Өлең: Мұхтар Шаханов (Жеңіс пен жеңіліс арифметикасы)

0

Өлең: Мұхтар Шаханов (Жеңіс пен жеңіліс арифметикасы) казакша Өлең: Мұхтар Шаханов (Жеңіс пен жеңіліс арифметикасы) на казахском языке

Сәлем, ұлы Сыр елі,
Күріш елі, ырыс елі, шындық елі, жыр елі.
Досы түгіл, қасына да әр кез ашық жүрегі
Өлкелік өр дәстүріңді бүкіл қазақ біледі.
Бар түрікке сағыныш боп қалып қойған өлместен,
Құдіретті Қорқыт бабам сенде туып, сенде өскен.
Көне дәуір көгіндегі біздің дара санамыз —
Топырағыңнан қуат алған Асан-қайғы бабамыз.
Оқшы әулие, ер Жалаңтөс, Қорасандай арындар —
Күллі қазақ төріндегі қайталанбас дарындар.
Сығанақтай қайсар қалаң — өзегіне өрт толған,
Шыңғыс ханға еңкеймеген ер қалпында мерт болған.
Олар дара мерейіміз тереңнен ой қозғаған,
Өз тарихын сараптамай, ешкім алға озбаған.
Тұзды, мұңлы тағдырыңа бақ тілеп ем үнемі,
Ортаңа мен қайта келдім, қасиетті Сыр елі.
Ру-руға бөлініп ап, ақты ақ деп талғамай
Тұрғаныңда оралғаным, бәлкім, сорым болмағай.
Кей рулық мүдделердің болашағы маңдайсыз,
Егер ұлт боп қала алмасақ, ру боп та қалмайсыз.
Базбіреулер бұл салада көрсеткенмен «өнерін»,
Таза ұлттық түйсігіңнің жеңеріне сенемін.
Түлкібұлаң заман келді қансыз әрі бедерсіз.
Ұлтымыздың даңқ шыңы — ұлы Абайды егер сіз
Тірілтіп ап, депутатқа кандидат қып салсаңыз,
(Таң қаларлық, дал боларлық күлкілі іс бұл, нансаңыз),
Біздің мына рухсыздау ер жігіттер өрелі
Одақ құрып, Абайға да күрес аша береді.
Тіпті жеңіп шығарына күмәніңіз қалмасын,
Не сұрайсыз, құм басқан соң ізгіліктің арнасын.
Сол Абайдың шәкірті едім, жолы жиі болмаған,
Қайсар, асау шындығы үшін қалың елі қолдаған.
Ал ӘДІЛДІК үйленіп ап ЖАЛҒАНДЫҚТЫҢ қызына,
Күйеу бала, сүйеу бала ретінде сызыла,
Дәуірінің ыңғайымен ниеті, ойы бұзыла,
Ортақтасты атасының сүбелі дәм-тұзына.
Міне, солай сорлы ӘДІЛДІК әрі-сәрі күн кешіп,
Қазір қайын атасының атына жүр мінгесіп.
Тым тұрақсыз БАҚЫТ ҚҰСЫ елпелектей асыға,
Ұшып барып қонақтады ЖАЛҒАНДЫҚТЫҢ басына…
Уақыт бәрін орнына қояры хақ күні ертең,
Мен ұтылсам, сен де бірге ұтыласың, ұлы өлкем.
Қара күш пен зұлым күштің ақындықты жеңуі —
Ол, әрине, қоғамдағы ізгі ойлардың өлуі.
Жеңіске бақ әперген бе пенделіктің даңғыры,
Бұған дәлел бола алады Махамбеттің тағдыры.
Жалаң дәулет қуатымен дараланбас даңқымыз,
Өйткені рух жеңілгенде, жеңіледі халқымыз

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!