Күміс қыс балабақшадағы ертеңгіліктер

0

Ересектер тобындағы ұйымдастырылған оқу іс- әрекеті

Апта тақырыбы: «Күміс қыс»

Ертеңгілік жиын:
-Балалар бір сәт өзімізді – сыртта, таза ауада тұрғандай елестетейік.
-Айнала қандай? 
-Қар қандай?
-Ал мынау мұз ше?
-Ауа қандай?
-Терезелерде не бар?
-Яғни, мұның барлығы қай кезде болады?
(балалардың жауабы)
 -Дұрыс айтасыңдар балалар. Міне, қазір қыстың нағыз қақ ортасы. Бұл мезгілді сықырлауық қыс немесе жалтыр қыс деп те атайды.  Айнала ақ көрпеге оранып, тап-таза күйге енген.
Ал біз болсақ, қыстан, аяздан қорықпаймыз. Жылы киініп, шанамен сырғанап, шаңғы тебеміз.  Бір сәт сабақ оқуға да көңіл бөлеміз. Есептер шығарып, әдемі суреттер де саламыз. Ал енді осы әсерімізді топқа кіріп, орталықтарда жалғастыралық. 
Бүгін біздерде үш топ жұмыс жасайды. Ол үшін мына белгілерге назар аударыңыздар: шырша қойылған жер, бұл математика орталығы, ал біздің шырша белгісін таққан балаларымыз осы топқа, аққала орналасқан жер бұл өнер орталығы біздің аққалалар осы орталыққа барып, қысқы көріністі бейнелейді, ал ғылым орталығында бүгін дәрігер апай валеология сабағын өткізіп, біздерге қыс кезінде көп ауырмаудың жолдарын көрсетеді, ертегідегі өзінің ақылсыздығынан жарақат алған қасқырға алғашқы жәрдем жасайды.
Олай болса іске сәт, балалар!

I Ғылым орталығы 
Білім беру саласы- Денсаулық.
Бөлімі- Валеология
 Тақырыбы: «Аурудың алдын алу»
Мақсаты:  Балаларды  аурулардың түрлерімен  және олардың  пайда болу себептерімен  таныстыру. Суық тиіп  ауратын  аурулардың  алдын алу  жұмыстарының  маңыздылығын түсіндіру. 
Ұйымдастырылған оқу іс- әрекетінің барысы: 
Дәрігер кіреді.
-Сәлеметсіздерме,  балалар!
Мен бүгін сіздердің деңсаулықтарынды  қалай  күтетіндеріңізді сұрап, білгелі келдім  және өзіммен бірге дәрігердің құрал  жабдықтарын ала келдім.
      Балалар, кім маған айтады, осы  қыста ауырғандарыңыз бар ма?
-Сенің қай жерің аурады?
-Ал сенің ше?
-Менің басым ауырып, жөтелдім және қызуым көтерілді.
— Осы аурулардың бәрі балалар  қыс мезгілінде  орын алады. Себебі  күн суық, аяз,ал біз жеңіл киініп, бас киімсіз немесе  қолқапсыз жүрсек, не жалаң қол қар ұстап, мұз жесек міндетті түрде суық тиеді. Қыста  сондай-ақ  вирусты аурулар  да көп болады,соның ең көп тарағаны- тұмау ауруы, ол бізге  ауадан немесе ауырған адам түшкіріп, жөтелгенде  жұғады.
Тақтадағы суретпен жұмыс.
-Мына суреттен не көріп тұрсыңдар ?
-Яғни бұл балалардың  істері дұрыс па? (балалардың жауабы)
-Мұнан қорытынды: егер біз үнемі  жуынып, шомылып,  тісімізді  тазалап жүрсек, деніміз  сау болып, ауырмаймыз.
      Көп микробтар  сумен шайылады, сабыннан қорқады. Ағзамыз  шынығу  арқылы қауіпті  вирус, микробтар мен бактерияларға  қарсы тұрады. 
      Осыған байланысты  мен қазір сіздермен доп арқылы бір ойын ойнағалы тұрмын, ойынның аты  «Жақсы- жаман». 
     Тәрбиеші допты  балаға қарай  лақтырады да: «тісті тазалау», «алманы жумай  жеу», «денені шынықтыру», «көкөніс, жеміс жидектерді көп жеу» т.б сондай  сияқты сөздер айтады.  Бала оларға «жақсы» немесе  «жаман»  деп жауап береді.
-Енді балалар  қазір қыс мезгілі  болғандықтан жарақат та көп болуы мүмкін, себебі  жер тайғақ, мұз, құлап, денемізді  жарақаттап  алған жағдайларымызда біз не істейміз?
(балалардың жауабы)
-Ал қасымызда  үлкен адамдар болмаған жағдайда , үй жағдайында біз жарақатты  қалай емдер едік. Білгілерің  келе ме? 
— Олай болса  менің ойыма  өздерің сүйіп тыңдайтын «Қу түлкі»  ертегісі түсіп отыр.
-Түлкі алдымен кімді алдады?
-Не істеді?
-Сонан соң ше?
— Құйрығыңды  ойыққа  батырып отырсаң  балықтар өздері  келіп жармасады деді.
(Ертегі   желісі  бойынша   суреттеп көрсету)
Сергіту сәтін орындау.
— Балалар сол қу түлкіге  алданған сорлы   қасқыр бүгін бізге  көмек сұрай келіпті , міне  манадан бері бізді тыңдап, тасада отыр, жағдайы тым ауыр, ойыққа  қатқан құйрығын  әзер жұлып алған мен, қатты  жарақаттаныпты, сол жарақатын мен қазір емдеп, таңайын, ал сендар  мұқият қараңдар.
-Алдымен  жарақаттанған жерді  таза сумен және су оттегісімен жуу керек, жараны йодпен немесе жасыл ерітіндісімен  тазалау  қажет. Жараға  микробтар түсіп, іріндемеу үшін   жараны таза  дәкемен ораймыз (көрсетеді).
      Соңынан 1-2 балаға қайталатып жасатуға болады.
-Ал енді  балалар  сендердің  алдарыңда  түрлі тапсырмалар  берілген, онда қысқы киімдерді  тауып қоршау, дәрігер құралдарын, тазалық құралдарын басқа заттардың арасынан  тауып қоршау және жолда жүру ережелерін  қаншалықты білетіндеріңді  тексеруге тапсырма  тб. берілген.  Кәне іске сәт балалар. Тапсырманы  дұрыс орындайды деп сенемін.
Үстел үсті тапсырмалар.
 Тапсырма орындалып  болғаннан  кейін тексеріледі. Мадақтау.
-Енді балалар  сабағымыздың соңында өзіміз бұрыннан үйреніп  жүрген  денсаулық ережелерін  тағы да бір  қайталайық.
-Тамақты, суды ластама!
— Мезгілінде егіл!
— Ағзаңды шынықтыр!
— Әжетханаға  барғаннан соң және тамақтанғаннан кейін  қолды жу!
— Жөтелген  кезде  ауызыңды бет орамалмен бүрке!
— Тырнағыңды тістеме!
— Жеміс- жидекті көп пайдалан!
Жарайсыңдар балалар! Бүгін сендер өте көп нәрсе үйрендіңдер, үйренгендеріңді  көрсете де білдіңдер. Сондықтан да мен барлықтарына мына дәуірмендерді беремін! Дендеріңіз сау болсын!

II Математика орталығы 
Білім беру саласы: Таным
Бөлімі: Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру.
Тақырыбы: «Геометриялық пішіндер қаласына саяхат»
Алдын-ала жүргізілген жұмыстар: Балаларды техникалық құралдармен — ұялы телефонмен, компьютермен таныстыру. Оларға «компьютерлік бағдарлама», «вирус», «антивирус», «дискге бағдарламаны лақтыру», «хабарларды дискіде сақтау», «электронды пошта» деген ұғымдар жайында түсіндіру.
Мақсаты: 10сан көлемінде санап, есептер шығара білуге жаттықтыру, сызба бойынша өздіктерінен көріністі құрастыра білу, көзбен шамалау арқылы ұзындықты салыстыра білу, сан құрамын меңгеруді жалғастыру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Дидактикалық ойын арқылы заттың кеңістікте орналасу тәртібін білу. Ұлттық валютамыз теңгеге деген құрмет.
Көрнекіліктер: Әдемі түстермен (геометриялық пішіндермен) үй мен жүк машинасының суреті. Кеменің сызбасы, әр түрлі көлемдегі ағаш құрастырмасы (кеме құрастыруға). Ойыншық компьютер, қалта телефоны, жарық шамы.
Үлестірмелі: Түрлі түсті қағаздан қиылған поезд вагондары, әр түрлі геометр.пішіндер, көк, және қызыл түсті қағаздар жапсырылған дисклер (әр балаға 2-еу, қызыл, көк) 1,2 және 5 теңгелердің макеті, жолаушы билеті  (қағаздан қиылған) 8-ге дейінгі цифрлар
Ұйымдастырылған оқу іс- әрекет барысы:
 Ұялы телефон шырылдайды.
Тәрбиеші телефонмен сөйлеседі.
-Алло! Сәлеметсіз бе! Ия, бұл №27 «Жігер» бала бақшасы, №12 «Зеректер» тобы. Жарайды. Тырысайық (балаларға қарайды).
-Балалар математика Патшайымы хабарласты. Геометриялық Пішіндер қаласында қиын жағдай болыпты – сол қаладағы компьютерлік желіге вирус түсіпті дейді. Компьютерлердің бәрі тұрып қалған, керекті ақпараттарды көрсетпейтін көрінеді. Патшайым соны емдеуімізді сұрайды. Қалай көмектесеміз бе? Оған поезбен баруды ұсынамын. Тезірек олай болса асығайық. Поезд жұргелі тұр. Міне жеттік, ал тез вагондарға орналасайық. Сақ болыңыздар, есік жабылды, поезд жолға шықты.
-Балалар жолда ішіміз пыспас үшін сендермен «Сұрақ-жауап» ойыныны ойналық.
Дидактикалық ойын: «Сұрақ-жауап»
Мақсаты: Балалардың сан, заттың түсі, көрші сандар, оң жақ, сол жақ, ұзын-қысқа т.б. ұғымдармен танысуларын одан әрі жалғастыру.
Көрнекіліктер: Әр баланың алдында әр түрлі ұзындықтағы (ең қысқадан-ең ұзынға дейін) түрлі түсті вагондардың суреті, 1ден 8-ге дейінгі цифрлар.
-Камила, сен нешінші вагонда келесің? Түсі қандай?
-Арсен, сенің вагоныңның көршілерінің саны нешінші?
-Балалар, Айдана нешінші вагонда келе жатыр?
-Гүлім, Адияның вагонының түсі қандай?
-Наргиза сенің оң жағындағы вагон кімдікі?
-Азамат, ең қысқа вагонда кім отыр? Ол нешінші?
-Мерлан, ең ұзын вагонның түсі қандай? (балалардың жауабы)
Кондуктор кіреді.
-Балалар кондуктор келді, жол ақыларыңды әзірлеңдер. Билет құны – 5 теңге.
Сюжетті-дидактикалық ойын: «Кондуктор»
Мақсаты: Санау, әр түрлі сандардың қосындысынан бірі сан құрау, ұлттық валютамыз теңгемен танысуды одан әрі жалғастыру.
Көрнекілік: Әр баланың алдында ұсақ, 1, 2, 5 теңгелік (қағаздан қиылған) салынған әмиян. 
Балалар 1,2 теңгелерден 5 теңге құрап кондукторға береді, кондуктор әр баланың вагонының түсіне сай келетін билет береді.
-Балалар, міне біз соңғы аялдамаға келдік. Бұл көңілді шеберлер қаласы деп аталады. (Тақтаға әр түрлі түсті пішіндерден салынған үй, жүк ашинасы ілінген) Олар әр түрлі пішіндерден бір нәрселер құрастырғанда ұнатады. Мұнда көңілді болғанымен біздің уақытымыз жоқ, кетуіміз керек, ал кету үшін кеме керек, себебі енді теңізбен жүземіз. Сондықтан ол кемені құрастыру үшін бізге шебердің көмегі қажет. Шебер бізге кеменің сызбасын қалдырған осы сызбаға қарап, біз кемемізді құрастырамыз.
Балалар сызба бойынша кеме құрастырады.
-Ал енді кемеге міну үшін оған көтерілетін баспалдақ керек.
Логикалық ойын: «Баспалдақ» 
Мақсаты: Ұзын-қысқа, 1ден 8-ге дейін тура санау ұғымдарын бекіту. Логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Көрнекіліктер: Әр балаға әр түрлі ұзындығы (қысқадан ұзынға дейін), түрлі-түсті құрастыру ағаштары.
Құрастырады.
-Міне, біз кемеге міндік. Енді кемеміз батпаққа батып қалмау үшін қарап отырмай тезірек таяқшалардың көмегімен есептер шығаралық.
Есептер шығару.
-Наргизада 5 ойыншық бар, Адияда да сонша. Барлығы қанша (10)
-Сырғанақта 5 бала сырғанақ теуіп жүр еді, екеуі кетіп қалды. Нешеуі қалды? (3)
-Қобдишада 6 карандаш жатты, оған Азамат тағы 3 карандаш қосты, барлығы нешеу болды? (9)
-Ол карандаштардың 4-ін Гүлім алды, нешеуі қалды? (5)
Дұрыс! Енді демалуға болады.
Сергіту сәті. (Ортаға барлық орталықтардың балалары жиналады)
«Қыс қызығы» әнінің мәтініне сай қимылдар жасау.
Орнымызға отыралық. Енді балалар, мен бір ойын ұйымдастырамын. Осы ойынның нәтижесі дұрыс болған жағдайда біз вирусқа қарсы бағдарламаны ойлап табамыз. Сондықтан да мұқият болыңыздар. Алдымызда ілінген сызбаны қараңыздар. Мұнда түрлі түсті пішіндер салынған және қызыл, көк дискілер бар, яғни ақпараттарды дұрыс орналастыру қажет.
Дидактикалық ойын: «Қызыл, көк дискілер»
Көрнекілік: Әр баланың алдында 2 дискіден (қызыл, көк) тарелкаларда түрлі түсті геометриялық пішіндер. Сызбаның көмегімен балалар сұраған пішіндерді дискілерге лақтырады.
-Міне біздің геометриялық пішіндер туралы барлық ақпараттарымыз дискеталарда сақталады деп ойлаймыз.
-Балалар, енді сендермен компьютерлік «Лото» ойынын ойнайық, мұның да нәтижесі сәтті болса, вирусты жоюға көп көмегі бар.
Дидактикалық ойын: «Лото»
Мақсаты: Кеңістіктегі бағдарлай ілу шеберліктерін шыңдау.
Көрнекіліктер: Ақ қағаз беті (монитор), көк түсті шеңбер.
-Мониторларыңды алдарыңа жақындатыңдар.
-Шеңберді экранның қақ ортасына қой.
-Енді жоғарғы оң жақ бұрышқа апар, төменгі сол жақ бұрышқа түсір, төменгі оң жақ бұрышқа жеткіз, жоғарғы сол жақ бұрышқа көтер.
-Балалар, жарайсыңдар! Енді мен осы нәтиженің бәрін электрондық пошта арқылы математика патшайымына жіберемін.Егер ол біздің жауаптарымызға риза болса, мына шам жану керек, яғни вирус жоғалды деген сөз. Тәрбиеші ойыншық компьютердің көмегімен ақпараттарды жөнелтеді. Шам жанады.(телефон шырылдайды).
-Алло! Ия, рахмет! Бәрі де өте жақсы болды. Мен міндетті түрде жеткізем (балаларға қарап). Математика Патшайымы бәріңізге рахмет айтып жатыр. Мен де сендерге ризамын, қай уақытта да қиналғандарға қол ұшын беретіндеріңізге сенімдімін.
Енді үйімізге ұшақпен қайталық. Кәне орнымыздан тұрып қолымызды жоғары көтерелік, енді алдымызға, енді жанымызға, міне біз ұшып келеміз, ал енді қоналық.
Міне қондық.
Осы кезде қайтадан кондуктор келеді.
-Балалар! Мен сендердің іс-әрекеттеріңді манадан сырттай бақыладым. Сендердің білімділіктеріңе, тапқырлықтарыңа сүйсіндім. Сондықтан да сендер тегін серуендеуге лайықты деп есептеп, жол ақыларыңды қайтарғым келіп тұр. Оқу құралдарын сатып алыңыздар. Көп рахмет сендерге, алдағы уақытта да көп оқып, үйреніңіздер. 

II Өнер орталығы. 
Білім беру саласы- Шығармашылық.
 Бөлімі:  Бейнелеу (Айдардың анасы)
Тақырыбы: «Қысқы пейзаж». (Бейнелеудің дәстүрлі емес түрлерін қолдану)
Мақсаты:
 1. Балалардың   жыл  мезгілдерінің  өзіне  тән ерекшеліктерін  ажырата білуін, түстердің үйлесімділігін  сезіну, көркемдік талғамын, ой-қиялын дамыту.
2. Табиғатты  аялай, сүйе  білуге   тәрбиелеу.
3. Суретте  дәстүрлі емес   әдіспен  сала білу  шеберліктерін  шыңдау.
Қажетті құралдар:  әр балаға  жеке майшам, альбом беті, поролон қиындысы, ақ және көк түсті майлы  бояу (акварель), қол сүртетін  шүберек.
Көрнекіліктер: әдемі салынған  қысқы  көрініс суреті.
Әдіс-тәсілдер:  Қыс туралы  өлең оқу, суретке қарап отырып әңгімелесу, сурет салу техникасын түсіндіру, өз беттерінше жұмыстану, жеке көмек ,талдау, мадақтау.
Оқылатын өлең:  
Суретші қыс.     К.Нүсіпов.
Қонақтайды  бақтарға
Ақ көбелек, ақ мамық, 
Аунап таза  ақ қарға
Балалар  жүр мақтанып. 
Тазартып  бар кір шаңын
Қыс өнерін бастады,
Терезеге қыраудан
Сурет салып тастады.
    Тәрбиеші қыс туралы өлең  оқығаннан кейін оған талдау  жасайды.
      Енді қысқы орманға саяхатқа баратындарын айтады. Балаларға  қыс мезгілінің көрінісі бейнеленген   суретті көрсетеді. Балалар сурет желісі бойынша  әңгімелейді. Осындай  қысқы  орманның суретін салуды ұсынады. Орманның  ішіндегі  үлкен және кіші ағаштардың дұрыс орналасуына  көбірек мән береді. 
       Тәрбиеші  балалардың кеңістікті  бағдарлау ережесін  естеріне  түсіреді: алыстағы орналасқан  ағаштар бізге кіші, жақындағы  ағаштар үлкен болып көрінетіні туралы түсіндіреді.  Жұмыстың орындалу  ретін көрсетеді.
        Алдымен  балауыз  шамның көмегімен  ағаштардың суретін  салу (жауып тұрған қарды салуға болады), сонан соң  ашық көк  түсті  бояумен, поролонды   жеңіл  сүйкей  жағу тәсілімен  суреттің  негізгі  фонын береді.
Ең соңымен  саусақтарының   ұшымен  өздері  қалған түспен суреттеріне  рама: қоршау жасайды.
       Жұмыс  барысында  тәрбиеші  қиналған балаларға  жеке көмек көрсетеді.
 Ұйымдастырылған оқу іс- әрекетінің соңында  жұмыстарын талдап,  ең әдемі  салынған суреттерден  көрме ұйымдастырады.  Белсенді балаларға  әдемі  қиылған  қар ұшқындарын сыйға тартады.
Қорытынды. Барлық орталықтың балалары ортаға жиналып, әр орталықта жасаған жұмыстарының ортаға жинап, орындалған жұмыс нәтижесі туралы әңгімелейді. Тәрбиеші балаларға рахмет айтып, мадақтайды. 
Балалар белсенділік орталықтарымен ауысады. 

Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!


Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!