Өлең: Күләш Ахметова (Қазағым менің)

0

Өлең: Күләш Ахметова (Қазағым менің) казакша Өлең: Күләш Ахметова (Қазағым менің) на казахском языке

Бір жерде тұрлау таппаған,
Қосылмай малы қаптаған,
Бөлініп қонған қазақты
Кімдер де кімдер шаппаған?
Бағынып бірақ қалмаған,
Тәуелсіз қайран жан далам!
Жер бар ма жалпақ төсіңде
Қасірет жасы тамбаған?!
Толқимын-дағы тоқталам,
Тоқтамай кімдер өтті аман?
Ардағын қимай қазақтар
Қай жерге күмбез соқпаған?!
Құстары көлде шулаған,
Тұлпары белде тулаған.
Тулары биік желбіреп,
Қандай бір әндер тумаған?!
Жауына қатты қасарған,
Қасарған сайын жасарған.
Найзамен
Нағыз қазақтың
Намысын кімдер баса алған?!
Өтпеген қанша қамалдан,
Қамалдар шыққан тағы алдан.
Несібі жомарт қазақтың
Есігін кімдер жаба алған?!
Жатты да кейде бауыр дер,
Жақсы қыз бенен жалынды ер
Жиын той болса — бәрі ақын,
Жау тисе, түгел — жауынгер!
Аударып жұрттың назарын,
Бардың да көрген базарын,
Жоқтың да көрген азабын,
Даладай дана қазағым!
Ірілік емес — іріткен,
Болса да аман бүліктен,
Қазақпыз деген қазақтың
Қай кезде басы біріккен?!
Ойларға толып көптеген,
Өрнегін қанша текті өлең.
Замандар желі соққанда
Қайда да, қайда кетпеген?!
Бәрі де таныс жайт маған,
Әділет болмас айтпаған.
Ақыры алтын бесікке
Сабылып қайдан қайтпаған?!
…Сағынып қайдан қайтпаған?!

Ғашықпын мен өмірге, ғашық екем,
Ұлты бөтен демеймін, жасы бөтен.
Адал жанды адамның бәріне де
Жүрегімді — қақпамды ашып өтем.
Жақсылықтың бәріне үйір екем,
Тілі бөтен демеймін, күйі бөтен.
Көздерінде мейірім мен тазалық бар
Адамдарды құрметтеп сүйіп өтем.
Құмармын мен тірлікке, құмар екем,
Құмар етпей қоя ма мына мекен.
Ұрпақтарға қалатын ұлы жерге
Жасағаннан тыныштық сұрап өтем.

Түрлі-түрлі сыбаға, сыйлық ғұрып…
Біреу жабы, біреулер жүйрік мініп
Жүрген өмір заңында шаруасы жоқ —
Көктем келді биіктен билік құрып.
Көктем өктем патшадай шешім құрып,
Көрсетеді жомарт сый, тосын қылық.
Ағаштардың кигізіп көк көйлегін,
Қыс киімін қыздардың шешіндіріп.
Махаббатын адамның талап еткен
Мейірімді де айбарлы дала неткен!
Менің ұлы далама ұлы думан
Алып келе жатқандай жаңа көктем!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!