Home Білім Мұқан Иманжанов өмірі мен шығармашылығы туралы қазақша

Мұқан Иманжанов өмірі мен шығармашылығы туралы қазақша

0
107

Балалар әдебиетінің дамуына мол үлес қосқан жазушы Мұқан Иманжановтың дүниеге келген жері — Қарағанды облысы, Жезді ауданы. Халқымыздың тарихындағы қасіретті жылдар болашақ жазушының балалық шағына, келешек өміріне өшпес әсер етті. 1935-1938 жылдары Алматыдағы есеп-санақ техникумында экономикалық білім алады. Әдебиетке деген құштарлықтың әсерімен журналистика, әдебиет айдынында құлаш сермейді. Республикалық теле-радио хабарлар тарату комитетінде (1938-1941), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде (1942-1949) алғашында әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастаған. Жазушының жылы сезімді, тілі тартымды туындылары кезінде лайықты бағаланды. Тәжірибе жинақтап, қаламы төселгеннен кейін аталған газетте бөлім меңгерушісі, одан кейін 1949 жылдан бастап, 1958 жылға дейін қазақ балаларының сүйікті басылымына айналған «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында бөлім меңгерушісі болды.


Оның қаламынан заман шындығын бейнелеген, әлеуметтік-моральдық мәселелерге назар аударған бірталай әңгіме, повестер туды. Қызмет істеп жүрген кезінде жазуға деген ынтасы бар талапты жас қаламгерлерге қалтқысыз қамқорлық жасап, ағалық ақыл-кеңесін аямай, әдебиеттің жас мамандарын баулып, тәрбиелеуге көп еңбек сіңірді. Балалар мен жасөспірімдер, жастар әдебиеті мамандарының аз кезінде жаңа есімдерді шығаруға, әдебиетіміздің кешеуілдеп жатқан саласына көп күш-жігерін жұмсады.

Жазушының әңгімелері, очерктері «Жастың» (1948), «Тыңдағылар» (1956), «Таныс қыз» (1957) атты жинақтарында жарық көрді. «Сөнген шала» (сатиралық комедия, 1957), «Менің махаббатым» (пьесалар, 1960), «Көк белес» (аяқталмаған роман, 1960) атты кітаптары басылды.

Қайтыс болғаннан кейін 2 томдың шығармалары (1977), естеліктер мен хаттардан құрастырылған «Өркен» (1980), әңгіме, повесть, пьесаларының кезекті басылымы (1980) және т.б. жинақтары оқырманға ұсынылды.

«Алғашқы айлар». Мұқан Иманжановтың кезінде әдеби қауымның назарын аударған, жұртшылық жылы қабылдаған туындысы — «Алғашқы айлар» повесі 1950 жылы жарық көрді. Осы шығармасы үшін Мұқан Иманжанов Жамбыл атындағы республикалық бірінші жүлдеге ие болды. Жазушының жаңа көркемдік ізденісі арқылы қазақ әдебиетіне жаңа бейнелер келді, өз кезінің зәру мәселелері көтерілді.

Шығарманы жазар алдында автор Л .Толстой, М.Горький және т.б. атақты классик жазушылардың шығармаларын, К.Ушинский, А.Макаренконың кең тараған педагогикалық еңбектерін байыптап оқыған. Биология, ботаника, физика және т.б. мектепте өтетін жаратылыстану ғылымы саласындағы пәндермен танысқан. Соның нәтижесінде соғыстан кейін енді-енді ес жиып, еңсесін көтеруге бет алған еліміздің күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселелерді көтеруге күш салды. Ол кезде әдеби шығарманың идеясына, көркемдік мазмұнына айрықша мән берілетін. Осы талаптан ешбір қаламгер ауытқып кете алмайтын.

Жазушы өзі айтарлықтай жақсы білетін өмір шындығын көрсету арқылы тарихи аласапыраннан енді құтылған елдің ертеңгі келбетіне, келешегіне айналатын жас ұрпақты қалай жаңаша тәрбиелеу керек деген өзекті сауалға жауап іздейді. Повестің бас кейіпкері Жақыпбек Әділбеков педагогикалық оқу орнын бітіріп, бейтаныс ауылға келген соң, мектеп директоры Күдері Қадіровпен танысады, бұрынғы бірсарынды оқу машығын өзгертуге ұмтылады. Осы жолдағы қиындықтар — дәуірдің ауыртпалықтары, уақыт талабына бейімделгісі келмей, бойы үйреніп кеткен мимырт тірлігінен бір сәт те қол үзгісі келмейтіндер аз емес еді. Кері тартатындардың кедергілері, ескі тірліктің қамытына мойынсынып, бұйығып қалған жекелеген ұстаздар мен жаңалыққа жаны құмар Жақыпбектің арасында қайшылықтар басталады…

Повесте Жақыпбекке қатысты ересектер өмірі бірінші желіге айналса, Сапар Баймүратов, Сейтен Жанғабылов тағы басқа оқушылар қатысатын екінші желі арқылы балалардың өзіндік қызыққа толы дербес өмірі бейнеленеді. Көлемді повесте көрінетін жиырма шақты кейіпкердің қай-қайсысы да өз келбетімен көрінеді. Олардың да тірлігі, қарекеті мен әрекеті мектептің оңу ісі меңгерушісі болған Жақыпбектің мақсатты тірлігімен сабақтасып жатады.

Қолда барға тоқмейілсімей, күнделікті қарапайым, қайталана беретін қарабайыр тірлікке жаңа леп енгізуге жас мұғалім Жақыпбек қашанда құштар. Сол құштарлықтан қуат алған Жақыпбектің қалыптасып қалған үйреншікті өмірге көңілі көншімейді. Жинаған білімі мен алған тәліміне сүйеніп өрге бастайтын жаңа қадамдар жасағысы келеді. Сондықтан болар, елу бес-алпыстар шамасындағы, самайына ақ кірген, «бурыл шашты, бет терісі қалың, көзі шегірлеу, орта бойлы» мектеп директоры Күдері және дағдылы тәртібінен айнымай, бірқалыпты жүріспен салпаңдап күн кеше беруге бейім, жаңалық іздеп, жан қинауға құлықсыз тарих пәнінің мұғалімі Батырбай Жауынбаев сияқтылармен арадағы тартыс күрделене түседі. Шырмауықтай бұралып, балақтан тартатын бойкүйездікпен мұндай күрес — Жақыпбектің жаңа өмірдегі «еншісі».

Бейтаныс ауылдың өміріне етене араласып, алғашқыда әдеп сақтаған Жақыпбек жаңа әлеуметтік ортаның жағдайын біліп, айналасын біршама барлап алады. Содан соң мектеп ұжымымен, колхоз басшыларымен, ауыл еңбеккерлерімен жақынырақ танысады. Әрқилы зәру мәселелердің шешімін іздеу барысында өз ісінің болашағына деген сенімі арта түседі. Ол мектептегі оқу, сабақ тек құрғақ сөз, дәрменсіз дәріс деңгейінде қалғанын қаламайды. Оның оқушы санасында терең орнығуы үшін, өмірлік тәжірибеге, тиянақталған білім көрсеткішіне айналуы үшін өндіріспен тікелей қарым-қатынас жасауы тиіс деген тұжырымға тоқтауы нанымды. Жақыпбектің бұл мақсаты сол кезеңнің талабымен үйлеседі.

Сонда ғана сабақ санадан сырғанап кетпеді. Шаруашылықтың басы-қасында болып, көзбен көріп, қолмен ұстаған бала болашақта нақты өмірге икемді, қай шаруаға да тікелей араласып кетуге дайындығы бар азамат ретінде қалыптасады деген ой Жақыпбекті үнемі алға жетелейді.

Уақыт талабы. Сұрапыл соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру, одан әрі дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру ең бірінші көкейкесті мәселеге айналды. Бұл кезеңде ғылым, білім мен мәдениет, өнер салаларының барлығында да сан алуан ізденістер жүзеге асып жатты. Ең тиімді, аса маңызды міндеттердің бірі — белсенді, ойлы ұрпақ тәрбиелеу болатын. Соған қатысты сан түрлі жолдар, тәсілдер сарапқа салынатын.

Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі осындай уақыт талабына үйлесетін, үн қосатын шығарма ретінде шынайы ілтипатқа ие болды, жоғары бағаланды. Баспасөз беттерінде ұнамды лебіздер жарық көріп, жастарға қажетті жаңа сипатты, соны сырлы шығарма ретінде атап көрсетілді.

Шығармада аталған екі желіден басқа да қосымша желілер, яғни ауыл адамдарына, балаларға қатысты жайлар қамтылған. Айналып келгенде, олардың қай-қайсысы да Жақыпбектің тыныс-тіршілігімен сабақтасып жатады.

Жазушының қаламы балалардың табиғатын танытуға, олардың іс-әрекеттерін, әңгімелерін, олар тап болған жағдайларды суреттеуге келгенде еркін көсіледі. Жылы лиризм, шуақты юмор белгі беріп жатады. Жақсы оқитын Жарқынның менмендігі, өзімшілдігі, соның салдарынан Сапар екеуінің балалық қақтығыстары, Сапар бастаған балалардың қайық ұрлауы және т.б. тірліктері табиғи әрі тартымды суреттеледі.

Ал студент қыз Әсима, биолог мұғалім қыз Бану Бектұрсыновамен қарым-қатынасындағы лирикалық жылылық, қазақи психология жарасымды көркемдік нақышқа айналады.

Автордың қаламгерлік қарымы мен байқағыштығын көрсететін әдемі табиғат көріністері, кейіпкердің кескін-келбеті аз кездессе де, бейнелі, тартымды. Мысалы: «Көкті торлаған әрі сәл бозғылт тартқан өркеш-өркеш қара қошқыл бұлттар қоюланып, қаңбақша көіпкен қарқынын баяулатыпты да, аспан асқарынан едәуір төмендей, жерге төне, батысқа қарай ойысуға шыққан. Бірақ көшпелі ұшпа бұлт емес, арты да, қабаты да қалың, ұзақ уақытқа торлаған бұлт тәрізді… Жер мен көк тұтасып кеткен. Бір тайпа бұлт жоғары көтеріліп, екіншісі оның орнын басып, толастамай, қою қара қоңыр түтіндей шұбатылып, үрдіс шығып ағылып жатыр…».

Кейіпкердің келбетіндегі өзгерістер көңіл күйінен, табиғатынан нышан беретінін жазбай танып, оны динамикалы, тартымды бейнелеуі, жазушы тілінің оралымдылығына, ңаламының төселгеніне дәлел. «Әлгіден бері екі қабақтың астында кезек-кезек тығылып, әрлі-берлі ойнақшып тұрған мөлдір қара көз аясы кеңіп қалғанда, көз отын еріксіз жалт еткізді де, қайтадан төмен аунап кетіп жоқ болды. Біраң соның өзінде жай кетпей, Жақыпбектің бет пішінін қарашығына қондырып ала кетті». Бұл — Бану.

Ал дегбірсіз оқушы бала Бектайдың кейпі басқаша: «Рас, мұндайда делдиген жұп-жұқа жарғақ құлағы қыпқызыл боп шыға келеді де, бадырақ көзін дамылсыз жыпылықтатып, үркек бұзауша состиып тұрып қап, не істерге білмей алғашқыда абдырайды».

Келтірілген мысалдан-ақ байқалғандай, жазушы қаламы оқушы балаларға қатысты сәттерді бейнелегенде кібіртіктемейді, іркілмейді. Олардың қылық-қимылдары, психологиясы, диалогтері өте тартымды, шынайы. Әйтсе де ересектерге қатысты жағдайларда, диалогтерді, толғаныстарда автордың өзі өмір сүрген кезеңдегі талаптарға шарасыз бағынғандығы анық аңғарылады. Сөз саптауында ішінара мерзімді баспасөз тілінің белгілері бар. Кейіпкерлердің қам-қарекетінде психологиялық талдау, дәлелдеу жетпейді. Іс-әрекеті мен сөздерінің идеялық рупорға айналып кетуге бейімделіп тұруы, схемашылдық салқыны сияқты кемшіліктер баршылық.

Дей тұрғанмен, 30-жылдардағы апаттан, 40-жылдардағы қырғыннан кейін бір сәт босаңсымаған идеологиялық қатыгез қысым жағдайында өмір сүргенін ескеру керек. Көптеген қаламгерлер ату жазасына кесіліп, енді жаңа буынға қауіп төніп тұрған шақта бұларды енді ес жисақ деген үміт алға жетелеген еді. Осындай қиын-қыстау шақта мектеп өмірін өрнектеген Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі қазақ прозасына тың тақырып, жаңа мәселе, соны бейнелер әкелуімен ерекшеленді.

Повесте балалар өмірі, оқушылардың мектептегі және мектептен тыс тіршілігі, жеткіншектердің ересектермен қарым-қатынасы бейнеленген. Жазушы әлеуметтік орта мен уақыт алға тартқан ділгір мәселелердің ықпалы мен өзара сабақтастықтарын сарапқа салады. Мектептегі өмір — бала үшін аса қажетті теориялық негіз, іргетас. Ал күнделікті тұрмыс-тіршілік ерекшеліктері мен қажеттіліктері — үлкенге де, балаға да қашанда әсер етпей қоймайтын әлеуметтік-практикалық ықпалдар.

Мұқан Иманжанов повесі көркемдік шеберлік тұрғысынан бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бере алмаса да, кезінде замандас әріптестеріне, өсіп келе жатқан жаңа буын қаламгерлеріне игі ықпал етті. Жазушының өзіндік көркемдік ізденісі, ерекшеліктері өзінен кейінгі жастар прозасы үшін қажетті көркемдік тәжірибеге айналды. Осындай ұнамды тәжірибелер қазақ прозасының үнемі қысым көріп келе жатса да, тіршілік үшін тайталасып, өнікті өріске бет алуы, дұрыс бағытпен алға ұзауы үшін қажетті баспалдақ болатын. Демек, Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесінің негізгі сипаттары қазақ балалар прозасын жаңа тақырыптарға баруға жетеледі. Жазушы өмірдің алуан салаларын суреттеуге назар аударып, характерлер арқылы өз кезеңінің өткір мәселелерін көтеруге, оны көрсетуге ден қойды. Осы тұрғыдан келгенде, Мұқан Иманжановтың бұл шығармасы жастар мен жеткіншектер өмірін сол кездегі дәуір, қоғам талабына сәйкес таныта алған туынды.

#Мұқан #Иманжанов #өмірі #мен #шығармашылығы