Курстық жұмыс: Әлеуметтану | Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту
Мазмұны
Республикасының халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары
3. Әлеуметтiк қорғау жүйесiн құқықтық және ақпараттық қамтамасыз етудi жетiлдiру бағыттары
4. Халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiн қаржылық және институционалдық қамтамасыз етудi жетiлдiру бағыттары
1. Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің қазіргі жай-күйі
Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінде толық ынтымақтастық және мемлекеттік институттардың қатысу деңгейі басым да, ынталандыру деңгейі төмен.
Мүгедектігіне, асыраушысынан айрылуына байланысты, жұмыссыздығы мен жасы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі толық ынтымақтастық қағидатына негізделген. Барлық жеке тұлғалар — Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (бұдан әрі — азаматтар) өмірдегі қатерліжағдайлар туындаған кезде еңбек қызметіне қатысуына және жарнасына қарамастан, егер заңдар мен халықаралық шарттарда өзгедей көзделмесе, бірдей деңгейде мемлекеттік жәрдемақылар алады. Бұдан басқа, әлеуметтік төлемдерді есептеудің экономикалық негізделген нормативтері мен еңбекақы жүйесінде өзара байланыс болмауының салдарынан жұмыс істейтін халықтың табыс деңгейі мен әлеуметтік төлемдер арасында тиісті байланыс болмай отыр. Нәтижесінде, жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі әлеуметтік жүйеге үлесі болмаған азаматтардың алатын әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінен де аз жалақы алады.
Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда аударымының мөлшеріне қарай қосымша қорғаудың шектеулі ынтымақтастыққа негізделген жүйесі республикада жоқ.
Азаматтың еңбек үлесі ынтымақтастықты зейнетақы жүйесінде ішінара ғана ескеріледі. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі — қартайған шақтағы қамсыздандырудың қатысушылар арасында ынтымақтасусыз, жинақтау қағидатына негізделген жүйеге қатысуға пәрменді ынталандыратын бірден бір түрі.
Қолданылып жүрген заңнамада әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда ерікті сақтандыруды жүзеге асыру көзделген, ол бірқатар факторларға байланысты тиісті деңгейде дамымай отыр.
Әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі қаржыландыру көзі мен жалпы реттеушісі мемлекет болып табылады. Заңнамаға сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына мемлекет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қоспағанда, әлеуметтік қорғау
жүйесінде ынталандыру деңгейі төмен.
Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін шектейтін негізгі кемшіліктер мыналар:
жетілдірілмеген заңнама — әлеуметтік саланы реттейтін заңнама әлеуметтік қатерлер мен төлемдерге негізделмей, төлемдер түрлері бойынша қалыптастырылған;
әділдігі жеткіліксіз және ынталандыру деңгейі төмен — әлеуметтік жәрдемақылар алу құқығын іске асыру кезінде салықты төлеп, азаматтық борышын атқарып жүрген еңбеккерлердің салық аудармайтындардың алдында артықшылығының болмауы;
айқындықтың жеткіліксіздігі — әлеуметтік төлемдерді алу процесін қадағалауға арналған дербес сәйкестендіру жүйесінің қалыптасу сатысында
болуы.
Қолданылып жүрген жүйені сақтау орын алған кемшіліктердің одан әрі тереңдеуіне, жүйеден төленетін төлемдер мен салымдар көлемі арасындағы байланысты босаңсытуға, соның нәтижесінде салықтар мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті жарналарды төлеуден жалтаратын адамдардың көбейіп кетуіне апарып соқтыруы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары
Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары халықаралық
тәжірибе мен қазіргі жағдайды талдаудан туындайды. Нарық жағдайларына
сәйкес келетін және тұрақты ақылы еңбекке ынталандыруды қалыптастыратын, әкімшілік шығындары төмен, халықты қамту деңгейі неғұрлым жоғары жүйе құру көзделіп отыр.
Жаңа жүйе адам өмірде тап болуы мүмкін негізгі қатерлерден халықты
әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге арналған ынтымақты және дербестендірілген жүйелердің, міндетті және ерікті сақтандырудың элементтерін қамтитын аралас жүйе болады.
Әлеуметтік қорғаудың жаңа жүйесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері
экономикалық өсуді қолдау элементтерін қамтуы, қатерлі жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарға қорғау көрсетуде әділ болуы; тиімді жұмыс істеуі және халықты неғұрлым толық қамтуы тиіс.
Әлеуметтік саланы реттейтін заңнама әлеуметтік қатерлердің негізінде
қалыптастырылады.
Әлеуметтік қорғаудың іске асыруға ұсынылып отырған жүйесі: әділ — әлеуметтік қорғау құқығын іске асыру алушылар үшін жеңіл, қол жетерлік болуы тиіс. Мемлекет кепілдік берген ең төменгі жәрдемақылар көлемі бірдей әлеуметтік қатер туындаған кезде еңбек өтілі мен жалақысына байланыссыз төлемдердің кең деңгейін ұсынуы тиіс. Сонымен бір мезгілде, қосымша қорғау деңгейі әрбір нақты адамның қатысуының ұзақтығы мен мөлшеріне байланысты болуы керек;
Әрбір азаматтың мемлекетке тәуелділігін емес, оның жеке жауапкершілігін ынталандыруы тиіс. Тұтастай алғанда, барлық еңбекке қабілетті азаматтар өзінің жеке басының болашағы мен өз отбасының әл-ауқаты үшін жауапты болуға ұмтылуы тиіс;Пәрменді — жәрдемақылар атаулы болуы тиіс, яғни оны алуға құқығы бар және оған аса мұқтаж адамдарға беріледі; тиімді, яғни ашық және жақсы басқарылатын, шығыны аз және қарапайым болуы қажет. Жүйенің негізгі компоненттері икемді реттелуі қажет қол жетерлік, яғни белгілі бір мерзім ішінде халықтың барынша толық
қамтылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Осы айтылғандарды ескере отырып, әлеуметтік қатерлер негізінде қорғаудың мынадай элементтерін қамтитын әлеуметтік қорғау жүйесін ұйымдастыру көзделіп отыр.Барлық азаматтарға әлеуметтік қатерлерге қарай бюджет қаражатының есебінен бірдей деңгейдегі мемлекеттік төлемдер беру;
Алғашқы кезеңде міндетті әлеуметтік сақтандыруды жұмыс берушілер есебінен және келешекте еңбеккерлерді де аударымдары есебінен жүргізу;
Барлық әлеуметтік төлемді неғұрлым тиімді басқару және бақылау үшін
әрбір азаматқа дербес бірдейлендірілген код бере отырып, дербес бірдейлендірудің жалпы мемлекеттік жүйесі мен ұлттық дерекқоры жасалуы
тиіс.
Ана мен баланы кең ауқымды әлеуметтік қамсыздандыру мемлекеттің бүкіл әлеуметтік қорғау жүйесінің басымдықтарының бірі болады. Келешекте әлеуметтік қорғау жүйесінің жетілдірілуі барысында әлеуметтік қорғауға мұқтаж қатерлер тізбесі кеңейтіледі. Мәселен, демографиялық процестердi қолдау мақсатында бала туу мен оларды тәрбиелеу әлеуметтiк көмекке мұқтаж жағдай ретiнде қаралады. Қолдау көрсету ретiнде бала туғанда бiр жолғы жәрдемақы және жасы кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына қосымша жәрдемақы беру енгiзiлетiн болады.
Мүгедектiк проблемаларын шешу бойынша іс-шаралар әзiрлеу, мүгедектердiң мұқтаждарына арналған өндiрiстердi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыру, мүгедектердiң негiзгi құқықтар мен көрсетiлетiн қызметтерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк стандарттарды енгiзу қарастырылады. Әлеуметтiк қатерлердің алдын алудың және мүгедектердi оңалтудың (медициналық, әлеуметтiк, кәсiби) жеке бағдарламаларын дамыту, мүгедектердi әлеуметтiк, еңбекпен бейiмдеу жүйесiн құру, мүгедектердiң қоғамға кiрiгуiне жәрдемдесу жөнiнде шаралар қабылданатын болады. Бұл ұсыныстар әзiрленiп жатқан Мүгедектердi оңалтудың 2002-2005 жылдарға арналған бағдарламасында көрiнiс табады.
Атаулы әлеуметтiк көмек мұқтаждықтың нақты өлшемдерi негiзiнде халықтың ең аз қорғалған топтарына ғана берiлетiн болады. Бұдан басқа, адамдардың белгiлi бiр топтарына — соғыс ардагерлеріне, мүгедектерге және көп балалы аналарға қосымша қорғау көрсетуге бағытталған арнайы бағдарламалар әзiрленедi.
Әлеуметтік қорғауды реформалауда әлеуметтік нормативтердің рөлін арттыру, ең төменгi жалақыны кезең-кезеңiмен көбейтiп, күнкөрiс деңгейiне жақындату маңызды болып табылады. Әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi әлеуметтік-экономикалық табиғаты бар нормативтерге негізделіп есептелетін
болады.
Әлеуметтік қатерлердің туындау мүмкіндігін болдырмау және оны қысқарту мақсатында мемлекет алдын алу сипатындағы шараларды қабылдайтын болады. Жұмысынан айырылып қалудың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың тұрақты ақы төленетiн еңбек қызметiн тауып алуын ынталандыру мақсатында мемлекет жұмыс орындарын құру бағдарламаларын жетiлдiредi. Азаматтардың еңбек мiндеттерiн атқару кезінде денсаулығы мен өмiрiне зиян келу қаупінің алдын алу үшiн мемлекет еңбек туралы заңнамалар мен еңбектi қорғау туралы заңнамалардың сақталуына бақылауды күшейтеді. Мүгедектiкке ұшырау қатерiн азайту мақсатында медициналық көмек көрсетудi жетiлдiру, соның iшiнде оны қаржыландыру тетiгiн жетiлдiру арқылы жетiлдiру көзделуде.
Жасы бойынша, асыраушысынан айрылу және еңбек ету қабiлетiнен айрылу жағдайы бойынша мемлекеттiк жәрдемақылар алушыларды әлеуметтiк сақтандыруды енгiзу кезiне дейін тағайындалған төлемдердi қамтамасыз ету қағидаттары өзгерiстерге ұшырамайды.
Әлеуметтiк қорғаудың барлық жүйесi тiкелей немесе жанама түрде қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын болғандықтан, әлеуметтiк қорғау жүйесiне әрбiр нақты азаматтың ғана емес, Үкiметтiң әлеуметтiк әрiптестерiнiң — еңбекшілердiң кәсiптiк одақтарының және жұмыс берушiлер бiрлестiктерiнiң қатысу деңгейiн көтеру көзделедi.
Өмiрде қатерлер туындаған кезде әлеуметтiк қорғаудың негiзгi тетiктерi
Әлеуметтік салықты төлейтiн ұйымдарда жұмыс істейтiн қызметкерлердің
бәрi асыраушысынан айрылу жағдайы, еңбек ету қабiлетiнен және жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтiк сақтандыру жүйесінің қатысушылары болады. Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн енгiзгенде алғашқы кезеңiнің ерекшелiктерi ескерiледi. Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн қаржыландыру алғашқы кезеңде жұмыс берушiлердiң аударымдары есебiнен және келешекте қызметкерлердiң де аударымдары есебiнен жүзеге асырылады.
Аз қамтамасыз етiлген азаматтарды әлеуметтiк қорғау
Жаңа жұмыс орындарын ашу және жалақының мөлшерiн көбейту арқылы
кедейлiктiң азаюына қол жеткiзiледi. Атаулы мемлекеттiк әлеуметтiк көмек
азаматтарға ақшалай және заттай, сондай-ақ ақы төленетiн қоғамдық жұмыстар беру түрiнде көрсетіледі. Атаулы әлеуметтік көмек беру тетігін де, табыс деңгейін бағалау әдістемесін де жетілдіру жалғастырылады.
Заттай нысандағы әлеуметтiк көмек еңбек етуге қабiлетсiз азаматтарға:
балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге ғана берiледi. Еңбек етуге қабiлеттi халыққа әлеуметтiк көмек қоғамдық жұмыстарды, қайта оқыту бағдарламаларын қаржыландыру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу арқылы да көрсетiледi. Қоғамдық жұмыстардағы ақы деңгейi азаматтардың бұған ұзақ уақыт қатысуын ынталандырмай, тұрақты жұмысты белсендi іздеуге итермелейтiн болады.
Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлерiн ұстау сияқты институционалдық көмектiң дәстүрлi нысандарымен қатар белгiлi тұрағы жоқ азаматтар үшiн үй-жайлар, әлеуметтiк қонақ үйлерiн, аз қамтамасыз етілген адамдар үшiн асханалар ашу сияқты және т.б. атаулы түрлерiн де дамыту көзделуде. Әлеуметтiк институттар арқылы заттай көмек түрiнде жәрдем беру оны жинақтамайтын, ауыстырмайтын немесе қайта сатпайтын жерлерде қолданылатын болады.
Еңбек ету қабілетінен айрылған және асыраушысынан айрылған жағдайда әлеуметтік қорғау
Еңбек етуге қабілетті жастағы азаматтардың мүгедектік дәрежесін бағалау кезінде тіршілік әрекетінің шектелуін ғана емес, еңбек ету қабілетінің де шектелу дәрежесін ескеру қарастырылады. Мүгедектік мәртебесін беру және еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін анықтау, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен медициналық-әлеуметтік сараптау комиссияларының жауапкершілігін межелеу рәсімдері жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Еңбек ету қабiлетiнен және асыраушысынан айрылу жағдайында әлеуметтiк қорғау жүйесiн реформалау мынадай құрылымдарды енгiзудi көздейдi:
Бiрiншi деңгей: барлық азаматтарға бюджет қаражаты есебінен бiрдей деңгейдегi жәрдемақы беру (әлеуметтiк қатерлердiң түрiне қарай).
Екiншi деңгей: ресми жұмыс істейтiн қызметкерлерге мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен зейнеткерлiк жасына жеткенге немесе сақтандыру төлемдерiн беруге негiз болған жағдаяттар тоқтатылғанға дейiн қосымша төлемдер беру.
Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен берiлетiн төлем мөлшерi, аударымдарының ұзақтығы және еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне немесе асырауындағылардың санына қарай белгiлi бiр уақыт iшiндегi орташа
жалақысын алмастыру коэффициентi негiзiнде есептелетiн болады. Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен берiлетiн төлемдерден мiндетті зейнетақы жарналары ұсталатын болады. Қызметкердiң жарна аударымдары жүргiзiлетiн және төлемдер тағайындалатын табысының ең жоғары шегi заңмен белгіленетін болады.
Үшiншi деңгей: еңбек міндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның және кәсiби аурудың салдарынан еңбек қабілетiнен айрылған және асыраушысынан айрылған жағдайда сақтандыру ұйымынан төлем беру түрiнде оны зейнеткерлiк жасқа толғанға немесе сақтандыру төлемдерiн беруге негiз болған жағдаяттар тоқтатылғанға дейiн қосымша әлеуметтік қорғау көзделедi. Еңбек (қызмет) міндеттерін атқару кезінде қызметкердің өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргені үшiн жұмыс берушінің жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру жүйесi енгiзілетiн болады. Сақтандыру жұмыс берушiмен сақтандыру ұйымының арасында жасалған шарттың талаптарында жұмыс берушiнiң сақтандыру ұйымына мiндеттi аударымдарының есебiнен жүзеге асырылады. Еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде азамат еңбек қабiлетiнен және асыраушысынан айрылған жағдайда бюджеттiң қаражаты есебiнен әлеуметтік қатердің тиісті түрі бойынша жәрдемақы алуға, әлеуметтік сақтандыру жүйесінен және сақтандыру компаниясынан төлем алуға құқылы. Бұдан басқа, сақтандыру компаниясы зардап шегушіні протездеуге, емдеу мен оңалтуға, оның еңбек ету қабілетін қалпына келтіруге кеткен және т.б. шығыстарын өтейді. Сақтандыру ұйымынан төленетін төлемдерден де міндетті зейнетақы жарналары ұсталады.
Сақтандыру компанияларынан төленетiн төлемдердiң мөлшерi заңмен белгiленедi және жұмыс берушілерге сақтандыру шарттарын уақтылы жасамағаны үшін салынатын айыппұл жазаларының жүйесі енгiзiледi. Сақтандырудың осы түрiн енгiзу жұмыс берушілердi еңбек қауіпсiздiгi шарттарын сақтауға және жақсартуға ынталандыратын болады.
Республикалық және жергiліктi бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерi үшiн еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде
қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеудiң мемлекеттiк мекемелердiң сметасы есебiнен бiржолғы өтемақы төлеу түрiндегi айрықша тәртiбi белгiленедi.
Бұдан басқа, азаматтарды еңбек ету қабiлетiнен айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жеке өздерiнiң қаражатыесебінен
ерікті сақтандыру ынталандырылатын болады.
Жұмысынан айрылу жағдайында әлеуметтiк қорғау
Жұмысынан айрылу жағдайында азаматтарды әлеуметтiк қорғау жүйесiн
реформалау оның екi деңгейлi құрылымын енгiзудi көздейдi.
Бiрiншi деңгей: жергiлiкті бюджеттер есебiнен барлық жұмыссыз азаматқа жұмысқа орналасуға, кәсiби қайта даярлауға көмек көрсету, қоғамдық жұмыстар беру жолымен әлеуметтiк қорғау.
Екiншi деңгей: ресми жұмыс істейтiн еңбеккерлерге мiндеттi әлеуметтiк
сақтандыру жүйесiнен белгiлi бiр мерзiм iшiнде төлем ақы беру.
Заңнамада белгiленген тәртiппен жұмыссыз деп танылған және белсендi
түрде жұмыс iздеп жүрген, сондай-ақ жүйеге белгілi бiр үлесi болған азаматтың әлеуметтiк сақтандыру жүйесінен төлем алу құқығы туындайтын
болады. Төлемнің мөлшері жалақы деңгейіне және сақтандыру аударымдарының ұзақтығына тәуелді болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінен берілетін төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна есептелетін және төлемдер тағайындалатын табыстың ең жоғары шегі белгіленетін болады.
Кейбiр құқық бұзушылық үшiн әртүрлi деңгейде шектеу жүйесi қолданылады, мысалы, мамандығы мен білігі сай келе тұра лайықты жұмыстан бас тарту, өз өтініші бойынша жұмыстан шығу және т.б. үшін төлемді алу мерзімінің кейінге қалдырылуы, оның мөлшері азайтылуы не жойылуы мүмкін.
Жұмыссыздықтан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу азаматтарды жұмысынан айрылған кезеңде қамсыздандыру жүйесін едәуір жақсартады және кеңейтеді. Ықтимал алушылар жәрдемақының болжамды мөлшерін білетін болады және жәрдемақы төленетін кезеңнің шектелуін ескеріп, белсенді түрде жұмыс іздеуге ынталы болады. Жұмыссыздарды ақпараттық қолдау мақсатында еңбек рыногында мамандықтар мен аумақтар бойынша сұраныс пен ұсыныстың орталықтандырылған дерекқоры құрылады……..