Неореализм — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Соны философиялық ағымдардың ішіндегі өздерін реалистік бағытқа жатқызатын ойшылдардың өзара ұжымдасу ісі XX ғасырдың басынан өркен жая бастады. Олар негізінен Германияда, Англияда, АҚШ-та және Ресейде шығарылған еді. Өздерінің философиялық көзқарастарын реализм аясында дүниеге келтірдік деп жариялаған ойшылдар Ф.Бретано мен Р.Лотце, АМейнонг пен Э.Гуссерль, Н:Гартман және М.Шелер дегендер болатын. Алайда өздерін реализмге жатқызатын бұлардан басқа да мың сан ағымдар мен философиялық мектептер де баршылық.

Сондықтан да реализмді белгілі бір философиялық ағым емес, көптеген ағымдарға ортақ философиялық сарын ретінде қарастырғанымыз дұрыс. Реализм философиялық негізгі мәселелерді сыртқы дүниенің бар екендігіне шүбә келтірмеу тұрғысынан шешуді қолдайды. Әлем — шынайы, ол әруақытта бар, демек адамнан, оның санасынан тыс және оларға тәуелсіз өмір сүреді. Бір қарағанда диалектикалық материализмнің позициясынан айырып алғысыңдай болып көріністің реализм, неореализм (жаңа реализм) философиялық, сарындарын түптеп талдай келе, олардың мүлдем басқа сипатта екендігін аңғарамыз.

Шартты түрде реализмді екі түрге бөлуге болады. Оның бірі — болмыс туралы ілімінде әлемнің шынайылығы ұғымдардың бар екендігінен әкеп шығаратын неотомистік көзқарас. Бұл философиялық ағым оз алдына дербес талданатын болғандықтан, бұл арада біз реализмнің екінші түріне — гносеологиялық реализм деп аталған түріне тоқталамыз. Өйткені оның негізінде көптеген философиялық ағымдар қалыптасқан.

Объективтік идеализмге де, субъективтік идеализмге де бірдей қарсы шыққан реализм сайып келгенде идеализм мен «өмір шындығын» ымыраластыруға бағышталған ілім. Өйткені, реализм материализмге де қарсы. Реалистік бағыттан өкілдері философияда үшінші жолды ашық деп есептейді, яғни материализмді де, идеализмді де жоққа шығарып, философиялық ой толғаудың соны жолын, «реалистік» жолын аштық деп санайды.

Реалистік бағытты құптаған ойшылдардың ішінде ағылшын философы Бертран Рассел (1872-1970) ерекше орын алады. Өзінің ғасырға жуық ғұмырында ол философиялық мәселелермен айналысып қана қоймай, сонымен қатар халықаралық бейбітшілік үшін күрестің алдыңғы шептерінде болды. Философиядағы шешімін таппаған мәселелердің көпшілігі ойшылдардың тілді дұрыс пайдалана алмауынан пайда болады, дейді Рассел. Философияның негізгі мәселесін тұжырымдауда субъективтік идеализмге бой ұрған ол, тар ауқымды ғылыми мәселелерде айтарлықтай тың пікірлер айтты, философиялық сараптау ісіне пайда келтіретін конструкция және дискрипция теориясы ден аталатын таным тәсілінің негізін қалады. Оның ісін Ангияда А.Н.Уайтхед, С.Александр сияқты ойшылдар қолдады. Олардың философиялық көзқарастары реализмнің американдық жаңа түрлері — неореализм жөне сыни реализм деген атқа ие болған ағымдардың пайда болуына ықпалын тигізді. Неореализм мен сыни реализмге, жалпы реализмге тән қағидалық тұжырымдар тән болғанымен, олар көптеген тың ойлар мен зерттеу тәсілдері арқылы ерекшеленеді. Америкадағы реалистік қозғалыстың бастауында Р.Перри (1876-1960) және У.Монтегю (1873-1953) сияқты көрнекті ойшылдар тұрған болатын. Олар Э.Холт (1873-1941), Э.Споулдинг (1873-1940) сынды ойшылдармен бірігіп, неореализмнің (жаңа реализм) негізін қалаған-ды. Бұлардан тәуелсіз неореалистік философияны дамытқан Ф.Вудбридж, Э.Макгилвари дегендер де болды. Олар негізінен махизм мен Америкада кең қанат жайған прагматизмге шүйлікті. Неореализмнің негізгі өзегі — эпистемологиялы монизм. Оның мағынасы мынада: сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстар санадан тыс жөне оған тәуелсіз өмір сүреді. Оларды түйсінген мезетте түйсінуші тарапынан олардың табиғатына ешқандай да нұқсан келтірілмейді. Алайда сыртқы дүние адам санасына түйсік, ұғымдар арқылы көшірілмейді, тікелей сол күйіңде беріледі. Демек, неореалистер әу бастан-ақ бейнелеу теориясын жоққа шығарады. Өйткені неореалистердің түсінігінше, объект санадан тыс, әрі оған тәуелсіз өмір сүргенімен, таным процесінде таным иесіне (субъекті) іштей тән болады, яғни тікелей беріледі. Осы тұрғыдан алғанда сананың мазмұны мен сыртқы объект жымдасып кетеді. Бұл тұжырым таным теориясындағы дуализмді тәрк етуге бағытталған, өрі материалистік бейнелеу теориясына кереғар ілімнің негізгі қағидасы болып табылады. Оны философиялық тілде «презентивизм» деп атайды.

Материалистік бейнелеу теориясына әсіресе, қатты шүйліккен Сант аяна болды. Таным дегеніміз шындықтың кескінін бейнелеу емес, өйткені ойлау мен айнаның арасында еш ұқсастық жоқ, пайымдау дегеніміз тіл, ал тілдің де айнамен ешқандай ұқсастығы жоқ, дейді ол. Сөйтіп, ақиқаттың танымға ешқандай да қатысы жоқ екен. Ақиқаттың оз алдына дербес табиғаты болады, оны танып-білу мүмкін емес, себебі адамның білім қоры көбінесе салыстырмалы субъективтік сипатты болады да, ақиқаттың дербес шынайы табиғатына тереңдей алмайды.

Қорыта айтқанда, неореализм материалдық және идалықтың астасуын, объект пен субъекттің өзара жымдасуын әсірелеп, «әлемнің негізі — бейтарап мәндер» деген ұйғарымға келген болса, сыни реализм керісінше, материалдық пен идалықтың айырмашылығын дәріптеп, объект пен субъектің арасын ажыратуға қанша тырысқанымен, сайып келгенде, материалдық объектілерді олардың ойдағы мазмұнымен біртектес нәрселер ретінде қарастарды. Философиялық негізгі мәселені шешудегі ұстанған позициялары айналып келгенде, неореализмді де, сыни реализмді де алыпсатарлық идеализм мен теологияның (құдай туралы ілім) құшағына әкеліп тығады. Сондықтан да XX ғасырдың 40-жылдары аталмыш философиялық ағымдардың өз белсенділігін жоғалтып, тоқырауға ұшырағандығында таңдануға болмайды.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!