Көнеден жеткен көркем ой шығарма — Шығарма
Өзiнiң 75 жылдық мерейтойы аясында Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры көрерменнiң көзайымына айналар қандай жаңа шығарма сахналайды екен деп көптен күткен күптi көңiл орнына түскендей болды.
Бейсенбi күнi театр сахнасында драматург Д.Исабековтiң «Мұңлық-Зарлық» лиро-эпостық драмасының премьерасы аншлагпен өттi. Бұлай болатын да жөнi бар. Өйткенi Арыс ауданының Жиделi ауылында моласы жатқан «Мұңлық-Зарлық» эпосы оңтүстiк жұртының ғана емес, бар қазақтың рухани қазынасы.
Көрермендердi тебiренiске түсiрген қойылым соңында үлкен қошеметпен сахнаға көтерiлген жазушы Дулат Исабеков:
– Қазақта кейiпкерлерiнiң моласы бар екi-ақ жыр бар. Олар Аягөздегi Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың және осы Арыстағы Мұңлық-Зарлықтың қабiрi. Нұрғали Сәдуақасұлының өтiнiшiмен осы iстi қолға алып, алдымен анимациялық фильмнiң сценарийiн жаздым. Шығарманың жұрт көңiлiнен шыққанына тебiренiп тұрмын. Мұхтар Әуезовше айтқанда, дән ризамын, – дедi.
Облыс әкiмi Нұрғали Әшiмов режиссер Асқар Алтынбековтi сәттi еңбегiмен құттықтап, «Оңтүстiкте «Мәдени бағдарлама» аясында жақсы жұмыстар iстелiп жатқанына қуаныштымын. Күнi кеше «Сапа олимпиадасы» атты анимациялық фильм республика жұртшылығын мойындатты» деп пiкiр бiлдiрдi. Жалпы А.Ниязовтың басқаруындағы мәдениет саласында елдiң жылы пiкiрiн туғызған бiрқатар жаңашылдықтар бар. Қаланың қадiрлi қариясы Әдiлхан Сұлтанбековтiң «Көптен берi рухани аштықта жүрген едiм. Мiне, Дулат Исабеков пен шаниндiк әртiстердiң шеберлiгiне сусындап, халқымыздың тарихын көз алдымызға елестеттiк. Халқымызда осындай iнжу-маржан барына қуанып тұрмын. Облыс басшылары кеше зиратының басына барып құран оқытыпты деп естiп, сауапты iстердiң атқарылып жатқанына сүйсiндiм» деген тебiренiсiн түсiнуге болады.
Ал ендi қойылым қалай өттi дегенге келсек, көркемдiк шешiмiн тауып, үлкен iзденiс үстiнде өмiрге келген шығарма ғана өз көрерменiн сахна-сиқырға жiпсiз байлап қоятынын мойындағандаймыз. «Мұңлық-Зарлық» қойылымын тамашалаған жұртшылық осындай жағдайды бастан кештi десек, артық айтқандық емес. Сахна декорациясын өте талғампаздықпен жасаған ҚР мәдениет қайраткерi Қалтөре Жұмағұловтың еңбегiнен сұлу Сырдың табиғатын таңдай қаға тамашаладық. Жас ананың егiз сәбиiн тартып алып, орнына қос күшiктi салған сәттегi ақша бұлттың қалқасындағы көрiнiс шебер режиссерлiк шешiмнен (режиссерi А.Алтынбеков) туған дүние деуге болады. Шығармадағы Шаншар хан (ҚР мәдениет қайраткерi М.Шәкiров), Жәудiр шал (ҚР халық әртiсi А.Қалмырзаев), Ханшайым (Мөлдiр Зияева), Зухра бәйбiше (ҚР еңбегi сiңген әртiсi Құпия Рахымбердиева), Зәрипа (Раушан Салова), Шекер (Ақмарал Маханова), Оркиiк (Бақыткүл Қожамұратова), бас уәзiр Барын (Марат Оразметов), бас сақшы Шафхат (Орынбасар Бекманов) образдарының қай-қайсысы болмасын көркем сомдалған десек, қателеспеймiз.
«Мұңлық-Зарлық» көнеден келе жатқан жыр болғанымен кейiпкерлер аузымен айтылатын «Әдiлдiктi патша сарайынан бастау керек» деген пiкiрлер бүгiнгi таңда да маңызын жойған жоқ. Мыстан кемпiр айтқан «Iстерiң түссе «мыстан апай, мыстан әжей» деп жалбақтайсыңдар ә! Қандай залымдық орын алса менен көресiңдер. Мыстан жоқ болса адамзат бәрiбiр оны ойлап табатын едi. Жамандық iстеуден шаршадым» деген ащы шындық көрермендi бей-жай қалдыра алмады. Бiр ғажабы, Әнипа Қарабекова орындаған мыстан кемпiр образын ең сәттi шыққан дүние деуге болады.
Әрине, қойылымды «төрт аяғын тең басқан дүние» деп көпiрте мақтай беру жанашығандыққа жатпайды. Кейбiр кемшiн тұстарын айтып, әртiстердi одан сайын ширатып алғанның артықтығы болмас. Бiр әттеген-айы, қойылымның финалы сәтсiздеу шыққан сияқты. Бұл ойымызды зиялы азамат Асқар Әлиханның «Драманың суретi де, музыкалық көркемдеуi де сәттi шыққан, театр тiлiмен шебер жеткiзе бiлген. Әйтсе де, Шаншар ханның қол астындағылардың сатқындық әрекетi айқынырақ көрсетiлуi тиiс едi. Сосын шығарманың бiтер тұсы жай әңгiме болып қалған сияқты, сәл ширата түссе қанеки. Жалпы алғанда, қойылым театрға абырой әкелетiн дүние болды» деген пiкiрi де растай түстi. Сондай-ақ Шаншар ханның образында ханға тән паңдық пен тәкаппарлық жетiспей жатса, мұндай кейiп бас сақшының тұлғасында бар сияқты. Театр әртiстерi алдағы кезде де сәттi шығармаларымен көрермендерiн рухани жағынан байыта түссе екен деймiз.