М.Шаханов шығармаларын оқытудың ұлттық негіздері туралы қазақша

0
35

Танымдық қызығушылық оқушылардың өлкетану деректерін сапалы меңгерудің негізгі діңгегі болып табылады. Оқушылардың таным процесін жетілдіру – олардың дамуының алғышарты. Таным процесі – күрделі процесс.  Таным процестері арқылы оқушылар жаңа материалдарды саналы меңгеруге талпынады. Сондықтан, бастауыш мектепте өлкетану деректерін оқытуда  оқушылардың танымдық қабілеттерін жетілдіруге ерекше назар аудару керек. Балалардың таным іс-әрекеттерін орындау арқылы пәнге, сабаққа мотивтері (қызығушылық, ықылас, тілек) артып, баланың түсінігі мен дүниетанымы кеңейіп, ойлау қабілеттері жетіледі. Бірқатар ғалымдардың   еңбектерінде таным процесінің анықтамасы туралы ғалымдар былайша топшылайды: «Таным – адам санасын дамытудың негізі» [1]. және «Таным –  бұл қоршаған болмыстың, оның элементтерінің белсенді ақыл-ой және көңіл күй іс-әрекеттері мен олардың нәтижесі, яғни білім, жалпыланған теория, заңдар мен ғылыми ұйымдардың санада   бейнеленуі» [2].

Демек, таным дегеніміз адамның  өзін қоршаған әлемін тануы, соны топшылауы және санада бейнелеу арқылы ұғынуы. Адам дүниетанымының өрістеуіне оны қоршаған орта әркашанда ықпал етіп отырады. Бұл әсер, әсіресе, сәби шақта, адам санасының уыз мезетінде мықты болады. Ананың әлдиі, бесік жыры да поэзия тілімен нәресте санасына сіңетіні белгілі. Бұл туралы Ж. Аймауытов: «Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт –жас күнінде көрген өнеге. Ол өнеге әке-шешесінің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген дұрыс тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. «¥яда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектілікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине ата-ананың тәрбиесі.

Баланың бойына басынан сіңген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» — деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді…» — деп, автор бала мінезін қалыптастырудағы отбасы мүшелерінің, әсіресе әке-шешенің ықпалын айқын ашып көрсеткен. Ол бала мінезін жас шыбыққа теңейді. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаған бала өскенде қисық ағаш сияқты болып өсетінін, отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айта асқан мұқияттылықтың қажет екендігіне көңіл бөлген. Қазақ халқы – елін, жерін, оның табиғи, мәдени байлығын, өнері мен тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, қорғап, рухани-адамгершілік тағлымдарын ұрпағына мұра етіп қалдырған. Сондықтан, оқу-тәрбие процесінде қолданылатын бағдарламалар, оқулықтар, дидактикалық материалдардың ұлттық психологиялық ерекшеліктерге сай жасалуын өмірдің өзі талап етеді.  Мұны М.Шаханов «Төрт ана» жырында анық бейнелеген [3].

«Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Ғұмырына етер мәңгі астана,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек кұдіретті төрт ана:

Туған жері – түп қазығы, айбыны,

Туған тілі – мәңгі өнеге айдыны,

Жан байлығы, салт-дәстүрі – тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі,

Және туған тарихы,

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,

Онсыз санаң каңбаққа ұқсап сенделер.

Өзге ананың  ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген пенделер» [3].

Поэзиясында азаматтық асқақ үн басым жататын М.Шаханов әрбір адамда оның жарық дүниеге келуіне себепші болған, ақ сүт берген анасынан өзге ғұмырына мәңгі тірек болар кұдіретті төрт анасы болуы кажеттігін өзгеше өрнекпен санаға сіңіреді.

Адам тағдырының тірегін М.Шаханов төрт ана ретінде бейнелеп, оның тәрбиелік астарын айшықтап, мазмұнын байыта түскен. Осы тұрғыдан келгенде акын жырларының тәрбиелік кұндылығы әркашанда өзгеше мағынада болатыны анық. Ел ықыласының жоғарылығының және бір мәні қаламгердің кайсыбір еңбегіне зер салсаңыз да әрбір адамның көкейінде жүретін түйткілді мәселелерді дөп баса біліп, соны танып, таразылап жыр тілімен ұсына алатындығында жатса керек-ті. Сонымен қатар, адамзатқа ортақ мәселелерді батыл да жүйелі, орынды да көкөйкесті сипатта көтере, жырымен қоғамдық ойға козғау сала білуінде де үлкен тәрбиелік мән бар. Адамның ғұмырының төрт тірегінің мазмұнына, М.Шаханов жырлаған төрт анамыздың кісі тағдырындағы алар орны мен рөліне жекелеп талдау жасасақ.

Ең әуелі әрбір адамның  — туған жері туралы ой қозғамақпыз. Мұндайда атамыз қазақтың, «Ит – тойған жеріне, Ер – туған жеріне» деген мақалы ойға бірден оралады. «Кісі елінде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол» — деген бабалар нақылында да үлкен мән бар.

Ақын жырында туған жерді адамның түпқазығына, айбынына балап отыр. Мұнымен ешкім де дауласа алмайды. Адамзат кіндік кесіп, кір-қоңын жуған туған жеріне деген мәңгі сағыныш пен үлкен құрмет сезіміне бөленіп өтеді. Қастерлі мекен шырын шақ – сәби кезеңнің куәсі, өміртанымның алғашқы дәріханасы. Аяғын апыл-тапыл басқан нәрестенің жерден таяқ жеп, тізе қаната жүріп еңсе тіктеген кұтты ордасы.

Ұлтарақтай жер үшін қасық қанын қиған бабалар ерлігіне тағзым ету бүгінгі ұрпақ борышы. Бес қаруын асынып, түн қатып, ұйқы қашырғандағы аталар мақсаты жер шетін дұшпан баспасын, ұлын құл, қызын күң етіп, қорлықта ұстамасын деген асқақ арман болған. Осы жолда кеудеден басы кеткенмен ұланғайыр жер кейінгі ұрпаққа мирас болды. Ердің еңсесі туған жерінде биік, абыройы асқақ. Сол үшін де М.Шаханов түпқазық, айбын есебінде дәріптеп отыр туған жерді. Ақынның өз тағдырында да туған жерінен жырақта жетілу сыбағасы бар ғұмырдың. Себебі, әкесі Шахан діндарлығы үшін бір жерде байыз тауып тірлік кеше алмаған. Қатал да қайырымсыз уакыт ылғи көшіп-қонып жүруге мәжбүр еткен. Ұланғайыр жерімізге көз алартушылардың аз болмағандығы тарихтан мәлім. Олардың көзкұртына айналған шұрайлы жеріміз сан түрлі қантөгістің себепкері болды. Қан төгілсе де арын таптатып, намысын жықпаған бабаларымыз аманаттарына адал болды.

«Туған жерге туың тік!» дегенде бабаларымыз осындай өрімі өзге өнегеге үндейтіні белгілі. Туған жерге тағдырын телген әрбір перзенттің адымы ашық, мақсаты айқын, келешегі кемел.

Екінші діңгек туған тілі – мәңгі өнеге айдыны екенін бейнелейді «Төрт анада» Мұхтар Шаханов. Әлбетте, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады».

Ақынның шығармашылықпен қатар, күрескерлік жолда бел шешпей еңбектеніп келе жатуының мәні осы туған тіліміздің жағдайына азаматтық Һәм перзенттік борышпен алаңдаушылық пен жай-күйіне бейтарап қарай алмаушылықта жатыр деп білеміз.

Бабаларымыздың берік тұтынған ұстанымының бірі ұрпақ салауаттылығы мен тіл тазалығы. Тілдің шұрайлы да шырайлы қадір-қасиетін әрбір жас өркен бала жастан сезініп өскен. Атадан балаға мұра болып келе жатқан мол қазынаның бағасын біліп, ауыз әдебиетінің құндылықтарына тұшынып өскен.

Жеткіншек тіл байлығының мол болуына тиімді көмектің бірі оны жас күнінен құйма құлақ етіп тәрбиелеуде жатыр. Үйге сыйлы, аузы дуалы қонақ келгенде балалардың сол жақсы-жайсаңдар әңгімесіне зер салып, сөз маржанын сүзіп, асылын көкейлеріне тоқуына мол мүмкіндік жасаған. Жақсыларға жанаса өскен бала, әлбетте, ана тілдің қазынасын бойға жетік сіңіреді.

Біздің бабаларымыздың шетінен суырып салма ауызекі сөзге ұста болуының бір сыры осында жатыр. Тілді шебер меңгеру оның құндылығын терең сезінуден басталады. Әрине, әуелі ата қаны, ана сүтімен дарыған қасиет те болуы кажет. Сосын, мықты орта өскін жастың санасына үлкен әсерін тигізеді. Ел ішіндегі небір аңыз әңгіме, батырлық жырлары мен қисса-дастандар балғынның көңілін қозғап, қиялына қанат, талабына от береді.

М.Шаханов жырлағандай, мәңгі өнеге айдыны ретінде тілдің орны біздің ғұмырымызда қашанда өзгеше, маңызы ерек. Өлмес өнегені де халқымыз тіл арқылы таныған, ұрпақ жадына өшпестей етіп сіңірген. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бабалар мирасы тіл арқылы бүгінгімізге талмай жетті. Яғни тіл осы ретте ақпарат тасушы міндетін де атқарып тұр. Атаның өлмес мұрасын ұрпағы осы тіл аркылы, оның ауызша өнегесімен қабылдаған, көкейіне түйген.

Адам тағдырында жетекші рөл ойнап, қадамына шуақ шашар үшінші ұстаным – ұлттың жан байлығы, салт-дәстүрі.

Жан байлығынсыз, рухани кемелдіксіз адам ғұмыры мағынасыз. Материялдық құндылық қанша жерден қажет болғанымен ол рухани байлықсыз тұлдыр болмақ. Салт-дәстүр адамның әдепті тәлім алуына жол ашады, азамат ретінде қалыптасуына септігін тигізеді.

Ата насихаты мен бабалар өсиеті – жарық күндей жол нұскаушы болады. Ылғалды ауадай қажеттілік ол салт-дәстүрде жатыр. Онсыз адам баласы бұрыс жолмен кетіп, рухани мешеулікке ұрынуы ықтимал. Мөлдір судай кіршіксіз тәрбие жан байлығының негізі.

Дәстүр ғасырлар бедерінде қалыптасатын ізгі әдептер жиынтығы. Оның жолынсыз тірлік кешкен адамның ғұмыры тұзсыз тағамдай ауыз тұшытпайды.

Қаламгер еңбегінде төртінші тірек сипатында баяндалатын ТУҒАН ТАРИХ тағылымы ерекше осы күшімізбен бейбіт тіршілігіміз үшін.

Ақын жырға қосқандай, еске алуға қаншама ауыр әрі қасіретті болса да тарихтың қойнауына үңіліп, сырын зерделемей бүгініміздің бағасын толық бере алмаймыз. М.Шаханов айткандай, «Тарих дегеніміз – кесек-кесек айтулы оқиғалардың жиынтығы» [4].

Тәуелсіз ел атанған кезеңнен бермен қарайғы уакытты салалап қарасақ, тарихты жете білмеушіліктен әрі нақты фактілермен қаруланбағандықтан деректерді қилы дәрежеде сөйлетушілік белең алғаны да жасырын емес. Соған сәйкес, тарихта аттары қиратушы, адамзаттың өркениетке ұмтылысын тежеуші ретінде қалған тирандарды ақтап алуға ұмтылу пиғылы белең алғаны жасарын емес.

Бұл теріс те орынсыз әрекетке ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты кезінде М.Шаханов өзінің «Тарих гуманистік көзқарасты қажет етеді» деп аталатын мәлімдемесі арқылы тойтарыс берген болатын:

«Еуропа мен Азияның кейбір мемлекеттерінде өз заманында жазықсыз, кінәсіз адамдардың қанын судай сапырған тирандарды ақтап алу былай тұрсын, оларды бейбітшілік пен әділдік күрескері, бостандық пен ізгілік жаршысы етіп жариялауга құлшыныс басталғалы біршама уакыт өтті. Мәселен, өзбек ағайындар Ақсақ Темірді өз мемлекетінің ең басты өнегелі тұлғасы ретінде бекітіп алды. Рас, Темір қолбасшының сәулет өнері саласындағы өрелі істерін ешкім жоққа шығара алмас. Бірак оның 70 мың адамның бас сүйегінен мұнара соқтырғанын, Үндістанда бір күнде 100 мың адамның басын алуға бұйрық бергенін және бірнеше мың адамды тірідей салынып жатқан үйдің іргетасына қалатып жібергенін ақсақал тарих ұмыта қойған жоқ» — деп, тарихқа әділетті көзбен қарауды шегелей мәлімдеп, қанша жерден ақтасаңыз да зұлымдықтың сол күйінде қалатынын қаперге салады. Ділгір мәселені көтерген қайраткер қаламгер ойын былай сабақтайды:

«Монғол Республикасының астанасы Ұлан-Батырда Шыңғыс ханға биіктіп 20 метрлік зәулім ескерткіш орнатылмақ. Егер әрбір ел өз заманында адамзатты қызыл қанға бояған тирандарға әділдік пен шындыққа көз жұма отырып, ескерткіш қоюды науқанға айналдыра беретін болса, онда Гитлерді де ақтап алатын күн алыс емес» [5].

Гуманист ақын бұл мәлімдемесі арқылы қоғамды үлкен дерттен сақтандырады. Себебі, мыңдаған адамның қанын жазықсыз төккен, сәнді қалаларды жермен-жексен еткен қиратушыларды орынсыз ақтап алушылық белең алса, ұрпақтың ақ пен қараны ажырата білу қасиеті төмендейді. Зұлымдық дәріптелген қоғамда, әрине, қиратқыш мүддеге оң иығын беріп тұратындар тәрбиеленеді.

Сондықтан да қаламгер адамзатты қасіретке ұрындырар қадамға бармауға шакырып, оның залалын өзгеше түйіндеп қаперге салып, сақтандырады.

М.Шахановтың бұл тұжырымынан төрт ананың қадыр қасиетін  танимыз. Акын пайымына сүйенсек, төрт анасын менсінбеген пенделер өзге ананың да (ақ сүт берген туған анасымен қоса) қадіріне жете алмайды, ұлылығын танып білмейді. Жеке адам тұрмақ, төрт анасын сыйламаған ешбір халық молшылыққа кенеліп, бақ-жұлдызы жанбайды.

Психологтардың  пайымдауынша, мектеп қабырғасында  жасөспірімнің интеллектісі, даралық қабілеттері, әлеуметтік қатынастары өзгеше болады. Ұлттық мазмұнда берілген шығармалар оның танымдық белсенділігі артады, талғамы өседі, қабылдау дағдысы жетіледі, логикалық есі мен ерікті зейіні тұрақтанады. Сондықтан мектепте оқушыға берілетін білім өмірлік қажетті білімдерінің бастауы болуға тиіс. Ана тілі сабағында М. Шаханов шығармаларын оқыту арқылы оқушы дүниетанымын кеңейтуге, олардың тілдік талғамын жетілдіруге іргетасы қаланып, баланың бастауыш сатыда меңгерген сауаттылық дағдылары ғылыми пайымдауларға ұласады. Оқушының тілдік сезімі, танымдық қабілеті дамытылады, ойлау жүйесі шыңдалады. Сондықтан оқушыларды ұлттық рухта тәрбиелеу — қазіргі егеменді тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайында ерекшеленіп отыр.

Қорыта айтқанда, М.Шаханов шығармаларын мектепте оқытудың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы орасан зор деп есептейміз.

Әдебиет

  • Немов Р.С. Психология М.: Просвещение, 1995.-239 стр.
  • Педагогика. Дәріс курсы Алматы: Нұрлы Әлем, 2003.- 368 бет.

3  Шаханов М. Мәңгүрттенбеу марсельезасы: Өлеңдер, балладалар,  поэмалар, әндер. Алматы: Рұх-Дари», 2008. – 288 бет.

4  Шаханов М. Желтоқсан эпопеясы: Деректі роман. I том. – Алматы: ЖШС Жедел басу баспаханасы, 2006. – 624 бет.

5  Шаханов М. Ұлт анасы – тіл. Рұхани толғаныстар кітабы. Алматы: ЖШС Жедел басу баспаханасы, 2010. – 424 бет.

#МШаханов #шығармаларын #оқытудың #ұлттық #негіздері