Өлең: Күләш Ахметова (Мәдидің монологы)

0

Өлең: Күләш Ахметова (Мәдидің монологы) казакша Өлең: Күләш Ахметова (Мәдидің монологы) на казахском языке

Әнге туған ақының ем, елім-ау.
Абақтыда қамалғаным не мынау?
Қандай қорлық,
Аппақ ойды қаралап,
Ақ-қараны ажыратып танымау.
Ерінетін жіберуге тереңге ой,
Жалқаулыққа есең кетпес ел ең ғой.
Бағы асқанды күндейтін бір сорың бар,
Соныңды әлі
ұқтыра алмай келем ғой.
Сотқарлықтан сол соқырлық сорақы,
Алаяққа кетті-ау, әттең, бар ақы.
Айтақ десе,
арыз десе ыңғайлы,
Дау дегенде дайын тұрған дарақы.
Әр нәрсені көтере алмай әр иық,
Алауыз боп,
бір-біріне бәле үйіп.
Біреуі жүр күйе жағып біреуге,
Біреуі отыр ойсыз, қамсыз далиып.
Құр бос дәме сыйлықтан да, тақтан да,
Мал бітеді тапқанға емес, баққанға.
Саудаласса,
сау қалмайды, береді,
Жан салмайды жіберсе егер мақтанға.
Шаба берген кең даланы жол қылып,
Жолда қалып ата дәстүр, мол ғұрып,
Мойындамай артықтығын өзгенің,
Өз басын да сыйламаған оңдырып.
Ойсыз тобыр ойлыны оңай қаралап,
Озам дейді,
қайда күшке қарамақ?
Жұртым, саған бүгін және ертең де
Парасат пен біртұтастық керек-ақ!!!
Қызыл сөзбен қайсы, ағайын, біткен іс
Өзінікін демейді ешкім түк теріс.
Ортақ мақсат ойында жоқ,
білгені —
Бірін-бірі түрткілеу мен жіктеліс.
Не қылайын құйып алса миға су,
Ашынғанда көкірекке сыймас у.
Жандаралды жапырласып күткендей
Өзді-өзіңмен керек еді сыйласу!
Ел болатын,
тең болатын барша жан
Заман келер
Әділетті болса заң,
таланттарын танып елім алғанша
Қайда барам?!
Домбырама қол созам

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!