Мұсылман елдерінің мәдениеті | туралы қазақша

0
352

Араб халифатына енген Мысыр, Сирия, Палестина, Орта Азия елдерінің мәдениеті жоғары дамыған еді. Бұл елдерде араб тілі кеңінен тарады. Барлық халифат жерінде мектеп-медреселер ашылып, оқу араб тілінде жүргізілді. Мемлекеттік тіл — араб тілі болды. Араб тілі әдебиет пен ғылымның тіліне айналды. Мектептерде Құранды оқытуға басты назар аударылды. Ислам діні рухани қазынаның көзі саналды.

Мәдениеттің дамуына шаруашылықтың табысы өз әсерін тигізді. Суармалы жерлерге сұлы, бидай және құрма, қант құрағы өсірілді. Азияның басқа жерлерінен арабтар күріш, мақта және т.б. дақылдарды өсіруді үйренді.

Қолөнер жоғары деңгейде дамыды. Мақта мен жүннен жеңіл және сапалы, мықты маталар тоқылды. Ирандық кілем тоқушы шеберлердің даңқы дүниежүзіне кең тарады. Сирияда ашық түсті жібек маталар, шыны ыдыстар өндірілді. Дамаск (Шам шаһары) қаласында қару-жарақ жасалды. Олар жасаған семсер, қылыш пен сауыт шетелдерде жоғары бағаланды.

Араб көпестері сауданы кеңінен өрістетті. Олар шөл далалар мен биік тау асуларын басып өтіп, Қытайдан жібек пен ыдыс-аяқ тасыды. Теңіз жолдарын пайдаланып, Үндістаннан маталар мен асыл тастар әкелді. Араб көпестері Батыс Еуропа мен Еділ жағалауларында да жиі болды. Қазақстан мен Орта Азия елдеріне келіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалаларда сауданың дамуына ықпал етті.

«Адамның ең басты көркі — білім» деді арабтар. Халифатта математика, астрономия, география ғылымдары дамыды. Бағдад қаласында үлкен кітапхана жұмыс істеді. Онда грек ғалымдары еңбектерінің қолжазбалары сақталған.

Араб математиктеріне Евклидтің еңбектері белгілі болған. Арабтар үнді сандарын пайдаланып, алгебраның негізін салған. Үнді сандарын арабтардан еуропалықтар алған, олар әлі күнге дейін бұл сандарды арабтық деп атайды. Мысалы, біз қолданып жүрген 1, 2, 3 т.б. таңбалары.

Бағдад пен Дамаскіде обсерватория болды. Күрделі аспаптарды пайдалана отырып, астрономдар жер көлемін есептеп шығара алды, аспан әлеміндегі жұлдыздардың орналасу тәртібін сипаттап жазды. Орталық Азиядан шыққан Әбу Райхан әл-Бируни жердің күнді айналатындығы туралы болжамын айтты. Бұл болжамды ол Коперниктен 500 жыл бұрын, денелердің Жерге қарай тартылуын Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын болжаған.

Еуропалықтар арабтардан карта сызуды, тұсбағдар (компас) мен глобусты пайдалануды үйренді. Орта Азиядан шыққан ұлы ғалым Ибн Синаны Еуропада «Авиценна» деп атаған. Көптеген ғылым саласынан жетістікке жеткенімен, Ибн Синаның басты жетістігі латын тіліне аударылған медицина жөніндегі шығармалары еді. Бұл шығармалар XVII ғасырға дейін Еуропа дәрігерлерінің қолдан тастамайтын кітабы болды. Ол бұрын белгісіз болып келген көптеген ауруларды сипаттаған.

Арабтар жер-жаһанды аралап, Қытай, Үндістан, Орта Азия және Қазақстан жерінде болып, көптеген кітаптар жазып қалдырған. Батыс Еуропа елдерінде болғанда жүрген жерлерінің карталарын жасаған. Араб әдебиетінің ең үздік туындысы — бізге келіп жеткен «Мың бір түн» хикаяты. Араб поэзиясы, араб ақындарының өлеңдері күні бүгінге дейін дүниежүзі халықтарына әйгілі.

Африка мен Пиреней түбегіндегі араб елдерінде ірі мәдени жетістіктер дүниеге келді. Еуропадағы ең жоғары мәдениет ошағы арабтардың иелігіндегі Кордова мемлекетінде шоғырланды. Мұнда ірі университеттер бой көтерді (Кордова университеті т.б.). Араб ғалымдарының астрономия саласындағы еңбектері Еуропа астрономиясының негізін салды. Осы күнге дейін көптеген жұлдыздардың аттары, ғылыми, мәдени терминдер араб тіліндегі атауын сақтап қалған. Философияның ілгерішіл бағытын осы араб ғалымдары дамытты. Әлем кеңістігі жөніндегі ілімді де алғаш арабтар дүниеге әкелген. Бұл салада кордовалық философ Ибн Рушид елеулі еңбек етті. Мұнда Птолемей еңбектеріне негізделген ғылыми география өркендеді. Араб тарихшысы, географы әл-Масуди «Замана тарихы» атты 30 томдық тарихи-географиялық энциклопедия жазды. Араб саяхатшылары Еуропаға, славян елдеріне барып, олар туралы қызықты мәліметтер жинады, көптеген елдер мен теңіздердің карталарын жасады.

Еуропалықтар халифат елдерінің мәдениетімен негізінен арабтар жаулап алған Испания арқылы танысты. Кордовадағы университетте араб ғалымдары ғылымның әр саласынан дәріс оқыды. Сол кездегі орасан үлкен кітапханалар осы кезге дейін сақталған.

Араб сәулетшілері тамаша сарайлар, мазарлар мен қамалдар, мешіттер салды. Мысалы, Иерусалимдегі атақты әл-Ақса мешіті исламдық сәулет өнерінің озық туындыларының бірі болып саналды. VIII ғасырда салынған Кордова мешіті, XIII ғасырда Гранадада тұрғызылған Алгамбра сарайы бүгінге дейін сақталған.

Арабтардың үйлері тасқа қашалған ою-өрнектермен, қабырғалары мен едендері жылтыраған кірпіштермен, мозаикамен өрнектелді. Ислам діні адам кейпін, сондай-ақ жануарларды бейнелеуге тыйым салды. Алайда өнердің тоқыма, зергерлік сияқты түрлері, сәулет өнері биік сатыға көтерілді. Шеберлер нәзік өрнектің неше алуан әсем түрін туғызды. Араб әріптерімен әсемдеп жазу немесе өсімдік және геометриялың пішіндерге негізделіп жасалған күрделі өрнек түрі «арабески» деп аталды.

Араб мәдениеті қазақ жеріне де игі әсерін тигізді. Ислам дінінің таралуымен араб тілі мен жазуы енді. Ежелгі түркі жазуы біртіндеп ығыстырыла бастады. Исламның орнығуы жергілікті мәдениетпен қабысқан араб-мұсылман мәдениетін қалыптастырды. Арабтар біздің жерімізде мешіттер салып, медреселер ашты. Арабша оқып, білім алған қандастарымыздың есімдері әлемге әйгілі болды. Олар әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби, ғұламалар Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Әбу-л-Қасым дл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұни және т.б. еді.

#Мұсылман #елдерінің #мәдениеті