Өлең: Фариза Оңғарсынова (Мен осы не істесем екен бүгін?)

0

Өлең: Фариза Оңғарсынова (Мен осы не істесем екен бүгін?) казакша Өлең: Фариза Оңғарсынова (Мен осы не істесем екен бүгін?) на казахском языке

Мен осы не істесем екен бүгін?
Жатқандай мәнсіз өтіп бекер күнім.
Жүйріктің құйрығындай ғұмырымда
жанымды жаңбырлатқан жетер мұңым!
Жалғанды жарқыратып күміс қары,
тағы бір жыл-жапырақ тұр ұшқалы.
Бұл күнге жетпей кетті қаншама адам,
қанша жан бір-бірімен ұғыспады.
Осының бәрінен бір сабақ алмай
жүруім қате менің тағы адамдай.
Дүниеге жүрегімнің бар қызуын
шашсам ба, өз-өзімнен дараланбай?!
Әлде мен іні-сіңлі — жас қайыңға
аппақ қар ақ сезімдей жақсы айымда
Төлеген, Мұқағали армандаған
бір тойды дүрілдетіп бастайын ба?!
Өмірдің кеше алмаған кең өткелін
жақсылар жүретіндей жебеп керім.
Солардың барлығы үшін
бұл жалғанда
бір жарқын іс қылуым керек менің!
Отырған құсқа ұқсамай торда шерлі,
ертіп ап ән мен жырға жолдас елді,
қар басқан Алатауымның көкірегін
думанға толтырмасам болмас енді!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!