Латын әліпбиіне көшу заман талабы, дөңгелек үстел

0
87

Дөңгелек үстел тақырыбы: Латын әліпбиіне көшу – еліміздің рухани өмірдегі қадамы
Сынып: 9, 10, 11
Латын әліпбиіне көшу – заман талабы (дөңгелек үстел)
Мақсаты: Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру.
Қоғамда өздерін көрсете және өз еліне пайдалы бола алатын, Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің құндылықтары мен мұраттары жүйесін иеленетін патриот ұрпақ тәрбиелеу.
Дерек көздер: ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы (2017 жылғы 12 сәуір), бейнежазба, ғаламтор материалдары.
Сабақтың техникалық құрал – жабдықтары: Интерактивті тақта,
компьютер.

Барысы
І Кіріспе бөлім. «Ой шақыру»
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жыл¬ға дейін латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс – қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай – ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көші¬ру¬дің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастан қолға алу қажеттігін атап өтті.
Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Ал осы межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін не істеу керек? Бұл мәселені жан – жақты талқылау мақсатында республика көлемінде әрбір мекеме, ұйымдарда іс – шаралар ұйымдастырылуда.
Бүгін біздің сыныпта да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған «Латын әліпбиіне көшу» туралы өз ой – пікірімізді ортаға салуға жиналып отырмыз. Ғалымдар, әдебиетшілер, жалпы қауым арасында бұл мәселеге қатысты пікір екі жақты. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де пікірлер айтылып жатыр.
Ендеше, «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында өткізілгелі отырған пікірсайыс алаңын бастаймыз.

ІІ Негізгі бөлім. «Еркін микрофон»
Мәселені талқыламас бұрын қазақ жазуында қолданылып келген әліпбилер тарихы туралы Индира, Меруерт таратып айтып береді.
Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатыны белгілі болды. Ендеше алғашқы талқылайтын сұрақтармен таныс болыңыздар.
І Латын әліпбиіне көшудің тиімді де пайдалы тұстары:
1. Латын әліпбиіне көшудің себептері неде?
2. Латын әліпбиіне көшудің қандай тиімді жақтары бар?
Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітсек:…
ІІ Латын әліпбиін үйренудің жолдары:
3. Латын әліпбиін меңгеру қаншалықты қиындық туғызады?
4. Латын әріпіне көшудің қандай оңтайлы жолдарын атар едің?
ІІІ Латын әліпбиіне көшудің тиімсіз тұстары:
1. Латын әліпбиіне көшу қандай қиындықтар туғызуы мүмкін?
2. Латын әліпбиіне көшсек, неден ұтыламыз?

ІІІ Қорытынды бөлім. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»
Көрермен не дейді?..

ІҮ Рефлексия. «Дауыс беру»
Оң жақ: қолдаймыз (ақ)
Сол жақ: қолдамаймыз (қара)
Тексерілді:

1 – оқушы (тарихшы): Қазіргі уақытта еліміздің басты проблемасына айналып отырған ең өзекті тақырыптардың бірі – әліпбиіміздің өзгеруі, яғни қалыптасқан дәстүрді бұзып, кириллицадан латын әрпіне көшу. Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері бүгінгі қолданыста жүрген кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде пікірлер жиі айтылып келеді.
Қазіргі қолданыстағы кириллица – қазақ тарихындағы төртінші алфавит екені бәрімізге мәлім. Сонау сақ дәуірі, түркі дәуірі кезеңіндегі ата – бабалаларымыз өздері ойлап тауып, енгізген, құрастырған алфавиттен басқалары бодандықтың кебімен күштеп енгізілді. Түркі заманынан мұра болып қалған осынау құндылық «руно» жазуы еді. Одан кейін араб шапқыншылығы кезеңінде елімізге араб жазуы (төте жазу) ислам дінімен қатар келді. Латын және кириллицаны Кеңес үкіметі енгізді. Мұндағы мақсат – алфавитке көшу арқылы қазақ халқымызды рухани есеңгіретіп, халықтық болмыс, ұстанымдарынан айырып, мәңгүрт етіп алдарына салып айдап өз дегендерін жүзеге асыру еді.
«Ресей тілін, дінін, жазу – сызуын орысқа аударса, үкіметке онан артық іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы жарық көрген «Қазақ» газетіндегі жанайқайы бекер емес – ті.
Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты мақсаты терең, ауқымды қарқынмен жүзеге асырылды. Нәтижесінде, орыс тілі өмірдің көптеген салаларында жалғыз ғана тіл болып, ұлттық тілдерді ығыстырды.
Сондықтан кеңес үкіметі құрамындағы қазақ, өзбек сияқты басқа да түркі халықтарының санасында кириллица мәжбүрлеумен және зорлық – зомбылықпен байланыстырылады.
Қазіргі сөз болып жатқан қазақ алфавитінің кириллицадан латын әліпбиіне ауыстыру мәселесін отарсызданудың бір маңызды қадамы, отарлаушылардың зорлап таңылған алфавитінен арылу, еркіндік алу деп түсінемін.

2 – оқушы (тілші – ғалымдар): «Латын алфавитіне көшу — заман талабы» – деп ойлаймын. Себебі әр ұлттың өзіндік бірізділігі, ерекшелігі ең бастысы оның тілімен белгіленеді. Сондықтан тілдің дамуы, өркендеуі қандай болса да этнос үшін өте маңызды.
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Себебі латын әліпбиіне көшу арқылы біз психологиямызды, ми қабыршығы астындағы санамызды орыс тіліне деген тәуелділіктен босатамыз деп ойлаймын. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әрпіне көшуі – заман талабы. Бұл мәселені көтеру – Президентіміздің көрегендігін көрсетеді. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – деген болатын. Ендеше орыс тіліне жалтақтай беріп қарайтынымыз да осы кертарпаның бірі деуге болады. Бұл жолда латиницаға көшу – тиімді әрекет. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады.

Мұғалімі: Тлепбергенова С. К.
Латын әліпбиіне көшу – еліміздің рухани өмірдегі қадамы жүктеу