Өлең: Фариза Оңғарсынова (Әлде батып кетті ме сөзім менің)
әлде сенше жоқ па еді өзіңде мін —
бұрыңғыдай жарқ етіп қарамайсың.
Түсіне алмай, түнімен көз ілмедім.
Жүрегіңде бір зіл бар.
Үндемедің,
мұнар жауып көзіңнің нұр желегін.
Тым болмаса айтсаңшы — біреуде ме,
тағдырда ма, менде ме — кімде кегің?
Не боп кеткен, құдай-ау, адамдарға,
сен де сондай болған соң амал бар ма…
Шындықты айтсаң, ақымақ көреді жұрт,
жалған күлсең, жағынсаң, балар жанға.
Сен де ұқпадың, жаныма үңілмедің,
тіл табудың таба алмай жүрмін бе ебін…
Жүрегімді саған да жая алмасам,
бекер екен өзгеден түңілгенім.
Бұл — мен үшін әуелден таныс қайғы,
көлгірсулер жанымды жаныштайды.
Ақиқатпен бетпе-бет келе алмайтын
жанның бәрі менен де алыстайды.
***
Қандай азап сезіну, сезу деген!
Сол азаптан әзірмін безуге мен.
Жанның ағыстарымен салыстырсаң,
түк еместей бұрқанған теңіз, кемең.
Сені мен мен – қайтеміз өзгені біз,
жақындамай, тілдеспей өздеріміз
теріс қарап тұрып-ақ сезінеміз,
жауырынға біткен бе көздеріміз?!
Болмақ емес біздерде ашық өкпе,
мен – тамыры, сен – қайың – басы көкте.
Жазатайым құласам – сен құлайсың,
қасиет пе, бұл әлде қасірет пе?
Алмайды ешкім сезімді ақы-пұлға,
әлсіз оған даңқың ба, уақытың ба.
Менің бақыттылығым сол жалғанда –
қасіреттен тұрады бақытым да!
***
Бір-ақ жайды, әйтеуір, білдім бүгін:
маңайымды, тіпті анау жыңғыл гүлін
сен арқылы ораймын жылылыққа,
сен арқылы сіңіріп күннің нұрын.
Үстемдігін жүргізіп заман мына
адамзаттың болмысы жаңарды ма –
мен, әйтеуір, сезінем сен арқылы
әлемдегі жақсыны, жаманды да.
Самарқаумын қызығу, құнығуға,
табиғаттың жатыр ма сыры мұнда –
кешіремін үлкенді, кішіні де,
жақсы, жаман олардың қылығын да.
Менде бұрын жоқ қылық мұның бәрі,
ұқпай келем өзім де сырымды әлі.
Бар дүние кеткендей сүйкімді боп,
жаным жақтырмастар да бұрындағы.
Еткендей-ақ мен бейне таңды мұра,
нәр құяды бір сәуле ән-жырыма;
сенетінді шығардым әр адамның
бойында бір жақсылық барлығына.
Сен арқылы сүйемін бұлақ, күнді,
сен арқылы қысым – жаз, қырат – нұрлы.
Сен арқылы жұмбақтар шешім тауып,
сен арқылы самсаған сұрақ тұрды.
***
Өзіңменен жүрегім егіз менің,
түндер бойы қарманып сені іздедім –
жоқсың. Сонда еске алдым қимастықты
тағдырдың желі үзгенін.
Түндер қандай үрейлі жалғыз жанға,
қалғандаймын күздегі таңғы ызғарда.
Көзім жұмсам, шошытып сұсты елестер –
тылсым ба, жар, құздар ма…
Мазақтайды тағдырдың түні, желі,
көкірегім ызадан тілінеді.
Шыр еткендей қоңырау – сонда есікке
жүрегім жүгіреді.
Жүгіреді. Қайтадан басылады –
естілмейді ешкімге жасы, зары.
Тағдырымның дауылы азынап тұр –
бұл әлде басы ма әлі?