Курстық жұмыс: Экономика | Инфляцияға қарсы саясат және Қазақстандағы оның әдістері

0

Мазмұны

Кіріспе…………………………………………………………………………………….. 5
1. Инфляцияның мәні және мазмұны……………………………………………. 6 -12
2. Инфляцияның салдары, ерекшеліктері………………………………………13-23
3. Инфляцияға қарсы саясат және Қазақстандағы оның әдістері…….24-30
Қорытынды ……………………………………………………………………………31
Қолданылған әдебиеттер………………………………………………………..32

1 Инфляцияның мәні және мазмұны

Инфляция — бұл кез келген экономикалық даму үлгісіне тән күрделі де көпфакторлы, обьективті құбылыс. Ол қағаз ақша айналымына негізделген және ұдайы өндіріс процесінің бұзылуымен сипатталады.
Инфляция — бұл бағаның өсуінен, тауарлар тапшылығынан, тауарлар және қызметтер сапасының төмендеуінен туындайтын ақшаның құнсыздануы, сондай — ақ оның сатып алу қабілетінің төмендеуі.
Алтын немесе күміс ақша айналымы кезінде инфляция болмайды, неге десеңіз, ақша ол кезде құндылықтың белгісі емес нақты құндылықтың өзі болған, қажетті ақша көлемі алтын — күміс қорымен реттелген. Қағаз ақша айналымында жағдай басқаша қалыптасады. Мұнда қағаз ақша байлықтың тек белгісі ғана. Қағаз ақша қазына сақтау қызметін толық атқара алмайды. Қор сақтау үшін адамдар ақшасына құнды заттар алуға ұмтылады. Қор ретінде қағаз ақша шектеулі көлемде ғана сақталады. Олардың көбі айналымға шығарылады, айналымдағы ақша көлемі қажеттіліктен тыс өседі. Артық ақша сұранымды арттырады. Артық сұраным, өз кезегінде, бағаларға қатты ықпал жасап, оларды көтеріп жібереді.
Инфляция — бұл жалпы ұсыныс пен сұраныс арасында қалыптасқан сәйкессіздік. Ақша тауарларды сатып алу қабылеті күшті валютамен салыстырғанда құнсызданады. Инфляцияны бұлай түсіндіру, яғни ақшаның алтынға қатысты құнсыздануы, алтынды бұрынғыша ақша сияқты жалпылама эквивалент деп қарастыруда жатыр. Ең алдымен бағаның өсуі тауарға сұраныстың оның ұсынысынан артық болуымен байланысты. Белгілі тауар рынокында сұраныс пен ұсыныстың сәйкестілігінің бұзылуы әлі инфляция емес. Инфляция елдегі баға деңгейінің өсуі. Бағаның көтерілуіне нақтылы экономикалық жағдайлар да әсер етеді. Мысалы, 70-жылдардағы энергетикалық дағдарыс тек мұнай бағасының өсуінен (мұнай бағасы 20-есеге өсті) емес, басқа да тауар мен қызмет көрсету бағаларының өсуімен байланысты. 1973-жылы жалпы бағаның деңгейі 7%-ке, 1979 жылы — 9%-ке артты. Ақша әсерінен тыс, тауар бағаларының өзгеруі еңбек өнімділігінің артуына, циклдық және маусымдық толқуларға, ұдайы өндірістегі құрылымдық өзгерістерге, бағаның монополиялануы мен экономиканы мемлекеттік реттеуге, салықтың жаңа ставкаларын енгізуге, ақша өлшемінің девальвациялынуы мен ревальвациялануына нарық коньюнктурасының өзгеруі мен сыртқы экономикалық байланыстардың ықпалына және т.б. байланысты. Демек, бағаның көптеген неше түрлі себептердің әсері болады, Бірақ бағаның кез келген өсуі де инфляция емес. Айталық экономиканың конъюнктуралық ауытқуына байланысты бағалардың өсуін инфляцияға жатқызуға болмайды. Еңбек өнімділігі өскенде баға деңгейі төмендейді. Бірақ егер негізгі өндіріс салаларында еңбек ақы деңгейі еңбек өнімділігінен тез өскен болса онда ұлттық шаруашылықта «шағын инфляциясы» деп аталатын жағдай қалыптасып бағалардың жалпы деңгейі өседі. Кездейсоқ апаттарда бағаның инфляциялық өсуіне көп әсер етпейді.
Сонымен баға өсуінің инфляциялық себептеріне нені, қандай жағдайларды жатқызуға болады? Инфляция көп сәйкессіздіктермен байланысты екенін еске ала отырып, оның негізгі себептерін қарастырып көрелік. Біріншіден, бұл мемлекеттік шығындар мен табыстар арасында қалыптасқан диспропорция немесе тепе-теңдіктің бұзылуы. Бұл мемлекет бюджетінің тапшылығы түрінде көрінеді. Егер тапшылық орталық банктің несиесі, яғни айналымға қосымша ақша шығару арқылы қаржыланған болса, онда бұл айналымдағы ақша массасын арттырады және инфляцияны қалыптастыру әбден мүмкін.
Екіншіден, егер инвестицияларды қаржыландыру, жоғарыда айтылған әдіспен, яғни орталық банктің несие беруімен жүргізілетін болса, түптеп келгенде, бұлда инфляцияның себебіне айналуы мүмкін. Әсіресе экономиканы милитариландырумен байланысты инвестиция инфляцияны өршітеді. Ұлттық табысты әскери мақсатқа пайдалану, өндірістік емес шығындар — олар қоғамдық байлықты текке рәсуа етеді. Әскери ассигнациялар бір сәтке ғана қосымша төлем қабілеті бар сұраныс туғызып, тауармен қамтамасыз етілмеген ақша массасының өсуіне әкеледі. Әскери шығындардың өсуі мемлекеттік бюджеті тұрақты тапшылық жағдайына және мемлекеттік қарыздың ұдайы өсуіне ұрындырады.
Үшіншіден, баға деңгейінің жалпы өсуі қазіргі рыноктық экономиканың ерекшелігіне байланысты. Бұл кезең жетілген бәсеке кезіндегі рынокта көптеген өндірушілер болып, өнімдердің түрі аз, капитал ауысуы оңай уақытқа мүлдем ұқсамайды. Қазіргі нарық белгілі дәрежеде олигополиялық нарық. Ал олигополист (жетілмеген бәсекелес) едәуір дәрежеде бағаны билейді. Олигополиялар бағаны өсіруді бірінші болып бастамаса да, олар оны қолдауға ынталы. Жетілмеген бәсекелес бағаның жоғары деңгейін ұстап тұру үшін өндіріс пен тауар ұсынуды қысқарту арқылы дефицит жасауға тырысады. Өздері билік жүргізетін нарықта бағаның төмендеуін болдырмау үшін олигополия мен монополия икемді тауар ұсынысына қарсы болады. Салаға жаңа өндірушілердің келуін тежеу үшін олигополистерге жиынтық сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуі көмектеседі.
Төртіншіден, ұлттық экономикалардың «ашыла» түсуіне, олардың дүниежүзілік шаруашылық қатынастары жүйесіне тартылуына байланысты инфляцияның бір елден екінші елге ауысу қауыпы артады. Жоғарыда аталған 1979 жылғы энергияға бағаның шарықтауы (энергиялық дағдарыс) сырттан әкелетін мұнайға бағаны өсіріп, технологиялық тізбек бойынша басқа тауарлар бағасының қымбаттауына әкелді. «Импортталған инфляциямен» күресу мүмкіншіліктері де шектеулі келеді. Әрине, ұлттық валютаның бағасын арттырып импортты арзандатуға болады, бірақ бұл жағдайда экспорт қымбаттап, ұлттық өнімінің әлем нарығындағы өтімділігі кемиді.
Бесіншіден, «инфляцияны тосу» деген жағдайға байланысты инфляциялық процесс өзін-өзі қолдап жалғаса береді. Батыс елдерінде, көптеген экономистердің пікірінше, «инфляцияны тосу» психологиясын жеңу антиинфляциялық саясаттың негізгі мақсаты деп анықталады.
«Инфляцияны тосу» механизмі экономикаға қалай әсер етеді? Мәселе мынада: адамдар ұзақ уақыт бағалардың өсуін көріп, олардың болашақта төмендеуінен күдер үзеді де, жаппай тауар сатып алуға көшеді. Сонымен қатар олар еңбекақы деңгейін көтеру туралы үкіметке талап қояды. Еңбекақының өсуі тұтынушылық сұранымын одан әрі арттыра түседі.
Өндірушілерде шикізат пен материялдарға және энергияға бағаның өсуін болжап, өздерінің өнімдеріне бағаны арттыра түседі әрбір өндіруші өзін инфляциядан алдын ала сақтандыру мақсатында өніміне бағаны еселеп көтереді. Нәтижесінде, бағалар сұраным көлемі анықтайтын деңгейден артып, «инфляцияны тосу» деңгейіне көтеріледі.
Инфляцияның себептері сан қилы, бірақ әр кезде олардың белгілі бір комбинациясы (құрамасы) қалыптасады. Айталық, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Европа елдерінде тапшылыққа байланысты өте күшті инфлиция қалыптасқан. Соңғы жылдары батыс елдерінде инфляцияның негізгі себебі мемлекет шығындарының өсуі, «баға — еңбекақы», «инфляциялық тосу», «инфляцияның бір елден екінші елге ауысуы» және басқалары болды. Бұрынғы кеңес Одағындағы инфляцияның негізгі себебі ретінде әкімшілік жоспарлау жүйесінде қалыптасқан экономикалық диспропорцияларды айтуға болды.
Батыс елдердің экономистері жасаған теорияларда балама қайнар көзі ретінде «сұраныс инфляциясы» мен «шығын инфляциясы» көрсетеді.
«Сұраныс инфляциясы» жалпы сұраным мен ұсыным арасындағы тепе-теңдіктің сұраным жағынан бұзылуын білдіреді. Бұл жерде мемлекет шығындарының артуы, өндіріс және еңбек ресурстарының толық іске қосылған жағдайында өндіріс құралдарына қосымша сұранымның қалыптасуы және тұрғындардың тұтынушылық мүмкіншіліктерінің артуы негізгі себеп болуы мүмкін. Осы жағдайларға байланысты айналымға артық ақша массасы шығып, жалпы баға деңгейі өседі. Өндіріс саласында еңбекпен толық қамтылған жағдайда айналымдағы артық төлем ақша массасы шектеулі тауар ұсынымына тап болып, бағалардың инфляциялық өсуін қалыптастырады. Сұраным инфляциясын график түрінде былай суреттеп көрсетуге болады. (1-сызба).
Жоғарыда келтірілген себептерге байланысты ақша массасының өсуі жалпы сұраным сызығын солдан оңға қарай жылжытады (АD1 – AD2) және, экономика жалпы ұсыным қисығының аралық (2) немесе классикалық (3) үзіндісінде болса, бұл баға деңгейін арттырады (Р1 — Р2), яғни инфляция қалыптасады.
Сұраныс инфляциясы. 1-сызба

«Шығындар инфляциясы» өндіріс шығындарының өсуінен туындаған бағалардың жаппай өсуін білдіреді. Өндіріс шығындарының өсуі монополиялық немесе олигополиялық бағалардың қалыптасуынан, мемлекеттің қаржы саясатынан, шикізат пен энергия ресурстарына бағаның өсуінен және басқа себептерден болады.
Шығындар инфляциясын график түрінде суреттеп көрсетуге болады (2-сызба).
Айтылған себептерге байланысты өндіріс шығындары өседі, жалпы ұсыным қисығы солға қарай жылжиды (АS2 — АS1), баға деңгейі өседі (Р1 — Р2), өндіріс көлемі қысқарады (Q2 – Q1), яғни ЖҰӨ-нің нақты көлемі қысқарады.

Шығындар инфляциясы 2-сызба.

Бағалардың өсуі тұрғындардың нақты табысын төмендетеді. Сондықтан кәсіподақтар еңбекақының номиналды деңгейін көтеру туралы талап қояды. Үкімет инфляция шығындарының орнын толтыру саясатын ұстануға мәжбүр болады. Бағалардың жаппай өсуі табыстарды индексациялауға мәжбүрлейді, бұл өндіріс шығындарын арттырады, яғни инфляцияның одан да жоғары көтерілуіне себеп болады. Табысты индексациялау бағдарламасы экономиканың әртүрлі салалары үшін бірдей болуы мүмкін емес, басқаша айтқанда табысты индексациялау барлық топтар үшін бірдей болмайды.
Инфляцияның әртүрін оның басқа түрінен ажырату өте қиын, олар өзара тығыз байланысты түрде қалыптасып дамиды. Мысалы, еңбекақының өсуі табыс инфляциясының себебі ретінде көрінуі мүмкін.
XX ғасырдың екінші жартысында жұмыспен толық қамту, еркін бәсекелік нарық жағдайы, бағалардың үзақ мерзімдік тұрақтылығы әлемнің бірде-бір елінде қатар қалыптаспағанын айту қажет. Бұл кезеңде бағалар тоқтаусыз өсіп отырды, ал 60-шы жылдардың соңынан бастап экономиканың құлдырау жағдайында да бағалар өсті, дағдарыс фазасында бағалардың өсуі XIX ғасырдағы циклдер үшін болмаған жағдай. Бұл құбылыс экономикада «стагфляция» деп аталады.
Соңғы кездерге дейін дүниежүзілік шаруашылықта инфляция, әдетте, төтенше жағдайларға байланысты пайда болатын еді. Мысалы, соғыс жылдарында мемлекеттер әскери шығындарын жабу үшін көп көлемде қағаз ақшаларды шығаруға мәжбүр болды. Соңғы жылдары бірқатар елдердің экономикасы үшін ол айықбас ауруға, ұдайы өндірістің тұрақты факторына айналды.
Инфляцияны әртүрлі белгілері негізінде жіктейді. Инфляцияның мынадай түрлері болады.
1. Баға өзінің қарқыны бойынша:
— Баяу инфляция — жылына 10% дейін өсу түрі. Экономика теориясында инфляцияның баяу түрін өндірістің дамуына қосымша оңды әсер ететін фактор ретінде қарастырады. Баяу инфляцияны олар мемлекеттің бірден бір тиімді саясат жүргізу құралы ретінде түсіндіреді. Баяу инфляция саясаты өндіріс пен нарық (сұраныс) жағдайларының өзгеруіне сәйкес бағаларды реттеп отыруға мүмкіндік береді.
— Қарқынды инфляция — бағалардың жылында 20%-дан 200% дейін өсу түрі. Экономика үшін едәуір қиын жағдай, бірақ іскерлік қатынастардың көбі қарқынды инфляцияны алдын ала ескеріп, оған икемдеме береді.
— Гиперинфляцияда бағалардың жалпы деңгейі мыңдаған пайызға артқан жағдаймен сипатталады. Сонымен қатар гиперинфляция — инфляцияның ұлттық өндіріс пен жұмысбастылық көлеміне күйретерліктей ықпал жасайтындай төтенше тез қарқынды өсуі болып табылады. Мәселе мынада, егер бағалар жайлап, түрақты өсіп келе жатса халық пен кәсіпорын олардың одан әрі көтеріле түсуіне дайындалады. Сондықтан да, олардың пайдаланылмаған жинақ ақшасы және ағымдық табыстары құнсызданып кетпеуі үшін, яғни, болжамдалған баға көтерілуін анықтау үшін, «ақшаларын дәл қазір жаратуға» мәжбүрлі болады. Инвестициялық тауарларды сатып ала отырып, кәсіпорындар да солай істейді. «Инфляциялық елірме» әкелген қылықтар бағаға қысымшылықты күшейтеді, және инфляция «өзін-өзі қоректендіре» бастайды. Мұның үстіне, өмір сүру құнының артуына байланысты, жұмысшылар талап етіп және өте жоғары жалақы алады. Ал кәсіподақта болса, өткен жылғы өсімін жабуға ғана жетерліктей жалақы өсуіне ұмтылып қоймайды, сонымен бірге жаңа ұжымдық келісім күшінде тұрғанда, сол кезеңде күтілген инфляцияны өтеуді де талап етеді. Мұндай талаптарды қабылдамай тастап, елді ереуілге жіберу экономикалық өрлеу кезеңі үшін ең тиімді уақыт емес. Фирма әкімшілігі бағаны арттыра отырып жұмысшы күшіне кеткен өз шығындарын өтеп алады. Мұндай көп ретте фирмалар, пайда табушылар инфляциялық парадтың алдында немесе бірқатарда келе жатқандығына көз жеткізу үшін бағаны бір екі сатыға көтеріп жіберуге тырысады. Бағаның мұншалықты көтерілуі нәтижесінде тіршілік құны артады, жалақыны айтарлықтай көтеруді қайтадан талап етуге жұмысшылардың тамаша мүмкіндігі туады. Бірақ ол баға көтерілуінің жаңа орамына жеткізеді. Ақырғы нәтиже болып жалақы мен бағаның кумулятивтік инфляциялық шиыршығы (спираль) саналады. Жалақы мен бағаның көтерілуі бір бірін қоректендіреді, және ол жорғалаған инфляциялардың жоқырақтану инфляцияға өтуіне көмектеседі. Гиперинфляция қайта бөлу үшін қиратушылық салдардан басқа экономикалық күйреуді жеделдетуі мүмкін деп саналады. Қатал инфляция күш-жігердің өндіріске емес, алыпсатарлық қызметке бағытталуына ықпал етеді. Кәсіпорындарға болашақтағы баға көтерілуін көре білген жағдайда шикізаттар мен дайын өнімдерді жинақтау беру барған сайын тиімді бола бермек. Шикізаттар мен дайын өнімдер мөлшеріне сұранымның сәйкес келмеуі инфляциялық қысымның күшеюіне тірейді. Капиталдарын инвестициялық тауарларға жұмсаудың орнына өндірушілер мен жекелеген адамдар инфляциядан қорғанып, өнімсіз материялдық құндылықтарды -сәндік бүйымдарды, алтын және басқа қымбат бағалы металдарды, қозғалмайтын мүліктерді т.б. ала бастайды.
Баға кілт жоғарылап, кілт төмендей беретін төтенше жағдайларда қалыпты экономикалық қатынас бұзылады. Кәсіпорын иелері тауарларға қандай баға қоюларын білмей, дал болады. Ал тұтынушылар болса, қандай баға төлейтіндерін білмей әуреленеді. Шикізат жеткізушілер болса, құны тез түсіп кететін ақшаны емес, нақтылы тауарларды алғылары келеді. Несиешілер арзан ақшамен қарыздарын қайтарғылары келген өздеріне қарыздар адамдардан қашқақтауға тырысады. Іс жүзінде ақша өз бағасын жоғалтады және ол құн өлшемі мен айырбас құралы ретінде өз функциясын орындауды тоқтатады. Өндіріс пен айырбас шиқылдай отырып аялдамаға қарай жылжыйды, ең ақырында қорытындыда экономикалық, әлеуметтік және, аса маңызды, саяси былық тууы мүмкін. Гиперинфляция қаржылық күйреуді, тоқырауды және қоғамдық-саяси тәртіпсіздікті жеделдетеді. Стагфляция инфляция экономикадағы құлдырауға байланысты болады.
2. Инфляциялық үрдістің сипатына қарай: Ашық инфляция — бұл жағдайда бағалардың өсуі және өсу қарқыны айқын байқалады және ресми түрде есепке алады. Бірақ, бағалардың деңгейі ресми түрде өспеген болса да құнсыздану (инфляция) жағдайда қалыптасуы мүмкін. Инфляцияның бұл түрі тауар тапшылығынан көрінеді. Тауарлардың тапшылығына байланысты оларды ақшаға сатып алу қиындайды, яғни ақша (табыс) құнсызданады.
— Жабық инфляция, яғни тауар тапшылығы жағдайында бағаға мемлекет қатаң бақылау жасайды.
— Инфляциялық шок, яғни бір мезетте бірден баға өсіп кетеді.
3. Таралу орнына қарай:
— Локалдық инфляция, яғни баға бір ғана елдің шекарасында өседі.
— Дүниежүзілік инфляция, яғни кейбір елдер топтарын немесе барлық ғаламдық экономиканы түгелдей дерлік қамтиды.
4. Әртүрлі бағалардың өсу қарқындарының сәйкестіктері бойынша:
— Теңгермелі, яғни бағалар бір қалыпты және баяу өседі. Бұл жағдайда бағалардың бір жылдық өсуіне сәйкес пайыз кесімі де өседі. Нарықта тепе-теңдік сақталады.
— Теңгермелі емес инфляция кезінде және товар топтарына бір қалыпты емес, әртүрлі қарқынмен өседі.
5. Болжамға сәйкес дәрежесі бойынша:
-Тосылған инфляция, яғни алдын ала болжауға болады, немесе оны үкімет арнайы мақсатпен жоспарлайды.
— Тосын инфляция, яғни бағалардың кенеттен және тез өсуінен көрінеді. Мұндай жағдай ақша айналмын және салық жүйесін бұзады. Тұрғындар бағаның өсуінен сескеніп, қолындағы қаражатын сақтап қалу мақсатында тауарларды жаппай сатып ала бастайды. Сондықтан нарықта қалыптасқан жағдай бұзылады, сұраным мен баға бұрынғыдан да тез өсетін болады. Сонымен бағалардың кенеттен, тосын түрде өсуі тұрғындардың «инфляциялық тосу психологиясын» туғызады. Егер тосын инфляция (бағаның кенеттен өсуі) экономикасы дамыған елде пайда болса, ол нарық жағдайына қатты әсер етпейді. Экономикасы тұрақты да қуатты елде тұрғындар бағаның уақытша ауытқуынан қорықпайды; және бағаның өсуі қаншама тез болса, соншама оның құлдырап түсіп кетуі әбден мүмкін болатынына сенеді; сондықтан олар бағаның түсуін күтіп табысын үнемдеу мақсатында сатып алуды күрт қысқартады. Нарықтың сұранымының қысқаруы баға деңгейіне әсер етеді, бағалардың өсуі тоқтайды, олардың деңгейі құлдырап, бастапқы қалпына келеді.
Бұл жерде біз қалыпты қызмет атқаратын нарықтың шаруашылықтың жағдайында пайда болатын белгілі Италия экономисі есімімен аталатын «Пигу әсері», немесе «нақты кассалық қалдықтың әсері» деп аталатын құбылысты суреттедік. Айта кететін тағы бір ескертпе, «Пигу әсері» икемді бағалар мен икемді процент жағдайында және инфляциялық тосу болмағанда ғана қалыптасады екен. Біраз батыс экономистерінің пікірінше, «Пигу әсері» экономикада нақты болатын жағдайды емес, тек теориялық болжамды білдіреді.
Инфляция қарқыны статистикалық көрсеткіш — тұтыну бағаларының индексі көмегімен анықталады.
Тұтыну бағаларының индексі тауарлар мен қызметтердің түрлерін қамтитын тұтыну қоржыны негізінде анықталады.
Тұтыну бағаларының иңдексін (ТБИ) есептеуде мынадай формула қолданылады:

Ағымдағы жылдағы тұтыну қоржынының бағасы
Базалық жылдағы т9тыну қоржынының бағасы

Тұтыну бағаларының индексінің үш сандық мәні болуы мүмкін:
— баға индексі 100% — ға тең болады, яғни баға өзгермеген болып табылады;
— баға индексі 100% -дан жоғары, мысалға 140 % — ға тең. Демек, ағымдағы жылдағы бағаны базалықпен салыстарғанда 1,4 есе өскен, яғни ақша инфляциялық құнсызданады;
— баға индексі 100%-дан төмен төмен, айталық 80%-ға тең, яғни ағымдағы жылдағы баға базалыққа қарағанда 20%-ға төмендеген. Бұл дегеніміз …….

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!