Өлең: Әбіш Кекілбайұлы (Алмас қанжар)
Жер түбінде көп дұшпан дуылдады —
Жатты қында жарқырап, суырмады.
Жаудың оғы төбеде зуылдады —
Жатты қында жарқырап, суырмады.
Жау тақалды, жүрегі суылдады —
Жатты қында жарқырап, суырмады.
Жау қамады, қалды енді қалың сында
— Сонда зорға апарды қолын қынға.
Жау сүңгісі кеудеде от шашып тұр:
Суырды — ақ алмасты тот басыпты…
1959.
Мен егер шал боп алжып өлер болсам,
Сен соны кемпір болып көрер болсаң –
Кеудеңді өртесе де жара, күйік,
Өтінем: жоқтай көрме қара киіп.
Емес бұл табиғаттың кәрі, шыда.
Қараңды өзгерт күздің сарысына.
Күз түсі көрінер-ді көрік болып,
Күзше өлсем, берерімді беріп болып.
Ғұмырым болып кетсе жолдан ада
Жоқтарсың қара киіп сонда ғана
1959.
Қараңғылық қымтап алып бір күні,
Жұмылып қап күміс күннің кірпігі.
Сыпырғышы ажал деген тирақтың
Сипап кетсе жүзімдегі күлкіні.
Садақа қыл мен кетер кешіне,
(Садақа да – тірілерге несібе).
Сосын менің сүйегімді арулап,
Мына жайды аларсың, дос, есіңе:
Құла түздің қақ төрінен көр қазып,
Көмерсіңдер аяқ-қолды кең жазып.
Топырақты саларсыңдар азырақ,
Қырдың желі соғып тұрсын азынап.
Үстіме кеп арайланып таң нұры,
Бүркіп өтсін төбеме қыр жаңбыры.
Кебінімдей ақ қар қонса бетіме,
Соның сызы өтіп жатса етіме.
Маңдайымнан адам өтсін, күлкі өтсін,
Желе-жортып үйір-үйір жылқы өтсін,
Менен шошып, түн ішінде дүрліксін,
Тұяқтардан үстіме кеп шаң қонсын,
Шаңы қонсын қырымдағы тірліктің