Курстық жұмыс: Экономика | Қазақстан Республикасының Индустриялық инновациялық дамуының 2003 2015 жылдарға арналған мемлекеттiк стратегиясы

0

Мазмұны

Кіріспе
I-ТАРАУ. Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк стратегиясы
1.1 Әлемдiк экономиканың үрдiстерiн талдау
1.2 Қазақстан экономикасы құрылымын әртараптандыру проблемалары
1.3 Индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтарын анықтау әдiстерi
1.4 Өнеркәсiптi жаңғыртудың басым бағыттарын анықтау үшiн отын-энергетикалық кешеннiң (ОЭК) және экономиканың басқа да базалық салаларының инвестициялық және өндiрiстiк әлеуетiн пайдалану
1.5 Ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялы өндiрiстер құру саласындағы әлеуеттi басымдықтар
1.6 Қазақстанның инвестициялық қоры
1.7 Қазақстанның Даму Банкi
1.8 Инновациялық қор
1.9 Экспортты сақтандыру жөнiндегi корпорация

Қорытынды

I-ТАРАУ. Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк стратегиясы
1.1. Әлемдiк экономиканың даму үрдiстерiн талдау

Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн капитализмнiң әлемдiк жүйесi өзгерiске ұшырап, монополистiк немесе трансұлттық капитализмнiң жаңа белгiлерiне ие болды.
Мұндай өзгерiс әлемдiк сауданың едәуiр өсуiмен, трансұлттық компаниялардың пайда болуымен, шетелдiк инвестициялардың елеулi түрде артуымен және сауда шарттарының ырықтануымен сипатталады. Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзiлiк банк сияқты институттар пайда болды.
Егер елуiншi жылдары әлемдiк экономика дүние жүзiндегi барлық елдердiң ұлттық экономикасының жиынтығы болса, ал 60-жылдардан бастап корпорацияларды трансұлттық белгiлерi бойынша ұйымдастыру үрдiсi көрiнiс бере бастады.
Тоқсаныншы жылдарға қарай тауарлар мен қызметтер өндiру процесi толымсыз сипат алып, әлемнiң барлық елдерi бойынша шашыраңқы орналасты. Қаржы-өнеркәсiп капиталы трансұлттық сипатқа ие болды.
Дамушы елдер үшiн бұл өзгерiстердiң маңызы аса зор. Дамыған және дамушы елдер арасындағы шеткерi аймақтар шикiзат жеткiзуге, ал орталық оны өңдеп, шетке қайта жеткiзуге негiзделген дәстүрлі қарым-қатынастар айтарлықтай өзгердi.
Ғаламдық капитализм жағдайында дамушы елдер өндiрiстiк процесс тiзбегiне тартылып, қосылған құны барынша төмен тауарлар өндiрiсiнiң салыстырмалы төменгi сатысындағы тауарларды өндiрумен айналысады.
Әлемде индустриялық саясат жүргiзудiң мол тәжiрибесi жинақталған. Санаулы елдердiң ғана экономиканың бiр өнiмге тәуелдiлiк проблемасын ойдағыдай шешiп, өз өнеркәсiбiн әртараптандыра алғанын атап өтуге болады. Экспорттың құрылымын әртараптандыру үшiн индустриялық саясатты қолдану түрлi елдердiң тарихи өткен кезеңiнде импортты алмастыруға және экспортқа бағдарланған саясаты мысалдарынан айқын байқауға болады. Негiзiнен осындай саясат қолданылған Латын Америкасы (Мексика және Бразилия) және Шығыс Азия (Оңтүстiк Корея және Сингапур) елдерiне жасалған талдаудан экспортқа бағдарлану арқылы тұрақты экономикалық өркендеуге қол жеткiзуге болатындығы туралы негiзгi қорытынды жасауға болады.
Тарихи өткен кезеңде Латын Америкасы елдерi де, Шығыс Азия елдерi де импорттың орнын басу және экспортқа бағдарланған кезеңдерiнен өткен. Шығыс Азия елдерiнiң белгiлi бiр кезеңде импортты алмастыру саясатынан бас тартып, экспортты қолдау саясатына көшуі, ал Латын Америкасының импорт алмастыруға ерекше көңiл аударуы осы елдердiң ерекшелiгi болып табылады.
Экономикалық теория тұрғысынан алғанда экспортқа негізделген саясаттың табысты болуы түсiнiктi, себебi өзiнiң iшкi рыногының әлеуетiн сарқып тауысқан елдер өздерiнiң экономикалық даму процесiн тоқтатпау үшiн сыртқы рыноктарды игере бастауға мәжбүр болады. Латын Америкасының елдерi импорт алмастыруды қолдай отырып, нақты бәсекелестікке емес, жасалған әкiмшiлiк және тарифтiк тосқауылдарда негізделген салаларды құрғандығын атап өту керек. Бұл салалар нығайып алғаннан кейiн жаңғыртудың және өнiмдiлiктi арттырудың орнына өз ресурстарын импортты алмастыру саясатын одан әрi сақтап қалу мақсатында мемлекет арқылы өз мүдделерiн барынша қорғап қалуға бағыттады. Осының салдарынан ресурстар тиiмдi бөлiнбей, ұлттық экономикалар халықаралық бәсекеде ұтылып жатты.
Жалпы алғанда жаңа ғаламдық экономикалық жағдайды қалыптастыратын әлемдiк экономикадағы басым үрдiстердi төмендегiше жiктеуге болады:
дамыған елдерде индустриялық экономикадан сервистiк-технологиялық экономикаға өту;
ғаламдану;
экономиканы ырықтандыру;
ғаламдық бәсекенiң артуы және өңiрлiк ықпалдасу.
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегiнде экономикалық дамыған елдер индустриялық даму сатысынан аса жоғары сервистiк-технологиялық экономикаға өттi. Бұл елдерде ЖIӨ үлкен бөлiгi қызмет көрсету секторында қалыптасады. Мұндай қызметтердiң айқын байқалатын ғылыми және инновациялық негiзi бар.
Экономикасы дамыған елдерде зияткерлiк ресурстар және қаржы капиталы шоғырланған, ал индустриялық өндiрiс, әсiресе еңбектi көп қажет ететiн өндiрiстер бiртiндеп әлемнiң экономикалық даму тұрғысынан неғұрлым артта қалған елдерiне ауысуда.

1.2. Қазақстан экономикасы құрылымын әртараптандыру проблемалары

Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Қазақстан жаhандық экономикада әлемдiк тауар рыноктарына мұнай, газ, қара, түстi, жерде сирек кездесетiн және қымбат металдар мен уран өнiмдерiн шығаратын ел ретiнде қарастырылады. Ауыл шаруашылық өнiмдерiнен астық экспортының келешегi бар.
Қазақстанда пайдалы қазбалардың iрi қорларының болуы оның салыстырмалы экономикалық артықшылығы болып табылатындықтан, ол қазiргi уақытта классикалық экономика сценарийi бойынша дамуда.
Өндiрiстiң және шикiзат ресурстары экспортының қарқынды дамуы экономикаға экономикалық дағдарыстан шығып, соңғы үш жылда экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi.
Өнеркәсiптiң шикiзат салаларына шетелдiк инвестицияларды тарту және қаржы саласында құрылымдық-институционалдық өзгерiстердi жүзеге асыру жөнiнде мемлекеттiк саясаттан жүргiзiлуiне байланысты Қазақстан экономикасының дамуында iлгерiлеу байқалуда, елде өмiр cүру деңгейi жоғарылауда және ұзақ мерзiмдi кезеңде индустриялық сервистiк-технологиялық даму сатысына өтуге мүмкiндiк беретiн қаржы ресурстары жинақталуда.
Бүгiнгi таңда Қазақстанды әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретiнде мойындап отырғанын атап өту керек, ол ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып инвестициялық ел рейтингiне ие болды.
Дүниежүзiлiк Банк Қазақстанды әлемдегi инвестиция салуға ең тартымды 20 елдiң қатарына қосты. Тәуелсiздiк жылдары Қазақстан экономикасына 21 млрд. астам АҚШ долл. тартылды.
Стратегиялық тұрғыдан алғанда қабылданған үлгiге сәйкес Қазақстан бәсекелестiкке және әлемнiң барлық елдерiмен өзара тиiмдi ынтымақтастық орнатуға негізделген тауарларды, қызметтердi, капиталды және жұмыс күшiн экспорттауға бағдарланған ашық экономикалы ел ретiнде қалыптасады.
2001-2002 жылдары iшiнде ЖIӨ-нiң орташа жылдық өсу қарқыны 11,5 % құрады. 2010 жылы ЖIӨ екi есе ұлғайту үшiн оның орташа жылдық өсу қарқыны 7,2 % болуы керек.
Стратегиялық жоспарды iске асыру саласында ел экономикасының жақсы қарқын алғанын атап өту керек. Орта мерзiмдi кезеңде қарқынды дамуды жалғастыру және сонымен қатар экономика мен әлеуметтiк салада сапалы өзгерiстер жүргiзу керек.
Сонымен қатар Қазақстан отын және минерал шикiзатының iрi әлеуетiн шоғырландырған шағын экономика ретiнде өндiрiстiң өңдеушi салаларына инвестициялар үшiн тартымсыз. Бұл шикiзат ресурстарына жағдаяттың өзгеруiне қатысты ел экономикасын осал әрi тәуелдi етедi.
Әлемдiк тәжiрибе көрсеткендей, шикiзат ресурстарына бай кейбiр дамушы елдер тұрақты экономикалық дамуға қол жеткiзбей, шикiзаттың әлемдiк тауар рыноктарында жағдаяттың өзгерiстерiне тым тәуелдi болып қала бередi.
Экономиканың шикiзат секторларынан едәуiр табысқа иe болып, мемлекет пен жекe сектор экономиканың жаңа салаларын дамытуға ынталанбайды. Сонымен бiрге ресурстар қоры мардымсыз немесе тапшы елдер ілдебайлап күн кешу шегiнде болатындықтан, экономиканың жаңа секторларын дамытуға үнемi әрекет жасайды. Алайда ұзақ мерзiмдi келешекте шикiзат қоры сарқылады, бұл пайдалы қазбалардың кен орындары толықтай пайдаланылғаннан кейiн тұрақты даму тұрғысынан алғанда елеулi проблемалар туғызады.
Экономиканың шикiзат секторынан алынатын iрi кiрiстерден шектен тыс толығу қаупiн ескере отырып және мұнай бағасының күрт төмендеуiнiң зардаптарын болжау негiзiнде Қазақстанда Ұлттық қор құрылды, онда мұнай мен түстi металдарға әлемдiк баға деңгейiнiң белгiленген қалыпты шектен асып кетуiнен түсетiн кiрiстер жинақталады.
Бұл шара, сондай-ақ қазақстандық қаржы жүйесiне түсетiн валюта қысымын жоюға және экспортты ынталандыратын және дайын өнiмнiң импортын тежейтiн теңгенiң айырбас бағамын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Құрылымдық-институционалдық реформалар саласындағы жетiстiктердi, қаржы секторы сенiмдiлiгiнiң артуын және елдiң экспорттық әлеуетiнiң жедел қарқынмен өсуiн айта отырып, өнеркәсiптiң өңдеушi салалары, сондай-ақ өндiрiстiк сипаттағы қызметтер көрсететiн салалар тиiсiнше дамымай отырғанын атап өту керек.
Өңдеушi өнеркәсiпте металлургия өнеркәсiбi ғана сыртқы рынокта бәсекеге түсе алады. Тамақ өнеркәсiбiнiң кейбiр өнiмдерi осыған ұқсас шетелдiк өнiмдермен iшкi рынокта ғана бәсекеге түсе алады, ал өңдеушi өнеркәсiптiң қалған өнiмдерi бүгiнгi таңда тiкелей және жанама субсидиялардың есебiнен ғана ұсталып отыр. Бұл электр энергиясына, ЖЖМ, өнiмдi тасымалдауға төмен және экономикалық тұрғыдан негiзделмеген тарифтiң белгiленуiнен, кедендiк қорғау баждарын белгiлеуден көрiнiс беруде. 2003 жылға дейiн өнеркәсiптiң кейбiр (машина жасау, тоқыма, тiгiн, былғары аяқ киiм, резина және пластмасса бұйымдарын өндiру, химия өнеркәсiбi) салаларына бюджет алдында жол берiлген бұрынғы берешектерiн төлеу өсiмi есептелмей кейiнге қалдырылды. Тоқыма, тiгiн, былғары аяқ киiм өнеркәсiбi салаларының өзi өндiрген өнiмдi өткiзуге 2002 жылға дейiн ҚҚС нөлдiк cтaвкa бойынша салынды.
Қазақстанның қазiргi таңдағы экономикасында мынадай проблемалар орын алуда:
экономиканың шикiзат бағыттылығы;
әлемдiк экономикаға ықпалдасудың әлсiздiгi;
ел iшiндегi салааралық және өңiраралық экономикалық ықпалдасудың босаңдығы;
өңдеушi өнеркәсiп өнiмдiлiгiнiң төмендiгi;
iшкi рынокта (шағын экономика) тауарлар мен қызметтерге деген тұтыну сұранысының мардымсыздығы;
өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымның жеткiлiктi дәрежеде дамымауы;
мұнай-газ және кен-металлургиялық кешенге жатпайтын экономика салаларында негiзгi қорлардың тез тозуы;
кәсiпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалуы;
ғылым мен өндiрiс арасында ұтымды байланыстың болмауы;
ҒЗТКЖ қаржының аз бөлiнуi;
отандық ғылымның нарықтық экономика жағдайларына нашар бейiмделуi, ғылыми-техникалық өнiмдi тауар деңгейiне дейiн жеткiзудiң ықпалды тетiктерiнiң болмауы, соның салдарынан тұтастай алғанда инновациялық ұсыныстар деңгейiнiң төмен болуы;
мамандарды және жұмысшы кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың қазiргi заманғы жүйесiнiң болмауы;
экономиканың өңдеушi секторларына инвестициялар салуға отандық қаржы институттары үшiн ынталандыру көздерiнiң болмауы;
менеджменттiң экономиканы ғаламдану үрдiстерiне және сервистiк-технологиялық экономикаға өтуге бейiмдеу мiндеттерiне сәйкес келмеуi.
ЖIӨ-нiң 1 долларына электр энергиясының жұмсалу деңгейi бойынша, сондай-ақ экономика салаларындағы еңбек өнiмдiлiгi бойынша кейбiр индустриялық дамыған елдерден 7-10 еседен астам артта қалып отырмыз.
Қазақстан кәсiпорындарының негiзгi қорлары құлдырау алдында. 2001 жылдың басында негiзгi құралдардың тозу дәрежесi орта есеппен 29,7 % құрады. Бiрқатар салаларда негiзгi құралдардың нақты тозуы 50 % және одан астам деңгейге жақындауда.
Қазiргi уақытта қолданылып жүрген кәсiпорынның қарауында қалған пайда есебiнен негiзгi құралдарды жаңартуға қаржы ресурстарын жинақтау тәртiбi моральдық тұрғыдан ескiрген жабдықты ауыстыруға ынталылық туғызбайды және оны жаңартуда белгiлi бiр дәрежеде тежеушi болып отыр.
Негiзгi құралдарды жаңарту коэффициентi 1999 жылы — 8 %, 2000 ж. 13,8 % құрады. Мұндай өсуге мұнай және табиғи газ өндiруге инвестиция салу есебiнен қол жеткiзiлдi.
Негiзгi құралдар құрылымында аса тозғандары — машиналар және жабдықтар. Олардың тозу дәрежесi 2000 жылы 42,1 % құрады. Көлiк құралдары — 41 %, ғимараттар 36,5 % тозған.
Мұнай өндiрумен және металдарды өндiрумен байланысты емес салаларда жабдықтың тозу дәрежесi соңғы үш жылда 45 %-тен 62 %-ке дейiн құрады. Өңдеушi өнеркәсiп кәсiпорындарында толықтай тозған машиналардың, жабдықтардың және көлiк құралдарының үлес салмағы 12 %-ке жеттi.
Бұл жабдықтың шығарылу жылына қарай және моральдық тұрғыдан алғанда ескiруiне, ел экономикасының бәсекеге түсу қабiлетiнiң төмендеуiне душар етедi. Егер Қазақстанда ЖIӨ-нiң 1 долларын өндiруге 2,8 киловатт сағат жұмсалатын болса, Ұлыбритания, Германия, Италия және Жапония сияқты елдерде бұл көрсеткiш 0,22-0,3; АҚШ, Франция, Түркия, Кореяда — 0,4-0,6, Канада мен Қытайда — 0,8-1,2 киловатт сағатты құрайды.

Өндіріске жұмсалатын электр энергиясының шығындары (ЖІӨ-нің 1 долларына шаққанда кВт/сағ)
1995 1996 1997 1998 1999 2000
ТМД
Армения 4,35 3,88 3,66 3,28 3,09 3,13
Беларусь 2,36 1,63 1,85 1,54 2,18 2,51
Қазақстан 4,01 2,80 2,35 2,20 2,82 2,81
Қырғызстан 8,24 7,87 7,13 7,07 10,56 …
Молдова 0,83 0,83 0,78 0,71 0,94 0,70
Ресей 2,55 2,02 1,95 2,98 4,37 3,38
Украина 5,24 4,11 3,55 4,13 5,59 …
ҰӘлемнің басқа да елдері
Ұлыбритания 0,30 0,29 0,26 0,25 0,25 0,23
Германия 0,22 0,23 0,26 0,26 0,26 0,27
Италия 0,22 0,20 0,22 0,22 … …
Канада 0,96 0,94 0,91 0,92 0,88 0,82
Қытай 1,44 1,32 1,26 1,17 1,21 1,22
Республика Корея 0,42 0,44 0,52 0,75 0,66 0,58
АҚШ 0,45 0,44 0,45 0,44 0,42 0,30
Турция 0,51 0,52 0,54 0,54 0,59 0,56
Франция 0,32 0,33 0,36 0,35 0,36 0,38
Япония 0,19 0,21 0,24 0,27 0,24 0,22
Алынған көздері:
1) ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеті жинақтарының материалдары, 2000-2002;
2) «International Financial Statistics» Халықаралық Валюта Қорының статистикалық жинақтары, 2002.
Қазақстанда қаржы ресурстары бар, алайда банктер үлкен қауіп-қатерлер болуына байланысты операцияларға бара алмайды.
Ашық экономикалы шағын ел болғандықтан, Қазақстан әлемдiк бағаларға әсер ете алмайды, сондықтан оларды сол қалпында қабылдауға тиiс. Осының салдарынан ел өз экономикасына пәрмендi ықпал ету құралдарының шектеулi мөлшерiн ғана қолдана алады. Осыған байланысты экономиканың сыртқы факторларға дәрменсiздiгiн азайту үшiн елде жоғары технологиялық өндiрiстердi құру аса өзектi мәселеге айналуда.
Өткiзуден түсетiн табыстың 1 теңгесiне жұмсалатын шығындардың көрсеткiшi еңбек және материалдық ресурстарды пайдалану тиiмдiлiгiн бағалаудың индикаторы болып табылады. Бұл көрсеткiш өткiзiлген өнiмнiң (жұмыстардың, қызметтердiң) өзiндiк құнының оларды сатудан түсетiн табысқа қатынасымен өлшенедi. Бұл көрсеткiш аз болған сайын кәсiпорынның табысы жоғары болады.
Қазақстан экономикасында 2002 жылы мұнай және табиғи газ өндiру (0,39) кезiнде, қаржы қызметiнде (0,48), темекi өнiмдерiн өндiруде (0,58), түстi металдар өндiруде (0,55) өндiрiлген капитал мен адам күшін пайдаланудың жоғары тиiмдiлiгi орын алды. Өткiзiлген өнiмнiң 1 теңгесiне жұмсалған шығындардың төмен деңгейi ауыл шаруашылығында (0,91), химия өнеркәсiбiнде (0,85), электр энергиясын, газ және су өндiру мен бөлуде (0,86), құрылыста (0,85), сусындарды қоса алғанда тағам өнiмдерiн өндiруде (0,8) байқалды.
Салық шегерiмдерiн, өнiм тасымалдауға және жарнамаға жұмсалатын шығындарды есепке алғанда көптеген салалардың кәсіпорындары залалда қалады.
Жұмысшылардың санын қысқартатын жаңа технологияларды қолдану, өнiмнiң материал және энергия сыйымдылығын төмендету кәсiпорынның табыстылығын жоғарылатудың резервтерi болып табылады.
Индустриялық саясат дегенiмiз мемлекеттiң бәсекеге түсуге қабiлеттi және тиiмдi ұлттық өнеркәсіпті қалыптастыру үшiн кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасауға және қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенiн бiлдiредi.
Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттiк стратегиясы 2010 жылға дейiнгi кезеңге арналған стратегиялық жоспарда белгiленген мақсаттарға қол жеткiзудi қамтамасыз етуi, сондай-ақ одан кейiнгi жылдары қазақстандық экономиканың сервистiк-технологиялық бағыттылығын қалыптастыру негiздерiн құруы тиіс.
Стратегияның басты мақсаты шикiзаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететiн экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзу; ұзақ мерзімді жоспарда сервистiк-технологиялық экономикаға өту үшiн жағдай жасау болып табылады.
Өңдеушi өнеркәсiпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге түсуге қабiлеттi және экспортқа негiзделген тауарларды, жұмыстар және қызмет көрсетулер өндiрiсi мемлекеттiк индустриялық-инновациялық саясаттың басты нысанасы болып табылады.
Бәсекеге түсу қабiлетi дегенiмiз қазақстандық кәсiпорындардың экспортқа шығарылатын өнiмдердi өндiру қабiлетiн бiлдiредi. Басқаша айтқанда, өңдеушi өнеркәсiптiң өнiмi осындай әлемдiк стандарттарға сәйкес келуi керек және баға бойынша бәсекелесуге қабiлеттi болуы тиiс.
Экономиканың шикiзаттық секторын дамыту Үкiметтiң салалық және секторлық стратегиялары бойынша жүзеге асырылады.
Стратегияның мiндеті:
өңдеушi өнеркәсiпте орташа жылдық өсу қарқынын 8-8,4 % мөлшерiнде қамтамасыз ету, 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы еңбек өнiмдiлiгiн кемiнде 3 есе арттыру және ЖIӨ энергия сыйымдылығын 2 есе төмендету;
өңдеушi өнеркәсiптiң негiзгi қорларының өнiмдiлiгiн арттыру;
кәсіпкерлiк ахуалды, құрылымды қалыптастыру және жеке секторды ынталандыратын әрi бәсекелестiк артықшылықты жетiлдiретiн қоғамдық институттарды ұстау, қосылған құнға барынша қол жеткiзе отырып, нақты өндiрiстерде қосылған құн тiзбегiндегi элементтердi игеру;
ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық экспортқа негiзделген өндiрiстер құруды ынталандыру; …….

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!