Курстық жұмыс: Тарих | Ауған Кеңес қақтығысы
Мазмұны
Кіріспе……………………………………………………………………………………………………………..3
І. Қатығыстың басталу себептері……………………………………………………………….4-11
1.1. Сәуір төңкерісі……………………………………………………………………………………4-8
1.2. Кеңес әскерінің кіргізілуі………………………………………………………………….8-11
ІІ. Соғыс барысы……………………………………………………………………………………….12-15
2.1. Негізгі сипаттамалар………………………………………………………………………12-13
2.2. Қақтығыс кезіндегі басты оқиғалар………………………………………………13-15
ІІІ. Соғыс нәтижелері……………………………………………………………………………………..16
3.1. Кеңес әскерінің Ауғаныстан аумағынан шығарылуы……………………………
3.2. Соғыс зардаптары…………………………………………………………………………………..
Қорытынды……………………………………………………………………………………………………17
Пайдаланған әдебеттер…………………………………………………………………………………..18
І. Тарау. Қатығыстың басталу себептері
1.1. Сәуір төңкерісі
Сәуір төңкерісі қарсаңында экономикалық даму жағдайы жөнінен 1977 жылы Ауғанстан 129 дамушы мемлекеттердің арасында 108-ші орынды иеленді. Елдің ауыл шаруашылығы феодалдық және оған дейінгі көптеген ескілік сарқыншақтарына әбден шырмалған еді. Халықтың 90%-ы ауылдық жерде өмір сүрді, ондағы билік феодалдардың, тайпа көсемдері мен молдалардың қолында болды. 13 миллионнан астам адам отырықшылық күй кешсе, ал 3 миллион ауғандықтар көшпелі немесе жартылай көшпелі тұрмыс құрды. Халықтың едәуір бөлігі сауатсыз еді.
Елде саяси партиялардың қызметіне тыйым салынды. Монархиялық тәртіптің террорлық қысымына, сосын Мұхаммед Даудтың “республикалық” үкіметінің тыйым салуына қарамастан Ауғанстан Халықтық Демократиялық Партиясы (АХДП) жасырын түрде өз күресін жалғастырды. Бірақ М.Даудтың тәртібіне айтарлықтай өзгеріс әкеле алмады. 1977 жылы мемлекеттік аппараттан көптеген адамдар қуылды.
Елде мұндай жағдайдың өріс алуы халықтың жаппай наразылығын туындата бастады. 70-ші жылдардың екінші жартысында Ауғанстанда шаруалар мен помещиктік-ұсақ буржуазия арасында қайшылықтар үдеп, халық жағдайы бірден шиеленіске тап болды. М.Даудтың аграрлық реформасы еш нәтиже шығара алмады.
Елдегі әлеуметтік-таптық қайшылықтар мен саяси күрестердің шиеленісуі офицерлердің көп бөлігін қамтыған армияда да оппозициялық көңіл-күйді байқатты. М.Дауд 1973 жылы 17 шілдеде офицер-коммунистерді (А.Қадырды, А.Ватанджарды және С.Гулябзойды) шебер пайдалана отырып “Парчамның” жетекші қайраткерлерінің көмегімен іс жүзінде қан шашылмаған төңкеріс жасап, король Захир Шахты биліктен шеттетті, монархияны таратып, өзін республи¬каның президенті деп жариялады.
Қызметке кіріскеннен кейін ол АХДП-ның көшбасшыларымен санасатынына сендіргенмен, олардың ұсынған жолдарына бой ұсынбай, мұндай жолбикелерден тезірек құтылуға асықты. Сөйтіп, өзінің маңайындағы кеңесшілерін парчамистерден түгел тазартты. Оған төңкеріс жасауға көмектескен офицерлер далада қалды. Бұл жағдай кейінірек М. Даудтың өз басына таяқ боп тиді.
1977-1978 жылдары Кабул, Кандагар, Герат және тағы басқа ірі қалаларда жаппай манифестациялардың болуы және оған адамдардың мыңдап қатысуы ел ішіне қандай да бір төңкерісті алып келетінін байқатты. Елдегі прогресшіл күштерге қарсы репрессиялық шараларды жүзеге асыра бастаған М.Дауд АХДП басшыларын қудалай бастады.
АХДП басшылары Н.М.Тараки мен Б.Кармаль тұтқындалды. Саяси қарсыластарын осылай тұқыртқан үкімет өз көңілдеріне ризашылық сеніммен қарады. 26 сәуір күні елдегі бүкіл әскери бөлімдерде коммунистерді басып-жаншудың құрметіне мереке өткізілді. Ауғанстанның Қорғаныс министрі М.Х. Расули әскери қызметшілер үшін салтанатты кешкі тамақ пен көңіл көтеру шараларын ұйымдастыруға бұйрық берді. Осыны пайдаланған халықшылдар тиісті дайындық жұмыстарын қолға алып, шаралар өткізуге әзірлік жұмыстарын жүргізді.
27 сәуірде таңертеңгі сағат 6-да Кабулдағы хайуанаттар паркінің маңайында Саид Мұхаммед Гулябзойдың (ішкі әскерлер мен әуе шабуылының қорғанысына жауапты), Асадулла Пйяманың (4-танк бригадасына жауапты), Алиш Паймаанның (зениттік-ракеталық бригадаға жауапты), Мұхаммед Досттың (32-ші “командос” полкіне жауапты) қатысуымен әскери төңкеріске басшылық жөніндегі үйлестіру тобының мәжілісі болып өтті.
Осы мәжілісте таңертеңгі сағат 8-ге таман барлығы да өз әскери бөлімдерінде толық даярлықпен іске кірісіп, ішкі әскердің, әуе қорғанысы әскерлерінің және жаяу әскердің әрекетін үйлестіруге шешім қабылданды. “Саид Мұхаммед” атты пароль, “ Миг-21” атты шақыру белгіленді.
Бұл күні Кабулдың ауасы шайдай ашық болып, күн жарқырап тұрды. Алдыда болатын оқиғадан бейхабар қала тұрғындары күнделікті тіршілігімен айналысып жатты. Министрлер кабинеті сағат 9-да өздерінің мәжілісін бастады. Оған М. Дауд төрағалық етті. Күн тәртібінде партия басшыларын тұтқынға алғаннан кейінгі қалыптасқан ахуал туралы сұрақ тұрды. Министрлердің басым көпшілігі, М.Даудтың өзін қосқанда тұтқындағыларға өлім жазасын жариялауға қарсы болмады. Осы шешім төңірегінде оны қолдаушылар мен қарсы шығушылар арасында қызу айтыс-тартыстар да өтті. Кабул радиосы бұл уақытта АХДП басшыларын астыртын төңкеріс жасауға қатысушылар деп айыптап, қамауға алғанын хабарлап та қойды.
27 сәуір күні сағат 9-да майор Мұхаммед Аслам Ватанджар өзінің бригада командирінің кабинетіне кіріп, коммунистік басшылар тұтқынға алынғаннан кейінгі қауіпсіздікті күшейту және президент сарайына күшті күзет қою мақсатында, қарамағымдағы батальонға оқ-дәрі бөлуге рұқсат етуіңізді өтінемін деді.
Бригада командирі батальондағы әрбір 12 танкіге 6 снарядтан бөлуге рұқсат қағазын берді. Тік тұрып құрмет көр¬сеткен жас офицер кабинеттен шықты. Ал командир болса үкіметті құлатуға бағытталған күшке рұқсат бергенін білмеді. Оқ-дәрі бөлуге берілген рұқсат қағазындағы 6 санына нөлді қосқан М. А. Ватанджар, әрбір әскери машинаға 6-дан емес, 60-тан снаряд алды.
Белгіленген жоспар бойынша сағат 12-де ауғандық Әскери Әуе Күштері (ӘӘК) эскадрильясы әскери қалашықтар, оның ішінде президент сарайының үстінен ұшуды бастады. Бұл әрекет сарайға шабуылды бастау үшін танкішілерге берілген белгі еді. ӘӘК-нің подполковнигі Абдул Кадыр Баграмдағы ӘӘК-і базасын басып алғаннан кейін, өзінің жақтаушысы Хашаммен бірге тікұшақпен Кабул әуежайына ұшып келді де, әуе күштерінің әрекетін өз басшылығына алды.
12 сағат 15 минутта танкішілер ротасының аға капитаны Омардың қолбасшылығымен 4-ші танкішілер бригадасының алғашқы легі президент сарайы қақпасының алдында тұрды. Кабинет мәжілісі бұл уақытта жалғаса берді. Оларға майор Ватанджар, майор С.Д.Тарун, майор Назар Мухаммед, майор Маздурьяр және капитан Ахмед Хан сияқты офицерлер басшылық жасады.
Бір уақытта Ватанджар сарайға алғашқы оқты атуға бұйрық берді. Ол атылысымен сарайға жан-жақтан оқтар атыла бастады. М.Дауд мәжілісті тоқтата салып: “Кімде-кім өз өмірін сақтағысы келсе, сарайды тастап қашуға болады”, – деп министрлерге мәлімдеді.
“Халық” жағындағылар дереу қару-жарақ және басқару пункттерін басып алуға кірісті. Қарсылық көрсетушілер ескертусіз атылды, қалғандары қамауға алынды. Қорғаныс министрі Г.Х.Расулидың нұсқауымен шабуылға шыққан 7-ші және 8-ші дивизиялардың, 88-ші артиллерияшылар бригадасының кейбір бөлімшелерінің іс-қимылы бейтараптандырылды. Кешке қарай 4-ші танкішілер бригадасына “командос” бөлімінің үлкен тобы келіп қосылды. Осыдан кейін М.Даудқа берілген бөлімшелер әлсіздендірілді. Сағат кешкі 1730-да С.Д.Тарун тұтқында отырған АХДП басшыларын қамаудан босатты.
Сағат 1700 және 1730 аралығында көтерілісшілер радиостанцияны басып алды. Эфирден билік басындағылар ауысқан кезде дәстүрлі түрде орындалып отыратын “Рага Мальхар” ұлттық әуені берілді. Артынан революцияның жеңгендігі туралы хабарланды. Радиодан хабар тарасымен ауған ӘӘК-нің ұшақтары көтерілісшілерге әлі де қарсылық көрсетіп жатқан М.Дауд пен оның жақындары және оған адал қызмет ететін күзет орналасқан президент сарайын соққының астына алды. “Командос” тобы М.Даудтың сарайына басып кірді және олардан қарсылық көрсетуін тоқтатуды талап етті. Атыс кезінде М.Дауд және оның барлық отбасы мүшелері оққа ұшты.
28 сәуір күні таң ата танкішілердің, ұшқыштардың және “командостың” бірлескен күш жігерімен президент сарайын қорғаушы гвардияның қарсылығы басылып, билік АХДП жағына көшті. Біраз уақыттардан кейін Кандагар, Желалабад, Герат, Газни гарнизондары, Шинданд, Мазари-Шарифтегі әуежайлар көтерілісші офицерлердің бақылауына көшті. Әскери қызметшілер арасынан 43 адам қаза тапты. Жалпы шығын 100 адамға жетті.
1978 жылдың 27 сәуірінен 3 мамырына дейінгі аралықта Кабулда бірде-бір газет шықпады. Елдегі болып жатқан жағдайлар жөнінде халық тек радиодан ғана ақпарат алды. 28 сәуір күні сағат 1730 — да Кабул радиосынан Әскери-революциялық кеңестің мәлімдемесі хабарланды.
Қарапайым халық сәуір төңкерісінің жеңісін қуанып қарсы алды. Өйткені, ауған халқы өз өмірлерінде оң өзгеріс күтіп, ол өзгерістерге осындай төңкерістің нәтижесінде қол жеткіземіз деп үміттенді.
Ауғанстанның Қарулы күштері елдегі жағдайға толық бақылау орнатты. 29 сәуір күні таңертең жұмысшылар, қызметшілер, сатушылар, студенттер, еңбекшілер өздерінің күнделікті жұмысын бастады. Барлық дүкендер ашылып, тұрғындар азық-түлік және басқа тауарлармен толық қамтамасыз етілді. Елдегі шаруашылық механизмі бір қалыпты жұмыс істей бастады.
Жағдайдың тұрақтануы, ел басқару аппаратын азаматтық жүйемен алмастыруға мүмкіндік берді. 1978 жылдың 29 сәуірі күні кешкі сағат 9-да Әскери-революциялық кеңестің қарулы күштері өз билігін АДР-дың Революциялық кеңесіне өткізді.
Әскери-революциялық кеңестің Жарлығында оған қоса мынадай мәлімдемелер баяндалды: “1357 жылы 7 сәуірде (1978 жыл 27 сәуір) елде офицерлер мен солдаттардың бастауымен Ауғанстанда революциялық төңкеріс болды. Бұл төңкеріс 24 сағат ішінде Мұхаммед Даудтың жүйесін жойды. Әскери-революциялық кеңес өз билігін Ауғанстан Демократиялық Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік өкіметті Революциялық кеңеске өткізді. Революциялық кеңестің құрамына 40 адам кірді, оның бесеуі қарулы күштерінің өкілі болды.
1978 жылдың 30 сәуірінде АХДП өздерінің бірінші мәжілісінде ОК Бас хатшысы қызметіне Н.М.Таракиді сайлады және ол үкімет басшысы (Министрлер Кеңесі Төрағасы) болып та есептелді, ал Бабрак Кармаль – Революциялық кеңес төрағасының орынбасары және Ауғанстан үкіметі басшысының орынбасарлығына сайланды”.
Ең жоғарғы мемлекеттік өкімет органы деп есептелген Революциялық кеңес, 30 сәуір күні елді Ауғанстан Демократиялық Республикасы деп жариялады.
Алайда, революцияның алғашқы айлары революциялық бағыт елеулі түрде бұрмалаушылыққа ұрынып, қателіктер мен селкеуліктер елдегі оң процестің дамуын едәуір күрделенідіріп жіберді, революцияға бүйрегі бұратын одақтастарды үркітіп алды, сөйтіп, олардың көпшілігі революцияның жауына айналды. Бұдан бөлек, жер және басқа да реформаларды жүзеге асыру барысында асыра сілтеушілікке, революция заңдылықтарын бұзуға жол берілді.
Әсіресе, АХДП-ның шаруаларға қатысты теріс саясаты елдегі революциялық процестің дамуына кері әсер етіп, оны ауыр зардаптарға ұрындырды. Шаруалардың ең кедей топтарын билік басына келушілердің өз жағына тарта алмауы жергілікті жердегі контрреволюцияның ықпалын күшейтті.
Түрлі қолайсыздықтардан және контрреволюциялық насихаттың әсерінен шаруалардың едәуір бөлігі Пәкстан мен Иранға кетіп қалды, онда олар контрреволюцияның қарулы отрядтарының сарқылмас күшіне және оның қатарын толықтырудың негізгі көзіне айналды.
1978 жылы жазда АХДП-дағы алауыздықтың күшейе түсуі армияның бетімен кетуіне ықпал етті. Өкімет 1979 жылдың аяғына дейін армияда онға тарта жаппай тазалау жүргізді, мұның өзі офицерлер корпусының едәуір әлсіреуіне ықпал етті. Егер 1978 жылы маусымда армияда штаттағы саны 110 мың адам болуға тиіс жағдайда, 70 мың әскери қызметші болса, 1979 жылдың аяғында армия қатарында 40 мың адам қалды. Оқыту жағы да нашар болды. Кіші офицерлердің басым көпшілігі 6-8 апталық жеделдетілген курстарды ғана бітірді. 1979 жылдың аяғында ауған армиясында ұйымдасқан тәртіп бұзушылықтар етек ала бастады. Офицерлер құрамының арасында ұлтаралық қайшылық шиеленісіп кетті.
1979 жылдың аяқ шенінде-ақ Пәкстан аумағында революцияға қарсы күресушілердің 30-дан астам базалары мен оқу орталықтары құрылды. Бұл базаларда 1980 жылдың өзінде 30 мыңнан астам бүлікшілер даярлықтан өтті. Бұдан кейін Ауғанстанмен көршілес елдерде 100-ден астам оқу орталықтары жұмыс істей бастады, ал олардағы бүлікшіл күштер 100 мың бандиттер мен жалдамалыларға дейін өсті. 1979 жылғы мамыр айының аяғында 22 провинция соғыс жағдайына көшті. Осы жылдың қарашасынан жаңа өкіметтің бас орталығына нақты қауіп төне бастады.
Сәуірдегі әскери төңкерістен кейін АХДП басшыларының арасында, алғашқы жылдарда сақталған бақталастықтар қайта пайда болды. Бұл жағдай сонау 1967 жылы көктемде АХДП-ның екі топқа: Н.М.Тараки басшылығындағы “Халық” және Б.Кармаль басшылығындағы “Парчам” топтарының жікке айырылуын қайта еске түсірді. Төңкерістен жеті ай өткеннен кейін, 27 қарашада “парчам” тобының тоғыз адамы партиядан шығарылып, халық жауы деп жарияланды.
Күннен-күнге адамдардың көпшілігі жаңа өкіметке деген сенімін жоғалтты. Осыдан барып, ел ішінде бүлікшілер легі көбейді. Бірдестен кейбір сыртқы елдер тарапынан Ауғанстанның ішкі ісіне араласушылық етек алды.
Осындай ахуалдың аясында 1978 жылдың көктемінен – 1979 жылдың күзіне дейінгі уақытта ауғандық басшылар арасында қарама-қайшылықтар күшейді. Н.М.Тараки мен Х.Амин арасында билік үшін күрес басталды.[4,2]
1.2. Кеңес әскерінің кіргізілуі
Ауғанстандағы және оның айналасындағы шиеліністі жағдайлардың өршуіне байланысты ауғандық жетекшілер тарапынан АДР-ға өз әскерлерімен көмек беру жөнінде Кеңес Одағына өтініштер түсе бастады. Мұндай өтініштер Кабулдағы кеңестік өкілдер: КСРО-ның Ауғанстандағы төтенше және өкілетті елшісі А.М Пузанов, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің өкілі генерал-лейтенант Л.Н.Горелов арқылы берілді. Ауғандық үкімет басшылары өз елінің ішіндегі жағдайды Кеңес Одағын тікелей қатыстыра отырып шешуге тырысты.
1979 жылдың 15 наурызында Гератта 20 мың адамнан тұратын тұрғындардың үкіметке қарсы бүлігі бұрқ ете түсті. Оған командирлерінің ынтасымен әскери гарнизон бөлімшелері де белсене қатысты. Мыңға жуық адам қаза болды.
Жағдай әлі түсініксіз болса да, КСРО Қорғаныс министрі Д.Ф.Устиновтың бұйрығымен Ауғанстан шекарасына жақын аудандарда кейбір шараларды жүргізу басталды. Ол КСРО Қарулы Күштерінің Бас штабына керек болған жағдайда бір әуе-десант дивизиясын уақытша әуеден түсіру үшін дайындауға, Түркістан әскери округінің танкшілер мен атқыштар полкының әскери дайындығын күшейтуге және Орта Азия әскери округінің кейбір дивизияларын Термез ауданына қарай жылжытуға бұйрық берді.
Үш күннің ішінде (17-19 наурыз) Л.И.Брежневтің ұсынысымен Гераттағы бүлікшілердің әрекетіне қарсы, сонымен бірге Гераттағы қарулы қақтығыстарды басып-жаншуға көмек беру үшін кеңес әскерлерін енгізу өтініші КОКП ОК Саяси Бюросының мәжілісінде талқыланды.
Н.М.Таракидің бастауымен ауғандық жетекшілер бірінші рет кеңестік әскерлерді жіберу туралы өтініштерін білдірді. Оны Н.Тараки 1979 жылдың 18 наурызында А.Н.Косыгинмен телефон арқылы болған әңгімесінде айтты. Осыдан кейін “ауғандық үштік” Ю.В.Андропов, А.А.Громыко және Д.Ф.Устинов жиналды. Сөйтіп, АДР басшысы Н.Тараки жасырын түрде жедел Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге шақырылды.
Мәскеуде және Кабулда бұл істі ат төбеліндей адамдар ғана білді. Н.М.Тараки 20 наурызда Мәскеуге келді.
Н.М.Таракидің көңілі күпті болмас үшін сол күні Л.И.Брежневпен АДР басшысына кездесу ұйымдастырылды. 1979 жылғы мамырдың басында Орта Азия республикаларының түпкілікті ұлтынан жасақталған арнайы батальон құру жөнінде шешім қабылданды. 2 мамырда КСРО Қарулы Күштері Бас Штабы барлау басқармасының бастығы армия генералы П.И.Ивашутин осы басқарманың аға офицері В.В.Колесникті өзіне шақырып, мұсылман ұлты өкілдерінен құралатын батальонды жасақтауға және дайындауға басшылық етуді табыстады.
Айрықша мақсаттағы батальон үшін әскер құрамы Түркістан және Орта Азия әскери округтерінің, мұсылман ұлты өкілінен, әсіресе, барлаушылар, атқыштар және танкішілер бөлімшелерінен таңдалынып алынды. Шығыс тілін білу және қайратты болу – басты талап болды. Батальон тек жаңа техникамен және қару-жарақпен жасақталынды. Ол арнайы екі топқа бөлінген бес ротадан тұрды. Саны 500 адамнан сәл артық болды. Батальон командирі болып В.В.Колесниктің ұсынысы бойынша өзбек ұлтының өкілі, майор Хабид Тәжібайұлы Халбаев тағайындалды. Мамыр айының аяғына қарай “мұсылмандық” батальон құрылып бітті. Ол Ташкент маңындағы Шыршықта танкішілер училищесіне жақын жердегі әскери қалашыққа жайғасты. Жаз бойы әскер құрамы арнайы мамандықтар бойынша атыс тактикаларын игеруге және жалықпай дене шынықтыру ісіне (қару-жарақтың бар түрінен ату, бетпе-бет айқасу, жүгіру, мина істерін игеру және т.б.) дайындалды. Оларға қоса бірте-бірте КСРО МҚК-нің айрықша мақсаттағы бөлім¬шелері дайындыққа кірісті. Кейбіреулері Кабулға ертерек апарылып тасталынды.
Ауғандық жетекшілер Кабулдағы кеңестік өкілдер арқылы өз өтініштерін жеткізу туралы сұраныстарын тоқтатпады, ал кеңестік өкілдер болса ауғандық жетекшілердің өтініштерін тізбектей жаза отырып Мәскеуге хабарлама беруден жалықпады. Ал, бұлай хабарлама жіберіп отыру, Кеңес әскерлерінің 1979 жылдың 25 желтоқсанында Ауғанстанға енгенге дейінгі күнделікті дағдысына айналды. Х.Амин өз өкілеттілігін күшейту мақсатында Ауғанстанда кеңес әскерлерінің болуын өте қатты қалады және осы мақсатқа жету үшін қолынан келгенінің бәрін істеп бақты. Ол сол уақытта кеңестік әскердің өзінің түбіне жетушілер болатынын ойламады.
Сол жылдардағы кеңестік сарапшылардың бағалауы бойынша, КСРО басшылары қорыта келе қандай революцияны қорғауға жиналғанын білмейтін, оған қоса өздері соңына дейін шеше де алмаған қиын қадамға тап болды. Бірте-бірте Аминді қызметінен шеттететін және оның орнын оған қарағанда адал істейтін қайраткермен алмастыру ойлары пайда бола бастады. Бұл уақытта Чехословакиядан жасырын түрде келіп, 1978 жылдың тамызынан бастап КСРО-да жер аударылушы құқында өмір сүріп жатқан, “Парчам” фракциясының көсемі Бабрак Кармаль Мәскеуде жүрді. Сөйтіп, ол сарапшылардың берген бағасы бойынша, Х. Аминнің көзін құртатын күреске жетекші болу ұсынылды. Бабрак Кармаль оған келісім беріп, тез арада КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің бақылауына алынды.
Бұл уақытта “мұсылмандық” батальонды дайындап болған полковник В.В. Колесник Мәскеуге шақырылып, өзінің күнделікті міндетін атқаруға кірісті. Ал батальонның жеке құрамасы 10-12 қарашада Ташкент және Шыршық әуежайынан ұшырылып Ауғанстандағы Баграм авиабазасына түсірілді. Мұсылмандық батальондағы барлық офицерлер мен солдаттарға ауғандық әскери киімдер кигізілді және жергілікті әскери қызметшілерден олардың айырмашылығы аз еді. Бір ай ішінде айрықша мақсаттағы батальон Ауғанстанға келген соң өздері түсірілген әуежайда жауынгерлік және арнайы дайындықпен айналысып, Ауғанстан астанасы Кабулға жылжуға дайындалды.
Тек 1979 жылдың 10 қазаны күні Н.М.Таракидің қазасы туралы хабар ресми түрде таратылды. Осы күнге дейін екі күн бұрын Х.Аминнің бұйрығы бойынша, Н.М.Таракидің буындырылып өлтірілгеніне қарамай, оны жүрек талмасынан қаза тапты деп жариялады.
Мемлекеттік төңкеріс жасалынып, Х.Амин өкімет басына келген соң, елде қатаң рең алған оқиғалар орын ала бастады. Ол, ең алдымен, өзіне қарсы сөз айтқан немесе сәл де болса қарсылық көрсеткен, өзінің пікірімен келіспе-гендерді құрта бастады. Сонымен қатар, партияда жоғары беделге ие, болашақта өзіне иықтас болады-ау дегендердің көзін жойды. Х.Амин өлтірілгендердің жарым-жартылай тізімін жариялады. Онда 12 мың адамның аты-жөні берілген. Алайда, кейбір мәліметтерге қарағанда Сәуір төңкерісінен кейінгі алғашқы 18 айда, 1979 жылдың күзіне қарай өлтірілгендердің саны 50 мың адам, тіпті одан да асып түскен еді.
1979 жылы 8 желтоқсанда КОКП Бас хатшысы Л.И.Брежнев кабинетінде мәжіліс болып, оған КОКП ОК Саяси Бюросының шағын тобы: Ю.Андропов, А.Громыко, М.Суслов және Д.Устинов қатысты. Олар Ауғанстан төңірегіндегі қалыптасқан жағдайларды талдай келіп, екі вариантпен жұмыс істеуді шешті; Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (МҚК) арнайы қызметкерлерінің қатысуымен жаңадан үкімет басына келген Ауғанстан басшысы Х.Аминнің көзін жойып, оның орнына Бабрак Кармальды қою; бұл мақсатты орындау үшін Ауғанстан территориясына әскердің кейбір құрамаларын жіберу мәселесі қаралды.
1979 жылдың 10 желтоқсанында КСРО Қорғаныс Министрі (ҚМ) Д.Ф.Устинов Бас штабтың бастығы Н.В.Огарковты өзіне шақырып алып, оған Саяси Бюро Ауғанстанға кеңес әскерлерін уақытша енгізу үшін алдын-ала шешім қабылдағанын айтып, шамамен 75-80 мың адамды дайындау тапсырмасын берді. Н.В.Огарков бұл тапсырмаға таңдана отырып, 75 мың адам ондағы жағдайды тұрақтандыра алмайтынын, бұл, ақылға сыймайтын іс екенін және әскерді енгізуге қарсы екенін айтты. Министр оны тез тоқтатып: “Сіз не, Саяси Бюроны оқытпақшысыз ба? Сізге тек бұйрықты орындау тапсырылады” – деді.
Осы күні КСРО ҚМ-нің Бас штаб бастығы Н.В.Огарков тез Л.И.Брежневтің кабинетіне шақырылды. Онда “шағын Саяси Бюро” деп аталатындар жиналды (Ю.Андропов, А.Громыко және Д.Устинов). Бас штабтың бастығы ауғандық мәселені күш қолдану арқылы емес, саяси жолмен шешу керек екендігін қатысып отырғандарға қайта түсіндіріп бағуға тырысты. Саяси Бюроның бұл кездегі шешімі Н.В.Огарковтың ғана емес, оның бірінші орынбасары С.Ф. Ахромеевтің де және Бас оперативті басқарма бастығы…….