Конституция тұжырымдары және баспасөз мәселелері туралы қазақша

0
47

Еліміз ұзақ тарихи жолдан өтіп бүгінге жетті. Алайда осынау заңғар замана көші оның соқпақсыз, соқтықпалы кезеңдерін бастан өткеріп, өзінің бодансыз болашағына ұмтыла берді. Ақырында тәуелсіздік деген киелі де қасиетті ұғымның орындалуына қол жеткіздік. Бұл тағдыры талайлы халқымыздың көптен аңсаған мақсат-мүддесі еді. Сол үшін де қаншама қиындықтарды бастан кешуге тура келді. Соның бәрінде ержүрек халқымыз өз міндетін абыроймен атқарып шықты. Сөйтіп біртұтас мемлекет құрдық, онымызды әлемге паш еттік!

Ал оның ең бір тұғырнамасы ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдадық. Сол Ата Заңның бірінші бабында былай деп жаздық: «Қазақстан республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».

Авраам Линкольн: «Демократия дегеніміз халықтың мүддесінен туындап, халықтың араласуымен жүзеге асатын басқару. Яғни мемлекеттік басқаруға халықтың қатысуы. Халық сайлаулар арқылы өкімет билігіне араласып, мемлекеттік органдар арқылы билікке ат салысады. (Депутат сайлау, референдумға қатысу т.б.). Міне, осындай жолдармен халықтық демократия пайда болады, халықтық басқару жүзеге асады. Халық өздері сайлаған депутаттар арқылы Парламенттің өкілеттігін пайдаланады. Сол арқылы ұсыныс-пікірлерін өткізеді, мәселелер шешуге ықпал етеді. Өз кезегінде депутаттар халық, яғни сайлаушылар алдында есеп береді.

Осындай жағдайлар секілді, журналистика да демократиялық бағытта дамыса нұр үстіне нұр! Қазіргі заманда журналистиканы демократиядан бөліп қарау мүмкін емес. Себебі журналистика көтерер жүк аз емес. Қоғамды да, билікті де журналистика үнемі замана ауқымында айнадағыдай көрсетіп отырады. Мұның өзі бұқаралық ақпарат құралдарының күнделікті жұмысы, іс-әрекеті.

Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде әсіресе баспасөздің орны бөлек. Өйткені электронды ақпарат қүралдарына қарағанда баспасөздің өзіндік ерекшеліктері бар. Айталық, радио, телевидениедегі эфирден айтылған сөз кейде сол сәттің, сол мезеттің ақпараты ретінде қалып жатады, ал газет-журналда басылған сөз — мәңгілік. Оны бірнеше жылдан кейін де, тіпті ғасырлар өткенде де тасқа басылған сөз ретінде пайдалануға болады.

Әрине, бұл орайда әрбір бұқаралық ақпарат құралдары түрлерінің өзіндік орны барын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, радио, телевидениенің жеделдігін, дыбысы мен бейнекөрінісін атап айтуымыз керек.

Қазақстанда баспасөз даму және ізденіс үстінде. Мемлекеттік және мемлекеттік емес баспасөз болып жіктеледі. Кешегі кеңестік кезеңде тек қана бір идеологияға бағынған баспасөз шығарылса, бүгінде әр алуан позициядағы баспасөз түрлері пайда болды. Плюрализм мықтап орнығып келеді. Бір тектес мазмұндағы газеттерді таппайсыз. Тақырыбы, стилі, концепциясы да түрлі-түрлі.

Мұндай жағдайға еліміз Конституциясының да ұстанымы ерік береді. Әсіресе мына жайды айтсақ та мүмкіндіктің бар екенін анық аңғарамыз.

18-бапта: «Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті», — деп жазылған.

Бұл газет-журналдардың беттерінде жарияланатын мақалалардың сенімді фактілерге сүйену арқылы жазылуын қамтамасыз ететін фактор екенінде дау жоқ. Рас, журналистердің мәлімет, деректерге қайсыбір кездерде тап осы лауазым иелерінен керегін алуға қолдары жете бермейтіні жасырын емес. Ондайда әрнені сылтауратып, оқиғаның себеп-салдарын немесе ішінара сыр бүгіп қалу да болмай қалмайды. Тіпті кемшілікті жасыру, оның бүге-шігесін айтпау жайлары кездесетінін білу керек. Қай лауазым иесі жұмыстағы, қызметтегі олқылықтарын ашып берер дейсіз? Әрине, ашпайды. Сол үшін де Конституциядағы жоғарыда келтірілген бап көмекке келері айқын.

Сондай-ақ қоғамда пікірталасқа ұласып келе жатқан мәселенің бірі — тіл проблемасы. Тағы да Конституцияға назар аударайық. 19-бап: «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар».

Міне, бұл да баспасөзге қажетті зәру тұжырым екені айтпаса да түсінікті. Баспасөз мұны ескеріп отыруы тиіс. Өйткені Конституция баптарында айтылған заңдылықтар мүлтіксіз қолданылуы керек.

Баспасөз үшін аса қажетті болып табылатын 20-бапты сөз етпей болмайды. Неге десеңіз, мұнда бұрынғы заңдарда жазыла бермеген жәйттер бар:

  1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.
  2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.
  3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үйретуге жол берілмейді».

Иә, осынау бапта келтірілген мәселелердің қай-қайсысы болса да өзекті екені тайға таңба басқандай болып шыққан. Шығармашылық еркіндігі баспасөз, тіпті басқа бұқаралық ақпарат құралдарына ауадай қажет екені екібастан белгілі. Әсіресе қазіргідей демократия заманында. Сондай-ақ «Цензураға тыйым салынады» деген сөздер де журналистердің көкейінде жүрген түйін. Бұған қоса цензура мен демократия бір қазанда басы піспейтін ахуал. Осылайша мәселенің мэнін ашып беру керек-ақ еді, сол миссия орындалған секілді. Айта кету керек, кеңестік кезде де «цензура жоқ» делінгенмен, ол орындалмай қалған арман еді. Айтылуын айтылғанмен, іс жүзінде бәрі де керісінше болғанын журналистер қауымы жақсы біледі. Енді ғана баспасөз қызметкерлерінің жолы ашылып отыр.

Қазір әлемде мазасыздық та барын қай ел болса да көріп-біліп отыр. Бұл жайында Президент Н.Назарбаев Алматыда өткен үшінші Еуразиялық медиа-форумда былай деген еді: «Бірақ аймақтағы қауіп-қатер жағдайында ымырашылдықтың қиын екенін де көре білу керек. Біз түгілі, көп ғасырлық демократиялық дәстүрлері бар мемлекеттер де халықтардың қауіпсіздігін сақтау үшін миграциялық бақылаудан қосымша әлеуетті құрылымдар жасауға дейін, оқу орындарында діни киімдер киюден банк жүйесіндегі қатаң бақылауға дейін, қару күшін қолданудан ақпараттық цензураға дейінгі шектеулер қоюға мәжбүр болып отыр. Осының бәрі, өкінішке қарай, өмір шындығы, ал бұлар ымырашылдық соқпағынан алыс жатыр». Елбасының осы сөзі Конституцияның аталмыш бабындағы «соғысты насихаттауға жол берілмейтінімен» үндесіп жатыр. Сайып келгенде, мүның өзі журналистердің және баспасөздің бұлжымае міндеті екенін айғақтайды.

#Конституция #тұжырымдары #және #баспасөз #мәселелері