Мәлік Ғабдуллин өмірбаяны | туралы қазақша

0
61


malik-gabdillin
Шәкіртінің Мәлік Ғабуллин өмірбаяны туралы берген мәліметі.
Парасаты мол, пайымы терең, дарқан сөзді, жұмcақ мінезді Мәлік Ғабдуллин сынды қазақтың біртуар перзентінің алдын көргенім — мен үшін шексіз бақыт, тағдырымның маған жасаған ең үлкен сыйлықтарының бірі. Ұмытылмас сол бір студенттік шақтарда асыл аға қазақ халқының ауыз әдебиеті бойынша дәріс беріп, орыны бөлек сол сабақтар менің болашақ тағдырымды шешкендей, ғылымдағы жолымды айқындағандай болды. Батыр атына бала күнімнен қанық болып, университетте аңызға айналған сол адамды тірідей көргенім, оның үстіне, әлгі кісіден сабақ тыңдағаным маған үлкен әсер етті. Білімінің тереңдігі мен парасат-пайымының молдығы, тақырыпты жан-жақты аша білуі, айтып отырған әңгімесіне қызығушылық тудырып, аудиторияны баулап алуы, осының бәрінен де қарапайым кісілік мінезі Мәлік Ғабдуллин ағаны басқа жұрттан даралап тұратын.

Арман болған оқуымды бітіріп, үлкен өмірге кішкентай қадамдар жасай бастаған жиырмадан асқан шағымда аяулы ұстазым Мәлік Ғабдуллин жалған дүниемен қоштасты. Осыдан кейінгі ұлы тұлғаның екінші өмірі, ел есінде сақталар мәңгілік ғұмыры басталды. Үлкен ғылым жолында енді ғана шағын қадамын жасай бастаған мен секілді жас ізденушіге Мәлік сынды ұлы тұлғаның өмірдегі де, ғылымдағы да ғибратты ісі үлгі-өнеге болып көрінді. Мен бүгінгі танда қазақ әдебиеттануында, оның ішінде қазақ фольклористикасында аз да болса жетістіктерге жетсем, солардың барлығы — Мәлік Ғабдуллиндей аяулы ұстаздарымның арқасы деп білемін. Қазіргі күнде біз өзіміз де шәкірт тәрбиелеп, талабы бар жастарды ғылым жолына баулып жатамыз, Осы жауапты істе біздерге Мәлік секілді ағаларымыздың өнегесі тағы да ғибрат болуда.

Бүгінгі күннің биігінен ой көзімен өткен өмір белестеріне зер салып байқасам, менің алған асуларым да, шыққан биіктерім де Мәлік Ғабдуллиндікіне ұқсайды екен. Мен өмірімнің көп жағдайларында ардақты ұстазыма ұқсап бақытым келген секілді. Оқу бітірген соң мен де әдебиетші, фольклорист болуды арман етіппін. Ғылым жолында өз ретімен әуелі кандидаттық, кейін докторлық диссертацияларды қорғаппын. Қызмет барысында Мәлік ағам дәріс берген қара шаңырақ ҚАЗМУ-де, Академияның Әдебиет және өнер институтында жұмыс істеппін. Соңғысында Мәлік ағам секілді институт директоры болыппын, тіпті Мәлік Ғабдуллин екеуміз Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтардың иегері екенбіз. Біраз жыл, асыл ағаның 95 жылдығы аталған жылдары Мәлік Ғабдуллиннің туған елінде бір кездегі ұстазымиың жолын қуғандай ректор кызметін де атқардым. Бүгінде ғалым — ұстаз тереңдей танып, талай асыл сырларын ұғып, тылсым жырларын әлемге паш еткен түркі әдебиетінің қазынасын ақтаратын түркі мәдени орталығына басшылық етемін. Келтірілген мысалдар біреуге кездейсоқ, ұқсастық жайттардай көрінуі мүмкін. Алайда, мен осы сәйкестіктерде бір символдық мән бар деп білемін. Оның сыры тереңде деп есептеймін. Қасиетті Көкшетауда Абылай бабамызды хан көтерген Қарауылдың қамқоры шешен Қанай болса, сол Қанайдың кіндігінен тараған асыл ұрпақ — Мәлік берен.

Мәлік Ғабдуллин — эпостанушы


maluk-g
Мәлік Ғабдуллин аспирантураның соңғы жылдарында (1940-1941 ж.ж,) «Едіге батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларының тарихи тек-төркіндері» деген тақырып бойынша жұмыс жасайды, әлемдік фольклордың үздік үлгілерімен кеңірек танысып, Ф.И.Буслаев, А.Н.Миллер, А.Н.Веселовский т.б. зерттеушілердің фольклор теориясына қатысты еңбектерін оқып, танысады (3, 19-20).

Осы тұста 1939 жылдың 7 ақпанында Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен ҚК(б)П Орталық Комитетінің «Қазақстандағы искусство мен әдебиетті бұдан былай да өркендету туралы» қаулысы шығып, «халық жауларын» әшкерелеп болған саяси науқаннан сонғы әміршіл-әкімшіл жүйенің әдебиет пен өнерге сәл де болса жанашырлық кейпін аңғартты. Кеңестік саясаттың сәл ғана жылы қабақ танытуын пайдаланған ғалым, 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналының №3 санында «Қобыланды батыр» атты мақаласын жариялап үлгерді. Бұл тақырыпта 1940-жылдары да бірнеше мақала жазып, 1941 жылы «Қобыланды» зерттеу еңбегін жарыққа шығарды.

Мұның барлығын айтып отырған себебіміз — ғалым ағаның алғашқы зерттеу тақырыптарының идеологиялық, саяси айыптауларға негіз болғандығына қарамастан, алған бетінен қайтпай, қазақ эпосын тереңдете зерттеуге ден қойған қайсарлығы мен батылдығынан айнымағандығын аңғарту. Жалпы кеңестік фольклортану ғылымында, соның ішінде қазақ халық ауыз әдебиетін зерттеуде өткен ғасырдың 40-50 жылдары дау-дамайға толы, қайшылықты кезең екендігі баршаға мәлім. Бұл, әсіресе эпостануда айрықша көрінді. Бұл тұста ғалым ¥лы Отан соғысьшың көлденең кез келуіне байланысты, 1941 -1946 жылдар аралығында майдан шебінде, кейіннен әскери қызметте болғандығы белгілі.

Мәлік Ғабдуллин және фольклортану ғылымы

Аса көрнекті фольклортанушы, педагог ғалым, қоғам кайраткері, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен жемісті шығармашылығы арнайы зерттеліп, қарастырылып келеді. ¥лағатты ұстаз, әскери мемуарист, жалынды публицист, ғұлама білімпаздың бай мұрасы жан-жақты да байсалды карастырылып, өзінін лайықты ғылыми бағасын ала берері мәлім. Отанымыздың тағдыр — талайы безбенге түскен сәтте ерліктің талай тамаша үлгілерін көрсеткен азаматтың ғажайып тұлғасы, ерен ерлігі де атаусыз қалған жоқ: оған КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1943 жылы 30 каңтардағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. «Правда» газетінің сол жылғы 25 сәуірдегі санында Борис Полевойдың «Эпостың тууы» деген очеркі жарияланғанды. Содан кейін Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі жайында көптеген очерктер, суреттемелер, хабарлар жазыла бастады. Олардың бірсыпырасы әр кезде жеке кітапша болып та басылды. Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық институты мен Қазақстан Жазушылар Одағы 1943 жылы Мэлікке арнап жинақ құрастырып шығарды. Мұнда С. Мұқановтың, Қ. Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың, Б.Кенжебаевтың, Ә.Әбішевтің, М.Сильченконың, Н.Смирнованың мақалалары, Нүрпейістің, Исаның, Асқардың, Ғалидің, Әбділдәнің, Диханның, Қалижанның т,б. арнау өлеңдері жарияланған болатын. ¥лы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі жылдарда Доскей, Шашубай, Сапарғали, Жақсыбай, Есенсары тәрізді халық ақындары батырды дәріптеген жыр-толғаулар, дастандар шығарған. Ержүрек жауынгердің майдандас достары Бауыржан Момышұлы, Балтабек Жетпісбаев өздерінің кітаптарында ол туралы тебірене жазған-ды. Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі, мағыналы өмірі, шығармашылығы адамдарды әлі де шабыттандыра бермек. Саттар Сейтхазин мен Мыңбай Рашев поэмалары, Әзілхан Нұршайықовтың деректі повесі жарық көрді. Соғыстан соңғы уақыт Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығындағы үздіксіз өсу, өрлеу жылдары болды. Ол 1947 жылы «Қобыланды батыр жырын зерттеу проблемалары» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанса, 1958 жылы «Қазақ халқының дәстүрлі ауыз әдебиеті» атты зерттеуі үшін филология ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болды. Мәлік Ғабдуллинге 1952 жылы доцент, 1961 жылы профессор атағы берілді. 1959 жылы КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланып, 1961 жылы Қазақ КСР-ның ғылымға еңбегі сіңген қайраткері құрметті атағын алды. Соғысқа дейін ат жалын тартып мінген әрбір азаматтың өмірбаянын, егер ол майданнан аман-есен оралса, шартты түрде 3 кезеңге бөлуге болады: балалық, студенттік шағын, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі бейбіт еңбек жолдары. Соғыс ер-азаматтың ерлігіне, батылдылығына ғана емес, адамгершілігіне, гуманистік саналылығына да сын болған. Мәлік Ғабдуллин алғашқыда баталеяға, кейіннен ротаға саяси жетекші бола жүріп, өзінің әділдік, адалдык, бауырмалдық, қамқорлық, табандылық, байсалдылық, сабырлылық, сезімталдық, сергектік, жайдарылық, ақ көңілдік, елгезектік тәрізді абзал қасиеттерін де молынан танытқан еді. Сондай бола тұрып, кемшілікке кеңшілік жасамайтын.

#Мәлік #Ғабдуллин #өмірбаяны