Нарық экономикасына мемлекеттің араласуы | туралы қазақша
Нарықтық тетіктердің мүмкіндіктері шексіз емес екендігі алдын айтылған болатын. Ол заманауи қоғамның əлеуметтік-экономикалық мəселелерінің барлығын шешуге кепілдік бере алмайды. Сондықтан, нарық нəтиже бере алмайтын немесе бұл нəтиже тиімді болмайтын салаларға мемлекеттің араласуы қажет болады.
Нарықтық экономикаға мемлекеттің араласу шегі туралы ойды еркін бəсеке нарығынан немесе «таза капитализмнен» бастаған жөн. Мұндай экономикада шаруашылық қызметінің абсолют еркіндігі болатынына қарамай, нарықтық тетіктен алыс жатқан үш мəселені анықтап алуға болады.
Біріншіден, нарық тетігі экономиканы дамыту үшін қажетті қаражатпен қамтамасыз ете алмайды, сондықтан ақша айналымын ұйымдастырумен мемлекет айналысу керек. Екіншіден, нарықтық тетік сыртқы əсерлерді өздігінен реттей алмайды. Үшіншіден, нарықтық тетік халықты қоғамдық игіліктермен қамтамасыз ете алмайды.
Заманауи нарықтық экономикада мемлекет шаруашылық қызметін белсенді реттеп отырады. Жоғарыда айтылған мемлекеттің үш қызметі заманауи нарықтық шаруашылыққа мемлекеттің араласуының ең минималды қажет шегін анықтайды. Мемлекет бұл көрсетілген шектен төмен түсе алмайды, өйткені нарықтық тетіктің жұмысына қауіп төнуі мүмкін.
Сонымен қатар, мемлекеттің экономикаға араласуының ең максималды шегі де болады. Ол заманауи нарықтық шаруашылықтың өздігінен шеше алмайтын əлеуметтік жəне экономикалық мəселелері болып табылады жəне жоғарыда аталған реттеудің ең аз шегі болып табылады. Нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеудің ең максималды шегіне мемлекеттің келесі қызметтерін жатқызуға болады:
1. Табыстарды қайта бөлу саясаты. Нарықтық экономика табыстарды бөлу барысында тауар, қызмет, капитал нарығында, жұмыс күші нарығында алынған пайданың барлығын орынды деп есептейді. Бірақ мұндай пайданы нарық тұрғысынан бөлу барысында қоғамның барлық мүшелеріне əлеуметтік- экономикалық құқықтарын ескеретіндей етіп бөлінетініне ешкім кепілдік бермейді. Сонымен қатар пайданы нарық тұрғысынан бөлу халықтың əлеуметтік жіктелуіне жəне кедейленуіне алып келеді. Мемлекет əлеуметтік бағдарламалар арқылы халықтың тұрмыс деңгейін теңестіруді шешуді мойнына алады.
2. Жұмыспен қамтуды мемлекеттік реттеу. Нарықтық экономикада жұмыссыздықтың əр түрлі формалары міндетті түрде болып тұрады. Өз еркінсіз жұмысынан айырылған немесе жұмыс таба алмай жүрген азаматтарды жаппай жұмыспен қамту немесе материалдық қамтамасыз ету мақсатында жұмыс күші нарығын реттеп отыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып саналады. Сонымен қатар, өндірісте жұмыс істеп жатқандардың қамын ойлау да мемлекет міндеттерінің бірі болып табылады.
3. ҒТП (ғылыми-техникалық прогресс) дамуын, экономиканың ілгері басуы мен алдыңғы қатарлы құрылымдық ілгерілеулерді мемлекет тарапынан ынталандыру. Нарықтық тетік ҒТП дайын нəтижелерін тиімді пайдалануды ынталандырып отырады, бірақ ғылым, техника мен технологиялардағы озық идеяларды өз бетінше қамтамасыз ете алмайды. Жүзеге асыру мерзімі ұзақ жəне болашақтағы табысы белгісіз болатын ірі инвестициялық жобалар жағдайында нарық əсері өз мəнінде болмауы мүмкін. Мысалы, іргелі ғылымдар немесе жаңа салаларды инвестициялау. Бұл мəселелер мемлекет қатысуымен шешіледі.
4. Ел аймақтарының дамуына жағдай жасау, немесе мемлекеттік аймақтық саясат. Бір ел ішінде барлық аймақтардың экономикалық жəне əлеуметтік дамуы бірқалыпты дəрежеде болмайды, ал ол мемлекеттің экономикалық дамуын тежеп отыратыны анық. Мұндай əркелкі даму тарихи, демографиялық, ұлттық жəне нарықтық емес факторлар əсерінен болады. Мемлекет аймақтық саясат жүргізу барысында кей аймақтардың жағдайын түзеуге назар аударуы керек.
5. Мемлекеттің инфляцияға қарсы саясаты. Инфляция нарықтық экономиканың созылмалы ауруы болып табылады. Нарықтық экономика өз бетінше бағаның бірқалыпты өсуін қамтамасыз ете алмайды, сол себепті мəселені шешуге мемлекет араласады.
6. Монополияға қарсы саясат. Нарықтық экономикада кəсіпкерлік қызметтің екі үрдісі болады. Біріншіден, кəсіпкерлер бір-бірімен нарық үшін, тұтынушылар үшін бəсекелесіп, өнімдерінің сапасын жақсартуға жəне өндіріс шығындарын азайтуға тырысады. Екіншіден, кəсіпкерлер нарықты монополияландыруға əрекет жасап отырады. Нарықтағы монополиялық билікті шектеу мақсатында, монополияға қарсы саясат жүргізу арқылы мемлекет бұл үрдіске қарсы шығып отырады.
Нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеудің ең максималды шегі, міне, осындай. Бұл шекаралардың кеңдігі сондай, мемлекеттік реттеу мен тиімді жұмыс істеп тұрған нарықтық тетіктің өзара дұрыс орналастыру нəтижесінде қоғамның негізгі əлеуметтік-экономикалық мəселелерінің тез шешілуі мүмкін болып келеді. Егер мемлекет осы шекарадан асып кетсе, нарықтық экономика жағдайы күрт өзгеріп кетеді, өндіріс тиімділігі төмендеп, соның салдарынан халықтың көп бөлігінің тұрмыс жағдайы да төмендеп кетеді. Сол кезде экономиканы мемлекеттік қорғаудан шығаруға, яғни экономикаға мемлекеттің араласуын шектеуге тура келеді.
Сонымен, еркін бəсеке экономикасында да шаруашылық тетігінің екі буынын ажыратуға болады, олар – еркін нарық жəне мемлекет. Мұндағы мемлекеттің экономикалық қызметі нарықтың «əлі» жетпеген жерін толықтыру болып саналады.
Халық шаруашылығына тиімді шешімдер жалпыға ортақ пайда мен ұлттық шаруашылыққа кететін шығындарды ескеру арқылы қабылдану керек. Бірақ кейбір шаруашылық субъектілерінің шешімі өз пайдасы мен шығынын ғана көздейді. Нарықтық экономикада өндірушілер мен тұтынушылар іс-əрекеті нарықтық тетікке сырттан келетін қосалқы əсер туғызады. Олардың ақшалай өлшемі болмаса да, өндірушілердің де, тұтынушылардың да əл-ауқатына əсер етеді. Сыртқы əсерлерді зерттеуді алғаш рет ағылшын экономисі Артур Пигу бастаған болатын.
Оң сыртқы əсер (ағылш. externel economies) сыртқы пайда болған жағдайда ғана болады. Ол бір шаруашылық субъектісіне ғана емес, басқаларға да қатысты. Мысалы, өнеркəсіп пен тас жолды жалғастыратын өнеркəсіп салған жəне күтім жасайтын жолды тек сол өнеркəсіп ғана емес, көрші үйлер тұрғындары мен сол жолмен өтетін жалпы барлық көлік жүргізушілері пайдаланады.
Сыртқы əсерлер шығыны есептелмегендіктен, тауар не қызмет өндірісі тиімді болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекет жеке фирманың нарықтық мүддесін салық жеңілдіктері арқылы, бюджеттен ақша бөлу түрінде мемлекеттік қаржылай көмек көрсетуі қажет.
Теріс сыртқы əсер (ағылш. externel diseconomies) сыртқы шығындардың пайда болуымен көрінеді жəне ол əсерлер бір шаруашылық субъектісіне ғана емес, басқаларға да қатысты болады. Мысалы, өнеркəсіп кəсіпорыны қалдықтарын жанында ағып жатқан өзенге құяды. Кəсіпорын қожайындары өз шығындары мен пайдасын өндіріске кеткен шығындармен анықтайды.
Судың ластануынан балықтар қырылып, жанындағы ормандар қурап қалады, жергілікті халық ластанған суды пайдалана алмайды, сол себепті су тазартатын станция салады. Бұл мысалда кəсіпорынның жеке шығындары қоғам шығындарынан əлдеқайда төмен болады, өйткені олар тек ішкі шығындарын ғана ескерген болатын.
А.Пигу сыртқы əсерлер теориясын түсіндіру нəтижесінде жеке жəне қоғамдық, немесе əлеуметтік, шығындарды жəне өндіріс нəтижелерін анықтап берді. Жеке шығындар мен нəтижелер нарықтық кеңістікті, ал олардың теңдігі нарықтық теңдікті көрсетеді. Сыртқы əсер белгісіне (оң не теріс) қарай əлеуметтік шығындар мен нəтижелер жеке шығындар мен нəтижелерден не көп, не аз болуы мүмкін. Жеке жəне əлеуметтік шығындар мен нəтижелердің теңдігі жалған нарықтық теңдікті құрайды. Жалған нарықтық теңдік мемлекет пен нарықтық тетіктің бірлескен күшімен белгіленеді. Мұндай теңдікті мемлекет қамтамасыз етіп отырады.
Сыртқы əсерлердің пайда болуы жеке экономикалық шешімдердің нақты жағдайларда халық шаруашылығының тиімді дамуын қамтамасыз ете алмайтындығын көрсетеді. Нарықтық тетік ұлттық экономика мүддесі үшін қызмет атқаруы үшін сыртқы шығындарды ішкі шығындарға өзгерту керек. Мемлекет арнайы шараларды қолдануы керек, олардың мақсаты -өндірушінің қызметі барысында болатын халық шаруашылық шығындарын өзі ескеріп жəне реттеп отыруын қадағалау.
Теріс сыртқы əсерлерді мемлекеттік реттеудің əкімшілік тəсілдеріне: — ескертулер; — айыппұлдар; — кəсіпорынды жабу; — қайта өндірілмейтін табиғи ресурстарды коммерциялық пайдалануға тиым салу; — өндірісте зиянды технологияларды қолдануға жəне зиян өнімдерді шығаруға тиым салу; — инвестициялық жобалардың экологиялық қауіпсіздігін анықтайтын мемлекеттік сараптамалар жасау жатқызылады.
Сыртқы шығындар көлемін нақты анықтау мүмкін емес, ал материалдық жəне əкімшілік жауапкершілік қоршаған ортаны қорғау мəселесін шешпейтіні анық. Сонда да сыртқы əсерлерді түзетуге бағытталған мемлекеттік реттеу шаралары қажет екені айтусыз-ақ белгілі.
Адам іс-əрекетінің қандай да бірінің түпкі мақсаты — əр түрлі қажеттілікті қанағаттандыру. Нарықтық тетік адамдарға тек қаражаты жететін қажеттілігін ғана қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, ақшамен өлшенбейтін жəне сұранысқа айналмайтын қажеттіліктер де бар. Нарық бұл қажеттіліктерді қанағаттандырмайды, өйткені олар бір қарағанда халық үшін тегін, яғни ол өндірушілерге табыс əкелмейді.
Мұндай тауар мен қызметтерге ішкі тəртіпті қорғау, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, іргелі ғылым, білім, коммуникацияның ұлттық жүйесі жəне т.б. жатады. Нарықтық экономикада оларды мемлекет өндіреді жəне олар қоғамдық игілік деп аталады.
Жалпы қоғамдық игіліктер дегеніміз — салық жəне басқа да түсімдермен қаржыландырылатын мемлекеттің орталық жəне жергілікті билік органдары арқылы елдің барлық халқына бірдей жəне тегін ұсынатын қызметтері.
Халықты қоғамдық игіліктермен қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлі қаржыландырумен ғана шектелмейді. Бұл саладағы мемлекеттің міндеті – нарықтық экономиканың негізгі қағидасының бірі жоқ қағидасын болдырмау не азайту. Бұл қағиданың мəні халықтың нарық бағасын төлей алмау себебінен тауарлар мен қызметтердің қолжетімсіз болуында.
Қоғамдық игіліктерді екі топқа бөлуге болады: — əлеуметтік (олар үшін «бас тарту» қағидасын болдырмау); — қоғамға пайдалы болатын жəне мемлекет тарапынан көтермеленетін игіліктер (олар үшін «бас тарту» қағидасы шектеледі).
Əлеуметтік игіліктер бəсекелесуге жарамайды жəне халық үшін тегін болады. Оларға кеткен шығындарды мемлекет салық жəне міндетті төлемдер арқылы жауып отырады. Олар: ішкі тəртіпті қорғау, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару жəне басқалары.
Қоғам үшін пайдалы игіліктер жеке тауарлар (қызметтер) мен əлеуметтік игіліктер ортасында орналасады. Кейбірі нарықта сатылып не сатып алынады, ал кейбірін мемлекет тегін ұсынады. Бұл игіліктер бəсекелестік жағдайында болады. Оларға медициналық қызмет, білім, қоғамдық көлік, коммуникация жүйелері жəне т.б. жатады. Бұл игіліктерді жасайтын экономиканың жеке секторын мемлекет əрқашан қолдап отырады.
#Нарық #экономикасына #мемлекеттің #араласуы
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз