Өлең: Мұқағали Мақатаев (Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған)
Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған,
Баяғы бала мінез, бала тұлғам.
Дәл осылай он алты жасымда мен,
Басымнан түн өткеріп, таң атырғам.
Баяғыдай мінезім, ақылым да,
Кеткенім жоқ әлі ұзап шақырымға.
Мытып қалсам өкшемді атырылған,
Жирен тай жоқ жалғыз-ақ тақымымда.
Баяғыдай күндерім түнге ұласқан,
Түнді сүйем…
Сүюші ем түнді жастан.
Өмір деген мектепті бітіре алмай,
Көше алмай-ақ келемін бір кластан.
Баяғыдай шыт-шыбыр жейделерім,
Баяғыдай күлгенім, сөйлегенім.
Баяғыдай ұрттап ап ыстық астан,
Аузым күйіп қалады кейде менің.
Баяғыдай…
Бәрі де баяғыдай.
Баяғыдай кілемін жаяды май.
Енді маған қырықтың қылығын бер,
Ақылын бер, арын бер, ая, құдай!