Ойды дамыту — тіл дамыту негізі

0

Қазақстан Републикасының Ғылым және Білім министрлігі
Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжі

Курстық жұмыс
Тақырыбы: Бастауыш сыныпта жүргізілетін диктант түрлері

Оқу бөлімі: Сырттай
Мамандығы: Бастауыш білім беру
Біліктілігі:Бастауыш білім беру мұғалімі
Оқу курсы: 3 курс
Тобы: 32 б
Ғылыми жетекші:Жапарқұлова Н.А
Орындаған: Қалымбетова Гүлназым

Алматы-2014 жыл
ЖОСПАР:
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім:
2.1. Бастауыш сыныптардағы тіл дамыту жұмысына қойылатын талаптар.
2.2. Ойды дамыту — тіл дамыту негізі.
2.3. Диктант жұмысын жүргізудің мақсаты, мазмұны.
2.4.Бастауыш мектептегі диктанттың түрлері, оны жүргізудің жолдары.
2.5. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілінен жүргізілетін диктант жұмыстарын бағалау нормалары.
ІІІ. Қорытынды
IV. Тезаурус
V. Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Мазмұны:
І. Кіріспе … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … .1
ІІ. Негізгі бөлім:
2.1. Бастауыш сыныптардағы тіл дамыту жұмысына қойылатын талаптар. … 3
2.2. Ойды дамыту — тіл дамыту негізі. … … … … … … … … … … … … … … … …6
2.3. Диктант жұмысын жүргізудің мақсаты, мазмұны. … … … … … … … … … ..9
2.4.Бастауыш мектептегі диктанттың түрлері, оны жүргізудің жолдары. … .13
2.5. Бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілінен жүргізілетін диктант жұмыстарын бағалау нормалары. … … … … … … … … … … … … … … … … … … 22
ІІІ. Қорытынды … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … .25
IV. Тезаурус … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … … …27
V. Пайдаланған әдебиеттер тізімі … … … … … … … … … … … … … … … … …28

Курстық жұмыстың өзектілігі: оқушылардың барлық таным белсенділіктерінің басым көпшілігі бастауыш мектепте қалыптасатыны белгілі. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімдеріне ерекше күрделі әрі маңызды міндеттер жүктеледі. Солдардың бірі — оқушыларды сауатты, орфографиялық, пунктуациялық анықтамаларды ескере отырып, көркем әрі ұқыпты жаза білу дағдыларын қалыптастыру. Басқаша айтқанда, олардың ауызша тілі мен жазбаша тілін қоса дамыту, тілдік қорын молайту, адамгерлішік қасиеттерге тәрбиелеу. Осы аталған міндеттердің ішіндегі ең бастыларының бірі — оқушының жазба тілін дамыту. Ал, диктант әдісі арқылы оқушылардың жалпы жазбаша жұмысының негізгі бөлшегі іске асады. Сондықтан да диктантты жаздыру үшін оның мақсатын, міндетін, негізгі қызметін, оның түрлерін, орфографиялық талдауды, оны бағалау нормаларын дұрыс ескеру, т.б. мәселелер өздерінің өзектілігін танытады.
Курстық жұмыстың мақсаты:
Бастауыш сынып оқушыларының диктант жұмыстарын толығымен саралау: олардың мазмұнын, мәнін, басқа жазба жұмыстарынан өзіндік ерекшеліктерін, түрлерін, оларды тексеру нормаларын зерттеу.
Курстық жұмыстың міндеті:
* диктант түрлерін саралау, олардың алуан түрлерін жүргізудегі мақсатын анықтау;
* диктант түрлерін сабақтың қай кезеңінде жүргізуге болатынын анықтау;
* диктант түрлеріне берілетін мәтіндердің, сөйлемдердің, сөздердің көлемін жобалау;
* диктантты тексеру жолдарын анықтау;
* диктант түрлерін жүргізгеннен кейінгі бағалауды анықтау.
Әдіснамалық негіздері: бұл курстық жұмыс Ш.Әуелбаевтың Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту методикасы, Д.Әлімжанов пен Ы.Мамановтың Қазақ тілін оқыту меодикасы, Р.Мұратәлиев, Ә.Марасұлов, Қ.Қасабековалардың Диктанттар жинағы, И. Ұйқыбаев Мектепте қазақ тілін оқыту мәселелері , Е.Көшербаев Диктанттар жинағы, Б.Ысқақов Диктанттар жинағы еңбектерінің негізінде автор пікірлерін талдап салыстыру арқылы жазылды.
Зерттеу объектісі: қазақ тілін оқыту әдістемесі пәні, бастауыш мектептегі диктант түрлері.
Зерттеу болжамы: бастауыш мектептегі диктант түрлерін, олардың бала дамуындағы зор маңызын негізге ала отырып, оқушылардың жүйелі ойлау қабілеттерін ояту, сауаттылыққа жол ашу, сөздік қорын толықтыру, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру арқылы диктанттың оқушылар үшін маңызын ашу, ең тиімді деген әдіс-тәсілдерді, диктант түрлерін болашақта тиімді пайдалана білу.
Курстық жұмыстың құрылымы: курстық жұмыс кіріспеден, негізгі және қорытынды бөлімдерден, тезаурустан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспе
Бастауыш мектепте жазу жұмыстарының жүйесін белгілеу өте маңызды. Онсыз оқушыларды өз беттерімен жұмыс істеуге де, сауатты жазуға да үйрету мүмкін емес.
Жазу тілі сауаттылықты қажет етеді. Бастауыш мектеп оқушыларын дұрыс жазуға үйрету үшін, олардың есту сезімдеріне, сөйлеу аппараттарына, көру сезімдеріне, қол қимылы мен ой қызметтеріне ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені, жазуға үйретуде олардың әрқайсысының маңызы зор. Мысалы, белгілі бір сөзді қатесіз, дұрыс жазу үшін оны ести де көре де, айта да, жаза да білу керек және оның қалай дұрыс жазылатындығын есте сақтай да білу қажет.
Бастауыш сынып оқушылары әліппе кезеңінен бастап, естіген сөздерінің дыбыстық құрамын ажыратып, әр дыбыстың әріптерін қағаз бетіне дұрыс түсіріп бере алатындай дәрежеде болулары керек. Егер ауызекі сөздерді дұрыс ести білуге дағдыланбаса, оқушыларға емле ережелерін үйрету қиынға соғады. Сондықтан есту арқылы жеңіл сөздерді дұрыс жазу бірінші сыныптан бастап қолға алынады. Бұны сауатты жазуға үйретудің алғашқы кезеңі деп қарап, сол мезеттен бастап әрбір сөзді дұрыс айтып, дұрыс ести білуге ерекше мән берген жөн.
Сөздердің естілуі бойынша жазғанда, көбірек кездесетін қателердің бірі — әріп қалдырып жазу. Сондықтан сөздерді естілуі бойынша дұрыс жазуға үйретудің ең басты әдісі — сөздің буын және дыбыс құрамын талдатып, буындарын және дыбыстарын айыра білу. Сондықтан да оқу, жазуға үйрету кезеңінде балаларға жазуға берілетін сөздерді ең әуелі ауызша талдатып шығу қажет. Сонда оқушылар оқылған сөздерді қатесіз жазып үйренеді.
Оқушылар орфрграфия ережелерін дұрыс меңгеріп алулары үшін олардың білім алу дағдыларын дұрыс ұйымдастыру қажет. Мысалы, орфография ережелерін әдетте, мәтінді талдатып барып түсіндіру, бір грамматикалық форманы екінші грамматикалық формамен салыстыра отырып, олардың араларындағы өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету, мәтін ішінен зерттеліп отырған емле ережелеріне жататын сөздердің қалай жазылуына оқушылардың көңілін айрықша аудару, тиісті орфограммаларды анықтата отырып, морфологиялық форманың мағынамен байланысты болатынын ескерту, жаттығу материалын, әсіресе, оның сөздік материалын әр сыныпқа сәйкес етіп алу, үйретілетін орфограммаларды жеңілден бастап бірте-бірте күрделендіру қажет болады.
Кей жағдайларда оқушылар ережені біледі, бірақ жазып отырған материалының ішінен осы ережеге сәйкес келетін сөзді таба алмайды, сондықтан ережеге сүйеніп жазылатын сөзді айтылуы бойынша қате жазып қояды. Бұл сияқты қатені жаттығу арқылы ғана жөндеуге болады. Ол үшін грамматикалық-орфографиялық талдау, қатемен жұмыс жүргізу, терме диктант, т.б. сияқты жаттығулар жүргізіледі.
Сөздің морфологиялық бөлшектерін дұрыс ажырата алмайтын оқушыға мұғалім жалғау мен жұрнақтың айырмашылығын немесе олардың атқаратын қызметін түсіндірмек болған жағдайда оған қиынға соғары сөзсіз. Орфографиялық дағдыны қалыптастыру үшін әр түрлі жазба жұмыстары жүргізіледі.
Тіліміздегі дауыссыз дыбыстардың қалай жасалатындығы оқушыларға жете түсіндірілсе, ол дыбыстарды жазу оқушыларға соншалықты қиындықтар келтірмес еді. Сондықтан алғашқы рет жазуға үйретуде сөйлеу мүшелерінің қызметіне көңіл бөлудің айрықша маңызы бар.
Сөздерді жазуда жүйелілік болуы керек. Сөздердің біркелкі жүйелілікпен жазылуын орфография қарастырады. Оқушыларға орфографиялық ережелерді үйретпейінше, оларды дұрыс жазуға дағдыландыруға болмайды. Әрбір орфограмманы жақсы ұғынып, есте сақтауға үйреткен жөн.
Оқушыларды дұрыс жазуға үйрету үшін, диктантта оқылған мәтінді жақсылап тыңдап отыруға, көшіріп жазатын мәтін бойынша талданған орфограмманы жақсылап түсініп алуға, не жазса да оны түсініп жазуға, жазбаша орындайтын жұмыстың мәнін түсініп барып орындауға дағдыландыру керек. Әсіресе жаттығулардың мәнін түсінбей орындауға болмайды.
Оқушыларды орфографиялық дағдыларға үйретуде кітаптан, тақтадан оқыған сөздерді ұқыптылықпен байқап қарап оқудың пайдасы зор. Бұл әдіс сөздердің жазылуын есте сақтап отыруға септігін тигізеді.
Сонымен, есту, көру,сөйлем мүшелерінің қызметі, ой қызметі — осылардың барлығы оқушыларды сауатты жазуға үйретуде қосымша қызмет атқарады.
Оқушылар жуан айтылатын дыбыстарды жіңішке айтылатын дыбыстармен, ұяң дыбыстар мен қатаң дыбыстарды, қатаң дыбыстар мен үнді дыбыстарды шатастырмау үшін, әліппе кезеңінің өзінде оқушылардың қате жіберетін сөздеріндегі дыбыстарды соған ұқсас екінші бір сөздердегі дыбыстармен салыстырып көрсетіп отыру керек.
Оқушыларға жазба тілді үйретуге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Жалпы жазба тілдің жүйелілігі, біртіндеп қалыптасады. Оқушылар орфографиялық ережелерді меңгермейінше, қатесіз, дұрыс жаза алмайтыны мәлім, бірақ қатесіз жазу үшін тек орфография ережелерін ғана біліп қою да жеткіліксіз. Сондықтан орфографиялық ережелерді іс жүзінде бірден қолдана білу дағдысын іске асыруды ерекше назарда ұстаған жөн.
Жазба тілде орфографиялық ережелерді дұрыс пайдалана білу жаттығу жұмысының түрлерін таңдап ала білумен және әрбір ережені оқуға, түсінуге байланысты жаттығулардың ретін тауып қолдана білумен тығыз байланысты болады. Орфографиялық жаттығудың мынадай түрлері бар: орфографиялық талдау, оқушылардың өз беттерімен істейтін жұмыстары, мазмұндама, шығарма жұмыстары, көшіріп жазу, жатқа жазу, диктанттар, т.б.

ІІ. Негізгі бөлім:
2.1. Бастауыш сыныптардағы тіл дамыту жұмысына қойылатын талаптар
Адам өмір бойы өзінің ана тілінің байлығын меңгерумен, тілін ұстартумен болады. Өзін айнала қоршаған дүниемен, адамдармен қарым-қатынас жасау қажеттілігі, тілге деген мұқтаждығы адамда тіпті ертеде, сәби кездің өзінен-ақ басталады. Баланың жасы өскен сайын ойын білдіру қажеттілігі де күшейе түседі. Осы мұқтаждықты өтеу үшін тіл құралдарын пайдаланады. Бірте-бірте сөздік қоры байиды, фразеологиялық тіркестерді меңгереді, өзі сөйлейтін тілінің сөз жасау, сөз түрлендіру заңдылықтары мен алуан түрлі синтаксистік құрылысын игереді. Қазіргі кездегі зерттеу деректері бойынша, жеті жасқа келген бала негізінен морфологиялық құралдарды және синтаксистік формаларды меңгереді. Ешбір ережеге сүйенбей-ақ, үйренбей-ақ олар сөздерді дұрыс қиыстырады, септей, тәуелдей, жіктей, көптей алады, сөйтіп, жаңа сөздер жасап, сөйлемдер құрастырады. Мұның барлығы ауызша сөйлеу шеберлігінде ғана іске асады.
Ана тілін балалар сөйлеу әрекеті арқылы үйренеді. Міне, сондықтан да олардың тілін дамыту жұмыстарын да мақсатты түрде ұйымдастырып, үздіксіз, жүйелі жүргізу міндеті туады.
Тіл дамыту балалардың ойын дамытумен тығыз байланысты болғандықтан, тілді меңгеру барысында бала анализ, синтез, қорытынды жасай алады, заттар мен құбылыстардың арасындағы түрлі байланыстарды бейнелей алады. Сондықтан балаларға сөйлеу үлгісін беру, яғни сөйлеу ортасын жасау қажет. Адам дамуында, жеке басының қалыптасуында қоғамдық орта шешуші рөл атқаратындықтан, баланың сөз байлығы мен сөйлеу шеберлігі көбінесе сөйлеу ортасының қандай болғандығына байланысты. Ендеше баламен сөйлескенде мұғалімдердің, ата-аналардың тіл шеберлігі, бала тіліне үлкен ілтипатпен қараушылығы маңызды болып табылады.
Сөйлеу арқылы бала тек басқа адамдармен қарым-қатынас жасап қана қоймай, сонымен бірге дүниені де таниды. Сөйлеуді меңгеру — шындықты меңгеру тәсілі. Олай болса баланың сөз байлығы оның түрлі елестері мен ұғымына, өмір тәжірибесіне байланысты. Ендеше сөйлеуге үйрену барысында бала тек қана тілдік материалға ғана мұқтаж болмайды, сонымен қатар негізгі материалдың да қажеттігі күшейеді. Керісінше, тілі неғұрлым бай болса, адамның табиғат пен қоғамдағы күрделі байланыстарды дұрыс тану мүмкіндігі де соғұрлым мол болады. Ал тілі жақсы дамыған бала ойын да дәл, шебер жеткізе алады, оқуды да ойдағыдай меңгереді. Көптеген зерттеулерге қарағанда, оқудан үлгермейтін оқушылардың көпшілігінің тілдері нашар дамыған, ойларын дұрыс жеткізе алмайтындар.
Тілді балалар үлкендермен қарым-қатынас жасау барысында, сөйлеу әрекеті процесінде меңгереді. Бірақ олардың тілді дұрыс меңгеруі үшін, алдымен әдеби тілді меңгерулері керек. Әдеби тіл дегеніміз — жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпы халықтық тілдің ең жоғарғы формасы. Әдеби тілді жай тілден, диалектілерден, жаргоннан айыра білу бала тілін дамытуға қойылатын талаптардың бірі болып табылады. Бастауыш сыныптардан бастап балалар әдеби тілге, оның көркем ғылыми және сөйлеу тілі нұсқаларына жүйелі түрде үйретіледі.
Мектеп алғашқы күннен бастап-ақ балаларды оқу мен жазуға үйретеді. Оқу да, жазу да тілдің жүйесіне, оның фонетика, графика, лексика, грамматика, орфографиялық білімдеріне сүйенетін сөйлеу дағдылары дамиды. Жазбаша сөйлеу ауызшаға қарағанда қатаң нормаларға сүйенеді. Өйткені жазуда барлық қателер мен кемшіліктер көрініп тұрады. Жазбаша жұмыстардың сөз тіркестерін құрастыруда (жазбаша сөйлемдер ұзақ), сөз таңдауда, грамматикалық формаларды пайдалануда көптеген ерекшеліктері бар. Жазбаша сөйлеуді меңгере отырып, балалар стиль (ғылыми стиль, көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ауызекі сөйлеу тілінің стилі, ресми іс қағаздар стилі ) ерекшеліктерін ұғынады. Форма дегеніміз — тіл құралдарының көмегімен болатын тілдің сыртқы көрінісі. Стиль — белгілі бір қатынастың түрінде тілдік бірліктерді сұрыптап пайдалану арқылы, ойды жеткізу мәнерінің көрінісі. Мұның барлығы балаларда өз-өзінен қалыптаспайды, оларға үйретіледі.
Тіл дамытудың әр сыныпта белгілі бір мөлшері белгіленеді. Сондай-ақ тіл дамыту мәдениеті, оның бүкіл мәнерлілік мүмкіндіктері де анықталады. Оқушыларға тілдің дыбыстық жағын игеру, дұрыс дыбыстау, сондай-ақ сөйлеу арқылы қатынас жасау барысында баланың мінез-құлық мәдениетінің жоғары болуын қадағалау, дұрыс сөйлеу қалпына әдеттендіру, зейіні мен көзқарас мәнері, жаңа жағдайда өзін ұстауы, т.б. толып жатқан мәселелер де тіл дамыту жұмысында іске асырылады. Сөйлей білуге дағдыланудың негізі бастауыш сыныптарда қаланады: балалар алғаш рет осында ғана әдеби тілмен, тілдің жазбаша түрімен беттеседі, тілді жетілдіру қажеттігін ұғынады.
Сөйлеу — адам әрекетінің ең бір кең, күрделі саласы. Тіл дамыту үш салаға бөлінеді: сөздік жұмысы, сөз тіркесі және сөйлеммен жұмыс, байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысы. Бұл жұмыстар бір-бірімен байланыстырыла қатар жүргізіледі. Әсіресе байланыстыра сөйлеуге үйрету жұмысында қалған екеуінде (сөздік және сөз тіркесі мен сөйлем құрау жұмысында) үйренген білім, дағды, шеберліктері ұштасады, яғни ойлау, жүйелеу, мәтін құрау, материал жинау, сонымен қатар графикалық -орфографиялық шеберліктері іске асырылады.
Жазбаша тіл дамытуда көңіл аударылатын негізгі мәселенің бірі жүйелілік, мақсаттылық екені мәлім. Әрбір жаңа жаттығу бұрынғы өтілгенмен байланысты бола отырып, сәл ғана болса да бір жаңалық қосуға тиіс. Мұндай байланыс грамматика мен орфография курсында оңай анықталады. Әрбір жазылған жаттығу жұмыстарының алдына қойған мақсаты болуы керек.
Тіл дамыту оқушылар мен мұғалімнің бірлескен ұзақ жұмысын талап етеді. Тіл дамыту жаттығуларын мүмкіндігінше түрлендіре жүргізу, оқыту барысында балалардың жасына лайық жұмыс түрлерін кеңінен қолдану — бұл жұмысқа қойылатын басты талаптардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, баланың сөйлеуіне, сөз қолданысына оқу мен грамматика сабақтарында ғана емес, барлық сабақтарда да үнемі көңіл қойып, жан-жақтан қолға алынса ғана едәуір нәтижеге жетуге болады.

2.2. Ойды дамыту — тіл дамыту негізі.
1.Бақылау. Балалардың сөзі шындыққа негізделуін, мазмұнды болуын мұғалім үнемі қадағалап отырады. Тіл дамытудың негізгі қайнар бұлағы — баланың өзін қоршаған ортасы, өзінің басынан өтіп жатқан түрлі оқиғалар, өз тәжірибелері, оның ішінде, әсіресе, белгілі бір мақсатты түрде әдейілеп қабылдаған, яғни бақылау жүргізген бөлігі. Адам ойының дамуында бақылағыштықтың алар орны ерекше. Осы қасиеттің арқасында адам кез келген уақытта көзге түсе қоймайтын немесе көп мән бермей, үстірт өте шығатын нәрселерге ерекше зейін қояды. Бақылау арқылы жинаған материалдарын сөйлемдер, мазмұндама, шығарма құрастыруға, сол сияқты түрлі жаттығуларға пайдаланады.
Тіл дамытуда кітап материалының едәуір пайдасы бар. Ол мәліметтерге талдау жасау, кейбір жағдайларда бақылау арқылы жинаған материалын кітап материалымен ұштастыра пайдалану балалардың ойын дамытады, тілін байытады.
Тіл дамытуда мұғалім ақыл-ой жұмысының белгілі формаларына (анализ, синтез, индукция, дедукция, маңызды белгілерді табу, қорытындылау, ой міндеттерін шешу, себеп-салдар байланыстарын анықтау, салыстыру және қарама-қарсы қою) сүйенеді.
Заттың белгілерін не құбылысқа тән белгілерді табу байқағыштық қасиетке байланысты, бұл естің жұмысына да қатысты. Бақылау жүйелі және алуан түрлі материалдар бойынша жүргізіледі. Неше түрлі табиғат құбылыстары, құстардың түрлі дауыстары, адамның сөйлеуі, музыка, гүлдердің хош иістері, заттардың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары — осының бәрін бақылай білу керек. Балаларды білуге құштарлыққа, көре білуге, ести білуге, иіс сезе білушілікке, айналадағы дүниені қабылдауға тәрбиелеу — олардың ойын да, тілін де дамытудың негізгі жолы болып табылады.
2. Салыстыру. Мұнда заттар мен құбылыстардың ұқсастық, айырмашылық қасиеттері айқындалады. Заттардағы белгілерді тапқан секілді, бұл да ақыл-ойдың аналитикалық жұмысы. Бірақ, салыстыру күрделі, мұнда синтез, жалпылау, қорытындылау элементтері іске асады.
Оқушылар заттарға тән белгілерді таба алатын дәрежеге жеткен кезде ғана салыстыруды жүргізуге болады. Өйткені заттар белгілері арқылы ғана салыстырылады.
Салыстыру тапсырмаларында мына мәселені ескеру қажет: ортақ белгілері бар заттар мен құбылыстар беріледі. Салыстыру мақсатты болуы керек. Мысалы, қасқыр мен итті салыстырғанда сыртқы белгілеріне қарай ғана емес, мінез-құлықтарына, адамға тигізетін пайда-зиянына қарай да салыстыруға болады. Салыстырудың аяғында қорытынды жасалу керек. Бұл жұмыс әуелі екі затты не құбылысты салыстырудан басталып, кейін үш-төрт, тіпті одан да көп заттарды салыстыруға болады.
Алғашқы кезде, әсіресе 1-сыныпта, заттарды қарама-қарсы белгілеріне қарай салыстыру оңайға түседі. Сонымен қатар оларға салыстыру үлгілері де беріліп отырады. Мұны өтілген материалдар бойынша жүргізген өте қолайлы.
Ал, 2-сыныпта да, заттар мен құбылыстар салыстырылады. Бірақ мұнда жұмыс күрделендіріле жүргізіледі, салыстыруға үш-төрт зат жиі-жиі тапсырылады, адамдардың түрлі әрекеттері, мінез-құлықтары (оқыған әңгімелері бойынша) салыстырылады. Мұнда 1-сыныптағыдай сұрақ-жауап арқылы емес, мүмкіндігінше, балалар өз беттерімен әңгімелеп айтады.
3-сыныпта оқушылардың алдыңғы сыныптарда алған дағдылары жетілдіріле береді. Балалар бақылаған материалдарын өздіктерінен салыстыра алулары керек.
3. Ұғыммен жұмыс. Оқушылардың ойын дамытуда басты міндеттердің бірі — ойдың бастапқы формасы — ұғым қалыптастыру. Ұғымда шындықтағы заттар мен құбылыстардың жалпы және негізгі белгілері бейнеленеді. Бұл белгілер ұғымда жалпыланады, сондықтан, кез келген ұғым — жалпылай алудың нәтижесі. Ұғым жалпы және дара болып бөлінеді. Оқушылар дара ұғымды жалпыға айналдырып жаттығады. Бастауыш сынып оқушылары құбылыстардың сырттай ұқсастықтарына көбірек мән беретіндіктен, жалпылау көбінесе олардың сыртқы белгілеріне жасалады. Психолог Қ. Жарықбаев: Бастауыш сынып оқушылары нәрселердің тек сыртқы белгілерін келтіріп, оның ішкі мәніне бармайды. Бала өзі көрмеген нәрселерді жалпылауға келгенде қиналады. Мәселен, төменгі сынып оқушылары китті көбінесе балық деп санайды. Өйткені, киттің суда жүзетіндігі, сыртқы түрі балыққа ұқсас екендігі рас. Мұндағы киттің ауамен дем алатыны, балаларын сүтпен қоректендіретінін айтып түсіндіргенде де бала оны балықтың бір түріне жатады деп ойлайды , — деп көрсетеді. Балаларды ұғым қалыптастыруға үйрету үшін әсіресе, 1-3-сыныптарда арнаулы жаттығулар жүргізіледі. Үздік ұстаздар жаттығудың мына сияқты түрлерін көбірек қолданады:
1. Оқушыларға суреттер, заттар немесе сөздер беріледі. Оларды балалар бір топқа жинақтайды, артығы болса, сызып тастайды немесе топқа енгізбейді.
Оқушылар артық сөздерді немесе заттарды ол топқа енгізу себебін толық дәлелдеп беруге тиіс. Кейде бір топқа енген заттарға ортақ белгілерді тапқаннан кейін әрқайсысының жеке белгілерін сипаттатып шығарма да жаздыруға болады.
2. Оқушыларға бір ұғым бойынша жалпыланған заттарды ұсынып, жеке ұғымдар анықталады. Жалпылауға жаттығу грамматикалық, орфографиялық материалдар бойынша да жүргізіледі. Мысалы, заттың қимылын білдіретін сөздерді оқушылар етістік дейді.
Ұғым біртіндеп бақылаудың, заттың негізгі, басты белгілерін табудың нәтижесінде, оларды жалпылаудың, бір топқа біріктірудің, классификациялаудың нәтижесінде қалыптасады. Сөйлескен кезде де ұғым білдіретін сөздерді пайдаланудың маңызы зор. Ұғымды жалпылау анағұрлым күрделі ойлау операциясына — ұғымды анықтауға көмектеседі.
Алайда бастауыш сынып оқушыларының ұғымы әлі шағын, сондықтан мұндай тапсырманы шамадан тыс көбейтіп жіберуге де болмайды. Ал сипаттау әңгімелерінің ұғымсыз іске асуы мүмкін емес екені белгілі. Оқушылар сөздің ішкі мәнін түсінбесе, затты сипаттап та бере алмайды.
4. Пікір және ой қорытындылары. Бұл — ойдың күрделі формаларының бірі. Ұғым сөздер немесе сөз тіркестері арқылы білдіріледі. Байланыстыра сөйлеу логикалық жағынан алып қарағанда пікірден және ой қорытындыларынан құралады. Пікір — шындықтағы зат не құбылыс туралы мақұлдау немесе жоққа шығаруда көрінетін ойлау формасы. Ой қорытындылары дегеніміз — бірнеше пікірден жаңа бір пікір шығару тәсілі. Бірақ кез келген қатар тұрған пікірлерден қорытынды жасалмайды. Қорытынды шығару үшін сөздерді белгілі бір тәртіпке салып, бір-бірімен байланыстыру керек.
Балаларды өз ойларын, білімдерін белгілі бір жүйемен мазмұндауға, пікірлерін негіздей білуге дағдыландырудың маңызы зор. Өйткені сөйлеу мәдениетіне қойылатын талапта бір пікір алдыңғы пікірден туындап, ал оған жалғас келесі пікір ойды онан әрі кеңейте түсіп, жаңа фактілер білдіруге тиіс екендігі көрсетілген.
Балалардың ойын дамыту үшін оларды ой қорытындысын шығара білуге дағдыландыру қажет. Ой қорытындысында себеп пен салдар белгілі болады.
Ой қорытындысы үш түрлі болады: индукциялық, дедукциялық және аналитикалық. Дедукциялық ой қорытындысында жалпыдан жекеге қарай, индукциялықта жекеден жалпыға қарай, аналитикалық ой қорытындысында ұқсастық белгілер бойынша ой қорытындылары жасалады.
Оқушыларды пікірлерін бір-бірімен байланыстыруға, онда себеп-салдарлық тәуелділікті сақтай білуге үнемі жаттықтырып отыру олардың сөйлеу, жазу мәдениетін көтереді, сөздерін қатаң тәртіппен қолдануға, логикалық жүйелілікті сақтап отыруға үйретеді.

2.3. Диктант жұмысын жүргізудің мақсаты, мазмұны.
Оқушыларға орфографияны және өз ойын жазбаш дұрыс бере білуге дағдыландыратын және үйрететін, жаттығу көп қолданылатын практикалық әдістердің бірі диктант жаздыру болып табылады, диктанттың мақсатын әр әдіскер мен мұғалімдер әр түрлі анықтайды.
Ш.Әуелбаевтың Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту методикасы еңбегінде диктант жұмысының мақсатын былайша анықтайды: Жатқа жазу оқушылардың грамматикалық ережелерді дұрыс меңгергенін, есту қабілетінің жазуға төселу машығының қаншалықты қадыптасқанын байқатады. Әр диктанттың әр түрін жазуға дайындық болады. Бастауыш сыныпта жиі жазылатын диктанттың түрлері: көру, сөздік, шығармашылық, талдау, түсіндірме, ескертпе диктанттары. Диктанттың бұл түрлерін жүргізуге арнайы сағат бөлінбейді. Мұғалім күнделікті сабақ жоспарын жасағанда диктанттың бір түріне мәтінді дайындап келіп, сабақтың тиімді бір кезеңінде (10 — 15 минут) жаздыруға болады, ал бақылау диктантына арнайы сағат бөлінеді.
Жоғарыдағы айтылған пікірге сүйене отырып, диктанттың жаздыру мақсатының екі түрі бар деп тұжырымдаймыз:
1. үйрету бағытындағы диктанттар;
2. бақылау, білімді сынау бағытындағы диктанттар.
Ал, Д.Әлімжанов пен Ы.Мамановтың Қазақ тілін оқыту меодикасында диктант туралы былай деп жазылады: Оқушыларға орфографияны үйретуде көп қолданылатын әдістердің бірі — диктант жаздыру болып табылады. Диктанттың бірнеше түрі бар. Бұл көрсетілген түрлерінің барлығы да орфография мен грамматиканы үйрету үшін қолданылады. Тек бақылау диктанты оқушылардың білімін тексеру үшін жүргізіледі.
Р.Мұратәлиев, Ә.Марасұлов, Қ.Қасабековалардың Диктанттар жинағында оқушылардың сауатын ашып, сөздік қорын молайта түсуде бұл кезеңдегі үйрету диктанттарының сауаттылық маңызы атап көрсетіледі.
Бұл айтылғандардан шығар түйін — диктант жазудың мақсатының бірі — дұрыс жазуды, яғни орфографияны үйретуді көздейді. Ал, екінші мақсаты — оқушылардың грамматикалық ережені сапалы меңгеру дағдысын тексереді, білімін сынайды. Сондықтан диктанттың мақсатына байланысты оны жоғарыда аталғандай екі топқа бөліп қарастыруға болады. Сонымен қатар, диктанттың әдіс ретіндегі үйымдастыру түрін анықтауда да бірізділік жоқ.
И. Ұйқыбаев Мектепте қазақ тілін оқыту мәселелері (1957) еңбегінде диктанттың мынадай түрлерін көрсетеді: түсіндірмелі, терме, өздік, шығармашылық, еркін, сөздік, бақылау диктанттары.
Ал, Е.Көшербаев Диктанттар жинағы еңбегінде (1963) диктанттың мынадай түрлері бар екенін айтады: көру, шығармашылық, ерікті, өздік, ескерту, бақылау диктанттары.
Қ.Жолынбетов Қазақ орфографиясын игертудің негіздері (1957) кітабында диктантты мынадай екі топқа бөледі: үйрету диктанты, бақылау диктанты. Мұндағы үйрету диктанты былайша топтастырылады: көру, шығармашылық, ерікті, өздік, сөздік, ескерту диктанттары.
Р.Мұратәлиев, Ә.Марасұлов, Н.Қасабековалар диктанттың бастауыш сыныптардағы мынадай түрлерінің бар екендігін анықтайды: әріп диктанты, буын диктанты, сөздік диктант, сөйлем диктанты; ал көру, сөздік, өздік, терме, бақылау диктанттарының осы сөйлем диктанттарына жататынын айтады.
Сондай-ақ Б.Ысқақов Диктанттар жинағында бастауыш сыныпқа арналған мынадай диктанттардың түрлері бар деп есептейді: ойын диктанты, үндемес диктанты, сайыстық диктант деп оның түрлерін өткізу жолдарымен де байланыстырады.
Бұл пікірлерді басшылыққа ала отырып, диктантты жүргізілу мақсатына қарай үйрету диктанты, бақылау диктанты деп екі топқа бөлеміз. Үйрету диктанты жаңа грамматикалық материалдарды үйрету мақсатын көздейді. Бұған диктанттың әр алуан түрін пайдалануға болады. Үйрету диктанттары көру диктанты, шығармашылық диктант, ерікті диктант, өздік диктант, сөздік диктант және ескерту диктанты деп бөлінеді. Ал, бақылау диктанты білім сынау мақсатында жүргізіліп, оқушылар білімін қорытындылайды. Сондықтан диктанттың мазмұны мен мақсаты оны жүргізу жолдарына да байланысты. Мәселен, үйрету мақсатында жүргізілген диктанттар ішінен көру диктантын бірінші атауға болады. Өйткені, өтіліп отырған тақырыпқа байланысты нысан материалдар сынып оқушыларына көрсетіле отырып түсіндіріледі (арнайы кесте жасау, тақтаға жазу, т.б.). Бала көргенін неғұрлым есте жақсы ұстайды. Алайда ол есту сезімімен тікелей байланысты жүргізіледі. Нысан сөз жан-жақты түсіндірілгенннен кейін оқушылар мұғалімнің айтуымен жазады да, сөйлемдерді түгел жазып біткеннен соң, оны тақтадағы немесе кестедегі үлгі бойынша өздері тексереді, қателерін түзетеді. Көру диктантына арнаулы сағат бөлінбейді. Сабақтың белгілі бір бөлігінде жүргізіледі.
Диктанттың өзі көбінесе оқушының орфографиялық дағдысын қалыптастыруда, яғни үйрету бағытында жүргізілетін практикалық жұмыстың бірі. Оны әр мұғалім өз мақсатына қарай түрлендіріп жүргізеді. Диктантты түрлендіріп жүргізудің бір түрі — оқытудың әдісі ретінде қолдануда тұр. Өйткені жаңа материалды игеруде, грамматикалық категорияларды саналы игеру мен оның орфографиясы (емлесі) туралы дағды қалыптастыруда сабақтың бір бөлшек элементі жаттығу әдісі ретінде ұйымдастырылады.
Диктант жұмысының тағы бір қызметі, оның әдіс ретіндегі көрнекті орны білім сынау кезеңінде анықталады. Көптеген мұғалімдер диктанттың бұл түрін өткізуде оған бақылау жұмысы немесе бақылау диктанты деген атау қолданып жүр. Өйткені, диктантты қазақ тілі пәнінен игертілген білім мен дағдысын анықтау, тексеру бағытында жиі жүргізеді. Мектеп мұғалімдері оған арнаулы сағат бөліп, сабақ ретінде жүргізеді.
Диктант жаздыруда басшылыққа алынатын ұстанымдар бар. Диктант жаздыруда мынадай ұстанымдарды басшылыққа алуға болады: диктант жаздыруда жеңілден қиынға, белгіліден белгісізге деген жалпы педагогикалық ұстанымға сүйеніп жүргізіледі. Бұл ұстаным бойынша әр сыныптың жас ерекшеліктері мен білім дәрежесі есепке алынады. Мысалы, 1-сыныпта 2-3 әріпті өтісімен әріп диктанты, олардан құралған буындарды игерту мақсатында буын диктанты біртіндеп сатылай қиындап, сөз, сөйлем, графикалық диктанттарға ұласады. Сөйтіп, оқушылар жоғарыда көрсетілген диктант түрлерін мұқият меңгергеннен кейін барып үйрету диктанттарының күрделі түрлерін (терме, көру, шығармашылық, ескерту, т.б.) жаза бастайды.
Жазуға үйрету, оның ішінде диктант жаздыру сабақтарында да педагогика мен жеке әдістеменің ұстанымдарының бірі — оқушыларға материалды саналы түрде меңгеру.
Сапалы түрде жазу дегенде,оқушының ойы, оны жеткізу сапасы екі түрлі болуы мүмкін. Бірішісі, оқушы жазу үстінде өзінің ойының басқа біреуге түсінікті болуы үшін тиісті дыбыстар, буындар, сөз бен сөйлемдер таңдап қолдануға тырысады. Алайда, жазған сөздерінің емлесіне көңіл аудармауы мүмкін. Кей жағдайларда сөзді дұрыс жазып, берілетін ой көмескі шығуы ықтимал.
Оқушыларды бастауыш сыныптан бастап әр сөз бен сөйлемдің жазылу емлесін дұрыс білумен бірге айтайын деген ойды жүйелі жеткізе білуге жаттықтыру қажет. Оқушыларды бастауыш сыныптан бастап сауатты да дұрыс жазуға дағдыландыру кезінде үйрету диктанттарын үзіліссіз, үнемі, жүйелі түрде жүргізу қажет. Бұдан жүйелілік ұстанымы туады. Сабақ сайын сауаттылыққа көңіл бөлген мұғалім бақылау диктанттарында үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне күмән жоқ. Жүйелі, үзіліссіз жүргізілген диктанттың нәтижесінде оқушылар орфографиялық, пунктуациялық ережелерге сай дұрыс жазуға дағдыланады.
Диктант мәтіндері өтілген материалдарға сай сұрыпталуы тиіс. Бұл ұстанымды басшылыққа аларда таңдалған диктант мәтіні өтілген грамматикалық материалдармен байланысты болуы керек. Мұнда мұғалім белгілі бір ережені, анықтаманы оқушылардың қай дәрежеде қабылдағанын анықтайды. Ал, ол ойдағыдай игерілмеген жағдайда сабақ түсіндіруде, әсіресе, неге көңіл бөлу керектігін нұсқайды.
Диктант жыздыру арқылы оқушы тілін дамыту ұстанымы балалардың сауатты жазып, ой өрісінің өсуіне ғана емес, сонымен бірге, сөздік қорын молайтып, жазба тілін дамыту жолын да қарастырады. Балалар диктант мәтіндері арқылы жаңа сөздермен танысып, оның мағыналарын игереді.
Диктант мәтіні мазмұны жағынан оқушыларға түсінікті, тәрбиелік мәні бар және әдеби тілдің талаптарына сай болуы керек. Осыған байланысты диктант мәтіндері көркем туындылардан, халық ауыз әдебиетінің үлгілерінен алынады.
2.4.Бастауыш мектептегі диктанттың түрлері, оны жүргізудің жолдары.
Жалпы мектеп тәжірибесінде диктант жүргізудің негізгі мақсаты — оқушылардың сауаттылығын байқау, сауатты жазуға төселдіру, олардың тілін дамыту және тілдің теориясын іс жүзінде игеру. Бастауыш сынып оқушыларының сауатты жазу дағдыларын тұрақтандыру үшін, диктанттың көптеген түрлерін қолдануға болады. Өйткені, диктант орфографияны грамматикалық ережелер негізінде сапалы түсіндіруге себеп болады.
Аталған мақсаттарды көздей отырып, бұл жұмыстың барысында мынадай міндеттер қойылады:
* қазақ тілінің жазба жұмыстарына жататын тапсырмаларды анықтау;
* диктант түрлерін саралау, олардың алуан түрлерін жүргізудегі мақсатын анықтау;
* диктант түрлерін сабақтың қай кезеңінде жүргізуге болатынын анықтау;
* диктант түрлеріне берілетін мәтіндердің, сөйлемдердің, сөздердің көлемін жобалау;
* диктантты тексеру жолдарын анықтау;
* диктант түрлерін жүргізгеннен кейінгі бағалауды анықтау.
Жоғары сауатты адамдарды даярлауды қамтамасыз ету орта мектептің ең басты міндеттерінің бірі болып саналады. Оқушылардың грамматикалық ережелерді берік әрі сапалы игеруін үйрете және талап ете отырып, мұғалім олардың сауатты жазуын да бақылайды.
Жоғары сыныптардағы қазақ тілі сабағында жазба жұмыстарды өткізу үшін, яғни түрлі тақырыптағы шығарма, мазмұндама жаздырудың, практикалық … жалғасы

Дереккөз: https://stud.kz