Мектепалды дайындық сабақ жоспары: Білім күні
Мектепке, оқуға деген ынта — ықыласын, қызығушылығын қалыптастыру.
Пайдаланылатын құралдар: мектеп суреттері, балалар әдебиеті, оқу құралдары, мектеп өмірі көріністерінен көрме; саз аспаптар; 1 үлкен және балалар санына сәйкес ұсақ қоңыраулар мен ағаш таяқшалар.
Қазақстан Республикасының Гимні (үнтаспа). Музыка Әліппе — дәптері.
Алдын ала ұйымдастырылатын жұмыс: мектепке даярлық тобы түлектерінің бірінші қоңырауға қатысуы, балабақшаның, мектептің есігін бірінші күн ашып отырған балалармен танысу; ойын ұйымдастыру; балабақша түлектерінің сыйлық жасауы. Қазақстан Республикасының Гимні орындалған кезде адам өзін қалай ұстау керектігі туралы түсінік беру.
Іс — әрекет кезеңі
Ән тыңдау. «Қазақстан». С. Мұхамеджанов.
— Ән қалай аталады?
— Қазақстан дегенді қалай түсінесіңдер? (Біздің туған еліміз. Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан).
— Музыка қандай, көңілді ме, әлде көңілсіз бе?
— Балалар, бүгін Қазақстан Республикасында барлық елдерде «Білім күні» тойлануда.
— Бүгін қай күн? (1 қыркүйек)
— Иә, дұрыс, бүгін 1 қыркүйек — Білім күні.
— Білім күні дегенді қалай түсінесіңдер?
— Оқушыға не қажет?
Олай болса, жұмбақ шешейік:
Қабат — қабат ақ тақыр
Беті тегіс жап — жалтыр.
Қабат сайын тізілген
Қатар — қатар жол жатыр. Бұл не?
Із қалдырып үнемі
Тұмсығымен жүреді. Бұл не?
Бетін адам ашады,
Білім нұрын шашады. Бұл не?
Келесі жылы сендер де мектепке барасыңдар, сондықтан оқушыға не қажет екенін кім жақсы білетінін байқап көрейік.
Ойын: «Кім дұрыс және шапшаң жинайды?»
— Балалар, «Білім — теңіз, түбі де, шегі де жоқ» дегенді қалай түсінесіңдер?
— Білім туралы кім мақал — мәтел біледі?
Ән айту. «Мен бақшаға барамын». Т. Тайбеков.
Ән орындамас бұрын алдымен дауысымызды бір қалыпқа келтіріп алуымыз керек. Ән бастар алдында денені тік ұстап, қолды тізеге қойып, дыбыстың дұрыс шығуына жағдай жасау қажет.
Ән жеңіл, көңілді орындалады.
Психологиялық жаттығу: шапалақтың соғуын қайтала.
Музыкалық аспапта ойнау: Қоңырау.
— Қоңырау — сілкіп ойнайтын, ұрмалы музыкалық аспап.
— Қоңырау неден жасалады? Қоңыраудың үні қандай (нәзік, ашық, жіңішке, сыңғырлаған).
— Қоңырау не үшін қажет? Бүгін мектептерде балаларды сыңғырлаған күміс қоңырау алғашқы сабаққа шақырады.
Балалар кезектесіп қоңырауларын сілкіп, үрып, дыбысын тыңдайды.
Барлығы қосылып қоңыраумен «Мен бақшаға барамын» әнін қостайды.
Әліппе — дәптермен жұмыс.
Қорытынды: Бүгін қандай ән тыңдадық? Ол әнді шығарған кім? Қандай күн туралы әңгімеледік? Қандай ән орындадық? Қандай музыкалық аспаппен таныстық?
Педагог қоңырауды соғады: «Қоңырау бізге не дейді? Қош келдіңдер! Сыныпқа еніңдер!» — деп шақырады……