Литосфераның ластануы |

0
213

Табиғи қалыпты жағдайда топырақта болып жатқан барлық үдерістер тепе-теңдігін сақтап тұрады, онда өзін-өзі тазарту үдерістері жүріп отырады. Адамдардың шаруашылық қызметінің дамуы нәтижесінде топырақ құрамының өзгеруі, ластануы немесе тіпті жойылуы орын алады. Қазіргі кезде планетамыздағы әрбір адам үлесіне бір гектардан аз егістік жер келеді. Бұл шағын ғана ауданның өзі адамның тиімсіз шаруашылық іс-әрекетінен азайып келеді.

Құнарлы жерлердің едәуір аудандары тау-кен өнеркәсібі жұмыстарынан, кәсіпорындар және қалалар құрылыстарынан тарылып бара жатыр. Табиғи өсімдіктер қабаты мен ормандардың жойылуы, жерді агротехника ережелерін сақтамай бірнеше рет жырту топырақтың эрозиясына, яғни құнарлы қабатының су және желмен бұзылуына алып келеді. Эрозия қазіргі кезде бүкіл әлемдік мәселеге айналды. Соңғы жүз жылдықтың ішінде су және жел эрозиясының нәтижесінде 2 млрд га ауыл шаруашылығында қолданылып келген құнарлы жердің жоғалып кеткені анықталған.

Адамзаттың өнеркәсіптік қызметінің белсенділігі нәтижесінің бірі топырақ қабатының ластануы болып табылады. Топырақты негізгі ластаушылар металдар мен олардың қоспалары, радиоактивтік элементтер, сонымен қатар ауыл шаруашылығында қолданылатын тыңайтқыштар мен улы химикаттар.

Топырақты ластаушылардың ішінде ең қауіптілері — сынап пен оның қосындылары. Сынап қоршаған ортаға улы химикаттармен, ерітінді сынап металы және оның қосылыстарынан тұратын өнеркәсіптік кәсіпорындарының қалдықтарымен таралады.

Топырақтың қорғасынмен ластануы одан да зиянды болып келеді. 1 т қорғасынды өңдеген кезде оның қалдықтарымен қоршаған ортаға 25 кг-ға дейін қорғасын тасталынатыны анықталған. Қорғасын қосылыстары бензин құрамында пайдаланылады, сондықтан автокөлік қорғасынмен ластаудың елеулі көзі. Әсіресе ірі автотрассалардың маңындағы топырақ құрамында корғасын көп болады.

Ірі түсті және қара металлургия орталықтарының маңы темір, мыс, мырыш, марганец, никель, алюминий және басқа металдармен ластанған. Көптеген жерлерде олардың жинақталуы шектеулі деңгейінен ондаған есе асады.

Атомдық энергетиканы зерттеу және қолданумен байланысты мекемелер немесе АЭС, өнеркәсіптік кәсіпорындардың сүйық және қатты қалдықтарын жою кезінде немесе атомдық жарылыс кезінде жауын-шашынның түсуі салдарынан радиоактивтік элементтер топыраққа таралып, онда жинақталуы мүмкін. Радиоактивті заттар топырақтан өсімдіктерге, одан жануарлар мен адамдардың ағзасына түсіп жинақталады.

Топырақтың химиялық құрамына қазіргі кезде ауыл шаруашылығында кең қолданылып жүрген зиянкестерге, өсімдіктердің ауруларына қарсы қолданылатын химикаттар мен тыңайтқыштар үлкен әсерін тигізеді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығында қолданылып жүрген химиялық заттардың мөлшері өнеркәсіппен тең деп айтуға болады. Сонымен қатар, жыл сайын ауыл шаруашылығында тыңайтқыштар мен улы химикаттарды қолдану мен өндіру артып келеді. Оларды дүрыс емес және қадағалаусыз қолдану биосферадағы зат айналымының бұзылуына алып келеді.

Әсіресе улы химикат ретінде қолданылатын тұрақты органикалық қосылыстар үлкен қауіп тудырады. Олар топырақта, су қоймаларында, суда жиналады. Бірақ ең бастысы — олар экологиялық қорек тізбегіне қосылады, су мен топырақтан өсімдіктерге өтеді, одан кейін жануарларға, ақырында тамақпен адам ағзасына түседі. Осылайша, литосферада химиялық элементтердің табиғи дұрыс таралмауы адамдардың шаруашылық қызметінен асқынып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.