Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ойын мен ойыншықтың ролі — Баяндамалар — Bilim
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ойын мен ойыншықтың ролі
Шиелі ауданы Н. Бекежанов ауылы
«Қарлығаш» балабақшасының әдіскері Эльмира Исмаилова
Бала өмірінің алғашқы алты-жеті жылы – оның өсіп жетілуіндегі ең жауапты кезең, бұл кезде ақыл-ой қабілеті, адамгершіліқ қасиеттері, эстетикалық сезімдері қалыптасады. Баланың адам ретінде қалыптасуының осы жақтары қызықты, мазмұнды сабақ, еңбек, ойын процесінде тәрбиеленеді.
Ойын – тәрбие берудегі ең тиімді амалдардың бірі. «Балабақшада тәрбие беру бағдарламасында» баланың денесі мен психикалық жетілуі, жеке басының дамуы үшін, балалар қоғамының қалыптасуының ең үлкен мүмкіндігі балалардың ойынның үлкен маңызы бар екендігі атап көрсетіледі. «Бала қоғамының қалыптасуының ең үлкен мүмкіндігі балалардың ойын әрекеті арқылы қамтамасыз етілетінін қоғамдық тәрбие беру тәжірибесін көрсетіп отырса, ал зерттеу оны дәлелдей түсті, – деп атап көрсетеді. А.П. Усова «Ойын кезінде ғана балалардың қоғамдық өмірі бойынша толыға түседі». Ойын әрекетінің осы мүмкіндігіне сүйене отырып, А.П. Усова ойынды «қоғамдық» сапалы қасиеттерді тәрбиелеу амалы ретінде қарастырады. Бағдарлама ойынның әр түріне байланысты тәрбиелік міндеттерді айқындайды: қимылды ойындар балалардың қозғалысының жетілуіне, дидактикалық ойындар ақыл–ойының қалыптасуын, сюжетті-рольді ойындар моральдық және т.б. қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі.
Ойынға берілген сипаттаманы жетекшілікке ала отырып, бұл белгілердің шартты түрде ұсынылғанын, ойынның әрбір түріне тәрбиешілердің назар аударуы керек басқа да мүмкіндіктер бар екенін ұмытуға болмайды. Мәселен, қимылды ойындар кездерінде қозғалыстың белсенді болуы тек қимыл аппараттарын ғана нығайтып қоймайды, сонымен бірге көбіне баланың жүйкелік–психикалық тұрғыдан жетілуіне де зор әсерін тигізеді. Қимылды ойындарды өте жинақы болуға жаттығу деп санай отырып, қимылды ойындар баланың ақыл–ойының айқын да ширақ, сезімі қызу, өткір, әрекетті ұйымдасқан жағдайда қалыптастырады.
Құрастыру ойындарында конструкторлық қабілет, шығармашылық қиалдаудан, эстетикалық сезімдердің жетілуінен басқа өз қиялын бақылау, оның күшін, бағытын ескеру дағдылары тәрбиеленеді. Құрастыру жұмысында мақсатқа жету ұстамдылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Жұмыс нәтижесінде балалар іс жүзінде эстетикалық қуанышты, еңбек қуашышын танитын болады.
Әр түрлі ойынға белсенді қатысу баланың жігерін ұштап, өз күшіне сенімін арттырады.
Ойын мен ойыншық – ажырағысыз ұғымдар. Ойыншық – балалардың ойыны үшін арнайы жасалған зат. Бірақ бұл нағыз заттың кішірейтілген көшірмесі емес, барынша көркемдеп жинақталған сол заттың шартты бейнесі. Түрінің айқындығы, икемдігі, бояуының ашық және шартты болуы – осының бәрі баланы ойынға қызықтырып, онымен ойнауға ықыласын туғызады. Ойыншық – бала қуанышының қайнар көзі.
А. С. Макаренконың анықтамасы бойынша, ойыншық ойынның материалдық негізі болып табылады. Ойын барысында бала өз ойын, сезімін іске асырады, демек, бала қандай ойыншықтарды қолына алып, нендей ойынды ойнысы, оның ойлаған ойын, іс-әрекетін іске асыруы соған байланысты болады.
Ойыншықтар – моторлы ойыншық, сюжетті ойыншық, техникалық және құрылыс материалдары ойыншықтарды, дидактикалық ойыншық, қызықты ойыншықтар, музыкалық және театр көріністері ойыншықтары болып белгіленген.
Моторлы ойыншықтар ең алдымен балалардың негізгі қимылдарын, ұсақ моториканы дамыту мен жетілдіруге, қимылдың мәдениеттілігін тәрбиелеуге арналған. Ұсақ моториканы дамытуға мүмкіндік беретін ойындар мен ойыншықтарды іріктеуге айрықша назар аудару керек, өйткені мұның баланың қолын жазуға, еңбек етуге әзірлеу үшін үлкен маңызы бар.
Сюжетті немесе моторлы ойыншықтар мінез- құлықтың жақсы жақтары: нәзіктік, үйірсектік, қамқоршылдық, көмектесуге ықыластық, сондай – ақ ересек адамдар мен олардың еңбегін құрметтеу, құрдастарымен ойнай білушілік және тағы басқа қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі.
Техникалық ойыншықтар балаларға қызықты және қолайлы түрде техника жайлы түсінік береді, оған қызығушылығын тәрбиелеуге және ойынға деген осы қызығушылығын жүзеге асыруға көмектеседі. Механизмді техникалық ойыншықтар мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды білім құмарлыққа тәрбиелейді, ойыншықты қалай қозғалтуға білуге ұмтылысып, осы ойыншыққа ұқсас нәрсені өз бетімен жасауға ынтасын оятады. Осы тұрғыдан келгенде алмалы – салмалы ойыншықтар, конструкторлық және жартылай фабрикаттар жиынтығы ерекше құнда болып табылады.
Құрлыс материалдарының маңызы ең алдымен материалдың өзіндік ерекшелігімен айқындалады. «Сәби үшін жақсы ойыншық ол алуан түрлі қылып өзгертуге келетін ойыншық», – деп К. Д. Ушинский атап көрсеткен болатын. Әр түрлі жиынтықтардан, құрылыс материалдарынан құрастырып жасау – балалардың бейнелеу шығармашылығының тікелей ойынымен байланысты түрлерінің бірі, мұның эстетикалық беруде маңызы зор. Құрылыс материалдарымен ойнау процесінде бала адамның еңбек әрекетіне ұқсас жаңа бір нәрсе жасайтын болады: Бұл ойындар қарапайым жоспарлау ісін, міндеттерді анықтауды, материалды іріктеп алуды, әрекеттің жүйелілігі мен сәйкестігін, өзара қарым-қатынастарды ұйымдастыруды және басқаларды қажет етеді. Сонымен бірге балалар пішін мен көлем, кеңістікке орналастыру туралы білімді игеретін болады.
Дидактикалық ойыншықтар – жинамалы -құрастырмалы және басқа ойыншықтар балалардың сенсорлық процестері мен жалпы дамуын жетілдіруге өте маңызды.
Қызықты ойыншықтарға қимыл мен оқыс жағдайлар тән, бұл ойыншықтар баланы қуантады, көңілді күлкі мен жақсы көңіл күйге бөлейді, ал ересектеу балалардың білуге құмарлығын оятып, әзіл оспақты түсінуге тәрбиелейді.
Музыкалық ойындар есту ықыласын, музыкалық есту қабілетін, ырғақты сезінуін жетілдіре түседі.
Театрлы ойыншықтар балаларды театр көрінісін тамашалауға дайындайды. Сәбилер топтарында бұл ойыншықтарды тәрбиеші ертегі, күлкілі жағдайды әңгімелегенде көрсетеді. Ал ересек топтардың балалары бұл ойыншықтарды өздері драмалық ойындар және басқа ойыншықтар әзірлегенде пайдаланады.
Өздеріңіз байқап отырғандай бала балабақшадағы барлық тәрбие негізін өз бойына ойын мен ойыншық арқылы қалайды екен. Қазіргі таңда балабақшаларда ойыншықтар саны мен түрлері жетіспейді. Еліміздің болашағын нығайтатын ұрпақ тәрбиесіне бәріміз бірге атсалысайық демекпін.