Наурыз сценарий мекемеге — Қазақша сценарийлер
Наурыз тойын тойлау үлгілері
Ірі мекемелерде Наурыз тойын тойлауға аса мән беріле бермейтіні рас. Осы орайда қызметкерлер үшін де, ұйымдастырушылар үшін де көп дайындықты қажет етпейтін апталық іс-шаралар жоспарын назарларыңызға ұсынамыз.
Өз мекемемізде тәжірибеден өткен, қатысушылардың көңілінен шыққан Наурыз апталығы мынадай негізгі кезеңдерден тұрады:
Дайындық кезеңі:
Апталық іс-шаралар жоспарын құру.
Басшылармен келісу.
Ұлттық сипаттағы сыйлықтар мен грамоталар сатып алу.
Сценарий дайындау.
Қатысушыларды іріктеу.
Қызметкерлер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу.
Өткізу кезеңінде ескеретін жайттар:
Қызметкерлердің жұмысбастылығын ескеріп, таңертең жұмыс алдында бүгін өткізілетін іс-шараның түрін, қатысушылардың аты-жөнін көрсете отырып, кешке жұмыс аяғына қарай күн қорытындысын жариялап, хабарландыру жіберіп отыру. Бұл, біріншіден, еске салу, екіншіден, қызықтыру мақсатында жасалады.
Апталық соңында белсенділік танытқан құрылымдық бөлімшелерді «Сүйініш», қатыспағандарын «Күйініш» грамоталарымен марапаттау.
Биыл мекеме апталықты Көрісу дәстүрімен бастауды жоспарлап отыр.
*****
2010 жылғы НАУРЫЗ АПТАЛЫҒЫ:
Хабарландыру:
Наурыздың 15 мен 19 аралығында
қазақ халқы үшін ежелден береке-бірліктің, ел-жұрт, ағайын-туыс арасындағы татулықтың, ерен еңбектің, жаңарған тіршіліктің ұлы символы
НАУРЫЗ мейрамы тойлау апталығы өтеді.
Апталықтың бағдарламасы
Күні
Іс-шараның атауы
Бағаланатын өнер түрі
15.03.2010ж.
«Үздік жұп»
қазақ тілінде әндер айту – әнді орындау шеберлігі, үйлесімділік, сахна киімі
16.03.2010ж.
«Құрақ көрпе»
құрақ көрпенің тігісі, оюлары, бұйымның мөлшері, әдемілігі
17.03.2010ж.
«Наурыз оқиғасы»:
ең үздік бейнефильм
оқиғаның әсерлілігі, желісінің қызықтылығы, тілінің шұрайлылығы, мейлінше көп адамның қатысуы, 5-8 минуттан аспауы тиіс
18.03.2010ж.
«Армысың, әз Наурыз!» балалардың өнер байқауы
сурет көрмесі, қазақ биін билеу, қазақша ән айту, өлең оқу (қызметкерлердің балалары арасында)
19.03.2010ж.
1) «Дәм отау» ұлттық тағамдар байқауы
2) номинациялар бойынша марапаттау
1) Ұлттық дастархан мәзірін білу, тағамның дайындалуы, дастархан сәні (департаменттер бойынша өз қалауларымен)
2) фойеде — қолөнер көрмесі: әркімнің үйіндегі ертеден келе жатқан қазақи бұйымдар не өзінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары
Күніне бір конкурстан 45-50 минуттай кездесу.
Күнде — викторина сұрақтары, ұлттық ойындар және т.б
Қатысуға ниет білдірушілерден 12 наурызға дейін хабарласуын сұраймыз.
Ұйымдастыру комитеті
**
1-күн. «Екі жұлдыз» сайысының сценарийі
Қош келдің, әз Наурыз!
1-жүргізуші:
Армысыңдар халайық
Бармысыңдар халайық
Наурыз тойда жиналып
Шаттанып бір қалайық.
2-жүргізуші: Міне, шуақты да шырайлы мерекеміз — Наурыз мейрамы да келіп жетті.
1-жүргізуші: Наурыз – қазақ халқы үшін береке-бірліктің,
2-жүргізуші: ел-жұрт, ағайын-туыс арасындағы татулықтың,
1-жүргізуші: ерен еңбектің,
2-жүргізуші: жаңарған тіршіліктің ұлы символы.
Бірге: Наурыз мерекесі құтты болсын!
2-жүргізуші: Наурыз салтанатын ашу үшін ортамызға қазылар алқасын шақырамыз.
**қазылар алқасы сөз сөйлейді**
1-жүргізуші: 22 наурызда күн мен түн теңеледi. Табиғат гүлге, өріс төлге толғанда,
2-жүргізуші: адам жаны да жаңарып, жасарып, жүрегі әсем әнді, әуезді жырды аңсайды.
1-жүргізуші: Ендеше «Екі жұлдыз» сайысын бастаймыз.
1-жүргізуші:
Шалқытып мерекеде ән салайық,
Өнерпаз өрендерге тамсанайық.
1-жүргізуші: Қатысушыларды қарсы алайық.
**/таныстыру**
1-жүргізуші: Ал енді бүгінгі жұптарымыздың өнерін бағалау үшін арнайы шақырылған қазылар алқасымен танысып өтейік.
**/таныстыру**
2-жүргізуші: Сонымен ән айту кезегі 1-жұпта.
1-жүргізуші: Қарсы алайық!
**жұптардың өнер көрсетуі**
1-жүргізуші: Осымен бүгінгі сайысымыз аяқталды.
2-жүргізуші: Үздік жұпты анықтау үшін қазылар алқасынан жұптардың өнерін бағалауды сұраймыз.
1-жүргізуші: Марапаттау рәсімін өткізу үшін әділқазылар алқасын ортамызға шақырамыз.
**марапаттау**
2-жүргізуші: Құрметті әріптестер! Сіздерді наурыз мейрамымен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, берекелі бірлік, саналы да салауатты ұрпақ, әрбір отбасына ынтымағы жарасқан баянды бақыт, денсаулық, мағыналы ғұмыр тілейміз.
1- жүргізуші: Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!
2-күн. «Құрақ көрпе» сайысының сценарийі
өткізу нысаны: телебағдарлама
1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті әріптестер!
2-жүргізуші: Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
1-жүргізуші: Наурызда Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады, тал-теректер бүршiк жарады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi.
2-жүргізуші: Өзің айтқан қызылды-жасыл кілем демекші, біз бүгін қыз-келіншектеріміздің қолынан шыққан құрақ көрпе сайысын тамашалауға келдік емес пе?
1-жүргізуші: Онда алдымен біздің шебер келіншектеріміздің өнерін бағалайтын әділқазылар алқасын таныстырып өтейік.
2-жүргізуші: Ал енді шебер келіншектерімізді қарсы алайық.
**таныстыру**
2-жүргізуші:
Балдәурен. Балалық шақ — Тым-ақ келте.
Сол кезден қалған белгі — Бір-ақ көрпе.
Бүгінде көз алдымда тұрады ылғи.
Марқұм анам құраған — Құрақ көрпе! –деген екен Қайрат Жұмағалиев.
1-жүргізуші: Ал енді шеберлеріміздің бұйымдарымен таныссақ.
**Әр шебер өз бұйымымен таныстырып өтеді.**
Қатысушыларға қойылатын сұрақтар:
………. келіңіз.
……. ортамызға шақырамыз.
Сіз қандай бұйым тіктіңіз?
Қанша уақыт кетті?
Сіз осы байқауға әдейі тіктіңіз бе? Әлде ертеректе әзірлеген бұйымыңыз ба?
Қандай оюларды пайдаландыңыз? Ол оюларды сізге кім үйретті? Әлде өзіңіз ойдан құрадыңыз ба?
………. осы жөнінде біраз әңгімелеп берсеңіз.
**
2-жүргізуші: Мәселен, қазақта құрақ көрпеге періште қонады деген ұғым бар. Құрақ көрпенің шаршап келіп отырған кісіні түлететін қасиеті бар екенін білеміз бе?
1-жүргізуші: Шетелдіктер қазақы текемет пен құрақ көрпеге қуана отырады екен. Айтпақшы қазір Шымкент пен Түркістанның базарларынан небір құрақ көрпелер мен текеметтер алыс және таяу шет елдерге заулап өтіп кетіп жатыр дейді…
2-жүргізуші: Иә. Шетелдіктердің қазақтың көрпесіне қызығушылығы жоғары.
**
1-жүргізуші: 2-жүргізуші, мен мынадай да әңгіме естідім. Бүгінде сүр бойдақтар мен тұрмыс құрмаған қыздарға арнап тігілетін де көрпелер бар екен.
2-жүргізуші: Ол рас. Маталарда «Сізге бақыт тілеймін» деген арнайы жазуы бар көрпелер мұндай жандарға өмірдегі серігін көп ұзамай кезіктірсін деген ниетпен сыйға тартылады екен.
1-жүргізуші: Қызық екен.
**
2-жүргізуші: Қазақтың оюлары негізінен төрт түрге бөлінеді екен. Жан-жануар, өсімдік, аспан әлемі және геометриялық оюлар.
1-жүргізуші: Иә, жан-жануар тақырыбына қазмойын, табан, аққу, өркеш, өрмекші, қошқар мүйіз сияқты оюлар жатады екен.
2-жүргізуші: Ал өсімдік тақырыбында ағаш, гүл, сегіз жапырақ деген оюлар бар.
1-жүргізуші: Шеңбер, ай, жұлдыз, шұғыла сияқты оюлар аспан әлеміне қатысты болса,
2-жүргізуші: Сүйір, ирек, шынжыр, балдақ оюларын геометриялық оюларға жатқызамыз.
**
1-жүргізуші: Әр нәрсеге тігілетін оюлар әр түрлі болады екен. Мысалы тақияға, шапанға, етікке, мәсіге, көрпеге, алашаға, сандыққа ойылатын оюларды бір бірімен шатастырмаған жөн.
2-жүргізуші: Иә. Бірақ қазір сол оюлардың сыры мен орнын ұмытыңқырап барамыз.
1-жүргізуші: Өте өкінішті.
**
2-жүргізуші: Көрпе тіккенде мата таңдауға да көңіл бөлген жөн.
1-жүргізуші: Көрпеге мақпал маталар, парша, атлас қолданылады.
**
1-жүргізуші: Онда құрақ көрпелерді бағалайық.
2-жүргізуші: Осымен сайысымыз аяқталды.
** марапаттау**
**
3-күн. Бейнефильмдер сайысы
өткізу нысаны: «Канн кинофестивалі»
/әртістеріміз арнайы төселген кілемшемен жүріп өтеді, көрермендер ду-қол шапалақтап қарсы алады/
/сайысқа бейнекамера, телефон-камералары арқылы түсірілген шағын оқиғалар қатыстырылды/
1-жүргізуші: Көргендер де арманда!
Көрмегендер де арманда!
Келмей қалып қызыққа
қалып қойма арманда!
2-жүргізуші:
Әріптестер өнеріне таңдана
Қол соғайық таң қала!
Жұмыс-жұмыс деп жүріп
Наурыз қызығынан құр қалма!
Ұлыс оң болсын, құрметті әріптестер!
1-жүргізуші: Бүгінгі «Наурызға сый» аты кинофестивалімізді ашу рәсімін өткізу үшін ортамызға қазылар алқасын шақырамыз.
**/сөз сөйлеу, лентаны қию/**
2-жүргізуші: Ұлыс күнi – татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi.
1-жүргізуші: Ұлыста Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды дейді.
2-жүргізуші: Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi.
1-жүргізуші: Көңiл жаңарады, ниет ағарады. Көктемде көңіл елегізіп, ерекше бір өзгерістер күтеді.
2-жүргізуші: Оны бүгінгі байқауға ұсынылған бейнефильмдерден де аңғаруға болады.
1-жүргізуші: Бүгінгі кинофестивалімізде 5 фильм бақ сынасады.
**/фильмдерді таныстыру/**
1-жүргізуші: Қалай ойлайсың? Фильмді түсіру қиын ба, әлде киноға түсу қиын ба?
2-жүргізуші: /сәл ойланып/ Меніңше, бәрінен қиыны фильмді бағалау сияқты
1-жүргізуші: Ендеше, әділқазылар алқасын таныстырып өтейік.
** /әділқазылар алқасымен таныстыру/**
1-жүргізуші: Канн фестивалінде танымал әртістер қызыл кілемжолмен жүріп өтетін болса, біздің әртістер Наурыздың, көктемнің түсі – жасыл кілемжолмен жүріп өтеді.
2-жүргізуші: Алғашқы көретін киномыз – «Жаныңыз жадырасын» фильмі. Осы фильмге қатысқандар тобын жасыл кілемжолға шақырамыз. Қарсы алайық.
** қатысушыларды қарсы алу**
1-жүргізуші сұхбат жүргізеді:
Фильмнің идеясы кімдікі?
Режиссері кім?
Кино түсіру барысында қандай қызықты оқиғалар болды?
Кино түсіруге қанша уақыт кетті?
Кино түсіру қиын ба екен?
1-жүргізуші: Тамаша. Онда біздің әріптестер сегіз қырлы бір сырлы болды ғой. Келесі кезек — Жоспарлау департаменті түсірген «Тұсау кесер»
2-жүргізуші: Естідің бе? Осы қазақтың бір мақалы бар, «Әр елдің салты басқа..
1-жүргізуші: Сиыры қара қасқа» деген мақал ғой.
2-жүргізуші: Сол сияқты Жоспарлау департаменті өздері бір дәстүр шығарыпты.
1-жүргізуші: Е, ондай дәстүр барлық жерде бар ғой. Жумайсың ба?- дан басталатын дәстүрді кім білмейді.
2-жүргізуші: Жоқ. Бұл мүлдем бір жаңа дәстүр. Экранға назар аударайық. «Жаңа маманның тұсау кесері»
**кино/**
1-жүргізуші: Қатысушыларымызды қарсы алайық.
**/сұхбат/**
2-жүргізуші: Қазір осы қазақтың киносына сын айтушылар көп. Сондықтан кино түсіруді біздің жігіттер өз қолына алған сияқты.
1-жүргізуші: Тамаша. Онда біздің әріптестер сегіз қырлы бір сырлы болды ғой. Келесі кезек «Наурыз оқиғасы»
2-жүргізуші: Қатысушыларымызды қарсы алайық.
**/сұхбат/кино**
1-жүргізуші: Біздің әртістер осы кәсіби әртістерден деңгейі жоғары ма деп қалдым?
2-жүргізуші: Маған да солай көрінді. Келесі кезек – «Меркенің бір күні» фильмі. Экранға назар аударайық.
**/кино/**
1-жүргізуші: Әртістерімізді ортаға шақырамыз.
**/сұхбат/**
2-жүргізуші: Осы бір сағаттың ішінде түсірілген, әлі сиясы кеппеген бір туынды Телекоммуникация департаментінен ұсынылып отыр. «Миллион кімге бұйырады» фильмі. Қарсы алайық.
1-жүргізуші: Әртістерімізді ортаға шақырамыз.
**/сұхбат/**
1-жүргізуші: Осымен байқауымыз аяқталды. Әділқазылар алқасынан біздің қызметкерлердің өнерін бағалауын сұраймыз.
2-жүргізуші: /Қорытындыны жариялау/
4-күн. Балалар өнер фестивалі
Фойеде суреттер көрмесі ұйымдастырылған
Жүргізуші: Армысыздар, құрметті әріптестер мен кішкентай қонақтарымыз!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Жортқанда жолың болсын! деген ақ тілекпен «Армысың, әз Наурыз!» балалар фестивалін бастаймыз!
Кішкентай бүлдіршіндерімізді қол соғып қошеметтеп отыруды ұмытпайық.
/Сахнада өнер көрсететін балалардың аты-жөнін, жасын ескеріп, олармен шағын сұхбаттар жүргізіп отырған жөн/
Мариям сен қандай өлең оқисың? Бұл өлеңді саған кім үйретті? Сенің мамаң кім?
Еділбайды ортамызға шақырамыз. Еділ сен кімнің баласысың ба? Сен бізге не орындап бересің бе? Саған домбыраны кім үйретті? Домбыра үйірмесіне қатысасың ба? Неше жыл қатысасың?
Жахан, Сен бізге қандай ән орындайсың? Тамаша ән. Өзің таңдадың ба? Сенің мамаңның аты кім? Сен бізге Наурызда не тілейсің? Тамаша.
Қарсы алайық.
Ал енді сахнаға Айжанды шақырамыз. Айжан, сен бізге қандай өнер көрсетесің? Сен қандай мектепте нешінші сыныпта оқисың?
Өміржанды біз былтырдан танимыз. Біздің Наурызға жылда қатысып отырады. Өміржан, өткен жылдан бері шығармашылығыңда қандай өзгерістер болды? Биыл не орындайсың?
Жүргізуші: Құрметті әріптестер! Сіздерді наурыз мейрамымен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, берекелі бірлік, саналы да салауатты ұрпақ, әрбір отбасына ынтымағы жарасқан баянды бақыт, денсаулық, мағыналы ғұмыр тілейміз. Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!
Наурыз мейрамына арналған басқа сценарийлер:
Балабақшаға наурыз мейрамына сценарий
22 наурыз сценарий қазақша(Наурыз думан)
22 наурыз сценарий слайд слайд,презентация