қалай ғана қалпына келтірерсің,
Дауылдар майыстырған мынау белді.
Ұлың сені жұмаққа бергісі жоқ,
Жұмағың да тамұқ қой — көргісіз от.
Осылай көз алдымда жүре берші,
Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп