Өлең: Мұқағали Мақатаев (Қара өлең)
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2019/06/1558419589_d09cd183d0bad0b0d0b3d0b0d0bbd0b8-d09cd0b0d0bad0b0d182d0b0d0b5d0b2.jpg)
![Өлең: Мұқағали Мақатаев (Қара өлең) казакша Өлең: Мұқағали Мақатаев (Қара өлең) на казахском языке](https://www.zharar.com/uploads/posts/2019-05/1558419589_d09cd183d0bad0b0d0b3d0b0d0bbd0b8-d09cd0b0d0bad0b0d182d0b0d0b5d0b2.jpg)
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емес,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі — құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
…Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.
Түзу-түзу тілінген таспадайын,
Қамшы өремін таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін.
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!
Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын.
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын.
Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады.
Дара қойып қазақтың қара өлеңін.
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
…Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын