Куликово шайқасы | туралы қазақша

0
125

Алтын Орда билігіне қарсы күресте Мәскеу бүкіл орыс жерін қорғауды өз қолына алды. 1380 жылы Алтын Орда ханы Мамай орыс жеріне жаңа шапқыншылық ұйымдастырды. Себебі, Мәскеу князьдығы бастаған орыс жерінің күшейгенін Орда хандары көрмей тұрған жоқ еді. Сондықтан Мамай орыс жерін тағы да бір бас көтерместей етіп, қансыратып тастағысы келді. Ол Литва князы Ягойламен одақ жасасып, самсаған қолымен Руське аттанды.

Мамайдың қалың қолына қарсы тұру үшін әскер құрылды. Оған рухани дем беруші шіркеу қайраткері Сергей Радонежский еді. Әскерді Мәскеу князы Дмитрий Иванович басқарып, өзін талантты қолбасшы ретінде көрсете білді. Ол жаудың Мәскеуге келгенін күтпей, Дон өзенінен өтіп, Мамай әскерлерімен жаудың өз жерінде айқасуды дұрыс шешім деп тапты. Сонымен бірге Дмитрий Мамайдың Ягойламен бірігуіне мүмкіндік бергісі келмеді.

Әскерлер Непрядвада өзенінің Донға құя беріс сағасында кездесті. Ұрысқа екі жақтың әрқайсысынан шамамен 100-200 мыңдай жасақ қатысты, Ұрыстың басында ордалықтар орыстың алдыңғы шебіндегі полктерін түгелдей жойып, негізгі полктердің қатарына сыналап ене бастады. Мамай үшін жеңіс қол созым жерде тұрғандай болып көрінді, бірақ осы кезде тосқауылда тұрған орыс әскерлері ту сырттан соққы берді. Мамай әскерлері ұрыс даласын тастап, шегінуге мәжбүр болып, орыстар жеңіске жетті.

Осы шайқастан соң Дмитрий Ивановичке «Донской» деген даңқты ат берілді. Жеңіліске ұшыраған Мамай Кафага (Феодосия) қашып кетті. Сол жақта оны бәскелестері өлтірді. Ордадағы билікті Тоқтамыс басып алды.

Куликово даласында Алтын Орда аламандары жеңіліске ұшырады. Куликово бүкіл Русьтің экономикалық және саяси орталығы ретіндегі Мәскеудің күші мен құдіреттілігін көрсетті. 1382 жылғы жеңіліске қарамастан, ордалықтарды жеңуге болатындығына орыс жұртының көзі жете бастады. Кулиководағы жеңістің нәтижесінде ордалықтар алым-салық мөлшерін азайтуға мәжбүр болды. Ордалықтар Мәскеудің орыс жерінің саяси жетекшісі ретіндегі рөлін мойындады. Қайтыс боларының алдында Д.Донской ұлы князьдықты өзінің ұлы I Василийге өсиетпен қалдырды. Ол үшін Алтын Орданың рұқсатын керек етпеді.

Едіге. Хандық биліктен айырылған Тоқтамыс алдымен Қырымға, кейін Литва жеріне кетті. Алтын Ордадағы болып жатқан бүлікті пайдаланбақшы болған Литваның ұлы князы Витов 1399 жылы өз одақтастарымен — Тевтон ордені серілері, поляк жасақтары және батыс князьдары жинаған күшпен жорыққа шықты,

Екі әскер Ворскла атты өзен бойында кездесті. Орыс жылнамалары бойынша Витрв Темір-Құтлық ханнан өзіне «бас июді, бала болуды» талап етеді. Сонда Едіге мұны естіп, Витовпен өзі барып кездеседі. Сонда Едіге Литваның ұлы князына былай деген екен: «Ұлы Орданың ханын сен өзіңнен жасы кіші деп тауыпсың, өзіңе бала болып бас июге шақырыпсың. Рас, Темір-Құтлықтың жасы сенен кіші. Бірақ мен — Едіге, сенің жасың менен кіші. Кел, сен маған бала болып, бас и, алым-салық төле, еліңдегі барлық теңгеге орданың таңбасын соғатын бол!».

Заматта басталып кеткен шайқаста Едіге бастаған Алтын Орда әскері толық жеңіске жетеді. Витов әскерінен айырылып, өзі әрең аман құтылады.

Алтын Орда әскерлерінің бұл шайқастағы жеңісінің мәні өте зор оқиға болды. Себебі көшпелілер басына төнген қауіпке тойтарыс беріп, елін, жерін сақтап қалды. Шайқастың мәнін Н.М.Карамзин былай деп бағалады: «Мұндай жеңісті Шыңғыс та, Бату да көрген емес».

Осы жеңістен соң Алтын Орда қайта оңалып, жері көбейді, жауға кеткен қалаларын қайтарып алды. 1408 жылы оның әскерлері Мәскеуге жорық жасап, одан кейін Киевті басып алды.

Едіге кезінде Алтын Орда өзінің қираған қаласын, күйзелген шаруашылығын қалпына келтірді. Елдің жағдайы жақсарып, халықтың еңсесі көтерілді. Едіге тіпті ақша реформасын да жүргізіп үлгерді.

Ордадағы билікті Едіге 1410 жылға дейін берік ұстап тұрды. Алтын Орда хандары — Темір-Құтлық, Шәдібек, Болат — осылардың барлығын Едігенің өзі қойып отырған. Бірақ 1413 жылы Сарайдағы билікті Тоқтамыстың баласы Жәлеледдин алып, Едігені шеттетті. Кейінірек Едіге Тоқтамыстың балаларының қолынан қаза тапты.

Бірақ түркі тілдес халықтардың есінде Едіге елі мен жерінің қамын ойлаған батыр ретінде сақталған. Едігедей батырлар кеткеннен кейін Алтын Орда күрт әлсірей бастады. 1480 жылы Алтын Орда біржолата құлады. Бұл оқиға Орда әскерлері мен орыс әскерлерінің Угра өзеніндегі соқтығысынан кейін болды. Алтын Орда ханы Ахмет поляк-литва князі IV Казимирмен одақ жасасып, Мәскеуге қарсы жорыққа дайындалды. Ал III Иван Қырым ханы Меңлікерейді өз жағына тартты. Нәтижесінде Меңлікерей IV Казимир иелігіне шабуыл жасап, оның Мәскеуге жорығын болдырмай тастады.

Ахмет хан Уграда одақтасын күтіп, тұрып қалды, Ханның шешуші шайқасқа түсуге батылы жетпей, кейін шегінуге мәжбүр болды. Сөйтіп, 1480 жылы Алтын Орданың үстемдігі жойылды. XV ғасырдың ортасында Мәскеу князьдығының төңірегінде Русьтің бірігуіне қажетті алғышарттар пісіп-жетіле бастаған кезде, феодалдық алауыздық соғыстар өрши түсті. Бұл алауыздық қырқысу соғыстары Мәскеу князьдығының өзінде басталды. Мәскеу князьдығын Дмитрий Донскойдың балалары бөліп алып билеп тұрған еді. Нәтижесінде жекелеген кішігірім (удельдік) князьдықтар пайда болды. Олар Мәскеудің ұлы князы болу үшін қырқысып, таққа таласты. Сырттай қарағанда, бұл тақ үшін талас болып көрінгенімен, шын мәнісінде, ұлы князь өкіметін нығайтуды жақтаушылар мен оған қарсы шығушылардың арасындағы күрес еді. Бұл күресте орталықтанған князь өкіметін жақтаушылар жеңіп шықты. Оның басшысы II Василий Темный еді. (Оның жаулары көзін ойып алған, сондықтан ол «Темный» аталды.)

II Василийдің князьдық құруының ақырғы жылдарында Мәскеу князьдығының көлемі бірнеше есе ұлғая түсті. Біртұтас мемлекет құрылуының, оның нығая түсуінің орасан зор маңызы болды. Орыс жері ендігі жерде өзін-өзі қорғай алатын, онымен шетелдіктер санасатын ел болды. Бір орталыққа бағынған мемлекетті сонымен қатар феодалдардың шаруаларға өктемдігін нығайтты.

Б. Аяғанов, Қ. Ізтілеуов. — Орта ғасырлар тарихы, 1998

#Куликово #шайқасы