Кредиттік оқыту жүйесінде болашақ мұғалімдердің ақпараттық- коммуникативтік құзырлылығын қалыптастыру
Республикамыздағы саяси жəне экономикалық өркендеудің мəнділігі, нарықтық қатынастар жолы, ұлттық – мəдени тұрғыдан даму білім беру жүйесіне де ерекше талаптар жүктеуде.
Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев 2006 жылғы 26 мамырдағы Г.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттерге арнап оқыған дəрісінде:«…білім беру ұғымының өзі өзгеруде жəне кеңеюде. Жеке тұлғаны функциональдық əзірлеу тұжырымдамасынан жеке тұлғаны дамыту тұжырымдамасына көшіп жатыр. Жаңа тұжырымдама білім берудің даралық сипатын көздейді, ол əрбір нақты адамның мүмкіндіктерін жəне оның өзін- өзі іске асыруымен өзін-өзі дамытуға қабілеттілігін ескеруге мүмкіндік береді» деп көрсетті, себебі білім беру – қоғам мүшелерінің адамгершілік, мəдени жəне дене дамуы мен кəсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тəрбие мен оқыту үдерісі. Білім беру ісі шеберлікке, дағдыға баулудың өсіп, өрбіп, белгілі бір кəсіпке, мамандыққа үйретумен тиянақталады. Жүзеге асырылатын білім беру бағдарламаларының сипатына қарай білім беру деңгейлері ажыратылатыны белгілі.
Қоғам сұранысына сəйкес болашақ маман құзырлығына қойылатын талаптар жоғары білім жүйесіне көпдеңгейлі білім беру мен кредиттік оқыту технологиясын енгізуге жол ашты. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттің кəсіби құзырлығын қалыптастыру жəне оған жаңаша көзқарастың қажеттігі байқалды.
Кредиттік оқыту жүйесінің ендірілуіне байланысты білім берудің жаңа парадигмалары енді «оқу – қалай оқуыңа», «өзін-өзі дамыту» жəне «өмір бойына оқу» болды. Бұл – кредиттік жүйеде енді оқытушының өзіндік жұмысқа аса маңыз беріп, оны ұйымдастырудың алуан түрлері мен жолдарын студентке көрсете отырып, студенттің танымдық əрекетінің ұйымдастырушысы болуы керектігін білдіреді. Кредитік оқыту жүйесіндегі оқу үдерісінде студент енді əрекет субъектісіне айналды.
Кредиттік оқыту жүйесі – оқу үдерісін ұйымдастыруда жаңа ізденістерге мүмкіндік ашып, «жалпыға ортақ білім» парадигмасынан «əркімге арналған білім» парадигмасына қадам жасатады [1, 2].
Білім берудегі мемлекет саясатының ең маңызды мəселелері – маман даярлау сапасын жақсарту, білім берудегі ғылыми- əдістемелік жүйелерді түбегейлі реформалау, оқытудың кредиттік технологиясын жетілдіру, оқытудың формалары мен əдістерін өзгерту, ондағы алдыңғы қатарлы жаңашыл оқу-тəрбие тəжірибелері мен қазіргі қоғам сұраныстарының арасындағы алшақтықты болдырмау, білімді арттыру үдерісіндегі жүйелілікті қамтамасыз етуде оның ролін жетілдіру жəне қазіргі заман техникасы мен технологиясын жоғары деңгейде қолдана білу.
Кредиттік оқыту жағдайында бəсекеге қабілетті мамандарды даярлау ең алдымен практикалық іс — əрекет барысында пайда болатын мəселелерді формальды сипаттау дағдыларын, яғни тіл үйретудің ақпараттық-компьютерлік технологияларды қолданып іске асыру əдіс-тəсілдері туралы кəсіби білім, білік жəне дағдылар жүйесін қалыптастыруды қажет етеді.
Дəстүрлі білім беру жүйесінде мамандар даярлаушы кəсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты — мамандықты игерту ғана болған болса, ал қазір əлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бəсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлық қабілетіне сүйену арқылы нəтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну негізгі мақсат болып отырғаны баршамызға аян.
“Құзыр”, “құзырлық” жəне “құзырлы” түсініктері бұрынырақта тұрмыста, əдебиеттерде кеңінен пайдаланылды, сөздіктерде түсіндірмелері берілді. Мысалы, “Шетел сөздерінің қысқаша сөздігінде” (М., 1952ж.) “құзырлы (лат. competens, competentis қабілетті) – анықталған аймақта жетекші, білуші; өз білімі деңгейінде бір нəрсені шешу немесе талқылау статусы бар” деп анықтама берілген.
Ресей ғалымы Н.В. Кузминаның көзқарасы бойынша «Құзырлық дегеніміз педагогтың басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлылығы деді».
Құзыр – өкілетті қызмет адамы, сол салада оның сəйкес білімі, танымы болуы қажет жəне жауапты шешімдерді қабылдауға құқылы.
Құзырлық – жұмыскердің өз білімі, біліктілігі жəне дағдылары негізінде нақты кəсіп аясында жоғары сапалы жəне мөлшерлік еңбек нəтижелеріне жету үшін нақты жұмыс түрлерін білікті атқара алу қабілеті. Болашақ мұғалімнің оқушыларға шетел тілін оқыту үшін төмендегідей негізгі құзыреттіліктерді игеруі тиіс: лингвистикалық;коммуникативтік; кəсіби-бейімді (кəсіби-педагогикалық мақсат аясында), т.б.
Болашақ мұғалімнің тұлғасы, дəстүрлі пəндердің (философия, психология, тарих, мəдениеттану, шетел тілі) əсеріне байланысты қалыптасады. Соңғы уақыттарға дейін коммуникативтік құзырлықты қалыптастыруға жеткілікті көңіл бөлінбеді.
Қазіргі оқытушы, болашақ мұғалімдерді дұрыс ұйымдастыра отырып, бағыт-бағдар беру арқылы өздігінен жұмыс жасауға үйрету нəтижесінде, жаңа идеялар мен жаңалықтар, болжамдар мен нəтижелер əкелетіндей тұлға даярлап шығуды көздеуде. Оқытушы қауымнан болашақ мұғалімдер тек білімге ғана емес, өмірге де үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр.
Болашақ мұғалімдердің ақпараттық- коммуникативтік құзырлығын заманауи білім беру технологияларын пайдалана отырып ағылшын тілін оқыту арқылы қалыптастыру қазіргі заман талабы.
Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Тілмен сөйлесу адамзат баласы үшін тысқары бір дүние емес, ол ішкі құбылыс. Сөйлеу тек адамға ғана тəн. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Тілді үйрету əдісі үнемі заман талабына, уақыт ағымына қарай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады.
Олардың ішінде проблемалық оқыту, интерактивтік оқыту, модульдік оқыту, ойындық технологиялық оқыту, коммуникативтік оқыту тағы басқа технологиялар шетел тілін үйренушілердің белсенділігін арттыруда қолайлы болып табылады. Оқыту технологиясы педагогика ғылымында «педагогикалық үрдістің жүзеге асу жолы» танылады. «Педагогикалық технология — оқушы мен оқытушыға қолайлы жағдайда оқу үрдісін жоспарлау, ұйымдастыру, өткізудің жəне оқушымен оқытушының бірлескен педагогикалық əрекетінің əрбір жеке бөлшегіне дейін ойластырылған моделі».
Коммуникациялық бағыт адам өмірінің түрлі саласымен байланысатын сөйлеуді үйретуге бағындырылады. Сөйлеу мақсатына тиісті грамматикалық формалар мен синтаксистік құрылымдардың сөйлеуге қатысуы шарт жəне ол көбіне дайындықсыз сөйлеуге, бұрынғы меңгерген грамматикалық формаларды, лексикалық біліктерді автоматты түрде қолдануға жетуі керек. Оқушы өз ойын еркін жеткізе алу үшін оған қажетті лексикалық жəне грамматикалық минимум алдын-ала анықталып тапсырылады. Бұл тілді функционалдық тұрғыдан үйрету сипатына жатады.
Соңғы кездері, «қарым-қатынас» терминімен қатар, «коммуникация» термині кең тарап жүргенін айта кеткен жөн. Алғаш рет «коммуникация» термині (лат. communication, communicare – ортақтастыру, жеткізу, əңгімелесу) ХХғасырдың басында ғылыми əдебиеттерде пайда болып, екі негізгі жалпы теориялық құрылым ретінде шетел зерттеушілері арқылы мынадай екі түрде қарастырылды: бихевиоризм (коммуникацияның негізі жүйе ретінде тіл емес, тікелей кез-келген адамды тəрбиелеуге болатын сөйлеу сигналдары (дыбыстары); бұл əдістің өкілі Д.Уотсон); 2) тұлға ішкі метафизикалық қабілеті арқылы өз бойында басқа біреудің сезімдерін ашу болып табылатын коммуникация символикалық интеракционализм (персонализм- дербестік) (Дж.Г.Мид).
Қазақстандық зерттеушілердің кейбіреулері, біздің пайымдауымызша, жоғарыда көрсетілген коммуникацияның екі əдісімен сəйкес келетін, тілдік коммуникация мен техникалық коммуникацияны бөліп айтады. Техникалық коммуникация – ақпараттарды қабылдауға жəне жіберіп отыратуға мүмкіндік туғызатын құралдардың жиынтығы. Бұл коммуникацияның компоненттері: 1) хабарлама жібергіш; 2) хабарлама жеткізгіш; 3) байланыс арнасы; 4) қабылдауыш; 5) хабарлама алушы. Тілдік коммуникацияға хабар жіберушіні, хабар алушыны, олардың əңгімелесу барысы жəне тілдің бөлігі ретінде хабарламаны енгізуге болады [3, 4].
Қорыта айтқанда, қоғамдық өмірдің барлық саласын ақпараттандыру процесі дамытылуда. Экономикалық жағдай, адам өмірінің сапасы, ұлттық қауіпсіздік жəне мемлекеттің дүниежүзілік қоғамдастықтағы рөлі ақпараттық- технологиялық дамудың жəне оның даму қарқынының даму дəрежесіне байланысты. Барлық экономикалық дамыған елдерде жəне көптеген дамушы елдерде білім беру жүйесін ақпараттандырудың қарқынды процессі жүріп жатыр. Жалпы білімді жоғарылату жолдары жасалып жатыр жəне оқыту процессіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізуге көп қаражат бөлінуде.
Дегенмен, тілдерді оқыту процесінде компьютерлік технологиялардың қарқынды енгізілуіне қарамастан, арнайы мультимедиялық оқулықтар жəне оларды қолдану техникасы туралы əдістеменің болмауы себепті шет тілін үйрету процессінде компьютерлендіру жеткілікті дамымаған. Сонымен, ағылшын тілін оқыту əдістемесінің жеткіліксіз жасалуы, ағылшын тіліне оқытуды компьютер арқылы ұйымдастыру жолдарын жүзеге асыруды жəне ізденісті қажет ететін маңызды мəселеболып табылады.
Әдебиеттер
- Основы кредитной системы обучения в Казахстане /С.Б.Абдыгаппарова, Г.К.Ахметова, С.Р.Ибатуллин, А.А.Кусаинов, Б.А.Мырзалиев, С.М. Омирбаев; Под общ. ред. Ж.А.Кулекеева, Г.Н.Гамарника, Б.С.Абдрасилова. – Алматы: Қазақ университеті, 2004.–198 с.
- Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрінің 2005 жылдың 9 желтоқсанында №753 бұйрығымен бекітілген «Эксперименттік режимде іске асырылатын кредиттік оқыту жүйесі туралы ереже».
- Нурманбетова Д.Н., Нефедова Л.В., Ковальская С.И., Абдильдина Р.Ж.
- /Методические рекомендации по разработке учебно-методических комплексов учебных дисциплин для студентов. – Астана: ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, 2004. – 42 с.
- Аганина К. Ж. Педагогикалық технологиялар негізінде студенттердің кəсіби іскерлік құзыреттілігін қалыптастыру /Білім əлемінде = В мире образования. — 2009. — №1. — 24-29 бет.
Автордың аты-жөні, тегі: Беркімбаев К. М., Керимбаева Б.Т.