Өлең: Күләш Ахметова (Мен бір бақыт іздеп жүрмін достарым)
Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым,
Ұқсамайтын бақытына басқаның.
Жұлдыздардай жарық әрі биік тым,
Сол бақытты іздеп жүріп жиі ұқтым:
Ортақ болу керек оған Отаным,
Бауырларым, сәбилерім, сүйіктім.
Ортақ болу керек оған әз далам,
От-жалыны болу керек маздаған.
Қуанышы болу керек көл-көсір,
Азабы да болу керек аздаған.
Найзағайдан басқа тіліп өтпейтін
Сонау заңғар әлем сынды көк дейтін
Биік, таза болу керек ол деген
Дұшпандардың атқан оғы жетпейтін.
Іздеп едім оны таңда, кеш, түнде,
Жазда шаң боп, көктемде су кештім де.
Жұрттың бәрін қуантуы керек ол,
Еш зияны болмау керек ешкімге.
Сол бақытты іздеп жүріп жолда мен
Талай рет құлап, шөлдеп ем.
Күн сияқты күтіп едім, сондықтан
Нұрдай мөлдір болу керек ол деген.
Асулар да болар жолда көлденең,
Қарлығаш боп ұшсам ба екен әлде мен?!
Сол бақытты тиіспін мен табуға,
Таңдай ғажап болу керек ол деген.
Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым
Ұқсамайтын бақытына басқаның