Көне Қытай философиясының негізгі өкілдері туралы қазақша реферат
Конфуций — Кун-Фу-цзы («Кун Үстаз») – біздің дәуірімізге дейінгі 551-479 жылдары өмір сүрген, көне Қытай философиясының ең көрнекті өкілі, »қызмет етушілер философиясы» деген атауға ие болған философиялық мектептің — Конфуцийшілдіктің негізін қалаушы. Бұл мектеп алғашында жу — «ғалым-интеллектуалдар мектебінің ілімі» деп аталды. Озінің философиялық мектебін Конфуций өмірлік тәжірибе жинақтап, адамға қажетті алты өнерді — салттарды білу, музыканы түсіну, садақ ата-білу, күйме арба айдау, жаза және санай білу істерін меңгерген, әбден кемелденген жасында құрды деп есептеледі. Өзінің қоғамдағы рөлін Конфуций өте қарапайым бағалап, өзін жаңа ілімді жасаушы емес, көне данышпандардың (шэн) «Шу цзин» және «Ши цзин» кітаптарындағы даналығын халыкқа жеткізуші ғанамын деп түсінген.
«Лунь юй» («Әңгімелер мен пікірлер») еңбегі Конфуций туындысы ретінде қабылданады. Оның негізгі мазмұны — мемлекет пен жеке адамды жан-жақты жетілдіру жолдарын көрсету. Конфуцийдің пікірінше, мемлекеттің жақсы болмағы оны құрап отырған адамдарға байланысты, сондықтан да жеке адамның міндеті — мемлекетке, өзіне жоғары тұрған адамға қызмет ету.
Лао-цзы (Ли Дань) — даосизм ілімін қалыптастырушы, біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларда өмір сүрген, кейінірек мифологиялық тұлғаға айналған. Қытай философиясы тарихында алатын орны ерекше. Оның ілімін зерттеушілер Лао-цзы Конфуцийдің замандасы болды, ал оның көзқарастары «Дао дэ цзин»‘ шығармасында жинақталған, бұл шығарманы Лао-цзының шәкірттері жазған болуы да мүмкін деген болжампікірлер айтады. Лао-цзы даоны болмыстың алғашқы себебі, мәңгілік, өзгермейтін бастауы деп түсіндірді. Адам ойлауда да, іс-әрекетінде де осы дао жолын ұстануы, яғни «у -вэймен» айналысуы қажет. «У-вэй» — «тыныш келісу» дегенді білдіреді, кейінірек «әрекетсіздік, ештеңеге араласпау» деген қазіргі мағынасында түсініле бастады.
Мо-цзы (Мо Ди) – моистер мектебінің негізін салушы, біздің дәуірімізге дейінгі 479-400 жылдары өмір сүрген. Конфуций іліміне қарсы Мо-цзы «адамды сүю» идеясын басты деп түсінді; Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі — адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі. Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Мо-цзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары «Мо-цзы» еңбегінде баяндалған.
Мэн-цзы (Мэн Кэ) — Конфуций ілімін жалғастырушы, Қытай тарихшыларының мәліметтері бойынша ол Конфуцийдің немересі Цзы Сыдың шәкірті болған. Өмір сүрген жылдары — біздің дәуірімізге дейінгі 372- 289 жылдар. Конфуций ілімін дамытып қана қоймай, оны тереңдетті және жалпы Қытай философиясыныың дамуына үлкен үлес қосты. Оның ілімінің негізі — төрт адамгершіліктік бастау: адамды сүю, парыз, салттарды орындауға ұмтылу және ақыл-даналыққа ие адам табиғатының мейірімділігі.
Қорытынды
Қытай философиясы туралы ойларымызды қорытындыласақ, өзінің маңызын әлі күнге дейін жоймаған, қазіргі заманғы Қытай мемлекетінің қалыптасып-дамуына ерекше әсер еткен, жалпы алғанда мемлекет мүддесін жеке адам мүдесінен жоғары қойып, адамгершілік мәселелерін зерттеген философия болды деуге болады. Шығыс философиясы жайында қорытып айтқанда мына мәселерге тоқталған жөн: алғашқы Қытай философиясы Конфуций мен Дао, данышпан бастаушысы Лао – Цзы төңіріндегі топталды. Егер ертедегі Үндістанда барлық философиясық ағымдар ведизммен байланысты болса, Қытайда олар Конфуций төңірегінде қалыптасты. Конфуцнй іліміне қарсы шыққан тағы да бір атаулы философиялық мектептің ілімі даосизм деп аталады. Даоның қазақшасы «жол» деген сөз.
Қытай мемлекеті қазіргі уақытта әлемдік деңгейде танымал мемлекеттердің бірі болып отырғаны күмәнсіз. Өзінің экономикалық қуатын, мәдениетін, саяси ықпалын күннен күнге күшейтіп отырған көршіміздің ұлттық болмысын, философиялық дүниетанымын, адамгершіліктік ұстанымдарын танып-білу біз үшін аса маңызды және пайдалы. Әр халықтың ішкі, нағыз мәні оның философиясы арқылы ашылатыны белгілі, сондықтан да көне Қытай философиясымен танысу, оның бастауларына үңілу қазіргі Қытай қоғамын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Бейсенов Қ.Ш . Философия тарихы Шымкент, 2005. 3-7 бет
- Кішібеков Д. Сыдықов Ұ. Философия Алматы, 2002. 10,13-14 бет
- Философиялық сөздік. Алматы, 1996 11,12 бет
- Интернет www.google.kz 8,9 бет
.
Тағы рефераттар