Өлең: Күләш Ахметова (Бауыр)
Баяғыда
Өлеңі үшін ақылды
Кесірленіп, кесім айтып ақырғы,
Ойсыз әкім абақтыға қамапты
Қанжар тілді жау жүрек жас ақынды.
Қаталдықтың көрсетпек боп көкесін,
Қабаттасып сөздері де кекесін,
Бір түрмеде бірге ұстапты ақынның
Нағашысын, шешесі мен әкесін.
Бос кезде де жүрген еді байымай,
Өзі кедей төртеуінің ойы бай.
Қайсарлықпен ән салады қосылып,
Қап-қараңғы түрмеде де мойымай.
Абақты әнмен жылылыққа толатын,
Жырын жазып отырыпты ал ақын.
Әкім бұған шыдамайды,
Айла іздеп,
Ойлап-ойлап былай депті сол әкім.
«Өнерлісің, өжетсің де әрқайсың,
Сен айт, әйел,
Алдыңда тұр таудай сын.
Сені және үш еркектің біреуін
Босатамыз, айт, қайсысын таңдайсың?»
«Тұрған заман — құшағында дауылдың,
Әділ күші жеңіп шығар дәуірдің.
Ауырдым мен бұл үшеуі үшін де,
Бірақ орны бөлек екен бауырдың.
Жарым кетсе, жар табармын бірде мен,
Жар табылса, болар тағы ұл деген.
Өлген анам қайтып келіп ұл таппас,
Бауырымды босатыңдар түрмеден!
Өз жақсыңды өзің құртып,
қалай ел
боларсыңдар?!
Құрбан болды-ау талай ер…
Рухы жоқ — ақыны жоқ халықтың,
Ойланыңдар!» — деген екен дана әйел.
Ожар әкім ештеме де деместен,
Шығып кетіп, мырзасымен кеңескен.
«Босат, — депті, — төртеуінде!» — сескеніп,
Шонжар бастық айдарынан жел ескен.
Аңыздың біз естімедік қандайын,
Аңыз айтқан ақындарды қорғайын.
Қайран бауыр!
Қайран ұлы сезімдер!
Әр жүректе жасаңдаршы әрдайым!