Нұрсултан Назарбаевтың тәуелсіз казакстанның экономикасының құрылу стратегиясындағы рөлі

0

Тәуелсiздiк алған алғашқы күннен бастап бiз сiздермен бiрге дәйектiлiкпен құрып жатқан Жаңа Қазақстан өзiнiң дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдiк қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткiзе отырып, алға қарай нық сенiммен iлгерiлеп келедi.
Бүгiнде экономика мен өз мемлекеттiлiгiмiздiң берiк iргетасын қамтамасыз етiп, бiз қағидаттық жаңа кезеңге сенiмдi қадам бастық. Мұның өзi Қазақстанның одан әрi дамуын тұрлаулы, осы заманғы және болашағы зор экономикалық, әлеуметтiк, саяси және әкiмшiлiк негiзге қоюға мүмкiндiк бередi.
Бүгiн мен сiздерге елiмiз бен қоғамымыздың одан әрi дамуы жайындағы өз пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнiнде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкiндiк туғызады.
Әңгiме елiмiздiң әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елу елдiң клубына қарай iлгерiлеуi жөнiндегi нақты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған едi.
1997 жылы сiздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясын қолдадыңыздар, онда бiздiң қоғамның келешек мүмкiндiктерi мен бiздiң мемлекеттiң ұлық мұратына деген көзқарас таныстырылған болатын.
Бұл әлi қанаты қатая қоймаған жас тәуелсiз мемлекеттiң ұлы таңдауы едi. Сол кезде осы Стратегия турасында күмән аз бола қоймағанын бiлемiн.
Сол уақытта, естерiңiзде болар, бiздiң жинақтаған қорымыз негiзiнен зiлбатпан әлеуметтiк-экономикалық проблемалардан және егемендi даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжiрибелерiнен ғана тұратын.
Сол тұста, 10 жыл бұрын, бiз өз таңдауымызда қателескен жоқпыз.
Нақ сол уақыттан Қазақстан нарықтық экономиканың теоремалары мен демократиялық дамудың аксиомаларын бiрiнен кейiн бiрiн игере отырып, дәйектiлiкпен iлгерi адымдай бастады.
Бiз мүлдем жаңа экономикалық жүйенiң, демократиялық құқықтық мемлекеттiң iргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайттық, өмiр сапасы мен ұстындарын елеулi түрде өзгерттiк.
Бiз iшкi тұрақтылыққа қол жеткiздiк, дамудың әлеуметтiк базасының сенiмдiлiгiн қамтамасыз етiп, өңiрдегi үздiк экономиканы құрдық. Қазақстан өңiрде геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi маңызды мiндеттердi атқаратын халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшесi ретiнде орнықты.
Бiз үшiншi дүниенiң мемлекетi болуды қойдық. Бұл өткен 10 жылдағы жұмысымыздың басты қорытындысы.
Ендi келесi онжылдықтағы одан арғы жұмысымызды белгiлеп бергiм келедi.

Жұма, 16 Желтоқсан, 2011 Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жы­лындағы табыстар халқымыздың ор­тақ жетістігіне айналды. Мемлекет басшысының көш бастауымен елдің жаң­ғыруы мен индустриялық-инно­вациялық экономикасының құрылуы – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы қа­рышты дамуының кепілі. Қазақстан Тәуелсіздігінің басты жетістіктері және перспективалары туралы біздің басылымға берген сұхбатында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан МАЙЛЫБАЕВ былай деп әңгімелеп берген еді.

– Бағлан Асаубайұлы, еліміз айтулы тарихи мереке – Тәуелсіздіктің 20 жылдығын ерекше атап өтуде. Мемле­ке­тіміздің мерей­тойы әр қалада, әрбір ауылда шын көңілмен той­ланып, ол нағыз бірлік­тің мерекесіне айналуда. Ел өмірін­дегі осы белесті оқиғаға біз қандай жетістіктермен келдік?

– Мерейтойлық жыл Қазақстанның жасампаз бастамалары атауларының аясында өтіп жатыр. Осынау жарқын жиырма жылдықтың барлық жетістіктері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тікелей байла­нысты. Биылғы әлеуметтік зерттеулердің мәлі­мет­тері бойынша, қазақстандықтардың 97 пайы­зы Мемлекет басшысының әлеуметтік жә­не экономикалық жаңғыруда ұстанған бағы­тын елдің дамуының басты факторы деп санайды.

Бейбітшілік, келісім, қоғамның бірлігі, эко­номикалық және әлеуметтік тұрақтылық, ха­лық­аралық деңгейде мойындалу – осының бар­лығы еліміздің шын мәнінде мақтан тұтуға құқылы табыстары. Қазақстан Мемлекет бас­шысының арқасында Тәуелсіздіктің үшін­ші онжылдығына өз болашағының өрісін аңдатар өлшемдерді айқын көре отырып қадам басуда.

Біріншіден, біз әлем картасындағы орны­мыз­ды айқын көріп отырмыз. Көптеген жаңа елдер үшін шекарасының даулы шектері үшін күрес қазірге дейін жалғасуда. Кейбір жағдай­ларда бұл ашық қақтығыстарға да ұласты. Қазақстан ондай сценарийді айналып өтті. Мемлекет басшысы біздің тарихи жерлеріміз бен бүкіл Қазақстан халқын тұтастырушы тұлғаға айналды. Біз баршамыз Президенттің осы бірегей бітімгершіл, көшбасшылық дары­нына тәнті болуға тиіспіз.

Екіншіден, біз болашақтағы мақсаттары­мызға сәйкес әрекет етудеміз. Президенттің «Қазақ­стан-2030» Стратегиясы – әлемдегі ең ұзақ мерзімді және тиімді форсайтингілік жобалардың бірі. Бұл – біздің дамуымыздың Қазақстанды уақыт сынынан сүрінбей алып өтер картасы.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы қоғамның рухани өзегін – этносаралық және дінаралық келісімді қалыптастырды. Біз түйінді шешімдер қабылдарда соған сүйенеміз. Қазақстан­дықтардың қуатты индустриялық-инновация­лық экономика құруға деген сенімділігі де соған негізделген.

– Жыл басында Қазақстанда Тәуел­сіздіктің 20 жылдығын мерекелеуге арнал­ған шаралар­дың жалпыұлттық жоспары қабылданды. Оны жүзеге асырудың нәти­желері қандай?

– Жоспарды Мемлекет басшысы бекітті және ол Қазақстанның барлық жетістіктерін кеңінен көрсетуге бағытталған. Оған 130 ау­қымды және ұзақ мерзімді жобалар енді, олардың бәрі қатаң белгіленген мерзімде және әр айдың тақырыбына сай орындалуда.

Жалпы ел бойынша қазірдің өзінде 12 мыңдай шара өткізілді. Соның ішінде 5000-нан астамы – қоғамдық-саяси, 3500-і – мә­де­ни, 2000-ы спорттық, 1000-нан астамы – ғылыми-ағартушылық және 600-і – ақпараттық іс-шаралар.

Бүгін осы Жалпыұлттық жоспар өзінің жүзеге асуының шешуші кезеңіне жетті. 16 желтоқсан – жұлдызды 20 күннің, «Тәуелсіз­діктің 20 шы­ңының» шырқау биігі. Жоспардағы қамтылған күндердің әрқайсысы қазіргі Қазақстанның бас­ты жетістіктеріне – мемлекеттік рәміздерге, Конс­титуцияға, ұлттық бірлікке, ғылым және технологияға, ауыл шаруашылығы саласына, Астанаға, Тәуелсіздікке және басқа да құн­дылықтарға арналған. Бұл кезеңде барлығы 83 республикалық және 21 мыңнан астам өңірлік шаралар іске асырылды.

Қоғамда ел дамуының жаңа міндеттеріне сай рухани атмосфера қалыптасты. Тәуелсіздік тойы ел болмысының идеялық ұстындарын – патриотизмді, этносаралық келісімді, зайырлы мемлекет мұраттарын нығайта түсті. Осының бәрі халықты Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың маңайына тығыз топтастырды. Бү­гінде азаматтарымыздың 95 пайыздан астамы Қазақ­станның болашағын тікелей Тұңғыш Пре­зидент­тің есімімен байланыстыра қабылдайды.

Мерейтойлық жыл Қазақстанның барлық өңі­рін өзара жақындастырумен де құнды дер едік. Мәселен, облыстар мен Алматы қаласының Аста­надағы күндері аса жарқын оқиғаға айнал­ды. Олар аймақтардың мерекелік өнеркәсіптік және ауыл­шаруашылық жәрмеңкелерін қамты­ды. Бейбітшілік және келісім сарайында Тәуел­сіздіктің 20 жылындағы аймақтар жетістік­терінің көрмесі өтті, өнер шеберлерінің гала-концерттері қойылды.

Мемлекет басшысының бастамасымен елі­міздің мерейтойын мерекелеу бағдарламасы әрбір қазақстандықтың өмірін жақсарту бағы­тындағы тиімді прагматикалық жоспарға айнал­ды. Оның аясында жаңа мектептер мен ауруханалар, индустриялық нысандар, спорт орталық­тары, тұрғын үй кешендері ашылуда. Тәуелсіз­діктің «жол картасына» сәйкес, жолдар, су құбыр­лары, газбен қамту жүйелері рекордтық мерзім ішінде салынуда. Ғылыми және қоғам­дық форумдар өткізіліп, кітаптар басылып, деректі және көркем фильмдер түсірілуде.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болашақ ұрпаққа мәнді рухани және материалдық мұра қалды­ратын болады. Қазірдің өзінде ол біздің ортақ жетістіктерімізді байыптау мен байыту кезеңіне айналып отыр.

– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы та­қы­рыбы ақпарат құралдарында қанша­лық­ты қамтылып, өз көрінісін тапты деп ойлайсыз.

– Тәуелсіздік тойын мерекелеудің ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етілуі екі арнаға – ме­рей­тойдың басты шараларын көрсетуге және арнау­лы жобаларды жүзеге асыру бағытына жіктелді.

Бұл жұмысқа республикалық 100-ден астам БАҚ жұмылдырылды. Газет беттерінде қазірдің өзінде Тәуелсіздікке арналған 7000-нан астам материал жарық көрді. Телеарналардан 2 мың­дай сюжет берілді. Бұған қоса, Тәуелсіз­дігіміздің тарихы мен нығаюына арналған 80-нен астам кітап дайындалды.

Жұлдызды 20 күнмен бірге негізгі ақпа­раттық науқан басталды. Сараптамалық 40 бағдарлама және ток-шоуларда еліміздің жетістіктері айтылып, талқылануда. Басты телеарналардан ел дамуына ерен үлес қосқан жандар, бүгінгі күннің батырлары мен қарапайым еңбеккерлер жөнін­дегі «Отандастар» және «Тәуелсіздік форму­ласы» («Формула Независимости») атты арнаулы хабарлар циклы берілуде.

Тележурналдар, бейнероликтер, арнаулы көрі­ністер дайындауға айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, Тәуелсіздік құрдастары туралы 60-тан астам ролик түсірілді.

Арнаулы жобалар шеңберінде эфирге екі көркем фильм – «Дала жұлдыздары» мен «Бақыт құсы» («Птица счастья»), «Жас ұлан» көркем сериалы, 15 деректі жоба, соның ішінде ресейлік телерадиокешенмен бірлесіп «ХХІ ғасыр: Нұр­сұлтан Назарбаевтың мегажобалары» («ХХІ век: Мегапроекты Нурсултана Назарбаева»), «Қазақ­стан ғаламшары» («Планета Казахстан»), соны­мен қатар «Табыстар мекені», «Қазақстан салтанаты» («Триумф Казахстана») және басқа да сериалдар дайындалды.

Отандық кинематография қазақстандықтарға 41 толықметражды фильм түрінде тамаша тарту жасады. Көрермен қауымға ерекше ұнаған картиналар қатарында «Менің балалық шағымның аспаны», «Жерұйық» және басқа көптеген фильм­дер бар.

Өзіміздің көрермендерге арналған жобалар­дың кейбірі елімізден тысқары жерлерде де көрсетілуде. Мысалы, Қазақстан туралы хабарлар сериясы америкалық танымал «Рublic Broadcasting Stations» және «American Life TV» телеарналарынан берілді. Олардың аудитория­сының ауқымы 40 миллион адамды қамтиды.

Қазақстандықтар 15-16 желтоқсан күндері аса маңызды төрт оқиғаның куәсі болады. Кеше барлық республикалық телеарналарда Тәуелсіз­дік сарайындағы Салтанатты жиын мен «Қазақстан» киноконцерт залындағы мерекелік концерт тікелей эфир арқылы көрсетілді. Бүгін отандастарымыз «Мәңгілік ел» салтанат қақ­пасы­ның ашылуы мен «Астана-арена» ста­дио­нында өтетін «Бейбітшілік пен жасампаз­дықтың 20 жылы» атты театрландырылған шоу мен концертті көре алады.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы феномені қо­ғамда біздің еліміздің жетістіктері мен бағыт­тары жөнінде кеңінен талқылауға мүмкіндік берді. Түрлі пікірлер арасында ғалымдар мен қара­пайым еңбеккерлердің және жастардың үні көбірек естіледі. Осы төңіректегі барлық әңгі­менің орталығында тәуелсіз Қазақстанның барлық тарихи жеңістерінің символына айнал­ған еліміздің Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тұлғасы тұр.

Бүгінде ғылыми қауымдастық пен БАҚ Тәуелсіздікті тұлғаландыруға ұмтылуда. Оған нақты баға беруде. Тек қана бір секундтың ішінде жетекші Интернет жүйелерінде «Қазақ­станның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» деген тақырыпта 2,5 миллион сілтеме беріледі. Бұл – қоғамдық үнқатысудың айқын көрінісі.

Бұған жауап та жеңіл емес. Тәуелсіздік өз-өзінен бола қоймайды, аспаннан түсе қалмайды. Тәуелсіздік қашанда нақты болады, ол – дәуір мен оның шындығына толық сәйкес келеді.

ХХІ ғасырдағы Тәуелсіздік – интеллектуалды ұлт және оған қоса инновациялық экономика деген сөз. Бұл идея Мемлекет басшысының «100 қазақстандық инновация» атты ауқымды Страте­гиясы арқылы жүзеге асуда. Осыған байланысты біздің болашақ егемендігіміздің сипаты да айқындалады.

– Тәуелсіздік жолында Қазақстан көп­теген кедергілерден сүрінбей өтіп, ТМД-дағы ең табысты мемлекеттердің біріне айналды. Еліміз даму үстінде. Қазақстан қоғамы алдында ХХІ ғасырда қандай басты асулар тұр деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысы нақты атап көрсет­кендей, біз алған, асқан асулардың бәрі Қазақ­стан үшін түптің түбінде табысқа алып баратын «тар жол, тайғақ кешулер» болды. Тұрлаулы Тәуелсіздігіміздің жолында мұндай қиын өткелектер аз болған жоқ, сондықтан қоғамымыз жаңа міндеттерді еңсерер алдында әрқашан өз тәжірибесіне сүйеніп отырды.

Таяу болашақтағы сынақтарға сақадай сай болу үшін басты-басты жаһандық қатерлерді жақсы білу керек. Олар – бесеу: жаңа қаржылық дағдарыс, экстремизм, терроризм, ұйымдасқан қылмыс, сыбайлас жемқорлық. Осындай жаһан­дық қауіп-қатерлермен күрестің қауқарлы құрал­дары біздің елімізде әлдеқашан қарастырылып қойылған. Нақты заңнамалық, институттық және әлеуметтік тиімді тетіктер бар. Бұл «қор­ғаныс алаңын» Мемлекет басшысының өзі аса ыжда­ғатпен және ұзақ мерзімге ойластырып қойды.

Қазіргі уақытта осы бағытта үлкен жұмыстар жасалуда. Тұтас бір маңызды заңдар қабыл­данып, тиісті органдардың штаты нығайтылды, Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Мемлекет әрбір азаматтың жаһандық қауіп-қатерлерден қорғану деңгейін айтарлықтай көтеруде.

Өтіп бара жатқан жылда әлемдегі ортақ ахуал тұрақтылығына едәуір селкеу түсті. Жаһан­дық экономика өсу кезеңіне өте қойған жоқ. Жаңа қауіп-қатерлердің нышаны көзге шалына баста­ды. Осының алдындағы банктер мен жекеменшік қаржылық құрылымдарда басталған несиелік дағдарыстан айырмасы сол, жаңа дағдарыс одан әлдеқайда ауқымдырақ болуы мүмкін. Кейбір елдерде ол қазірдің өзінде әлеу­меттік деңгейге жетіп, сол жұрттың болашақ дамуына қатер төндіріп отыр.

Бұл – біздің Тәуелсіздігіміз үшін үлкен сабақ. Сондықтан, бұдан әрі даму керек, бірлігімізді нығайтып, Президентіміз қойған міндеттерді иық тірестіре отырып бірге орындауымыз қажет.

– Биылғы мерейтойлық жылда ин­новациялық даму тақырыбы айрықша өзекті бола түсті. Таяуда Білім және ғылым министрлігінде өткен алқа мәжілісінде сіз қа­зақстандық 300 мың педагогты иннова­циялық экономиканың маңызды ресурсына баладыңыз…

– Біздің ХХІ ғасырдағы басты мақсатымыз – Президенттің «100 қазақстандық инновация» стратегиясын жүзеге асыру. Бұл – Тәуелсіздікті тұғырлы ете түсетін жалпыұлттық міндет. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының шыр­қау шыңына айналады.

Бұл дамудың нағыз шын мәніндегі көрсет­кіші – адамның дәулеті емес, әлеуеті, оның ши­рақтығы мен инновацияларға ашықтығы болады. Индустрия мен инновациялық ортаның үндестік тауып, ілгерілеуі маңызды екі факторға байла­нысты. Біріншісі – инфрақұрылым қалып­тасты­ру, ғылыми орталықтар мен зертханалар құру. Екіншісі – сананың инновациялық мәнерге бейімделуі. Нақ осы себептен де Мемлекет басшы­сы біздің алдымызға жай ғана инфра­құрылым қалыптастыру емес, инновациялық экономика құру міндетін қойып отыр. Ал бұл ойдың мәселесі, бұл интеллектуалдық ауқым.

Қазақстанның интеллектуалдық капиталын жинақтаудағы маңызды рөл білім беру саласына тиесілі. Бұл – біздің келешегіміздің кескіні. Ол кескінді қалыптау құралы – Білім беруді дамы­тудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Тек биылдың өзінде осы бағдар­ламаны жүзеге асыруға 900 миллиард теңге бөлінді. Әлемдік тәжірибеде бұл өте жоғары бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші.

Мемлекеттік қаржыландыру – инновациялық білім берудің төрт қырының бірі. Қалған үшеуі – педагогтардың шығармашылық жұмысы, білімге ұмтылушылардың үздіксіз еңбегі және зияткерлік жетістіктердің өндірісте қолданылуы. Осы жерде біздің алдымызда бірқатар маңызды міндеттерді шешу мәселесі тұр.

Біріншіден, педагогтардың жұмысын ынта­лан­дыру қажет. Мұғалімдердің еңбегі дарын­дыларды тауып, жетілдіруге бағытталмайынша инновация­лық білім берудің сенімді іргетасы қаланбайды. Әлемдегі барлық технологиялық жетіс­тіктер нақты есімдермен байланысты. Олар­ға жол аша алатын – тек шығармашыл, нағыз кәсіпқой ұс­таздар ғана. Олар үшін шәкірт­терінің атының шығуы баршаға – өзде­рінің де мойындалуының кепілі. Егер 300 мың педагог­тың әрқайсысы жылына ең болмағанда бір дарынды тапса, қазақстандық интеллек­туалдық ұлттың қалыпта­суы айтарлықтай жеделдей түседі.

Екіншіден, біз білімді өзіміздің индустрия­мызға кіріктіруіміз керек. Білім беру мен қолданбалы ғылым Қазақстанның инновациялық тиімділігін арттыруға қызмет етуі тиіс. Ғылыми зерттеулерге 2012 жылы мемлекеттен 42 миллиард теңге бөлінеді. Сол ақшаға жүзеге асқан әр жобадан мемлекет инновациялық, пайдалы ұсы­ныс­тар күтуге құқылы. Бұған қосымша айта кетер жәйт: инноватор-мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін барлық күш-жігерді жұмсап, олар үшін жайлы жұмыс жағдайын жасау қажет.

Үшіншіден, қазақстандықтардың өздері ұдайы білімге ұмтылып отыруға, қолы жеткенмен тоқтап қалмауға тиіс. Үздіксіз білімнің маңыз­дылығы туралы Мемлекет басшысы айтты, бұл – біздің дамуымыздың тренді, яғни бүгінгі күннің басты өзекті мәселесі.

Жаңа заман мамандарын тәрбиелеу жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесімен ажырағысыз байланысты. Бұл тұста өзара әрекеттестіктің жаңа салаларын қалыптастыру керек. Бірінші кезекте – ақпараттық технологиялар саласында. Әлеу­меттік желілер, интерактивті форумдар, тіпті онлайн-ойындар да бізге бұл міндетті орын­дауда септігін тигізе алады.

Осы үш міндетті орындау бізге Мемлекет басшысы қойған биік мақсаттарға жетуге септеседі. Қазақстан табысты, инновациялық, әлем­дегі беделді мемлекетке айналады.

– Жаңа ғасырда зайырлы мемлекетке төнген сын-қатерлер қатары көбеюде. Осын­дай аумалы-төкпелі алмағайып заманда зайырлылық мұраттарын қалай асқақтата түсуге болады?

– Қазіргі әлемде епті, икемді еместің бар­лығы еленіп-ескерілмей, бір шетіне ығысып қалып қоюы ғажап емес. Тым бірбеткей және үзілді-кесілді ұстанымда болу да жарамайды. Қазақстан қоғамы қасаң догмалардан және радикалды сипаттағы соқыр сенімдерден аулақ болуы керек. Бұл жаңа прогреске түбірімен қайшы келеді және инновациялық ойлау жүйесінің дамуын тежейді. Діннің мемлекет ісіне араласуының тарихи тұрғыдан жаһандық сілкіністерге әкеліп соқтырған жағдайлары өте жиі кездеседі. Біз осыны ұмытпауымыз керек.

Дін саласы – адамдардың рухани және мораль­дық кемелденуі. Өркениеттердің еуразия­лық тоғысындағы қазақстандықтар өзге елдерден келген әртүрлі діндерге қашанда құрметпен қараған. Бабаларымыз өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына да дін ұстанушылардың дәл сондай құрметпен қарауын талап еткен.

Қазақстандық қоғамның толеранттылығы – біздің ұлан-байтақ жерімізде ешқашан дін­аралық қақтығыстардың болмауының басты себебі. Әлеу­меттік зерттеулерге сәйкес, біздің аза­мат­тарымыздың 90 пайыздан астамы Қазақстан­ның толеранттылық моделінің тиімділігіне сенімді.

Бүгінде отандастарымыз біздің халқымыз­дың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін жалғас­тыруда. Біз барлық дінге құрметпен қараймыз және сонымен бірге өзіміздің салт-дәстүрімізді сақтаймыз, қазақстандық зайыр­лы дүниетаны­мымызды нығайта береміз.

Әлемде өсе түскен тұрақсыздыққа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың біртұтас, толе­рантты, қуатты мемлекет құруға бағытталған берік ұстанымы қарсы балама бола алады. Елбасының жасампаз еңбегі – қазақстандық жалпыұлттық инновациялық рухты қалып­тастырудың маңызды факторы.

– Зайырлы мемлекетті нығайтуда алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассам­блеясына қандай маңызды рөл жүктеледі?

– Мемлекет басшысының бастамаларына уақыт тұрғысынан да, мәнділігі жағынан да баға жетпейді. Болашақта Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи маңыздылығы тек қана өсе түседі. Бұл кеңінен толғауды қажет ететін ауқымды тақырып. Мен тек Ассам­блеяның өсуінің негізгі төрт тірек нүктесіне тоқталып өткім келеді.

Біріншіден, ақпараттық кеңістік. Ассам­блея­ны және этностық мәдени орталықтарды алда өздерінің виртуалды және баспа ресурс­тарын жандандыру ісі күтіп тұр. Олар Қазақ­стандағы этносаралық және конфессия­аралық келісім туралы егжей-тегжейлі ақпа­раттың қайнар көзіне айналуы тиіс.

Екіншіден, заңнамалық қызмет. Төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне Қазақ­стан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар жақсы жұмыс жасады. Олар «Жаңа Қазақ­стан» депутаттық тобын құрды. Мемлекет басшы­сы тарапынан жоғары баға алған «Қазақ­стан халқы Ассамблеясы туралы» Заң нақ сол Ассамблея депутаттарының бастама­сымен дайындалды. Олардың Ұлттық бірлік док­три­насын, Этномәдени білім беру тұжы­рым­дамасын дайындаудағы рөлі де аса маңызды.

Ассамблеяның жаңа депутаттарының сай­лауы 2012 жылдың 16 қаңтарында өтеді. Ассамблея үшін Парламентте күтіп тұрған жұмыс – біздің бірлігіміздің күшін, қазақстан­дық­тардың татулығы моделінің тиімділігін көрсе­тудің тағы бір бірегей мүмкіндігі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобымен Ассамблея­ның өзара әрекеттестігінің нақты тетігін әзірлеу керек. Болашақ жұмыстың платфор­масы – тиімді жобалық қызмет және Ассамблея бастамала­рының Парламентте жүзеге асырылуы. Депу­таттардың халықпен жұмыс жасауын тікелей өзара байланысқа түсу арна­лары бар жеке сайттары арқылы жандандыру талап етіледі.

Үшіншіден, әлеуметтік бағдардағы бизнес. Ассамблеяның ХVІІ сессиясында Мемлекет басшысы ұлттық мәдени орталықтарды Қазақ­стан экономикасын жаңғыртуға белсене қаты­суға шақырды. Бүгінде Ассамблея 60-тан астам инновациялық жобалар ұсынды. Соның ішінде қоғамның әлеуметтік жаңғыруына арналғанда­ры да бар. Олардың барлығы Индустрия және жаңа технологиялар министрлі­гінің қарауына жіберілді.

Бұл орайда, Ассамблеяның Мемлекет бас­шы­сы­ның үндеуіне жедел жауап қатуы үлгі тұтарлық әрекет. ҚХА елдің маңызды әлеумет­тік-экономикалық үдерістеріндегі өзінің рөлін күшейте түсуге әзір.

Төртіншіден, Ассамблеяны құру мен оның жұмыс тәжірибесін бірінші кезекте Еуразия­лық одақтағы әріптестерімізге ұсыну қажет.

Қазақстан халқы Ассамблеясының келешегі зор. Бұқаралық ақпарат құралдары және бірлескен ғылыми жобалар, конференциялар мен парламенттік пікірталастар арқылы Нұрсұлтан Назар­баевтың осы тарихи бастамасы біртұтас еуразия­лық идеяның бөлшегіне айналатын болады.

– Қазақстан және бүкіл ТМД елдері үшін мерейлі меже болған осы жылы еуразиялық интеграция тақырыбы қай­та­дан өзекті мәсе­леге айналды. Сіздің ойы­ңызша, бүкіл құрлық елдері үшін мәні өте зор болып отырған баста­маның болашағы қандай болады?

– Еуразиялық ықпалдастық – біздің Прези­дентіміздің баға жетпес бастамасы. Ауқымы жөнінен ол өз уақытынан көп алға озып кетті. ТМД мемлекеттері үшін бұл жобаның экономикалық және әлеуметтік перспективала­рының бағасын түсінуіне 17 жыл керек болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия моделі тұжырымдамадан макроэкономикалық құбы­лыс­қа және нақты геосаяси күшке айналды. Өткен қараша айының 18-інде Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Еуразиялық экономи­калық интеграция туралы декларация мен Еуразиялық экономикалық комиссия тура­лы келісім-шартқа қол қойды. Еуразиялық перспектива біздің дамуымыздың тік сызығына айналды.

Енді бізге еуразиялық идеяны көлбеу сызық бойымен бекіту керек. Бүкіл осы уақыт бойына Қазақстанда еуразиялық интеграцияға ар­налған әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Жыл өткен сайын бұл идеяны жақтаушылар саны өсіп келеді. Бүгінде қазақстандықтардың 85 пайыздан астамы өз елінің болашағын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясының орындалуымен байланыстырады.

Азаматтарымыз бұны экономикалық өсуге алып келеді, өздерінің әл-ауқаты мен қауіп­сіздігін нығайтады, адамдардың, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді деп біледі.

Еуразиялық үдерістер Қазақстан, Беларусь және Ресейдің интеллектуалдық өмірінің бөлінбес бөлшегіне айналуы тиіс. Арнаулы сайттар ашып, еуразиялық журналдар, бірлескен теле-жобалар шығару, ғылыми жұмыстар, соның ішінде инновациялық ізденістер сала­сында ғылыми-зерттеулер жүргізу керек.

Соңғы жылдардағы интеграциялық оқиға­лар­дың молдығы жаңа ғылыми пайымдаулар жасауды талап етеді. Бұл еуразиялық бірлестік мемлекеттеріне болашаққа жасаған өз жоспар­ларын нақтылауға көмектеседі.

Қалыптасқан саяси практиканы егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Мемлекет басшысының еуразиялық бастамасының көптеген қырлары жүзеге асты да. Күн тәртібіндегі мәселе – бұдан арғы интеграциялық арнадағы егемен мемлекеттердің дамуының жағдайы.

Біз 170 миллион адамдық орасан ауқымды нарықтың қандай экономикалық қағидаттар негізінде қалыптастырылуда екенін айқын сезінуге тиіспіз. Өйткені, интеграция – аясы тар мақсат емес. Мемлекет басшысы біздің алды­мыз­ға қойған нақты міндет – халқымыздың әл-ауқаты мен мүмкіндіктерін арттыру.

Еуразиялық одақ құру жөніндегі Прези­дент­тің тарихи идеясының іске асуының нақты практи­калық кезеңінің Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы ата­лып өтіп жатқан кезінде бас­талуының нышандық мәні зор. Бұл – қазақ­стандық жол­дың табысының айқын айғағы. Біздің еліміз Нұр­сұлтан Назарбаев­тың көш­бас­шылы­ғымен бола­шаққа бағыт ұстауда. Бейбіт, дәулетті және тату-тәтті өмір – Қазақ­стан­ның ХХІ ғасырдағы қар­қынды дамуының басты бағдарлары, міне, осылар.

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!