Көрнекті ақын – жыраулар туралы қазақша реферат

0

Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы ақын – жыраулардың жарыққа шығарған өлең–жырлары болып саналады. Бұлар қазақ мәдениеті мен әдебиетінің аса маңызды мұралары.

15–18 ғасырлардағы қазақ әдебиетінде он екі–он үш ақын–жырау аса көрнекті орын ұстады. Олардың өлең-жырларынан халықтың өмір-тіршілігі, көңіл–күйі, салт–санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез–құлық өлшемі мен дүниеге көзқарасы, сол дәуірдің рухы бейнеленді.

Бұл ақын–жырауларды қазақ халқы ақылгөй атадай ардақтап, олардың ақыл–нақыл тұжырымдарын ынталы ықыласпен тыңдап қадір тұтады, бұл өлең-жырларда Отанды, халықты сүю, елдің береке–бірлігін сақтау, әділетті жақтау, жамандық–пасықтыққа қарсы тұру сияқты адамгершілік дәріптеліп отырды. Бұл ақын–жыраулар халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлады.

Ақын–жыраулар халық басына келген қайғыға да, ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.

15–18 ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі ақын–жыраулары: Асанқайғы (15ғасыр), Қазтуған жырау (15ғасыр), Доспамбет жырау (1490-1523), Шалкиіз жырау (1465-1560), Тәтіқара ақын (18 — ғасыр), Үмбетей жырау (1706-1778), Бұқар жырау (1693-1778), Көтеш ақын (1745-1818), Шал ақын (1748-1819).

Бұлар өз өмірінде ұшан-теңіз өлең–жыр шығарады. Бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жеткен жоқ, бұлардың “Балдан қалған сарқыттай” біздің заманымызға жеткен ұзынды-қысқалы өлең-жырлары үш жүзге тартады.

19 ғасырда қазақ әдебиеті белсене көтерілді. Бұл дәуірдегі Махамбет Өтемісұлы (1804-1846), Шернияз Жарылғапұлы (1817-1881) Кіші жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің жаршысы және ту көтерушісі болды, жалынды жырларымен халықты күреске үндеді. Сүйінбай Аронұлы (1827-1896), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Мұрат Мөңкеұлы(1843-1906) қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды.

Асанқайғы Сәбитұлы (XIV-XV) Еділ бойында дүниеге келген. Халидұлы Құрбанғали өзінің “Тауарих хамел” атты еңбегінде әйгілі Майқы биді Асанқайғының арғы атасы еді дейді. Берке хан дүниеден қайтқан соң (1359) Алтын Орданың тағына жанасқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлығ-Мұхамед болса, Асанқайғы сол Ұлығ-Мұхамед ханға сөзін өткізетін билердің бірі болған. XV ғасырдың 20-жылдарында Ұлығ-Мұхамед сарайдан қуылып Қазанды паналағанда, Асанқайғы жасының егде тартқанына қарамастан өз әміршісінің жанында болған. Алайда, бос сауғалау болмысына жат Асанқайғы кешікпей қайтып оралып, Әбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асанқайғы болады.

Асанқайғының жыр-толғаулары мен нақыл сөздеріне қарағанда, Дешті Қыпшақтың кіндік мекені Еділ, Жайық бойынан қазақ руларының ірге көтеруін қолдамай, Керей мен Жәнібекке көп қарсылық білдірген айқын аңғарылады. Асанқайғының “Жерұйық” іздеуіне қатысты айтылатын аңыздардан да халықтың бас құрап, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені байқалады.

Ақыры, елдің ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұрат еткен Асанқайғы Ордадан бөлінген қазақ руларын Шу, Сарысу бойына, Ұлытау төңірегіне қоныстандыруға атсалысып, халықтың темірқазығындай бағдарша болып өткені мәлім.

Ел ауызындағы қария сөздің айтуында, Асанқайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Уәлиханов Шоқанның жазуында Асан–ата өмірінің соңғы жылдарында Жетісуда өткізіп, Ыстық көлдің жағасында дүние салған. Ел ішіндегі шежіре сөздер мен күй аңыздарына қарағанда, Асанқайғы халық қамын ойлаған ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Көптеген күйдің аты мен аңыз әңгімесі де әлі күнге дейін айтылады. Өкініштісі, бүгінгі күнге “Ел айырылған”, “Асанқайғы”, “Желмаяның жүрісі”, “Зар” сияқты санаулы күйлер ғана жеткен.

“Ел айырылған” күйінің құрылысы қарапайым болғанымен, лекіте қағып отыратын сарынында терең күйзеліс сезіледі. Тіптен, не боларын күні бұрын болжай алатын дананың шарасыздығы сияқты торығу да жоқ емес.

Мұны бастан-аяқ жалықпай сұңқылдап, талмай қайталайтын сырлы саздан аңғарасыз.

“Ел айырылған” күйін Мұхитов Ғұбайдолланың (Орал) тартуында алғаш рет А.В. Затаевич нотаға түсірген. Сондай–ақ, толық, көркем нұсқасын 1964 жылы Құсайынов Мұқастың (Орал) тартуында Т. Мерғалиев нотаға түсірді.

Асан айтқан нақыл сөз, Асан айтқан толғау жырлар, әрине, өте көп болған.

Бізге соның кейбір нұсқалары ғана жетіп отыр. Асан сөздерінің дені:

“Құйрығы жоқ, жолы жоқ құлан қайтіп күн көрер,

                     Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер.

                    Жалаң аяқ байпаңдап қаздар қайтіп күн көрер,

    Шыбын шықса, жаз болып таздар қайтіп күн көрер”,-

іспеттес нақыл, толғау түрінде келсе керек. Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан иесі мақұлықтардың бәрінің тіршілігі толғанатқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-гуманисттердің типіндегі ойшыл Асан танылады. Кейін аңызға айналып, аты ұрпақ аузында құрметпен аталған адам теңіздей терең ақылдың иесі болғандығы күмәнсіз.

Асанды көбіне хан қасынан көреміз. Оның бізге жеткен толғаулары түгел дерлік Әз–Жәнібек ханға арнайы айтылған. Алайда Асанды сарай ақыны деуге болмайды.

Халық аңыздарында Асанқайғы жайында “бұл қария қашан да ханға жағынбай, жарсақтанбай тура сөйлеуші еді” делінеді.

Бұл сөздің ақиқаттығы Асан толғауларынан–ақ байқалады.

“Ай хан, мен айтпасам білмейсің,

 Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің,

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызық терлейсің,

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Елеуреп неге сөйлейсің”,-

дейді ол Жәнібек ханға. Асан өмір сүрген заманда ханға жаңағыдай сөйлеу кез-келген шонжардың қолынан келген іс емес. Бұл – Асанның Асандығы ғана айтқызған сөз.

Бұл жерде Асан халық тілегінің жоқшысы. Асан мұңы – халық мұңы. Оның атына жалғанған  Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес. “Тауарих хамсаның” авторы, өзі діндәр Құрманғали Асанның “Қайғы”аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл – халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды. Асан қайғысы бақиды, ахирет жайын ойлағаннан туған қайғы емес. Асан мұңының тамыры тереңде. Оның негізінде халықтың сол кездегі тұрмыс-халіне жаны ашығандық, өмірге көңілі толмау бар. Асан қайғысы – бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы. Сондықтан да өз толғауларында ол үнемі халық атынан сөйлейді.

Бажайлап оқысақ, Асан толғауларынан тек сол заманға ғана тән кейбір суреттерді, қазақ халқының құралу дәуіріндегі белгілі тарихи оқиғалардың елесін көреміз.

“Асанқайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді”, — деп жазған еді Б. Кенжебаев.

Әбілхайыр ханнан бөлінуге қарсы болмағанмен, Асанқайғы ата – мекеннен ат құйрығын үзіп, ұзап кетуді онша қош көрмегені байқалады.

“Қырында киік жайлаған,

 Суында балық ойнаған,

Ойтауыттай туған егіннің

Ойына келген асын жейтұғын

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің.

Ойыл деген ойынды,

Отын тапсаң тойынды,

Ойыл көздің жасы еді.

Ойында кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің.

Елбең – елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген

Еділ деген қиянға

Еңкейіп келген тар жерге,

Мұнда кеңес қылмадың…

Асан атына байланысты кең тараған сөздің бірі – кейін Бұқар шешті дейтін қысқа толғау. Мұнда Асанның өз тобының мүддесін көздегенін көреміз.

Қазтуған жырау (XV ғасыр)

Қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі — Қазтуған жырау Сүйінұлы шамамен 15 ғасырдың 20–30 жылдарында Еділ бойында, қазіргі Астрахань облысының Красный Яр қаласының маңында туады. Көшпенді шонжарлар әулетінен шыққан Қазтуған Еділдің салалары Ақтұба, Бозан бойын жайлаған түркі тайпаларының рубасы көсемі, әскербасы батыры болады. Дешті– Қыпшақта 15 ғасырдың ұзына бойына созылған бұлғақ кезінде оның кімдерді жақтағаны, не істегені белгісіз.

Қазтуған – ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик ақын болған. Қазтуған өз артына өмір туралы, ата мекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырды. Бұлардың дені сақталған. Қазтуғанның біздің дәурімізге жеткен жырлары табиғат арасындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін,өзіндік сыпатын танытады. Қазтуғанның ұлттық баяуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Қазтуған Сүйінішұлының тек қана ақындығын ғана біз айтпай–ақ, ол өз заманының әрі батыры, әрі күйші, әрі биі, әрі шешені болған. Сегіз қырлы, бір сырлы. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр:

“ Бұдырайған екі шекелі,

  Мұздай үлкен көбелі,

 Қары ұнымы сұлтандай жүрісті,

Адырнасы шайы оққа кірісті,

Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің шешені,

Ұстаса қашағанның ұзын құйрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер отты би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын бұзып өтіп дінді ашқан –

Сүйінішұлы Қазтуған !!!”.

Бұл нағыз керемет терең ойлы да, “таза далалық поэзия!” – дейді жазушы, әрі зерттеуші Мұхтар Мағауин. Иә, бұл жолдар тек қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті. Мұздай ызғарлы ауыр сауыт киген батыр көтермелеу үшін өзін номадтың түсінігіндегі ең әлуетті, ең құрметті деген заттарға балайды.

Тарпаң тағыны ұстар ұзын құрық, ақ орданы сүйеп тұрған әшекейлі сырық, жас бураның тал қайзар өткір азуы, қыранның жембасар тырнағы,-алтын да, күміс те, алмас та емес, бірақ алтыннан да, алмастан да салмақты, іріктеліп, екшеліп алынған образдар. Осы жылдардан Қазтуғанның жорықшы, жауынгер жырау болғандығы көрінеді. Сонымен бірге жыраудың эпосшы болғандығы да аңғарылады. Қазтуған – Қазақ эпосын жасаушылардың бірі.

                                      “Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан”,-

деп шалқыған Қазтуғанның білегінің күші қаншалық болғанын біз білеміз, ал ақындығына келсек, оның мұндай сөздерді айтуға толық хақысы болғандығы көрінеді. Шығармалары сақталмай, біздің заманымызға аттары ғана  жеткен, өздері аңыз кейіпкеріне  айналған ұлы жырау  Кекі–Бұға, Жұма- Құл, Сыпыралардың поэзиясы жайында ештеңе айта алмаймыз. Бізге шығармаларымен жеткен бірінші ақын – осы Қазтуған. Қазтуғанға дейінгі жыраулық поэзия қандай дәрежеде еді, оның туу, қалыптасу, даму кезеңдері қандай болды – бұл жөнінде, өкінішке қарай, белгілі бір пікір айту мүмкін емес. Алайда тақырға шөп шықпайтыны сияқты суреткер де өз бетімен, өзінен өзі туа салмайды.

Қазтуған нәр алған әдебиет — әрине, көшпенділердің көне поэзиясы, Кекі–Бұға, Сыпыра жыраулардың жалғаулары.

Қазтуғанның нақыл тақпақ, жыраулық ой тұрғысынан келетін:

“Балдағы алтын құрысы болат

Ашылып шапсам дем тартар,

Сусыным қанға қанар деп.

Арғымақтың баласы,

Арыған сайын тың жортар,

Арқа мен қосым қалар деп.

Арқа дария толқын күшейтер,

Құйрығын күншалмаған балығым

Ортамнан ойран салар деп.

Азамат ердің баласы

Жабыққанын білдірмес,

Жамандар мазақ қылар деп”,-

іспеттес жолдары жыраулық поэзияның бізге жеткен ең ескі үлгісі. Бұл жерде үлкен ақыл иесі, кең тынысты жырау бой көрсетеді.

Алайда Қазтуғанның ақындық қуатын танытатын шығарма – оның туған жермен қоштасу жыры. Бұл толғаудан кейін бүкіл қазақ поэзиясына азық болған образдарды ұшыратамыз.

“Алаң да алаң, алаң жұрт,

 Ағала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір – қонымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып

Қылшанымды сары жүн аққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт!”

Бұл жолдарда оқушысын баурап алатын ерекше бір күш бар сияқты. Аңдап қарасақ өзгеше ештеңе де жоқ, қарапайым сөз тіркестері. Алайда, осы қарапайым сөздердің өзінде адамды елітер, ерітер қаншама сезім жатыр десеңізші!

Адамға ең ыстық – Отаны, ата-бабасының ғұмыр кешкен, өзінің туып, өскен елі, жері. Сондықтан да Еділ қымбаты, сондықтан Еділ қиып тастап кету мүмкін емес. Жыраудың туған жерге махаббатында шек жоқ, бұл сезімде тіпті фәнилік емес бірдеңе бар.

Қазтуған поэзиясы – табиғат аясындағы көңілі таза сәби көшпендінің поэзиясы. Бұл поэзия номадтың санасының қаншалық дәрежеде болғандығын көрсетеді, оның өзін қоршаған, әлі адам қолы бүлдірлеген табиғат туралы түсінігінен елес береді, өмірге көзқарасын білдіреді.

Табиғат аясындағы ақкөңіл номадтың қиялы өзінің ұшқырлығымен,кеңдігімен, сонымен қатар балаңдығымен бізді таң қалдырады. Жырау туғызған кейбір суреттер мен образдарға біз кішкене баланың құмнан соққан құрылыстарына қараған үлкен кісінің сезімімен қызықтай қараймыз,бірақ күлмейміз, — сүйсінеміз.

Еділ жөнінде айтылған өлең жолдарына назар аударайық:

                              “Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

                               Балығы көлге жылқы жаптырмас,

                               Бақасы мен шаяны

                               Кежідегі адамға

                               Түн ұйқысын таптырмас”, —

деген жолдар қас суреткердің қолынан ғана шығуы мүмкін еді. Сүйкімсіз шөп шырмауықтың қалыңдығы, адамға тыныш ұйқы ұйықтатпайтын бақа–шаянның көптігі де жырауға соншалық ыстық.Туған жердің қасиеттілігінің бір белгісі іспеттес.

Ақынның мына тамаша толғауы:

                                       “ Сөйткен менің Еділім,

                                         Мен салмадым, сен салдың,

                                        Хайырлы болсын Сіздерге

                                       Менен қалған мынау Еділ жұрт”,-

деп, Еділ бойында қалған түрік тектес руларға бақыт, береке, тыныштық тілеумен аяқталады.

Шалкиіз жырау. Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленұлы 1465 жыл шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Болашақ жырау үш айлығында анасынан айрылады да, нағашы әжесінің қолына беріледі. Сөйтіп, Шалкиіздің Дешті–Қыпшақ жерін жайлаған түркі руларының бірінен екіншісіне көшкен бір ғасырға жуық сапары жөргектен басталады.

Мұсылманша жақсы білім, сахара салтымен тамаша тәрбие алған Шалкиіз қай атырапта өсіп, ер жетті – бұл жағы белгісіз.

Тек айдынды аламан ғана емес, арқалы жырау ретінде де даңқы шыққан Шалкиізді 1490–жылдарда Ноғайлы әміршісі Темір бидің төңірегінен көреміз. Шығармаларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскери жорықтар санында, бірде әміршісінің нөкері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шығады. Алайда, тәкаппар жырау Темірмен үнемі жарастық таба бермеген. Темір өлгеннен соңғы жерде жырау Мұса ұрпақтарымен қайта табысады. Өз заманындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сыртқары қалмаған Шалкиіз Ноғайлыда XVI ғасырдың 40-жылдары басталған Жүсіп пен Исмаилдің әйгілі тартысы кезінде Жүсіп жағын жақтайды.

Алайда, дұшпандары тарапынан қуғынға, достары тарапынан күндеуге ұшыраған жырау көп ұзамай нағашыларымен біржола араздасып, Қазақ Ордасына қайта өтеді. Шалкиіз бір ғасырға жуық жасап, 1560 жылдарда қайтыс болды деп шамаланады.

Шалкиіз жыраудың туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпімді қуатымен ерекшеленеді. Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы–түз тұрғынының дүние танымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық,этикалық қағидаларды айқын аңғырылады.

Шалкиіз өмірінің біраз уағы ноғай ордасының әміршісі Темір бидің төңірегінде өткендігі байқалады.

“Тіленшіұғлы Шалкиіз,

       Иесі би Темірдің тұсында

            Бұлтқа жете жазды бұ мүйіз,

      Иесі би Темірден соңыратын

 Тұқылдықтан тарсылдап,

Үзілер болғай сол мүйіз”,-

дейді жырау өзінің Темірге арнай айтқан толғауларының бірінде.

Едігенің немересі Тенсібайдан туған Темір би – батыс тарихшыларына да белгілі адам. Анонимді “Шейбани-намадан” оның Астраханьды билеген Қасым сұлтанның іргелі бектерінің бірі эмир – эль – умера, яғни әскербасы болғанын көреміз.

Қасым сұлтан маңызды мәселелердің бәрін Темірмен кеңесін қана шешеді екен. Темір 1480 жылы Уграда болған, 1485 жылы Қырымды шауып, мол олжамен оралады. Өмірінің соңғы кезеңінде Темір – Москваның одақтасы. Оның өз дәуіріндегі тарихи оқиғаларда қандай роль атқарғандығы сол кездегі орыс жылнамаларынан айқын аңғарылады.

Шалкиіз мұрасынан біздің заманымызға жеткені – 600 жол шамасында. Бұл басыр шайыр Рудаки шығарған әлденеше жүз мың шумақ өлеңнің бір мың жолдайы ғана сақталғаны сияқты құбылыс.

Алайда Шалкиіздің әдебиетіміздің тарихынан құрметті орын алуы үшін ғасырлар бәйгесінен келген осы санаулы шумақтардың өзі–ақ жеткілікті.

Қолда бар жырлар бұдан төрт ғасырдан астам бұрын жасаған жырау поэзиясының бағыты, тақырыбы, сыр–сипаты жайында толық түсінік бере алады.

Шалкиіз – жырау, жырау болғанда өлеңмен не қарасөзбен сөйлеу бір қисап, аузын ашса болды көмекейінен күмбірлеген жыр төгіле берген жыраудың классикалық үлгісі.

Дүниеде ненің болсын шегі бар, импровизациясының аты–импровизация. Ақын қанша құдіретті болғанмен алдын ала дайындықсыз, суырып салып айтылған өлеңде мін болмай тұрмайды; бұл сөз алдымен шығарманың көркемдігіне, содан соң ойлылығына қатысты. Импровизация гүлденген орта ғасырлық Арабстан ақындарының өзі экспромтпен айтылған жырларын артынан жөндеп, өңдеп отырған.

Шалкиізге дейінгі жыраулық поэзия қандай күйде болды – біздің бұл жайында білетініміз тапшы. Алайда тақырға шөп шықпайтыны хақ. Шалкиіз жырлары сияқты құдіретті поэзия ақындық өнер дамып, кемеліне келген кезде ғана тууы мүмкін еді.

Шалкиіздің тәрбие алған бесігі – Қазтуған, Қодан–тайшы, Асанқайғы жырлары және бізге аттары да жетпеген.

Бірақ Шалкиіз поэзиясы өзіне дейінгі үлгілерімен салыстырғанда заманның озуының, әдебиеттің дамуының куәсі іспеттес. Мәселен, Қазтуған толғаулары – бала мінез көшпендінің ой–армандарын көрсететін, табиғат жайындағы түсінігінен елес беретін–ді.

Көшпендінің қиялының байлығы, сонымен қатар балаңдығы бізді таң қалдыратын. Қазтуған поэзиясының қасиеті де осында еді.

Ал Шалкиіз шығармаларының өзіндік ерекшелігі – ондағы философиялық толғаныстардың молдығы.

Жыраудың кейбір пікірлері – біз үшін қарапайым ақиқат, ал оның кейбір сөздері құрғақ мораль сияқты ғана әсер қалдырады. Алайда Шалкиіз бен екі ортада төрт жарым ғасыр тұрғанын естен шығаруға болмайды.

Доспамбет жырау XVI ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде Азау қаласында туады. Сол кезде Донның төменгі ағысын, Азау маңын мекендеген Кіші Орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққан болашақ жырау заманы мен ортасының талабына сай тамаша тәрбие алып өскен сияқты. Доспамбеттің бүкіл Дәшті-Қыпшақты жақсы білгені, Стамбұл мен Бақшасарайда да болғаны, сахара тұрмысымен қатар мұсылман кенттерінің жайына да қаныққаны аңғарылады. Өз заманындағы талай әскери жорыққа қатысқан жауынгер жырау туыстас түркі тайпаларының арасындағы көп қырқыстың бірінде, 1523 жылдың бас кезінде Астрахань түбінде қаза табады. Өмірмен қоштасқан сәтінде Доспамбеттің жасы әлі отызға да толмаған еді.

Жиембет жырау (XVII ғасыр) Бортоғашұлы XVI ғасырдың соңғы ширегі, XVII ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүреді. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады. Есімнің көрші хандықтармен арадағы соғыстарына қатысады, ерлігімен, іскерлігімен танылады. Жиембет әсіресе 1620 жылы ойраттармен арада шыққан соғыста қазақтардың жауды ойсырата жеңуіне мұрындық болады. 1627 жылы Қазақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз алдына тәуелсіз хандық құрғысы келген Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет елеулі роль атқарады. Алайда, көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, кіші жүзде дербес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады. Жыраудың інісі Жолымбеттің бір жеңілтек ісін сарайды қорлау деп санаған Есім бұл мәселеге Жиембеттің өзін де іліктіреді. Жырау ойраттармен шекара шығыс бетке айдалады. Бір деректерге қарағанда, Жиембет сол айдауда өледі, енді бір деректердің айтуынша, жырау 1643 жылы Есім хан дүниеден көшкен соң туған жеріне қайтып оралады.

Ақтамберді жырау (1675-1768) Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанда, Қаратау бойында ауқатты семьяда дүниеге келеді. Болашақ жырау жамағайын туысы Бердіке деген батырдың қолында өседі. Ақындық талантын тым ерте, 10-11 жасында танытқан Ақтамберді 17 жасынан бастап қазақтардың Орта Азия хандықтарымен арадағы соғыстарына қатынасады. Өзінің жанкешті ерлігімен, ақыл-айласымен көпке танылады. Талай рет өлім аузынан қалады. Бірде, тіпті, жортауылда жау қолына түсіп, өлім жазасы орындалар қарсаңда ғана қашып құтылады. 1723 жылы қазақтар ойраттардан ойсырай жеңіліп, бүкіл оңтүстік және шығыс аймақтан айрылған шақта Ақтамберді атақты батыр, Орта жүздің рубасы ақсақалдарының бірі еді. Батыр жырау өзінің белсенді ісімен де, жалынды жырымен де жоңғарға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бел ортасында болады, қазақ жасағының алдыңғы сапында шайқасады. Жоңғар мемлекеті біржола талқандалып, жаудан босаған шығыс бетке қайта қоныстану кезінде Ақтамберді қазақ руларын атамекенге біржола орнықтыру ісінде зор қызмет атқарады. Батыр жырау тоқсан үш жасында, 1768 жылы қайтыс болады. Жыраудың жартылай құлаған күмбезі қазір Семей облысы, Абай ауданы, «Жданов» совхозының шегіндегі Жүрек Жота деген төбенің басында тұр.

Тәтіқара ақын (XVIII ғасыр) Қостанай өңірінде, Сарыкөл маңында туып-өскен. Ақын кедей ортадан шығады және бір уақыттарда Абылай ханның сүйіктісі болғанына қарамастан, өмір бойы жоқшылық тақсіретінен құ тыла алмаған тәрізді. XIX ғасырдың орта шенінде қазақ халқының басынан өткен ұрыс-соғыстарға қатардағы жауынгер ретінде қатысқан Тәтіқара көне заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, жұрттың рухын көтеретін үлкенді-кішілі жырлар айтумен қатар, өз жанынан күнделікті әскери өмірге қатысты, жауынгерлерді қиындықтарға мойымауға, ерлікке, күреске үндеген өлеңдер шығарып отырған. Бұл елгезектік өз кезінде Тәтіқара шығармаларының халық арасына кең тарауына жол ашады. Тәтіқара, әсіресе, 1756 жылы қазақ жерінің шегіне кірген Цин басқыншыларына қарсы күрес күндерінде туған өлеңдері арқылы мәшһүр болады. Біздің заманымызға қарбалас шақтарда, от-жалында туған Тәтіқара импровизацияларының кейбір жұқаналары ғана жетті.

Бұқар Жырау (XVIII ғасыр). Бұқар жырау(1668-1781) қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі ол шамамен 1668 жылдары туады. Жыраудың әкесі Қалқаман батыр, сірә, ел билеуші шонжар емес, жеке басының ерлігімен ғана аты шыққан адам болса керек. Жыраудың қайда оқығаны, қандай өмір мектебінен өткені туралы нақты деректер жоқ. Біз тек оның тым ерте көтеріліп, Тәуке тұсында-ақ хан төңірегіндегі ықпалды билердің бірі болғанын білеміз. Алайда, Бұқардың Тәукеден соңғы әміршілермен тіл табыса алмағаны аңғарылады. Жырау кедейшілікке ұрынады. Мәшһүр Жүсіптің айтуына қарағанда және өз шығармаларынан да көрінетіндей, Бұқардың, тіпті сауып ішер малы, мініп-түсер аты да болмайды. Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күн кешеді. Алайда, өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Жырау бір ғасырдан астам жасап, 1781 жыл шамасында қайтыс болады. Сүйегі Баянауылда, Далба тауының етегінде.

Жанкісі Би (XIX ғасыр) XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың алғашқы жартысында жасады деп шамалауға болады. Ақын Арқада туып-өскен және өз заманының ділмар билерінің бірі болған. XIX ғасырдың алғашқы жартысында, аумалы-төкпелі заман кезінде Қоқан билігіндегі Сыр бойына қоныс аударған сияқты. Ел аузында Жанкісінің қоқандықтар қолынан өлгені және өлім арты құн даулаған үлкен толқынысқа ұласқаны туралы дерек сақталған.

Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) 1804 жылы қазіргі Орал облысының Орда ауданында туады. Болашақ ақынның әкесі Ішкі Ордадағы ауқатты, ханға жақын, ықпалды адамдардың бірі болған. Махамбеттің қайда тәрбие алып, қайда оқығаны туралы нақты мәліметтер жоқ. Алайда, архив деректері оның мұсылманша ғұлама, ал орысша тілге де, хатқа да жетік адам болғанын көрсетеді. 1824 жылы Ішкі Орданың ханы Жәңгір жиырма жасар Махамбетті өзінің баласы Зұлқарнайынмен бірге Орынборға жібереді. Ақын хан мұрагеріне аталық болып, мұнда төрт-бес жылдай тұрады. Алайда, көп ұзамай-ақ Махамбет сезікті адам ретінде біраз уақыт Калмыков бекінісінде тұтқында отырады.

1836-1838 жылдары Батыс Қазақстанда екі жақты езгіге қарсы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісі шыққан кезде Махамбет көтеріліс көсемдерінің бірі ғана емес, оның бас ұраншысы болады. Махамбеттің жауынгерлік қабілеті де, ақындық таланты да көтеріліс қызметіне жұмсалады. Көтеріліс жеңіліске ұшырап, Исатай қаза тапқаннан соңғы жерде де Махамбет қаруын тастамайды. Алайда, жалынды ақынның қалың бұқараны қайта көтермек әрекетінің бәрі де сәтсіздікке ұшырайды. Патша үкіметі, оның «адал» жандайшаптары ақынның өз басын жою жайын ойластыра бастайды. Ақыры, ұлы ақын көтеріліске қатысушылардың бірі Баймағамбет сұлтан жіберген женденттердің қолынан, 1846 жылы 20октябрь күні қапыда қаза табады. Ақынның зираты қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданында, Қарой деген жерде.

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!