Курстық жұмыс: Әдебиет | Күнделік мемуарлық әдебиеттің ішкі жанрлық бұтағы

0

І Күнделік – мемуарлық әдебиеттің ішкі жанрлық бұтағы

Күнделік әдебиет үлгісі. Әдебиет үлгісі болғанда , айта беретін мемуардың ішкі бір жанрлық бұтағы. Біз күнделік- әдебиет үлгісі дегенде , күнделіктің бір ғана саласын айтып отырмыз. Әйтпесе, күнделікпен іштей туысатын шаңырақ жәдігерлері – тұрмыстық күнделік, күнделік формаларын пайдаланып жазылған көркем шығармаларда қиял билігі белең алады да, олар мемуарлық әдебиет үлгісінде саналмайды. Айталық, А.С.Пушкиннің «Марқұм Иван Петрович Белкиннің жазбалары» кейіпкердің күнделік өмірнама жазбалары формасында туған шығарма. Қазақ жазушысы С.Мұқановтың «Адасқандар» деген атпен жазылған кейін «Мөлдір махаббат» болып өзгерген романыда кейіпкері Бәтес пен Бүркіттің күнделігі райында жазғандығын білеміз.Бексұлтан Нұржекеевтің «Ерлі-зайыптылар » романы да осыған келеді. Ал, Венгер жазушысы Б.Илеин, орыс жазушылары О.Форш, П.Лукницкий романдары әуел баста қарапайымкүнделік ретінде түзілген де кейін белгілі – бір композициялық құрылымға келтіріліп романға айналған. Демек, олардың қай- қайсысыда мемуардан аулақ салған көркем әдебиет үлгісі. Біздің қарастырғалы отырғанымыз – мемуарлық әдебиеттің үлгісінен саналатын күнделік.
Әлемдік әдебиетпен философия тарихында күнделік қалпында туып, кейін халық қажетінде айналған деректі мемуар үлгілері аз емес. Айталық, Филипп де Каминнің «Мемуарлары» (XVғ), Бабырдың «Бабырнамесі» (XV-XVIғ). Декабристердің мемуарлық жазбалары бәрі-бәрі де әуел баста күнделік жазбалар ретінде өмірге елеусіз келген. Кейін тарихи сипат алды. Әйтпесе әлем философтарының «Карманный оракул» аталатын қойын кітапшалары да әуел баста күнделікті жай жазбалар ретінде дүниеге келген. Испан философы Балтасар Грасианның (XVII ғ.) осылай аталатын кітаптарынан күнделік сипатын көреміз. Тіпті Марко Полоның (XVIII ғ.) жазбаларын да күнделікке жатқызуға болар еді. Оны айтасыз неміс философы Г. К. Лифтенбергтің «Афоризмдері» (XVIII ғ.) де күнделік әдебиетпен еншілес туған десек қателеспеспіз.
А.С.Пушкин, Н.В. Гоголь, Л.Н. Толстой, И.С. Тургенов, Ф.М. Достоевский күнделіктері орыс әдебиетінде күнделік жанрын орнықтырды. Кейінгі ұрпаққа ғажап бай әдеби күнделік мұраларын қалдырды. Әрине, олар көзі тірісінде күнделіктерін жариялауды мұрат тұта қоймады. Есесіне біздің заманда күнделік жариялау ерсі болмай қалды.
«Бір жол, жазылмас күн болмасын» (Ю. Олеша), «Болған оқиғалар» (Е. Долматовский), «Лирикалық күнделік» (В. Цыбин) секілді атаулар беріп күнделік жариялау дағдыға айналды. Эпенди Капиевтің «Қойын кітапшалары» (М,1956 ж.) өзі өлген соң жарық көрді.
Қазақ халқының XIX ғасырдағы ұлы ағартушысы Шоқан Уәлихановтың «Ыстықкөл күнделіктері», «Қашқар күнделіктері» – күнделік-әдебиеттің қайталанбас асыл үлгілері. Тарихи, этнографиялық мәліметтерге мейлінше бай ол күнделіктер материалына сүйеніп бүгінде бірсыпыра қазақ жазушылары роман, повесть жазып жүр. Бұған С. Бақбергенов, С. Мұқанов, Ж. Бейсенбаев шығармалары куә.
Қазақ даласында қағазға түсіп, араға көп жыл салып барып көпшілікке жеткен поляк революционері А.Янушкевичтің күнделік жазбалары да қайталанбас жәдігерлік.
Қазақ әдебиетінің М. Әуезов С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин секілді нар тұлғаларының күнделіктері әл-әзір арнайы кітап болып жариялана қойған жоқ. Ептеп ағымдағы баспасөзде төбе көрсетіп жүр. Олардан өзге, күнделік жазбаларын құнтты жүргізетін жазушылар қатарына Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Мырзабек Дүйсеков секілді қаламгерлерді жатқызуға болады. Аталмыш жазушылар күнделік жазбаларын ұсынықты пайдаланып, кітап етіп те жариялап келеді.
Күнделікті кітап болып жарық көрген соң, оқып пікір айтуға болады. Немесе, колжазба күйінде оқып, оқушылармен күнделік проблемасын бөлісуге болады. Көзі тірісінде жарияланған күнделік жазбаларға оқырман көпшілік кінәмшілдеу қарап, талап қойыңқырайды. Олай болуының өзіндік себебі де бар. Неге десеңіз, күнделік – мынау тіршілік-ғаламға бір кісінің көзімен қарау, бір кісінің дүниетанымымен безбендеу ғой. Осындай ерекшелігімен де күнделік жалпы емес, жалқы мінезді жазба. Ал өзіңмен мынау дүниені үзеңгі қағысып бірге кешіп келе жатқан замандасыңның жеке көзімен қарап, ойымен таразыланған көріністерге, әрине, келісу, келіспеуің әбден мүмкін. Сөйте тұра замандас күнделігіне өз көзқарасымызды таңбауымыз керек. Күнделік ерекшелігі де осында! Күнделіктің – иесінің көзі кеткен соң, жарық көруінің тиімділігі де осында.
Қазақ халқына қатысты бірнеше жазушының естелігі сақталған. Табиғат тамыршысы аталған М. Пришвиннің қазақ даласын аралағанда қағазға түсірген күнделігі едәуір. 1984 жылы қарашада жол түсіп Литваға барған едім,- дейді Қ.Ергөбек. Сапар мақсаты С.Мұқановқа байланысты еді. Сол сапар Ұлы Отан Соғысы жылдары Алматыға эвакуациямен келген Литва әдебиетінің көрнекті өкілі Пятрас Цвирка музейінде болдым, жазушы жесірі Мария Цвиркене ханыммен әңгімелестім. Мәдениетті елдің өкілі емес пе, Мария Цвиркене Алматыдағы ауыр жылдар жөнінде күнделік жүргізіпті. Күнделігінде Алматыға, қазақ халқына, жыр алыбы Жамбыл қарияға қатысты көптеген көз көрген жайлар, мәліметтер қамтылыпты. Сол ойлардың бірсыпырасын литван тілінен аудартып жазып алған едім.[4,73]
Қазақстанға соғыс сұрапылына байланысты ығысып келген жандардың күнделігінің бір ерекшелігі – өз халқың жайлы сырт адамдардың көзімен қарауға мүмкіндік бар. Бұл ретте күнделік – дерек көзі.
Арнайы кітап болып жарияланған күнделікті кім-кімде зерттеп талдауға мүмкін. Біз осы дәстүрді «бұзып» бүгін қолжазба күнделіктер жөнінде әңгіме маздатпақпыз. Олар – жазушы Сәбит Мұқанов, ғалым Бейсембай Кенжебаев, әдебиет сыншысы Қалжан Нұрмахановтың күнделіктері. Ендігі әңгіме жылдар бойы қарап, оқып келген осы күнделіктер хақында болмақ.
Алдымен Сәбит Мұқановтың күнделігін қарастырайық. С.Мұқанов күнделік жүргізуге өте ұқыпты қараған жазушы. Қайда бармасын, қандай жағдайда жүрмесін ол үзбей күнделік жазып отырған. Күнделіктер не жайында? Не жайында дерің, бар ма? Мынау қым-қуыт өмірде Сәбит Мұқанов араласпайтын мәселе сирек болушы еді ғой. Олай болса, күнделік те сол Сәбең араласқан көп-көп мәселелер хақында. Күнделіктер әлеуметтік өміріміздің сан-саласын қамтиды. Бәрі де күнделік жанрына тән – автор көзімен қарап таразыланады, автор дүниетанымы тұрғысынан бағаланады. Бір өкініші – Сәбит Мұқановтың күнделіктері әл-әзір ғылыми тұрғыдан іріктеліп, сұрыпталып бір жүйеге түскен жоқ. Сол себепті жазушының бар күнделік жазбаларын бір топтап жинақтап әңгімелеуге, өзегінен проблема шығарып талдауға қиын. Еңдігі амал, жазушының бір күнделік дәптерін қолға ала отырып еркін әңгіме, еркін ой-толғанысқа ерік беру ғана.
Жазушы – уақыт перзенті. Алайда, уақытқа бірыңғай бағыныштылық шын жазушыға жараспайды. Жазушы күнделігі жөнінде әңгіме болғанда, бұл жанр мұрасына өлшем боларлық жайттың бірі осы болмаққа керек.
Қоғам өміріндегі күрделі кезеңдер – үкімет басшылары алмасатын сәт. Сәбит Мұқанов В.И. Ленин қазасынан бастап бірсыпыра үкімет басшыларының ауыс-түйісін көзімен көрген жазушы. И.В. Сталин, Н.С. Хрущев, Л.И. Брежневтің қай-қайсысының да көзін көрді, сөзін естіді. Кейбірімен кездесіп, әңгімелескенін «Өмір мектебі» мемуарлық шығармасында желдіртіп баяндаған кездері жадымызда. Ал Н.С. Хрущевпен ұстақан (стакан) түйістіргенін замандастары сыр қылып айтады. Кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары қызметін атқарған Л.И. Брежневпен кездесу, жүздесу, дастарқандас болуы заңды құбылыс. Жазушы қайтыс болғанда Л.И. Брежневтің, өз атынан азагүл (венок) жіберуі де кезіндегі таныс, білістіктің белгісі.
Әрине, қазір аталмыш адамдарды уақыттың бағалауы басқа. Тиісінше кінәланып жатқан адамдармен кезінде белгілі дәрежеде қатынаста болды екен деп жазушыны жазғырудың тіпті де реті жоқ. Сәбит Мұқановтың олармен қатынасы тамыр-таныстықтан сыбайластыққа ұласқан емес. Олардың орнында кім де болса уақытында Сәбит Мұқановты таныған болар еді. Әйтпесе, олардың орнында уақытында кім отырса да, Сәбит Мұқанов халықтық мәселемен, немесе творчестволық жағдаятпен барарына тағы да күмән жоқ.
Шолуға жол беріңкіреген себебіміз – жазушы күнделіктерінен біз әдейі 1964 жылғы бір дәптермен оңаша сырласуды жөн көрдік. 1964 жыл да СССР тарихындағы «жылымық» аталған кезеңнің соңғы жылы еді ғой. Саяси науқаннан сырт қалмайтын жазушы күнделігінде бұл мәселенің көрінісі қалай? Міне, біздің іздеген әңгімеміз де осы!
Күнделік мәліметіне ден қойсақ тамыздың 7-інде Латвияда «Дубулты» өнержайында, «Көзіммен әуре болдым. Тәуірленіп келеді. Әлі жазылып болған жоқ. Ауа ала-құла: түнде, ертемен салқын, кейде түстен кейін жылырақ» (19-20) – деп жазды ол.
«14. VIII. 1964. Күндіз газеттен ЦК КПСС пен СССР өкіметінің орта мектепті қайтадан 10 жылдық жасау туралы қаулысын оқыдым. Мұғалімдер: «бұл мектепті өмірге жақындату емес, алыстату», – дескен еді, соның растығы істе көрінген. Қате алынған қаулы асқына бастағанда өзгеруі жақсы болды.
Радио кеше, Қырымда демалып жатқан Пальмиро-Тольяттидің кенет қатты науқастанғанын хабарлады. Бұ да әріптестерінің аяғын құшпағайды…»
Күнделікті саяси өмірге құлақ түре жазылған алғашқы ойлар осындай. Тольяттидің сырқатына жазушы тектен-тек назар аудармайды. Жазушы саяси өмір ырғағын буынды жерінен ұстап отыр.
«Күндіз радио Пальмиро Тольяттидің қайтыс болғанын хабарлады. СССР-дің, Италияның біраз ғалым-дәрігерлері жанын сақтауға тырысты, ажал жетсе болмайды екен». (21. VIII. 64) – деп бастап саяси өмірге бойлап
кетеді.
Саяси өмір – күнделікте кең қамтылған негізгі мәселе. Сәбит Мұқановтың көз алдында И.В. Сталин, Н.С. Хрущев, Л.И. Брежневтің тұлғасы тұр. Жазушы ел өмірінде өтіп жатқан оқиғалар арқылы осы үш адамның образына әр қырынан айналып соғып отырады.
Ашығын айтқанда Сталинді ала бөтен жазғыра қоймайды. Әріде ұзақ жыл өзі «көсем» тұтып, бар қайраткерлік қызметін есімімен байланыстырған Сәбит Мұқанов секілді адамның психологиялық жаңа серпін-серпіліс танытып, көзқарасын бірден өзгерте қоюы да қиын-ау ойлаған кісіге. Бұл көзқарасты күнделік жазбаның әлденеше сәтінен байқаймыз.
Польмиро Тольяттидің қазасына байланысты жазбадағы «Бұл «байғұс» алғаш біраз жыл «верный Сталиниц» болып, өлген соң, қатты қиналу арқылы Хрущев жолына түсті. Ақыры, бұл жолдың ауыртпалығын көтере алмады» – деген жолдардан осы көзқарастың ұшқынын аңғарамыз. Пікір келесі 10.Х.64 күнгі жазбасында былай өрістейді. «Магазиндерде сатылатын кітаптардың ішінде «Сталин», «Сталинград» деген сөздер бары түгел өртелуге, құнын мемлекет төлеуге (Одақта оған бөлген ақша әзірше 93 млн. сом. Қазақстанға 7 млн. сом деседі) ұйғарған. Бұл тізімге менің 6 томдық таңдамалы шығармаларымнан III, V, VI томдар кірді деген соң, «аздаған запас сатып ал» – деп Мәкеңді жұмсасам, бүкіл Алматы магазиндерінен, кей томнан 4-5 данадан ғана тауыпты, біразы өтіп кеткен.
Ал сонда кітапханаларды қайтпекпіз? Оларда «Сталин» аталған миллиардтаған кітап, журнал, газет бар ғой. 1924-56 жылдар арасында шыққан бұларда «Сталин» жоғы кемде-кем емес пе? Олардың бәрін жоюға кімнің Әлі келеді? Сталинді дәлелдеп жамандаудың орнына мына сияқты өрескел өртеуді кім шығарды екен? ТОЛЬЯТТИ айтқандай, Сталинді қара күшпен емес, теориялық күшті дәлелдермен әшкерелеу жөн болар еді. 37-жылдың оқиғалары болмаса, бұндай дәлелдер әлсіз. Өзгені былай қойғанда, «Сталиннің шираған жібін тарқатты (развенчал) дейтін Н. С. Хрущевтің өзі, 37-жылға дейін Мемлекетті, партияны басқаруда Сталиннің зорлығын әлденеше рет айтты. Ол сөздерді әлі ешкім мансұқ қылған (жоққа шығарған) жоқ. Отан соғысы кезіндегі Сталин ролін әлі ешкім мансұқ қылған жоқ. Сталин түгелімен жаман болса (атын өшірмек болу – сол ғой) халыққа, дүниеге дәлелдеп айтқан жөн ғой. Әйтпегендегі іс жұрт көзіне – инквизиция сияқталуы мүмкін ғой. Өйтуді коммунизм жаулары пайдаланбай ма?» – деп ойланады.
1964 жылдың күзінде өз ойын осылай өрістеткен С. Мұқанов белгілі дәрежеде Н.В. Сталинді сынайды да. Сөйте тұра Н.С. Хрущевке көбірек тізе батырады. Әсіресе қазақтың 15 күні Н.С. Хрущев қызметінен алынғанын естіген Сәбит Мұқанов ол жүргізген саясаттың кемшіліктерін қаза, талдай айтады.
«Хрущев 37-жыл үшін, Сталиннің өлі денесінен басқа, еш адамды жазалаған жоқ. Мысалы, 1937-42 жылдары, Қазақстан басшыларының (ауыл, аудан, облыс, республика) жүзден 99-ын «халық жауы» деп жойған Николай Алсксандрович Скворцов (1-секр. ЦК КПК) ешбір жаза тартқан жоқ, әлі мемлекеттік пенсияда… Сол кезде және одан кейін көп жыл ЦК КПК-ның секретарлары болған: Шаяхметов, Сталин, Қойшығұлов және т.б. болған. «37-жылдарда» «қылышынан қан тамған» Эн-Ке-Ве-дистер… Сәкен Сейфуллинді азаптап өлтірген бір сұмырай (атын қағазға түсіруге жиіркенем) қазір бар, «чинімен», Алматыда тірі жүр. Оны жұрттың бәрі біледі, бәрі жиіркенеді. Барлық республикада да осындай хал» (1964-22-10) – деп жазыпты ол күнделігіне.
Жыл күнделігінде жазушы Сталиннің, Хрущевтің үкімет басында отырған кездерінде асыра сілтеу оқиғаларын ұзақ талдап, таратып жазыпты. Бүгінгі көзбен қарағанда ол бағалаулардың дұрысы да, бұрысы да болуы ықтимал. Алайда, қазақ жазушысының жеке өз көзқарасы ретінде күнделікке жарасып тұр. Абзалында, қоғамдық-әлеуметтік көзқарастар жеке тұлғалардың көзқарасының қосындысы, жиынтығынан құралатын болса керек.
Сәбит Мұқанов – алдымен жазушы. Сондықтан күнделік жазбаларды жазушының саяси өмірімізде болып жатқан құбылыстарға жеке көзқарасы деп қарадық. Бұл – бір мәселе. Екіншіден – күнделіктен жазушының әдебиет жайлы ойларын, кейбір жоспарларын да білуіміз керек қой. Күнделікте – әдебиет мәселесі қаншалықты қамтылған?
Сәбит Мұқанов Қазақстан Жазушылар одағын қолымен құрысқан қаламгердің бірі. Сол себептен де шығар, Қазақстан Жазушылар одағының жұмысына тіпті де бейтарап қарай алмайды. Күнделіктегі кейбір жазбалардан да осы мінезді аңғарамыз. Мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті 1964 жылы 6 мамырда «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің жай-күйі жөнінде қаулы қабылдаған екен. Шілденің 2-інде Қазақстан Жазушылар одағында партия жиналысы өтіп, сол қаулыны талқылау болыпты. Жиналыста он алты жазушының сөйлегені, жазушылар арасында жік болдырмау жөнінде өз ойларын жазыпты күнделігіне.
Қойын кітапшадағы ендігі бір мәселе жастайынан құлын-тайдай тебісіп бірге өскен қанаттасы Ғабит Мүсреповтің тағдырына байланысты. Ғабеннің Хұсни есімді бәйбішесінің қайтыс болуы, жазушының тұрмыс-жайы, перзенттерінің көңіл-күйі, төсек жаңартуы әңгіме болады. «Ғабит туыстарымен қаладағы үйде қонақ болды. Ас үстінде ол жалғыз қалғанын айтып жылады. 40 жылдай бірге және жақын жасағанда көзіне жас алғанын көргенім осы… Трагедия… Аянышты…» (15. 11. 1964) – деп жазыпты Сәбең күнделігіне.
«18. VII. 1964. «Еврей Зюсті» оқып бітірдім. Тамаша роман. Фейхтвангер ұлты жебірейді қандай қызу сүйеді…»
Бұл – Сәбит Мұқановты оқушы райында көрсететін жазба. Көркем творчествоны оқумен жемдеп, өзін оқумен демдеп отыру – жазушының қашанғы дағдысы.
«7. VIII күні Рига вокзалына түстік. Онда Авотыда (теңіз жағасы) демалыста жатқан Баян мен Жанна және Рая Қойшыбаева қарсы алды. Ауа райы салқын екен. Дубылтаға орналастық».
«1964. 25. VIII. «Қазақ даласы» аталатын өлеңдер циклын бастау».
«30. VIII. 1964. Кешкі сағат 5-те Дубылтымен қоштасып, 6-30 да Москваға ұштық. Бұнда «Армения» мейманханасының 217-номеріне орналастық».
«2. IX. Алматыға 4. ІХ-де ұшатын боп билет алдым. Түстен кейін Переделкинаға, Серебрякова Галина Иосифовнаға (кейін ол туралы көп кеңес жазам) барып қайттық. Өте жақсы тұрады екен. Сәкен десе жанын беретін».
«18. X. күні. үлкен 8 қап кітапты Алматыдағы Пушкин кітапханасына жөнелттім. Әлі де біраз тазалау керек».
Жазушының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, демалуы үшін Ригаға баруы, көз сырқатын тартып әбігерленуі, қазақ әдебиетінің Серебрякова сынды досының саяжайына барып сәлемдесуі, жеке кітапханасынан басы артық кітаптарды кітапханаға тапсыру, міне жазушы күнделігі қамтыған мәселелер. Әсіресе еліміздің саяси өміріне ден қоюы, өз пікірін білдіруі – батыл да, барынша жан-жақты қамтылған дерлік. Аздаған үзіндіден аңғарылғандай ол жазбаларда Сталин, Хрущев, Брежнев жөнінде көптеген ой-пікір орын алған. Осының өзінен жазушының қарымы мен уақыт ағымына жедел үн қосқысы келетін қалам қарыштылығын байқаймыз.
Сәбит Мұқановтың күнделігі – Октябрь революциясына қаруымен де, қаламымен де қатысқан және оның жеңісі мен жемісін бүкіл жан-тәнімен тілеген жазушының шежіре-жазбалары. Ол тек ой баққан жазушының ғана жазбалары емес, өз уақытында осы қоғам өмірінің баяндылығы жолына бүкіл қажыр-қайратын жұмсаған қайраткер бейілдегі адамның жазбалары.
Біз ұдайы қайраткерлік қызметте, қоғамдық ой биігінде болған жазушы күнделігі жайында аз-кем әңгімеледік. Енді ғалым күнделігі жөнінде айтсақ па дейміз. Ол – көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебаевтың күнделігі. Күнделік 1950-1983 жылдар аралығын қамтиды. Оны «Бастан өткендер, ойға келгендер мен жиған-тергендер» деп атапты. Жобалап айтқанда Мәшһүр Жүсіптің «Месі» секілді етіп құрған. Күнделіктің алғашқы бетіне беташар ретінде асау жүректі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма?
Оны жасырар адамның күші бар ма?
Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен
Көрсетпейтін жүрекің іші бар ма? –
деген өлең жолдарын келтіріп отырыпты. Бір дәптер емес, төрт дәптердің бірдей беташары – осынау жолдар. Әр дәптердің алғашқы бетіне қайталанып жазылып отырған бұл – әрі өмірлік, ғылым қызығына айналдырған Сұлтанмахмұт ақын жырына деген зор құрмет. Әрі жыр жолдарын күнделікте айтылар ойдың темірқазығы етіп алу, оқушыға аңғарту.
Ал, көрнекті ғалымның бұл күнделіктері не жөнінде? Қамтыған тақырыбы, қадап-қадап айтқан ойлары қандай? Күнделікте қасаң да, қатал уақыт салдарынан жасырып айтқан ойлар бар ма? Күнделік тағлымы бізге не айтады?
Күнделік қамтыған мәселелерден тақырып тумақ. Тақырып, әдетте күнделікте автордың азаматтық, қайраткерлік болмысынан келіп шығады.
Бейсембай Кенжебаев кім еді? Кім болып өтті өмірден? Уақытында қадіріне жеттік пе, жоқ па? Біздің ұғымымызда Бейсембай Кенжебаев сөздің шын мағынасындағы филолог ғалым еді. Ол не деген сөз? Осы ретте академик Н. Конрадтың, И.Ю. Крачковский жөнінде айтқан мына бір сөздері ойға оралады: «И.Ю. Крачковский был арабистом-филологом. Что же это собственно означает? Звания кандидата и доктора филологических наук у нас сейчас присваивают и лингвистам и литератураведам. Был И.Ю. Крачковский лингвистом и литератураведом? И да, и нет. Он был филологом в самом точном смысле этого слова.
Настоящий филолог не имеет права быть только лингвистом. За явлениями языка он должен видеть самый язык, а через него – мышление, ум. За романом или стихотворением он должен уметь разглядеть гений народа. Филолог должен быть и историком, но таким, который видит в истории всю целостность жизни, борьбы и творчества» [5,49]
Иә, ұлы шығыстанушы Н.И. Конрад осылай деген еді Крачковский жөнінде. Осы ойларды қазақ әдебиеті тарихын сан ғасырға ілгерілетуге және тереңдетуге мұрындық болған Бейсембай Кенжебаев жөнінде де қайталағың келіп тұрады.
Б. Кенжебаев – журналист еді. Алайда, бүгін бар да ертең жоқ жеңіл мәселелерді жазбады. Мезгілдік саясаттың құлына айналмады. Ол журналист бола жүріп тіл, әдебиет, өнердің ірі мәселелерін көтерді баспасөз бетінде. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеді.
Б. Кенжебаев – әдебиет сыншысы еді. Алайда, уақыт жүгін көтере алмас арзан дүниелерге алданып, малданып – жадағай рецензент, жалпақ шешен атанған сыншы емес. Әдебиеттегі құбылыстар жайында, бүгін болмағанымен күні ертең құбылысқа айналар туындылар жайында қалам …..

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!