Өлең: Мұқағали Мақатаев (Сергей Есенинге)

0

Өлең: Мұқағали Мақатаев (Сергей Есенинге) казакша Өлең: Мұқағали Мақатаев (Сергей Есенинге) на казахском языке

Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей.
Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем,
Жаны ашып, ақыл берген елге сенбей.
Мен-дағы сол жақтанмын,
Ауылданмын,
Ауылдың ауруымен ауырғанмын.
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса,
Алматы мені солай қабылдады.
(Менің де өкіндіре өткенім көп)
Атқа міндім, алысып, теппедім доп.
Мен-дағы малды сүйем, итті сүйем,
Інімнің маңдайынан шерткенім жоқ.
Шаршағанда ширығам шарап ішіп,
Саған ұқсап менің де жанады ішім.
Құлағыма сыбырлап «құран» оқып,
Иектейді мені де «Қара кісі».
Мен де сендей, Серега, күнәдамын,
Жыр азабын тартамын, тіл азабын.
Туған ауыл, туған жұрт қайда барсам,
Қайда барсам — қасымда Рязаным…
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Бір ауылдан екенбіз мен де, сен де.
…Басым сынып барады, басым сынып,
Жөндесем де болмайды, емдесем де

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!