Кітап – алтын қазынам — Сценарилер — Bilim

0

Кітап – алтын қазынам

Алматы обылысы, Алакөл ауданы

Байзерек негізгі орта мектебінің

кітапханашысы: Дадабаева Эльмира Токеновна

Сабақтың тақырыбы: Кітап – алтын қазынам

Сабақтың мақсаты:

а) Оқушылардың оқулықтан алған білімдерін байқау.

ә) Оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, ақыл-ойын, тілін дамыту.

б) Кітапты сүюге, ғибрат сөздерден үлгі-өнеге алуға, кітапты құрметтеуге баулу.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, көрнекілік, талдау-жинақтау, өзіндік жұмыс.

Сабақтың көрнекілігі: «Кітаптар көрмесі» нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, шарлар, гүлдер.

Сабақтың түрі: Сайыс сабақ

Сабақтың барысы:

Кітапханашы:  

Кіріспе: Құрметті ұстаздар және оқушылар. Бүгінгі 5-6 сынып оқушылары арасында өткізгелі отырған  «Кітап – алтын қазынам» атты сайыс сабағына қош келдіңіздер!

Халқымыз өнер мен білімді қадірлеген. Бүгінгі таңда барлық адамзат алдында тұрған басты мақсат білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал ұрпақ білімді қайдан алады? Әрине, кітаптан. Кітапхана-білімнің күн шуағы десек, «Ізденсем, білсем» деген балаға кітапхананың есігі әрқашан да ашық. Ата-бабамыз кітапты ерекше ақылшы, ұстаз санаған. «Кітап-білім бұлағы, Білім-өмір шырағы» деген қанатты сөз қалдырған. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп Абай Құнанбайұлы айтпақшы адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін сырлас дос бола алады.

Сайысымыздың атынан белгілі болып тұрғандай қай оқушы кітапханамен жақсы қарым-қатынас жасайды, кім көп кітап оқығаны, кітап оқу арқылы кімнің білімі мен білігі артық екені анықталмақ.

Ендеше, мен бір жұмбақ жасырайын: 

Бір сандық бар өзгеше,

Қолыңа алып жүресің.

Ішін ашып ақтарсаң

Өмір сырын білесің.            (кітап)       

 

Кітаптар бейне жапырақ,

Жырлайтын сырын өмірдің.

Оқисың кейде жаттап

Көтеріп күйін көңілдің.

Айдын — шалқар кейде бір,

Кітапты тұнған көл дерсің.

Ауадай қажет бейне бір

Татпасаң нәрін шөлдерсің.

Сайыс 5 кезеңнен тұрады. Оқушылар 2 топқа бөлінеді.

І топ – Кітапсүйерлер

ІІ топ – Кітапқұмарлар

Әр топтың өнерін Әділқазы алқасы бағалайтын болады. ( таныстырып өту)

Әр топтың өздерін таныстыруы. (бағаланбайды)

Кітапханашы:  

Ал, келіңдер, келіңдер,

Дұрыс жауап беріңдер.

Білімдеріңді  көрсетіп

Алға оза беріңдер!

І кезең. «Білім көзі- кітапта» Бұл кезеңде қойылатын сұрақтарға жауап беру керек.

1 сұрақ 1 ұпаймен бағаланады.

І топқа:

1. Кітап күні қашан атап өтіледі?  2-сәуір

2. Мамыр айында қандай мереке күндері бар?  

3. Қазақ даласына алғаш мектеп ашқан кім?  Ы.Алтынсарин

4. Абай Құнанбаевтың туғанына неше жыл?  166 жыл

5. Қазақтың үш биін ата?

ІІ топқа: 

1. Қазақтың аңызына айналған батыры кім? Б.Момышұлы

2. Қазақтың қандай ұлттық ойындарын білесіңдер?

3. Жыл атауынан құр қалған қандай жануар? Түйе

4. Қазақтың алғаш әліппесінжазған кім? А.Байтұрсынов

5. Ы.Алтынсариннің туғанына неше жыл? 170 жыл

Сауық кешке келейік,

Сөз маржанын терейік.

Кім көп білер екен деп

Мақал айтып көрейік.

ІІ кезең.  «Мақал-сөздің мәйегі»  Бұл кезеңде гүлдердің артына жазылған мақалдардың жалғасын табу тапсырылады.

Жауап 5 ұпаймен бағаланады.

1.    Оқусыз білім жоқ

       Білімсіз……………. (күнің жоқ)

2.    Тіліңмен жүгірме,

       Біліммен……………. (жүгір)

3.     Ғылым — теңіз,

        Білім -………….. (қайық)

4.     Күш — білімде,

        Білім —  ……… (кітапта)

5.    Білекті бірді жығады,

       Білімді ……………. (мыңды жығады)

6.    Оқу-білім бұлағы

       Білім ……………. (өмір шырағы)

7.    Оқу — білім азығы,

       Білім -……………. (ырыс қазығы)

8.    Кітап- ғылым,

       Тілсіз……………. (мұғалім)

9.    Ақыл тозбайтын тон,

       Білім……………. (таусылмайтын кен)

10.  Білім арзан,

      Білу………… (қымбат)

Кітапханашы:  

Білім сүйсең, кел күн сайын осында,

Кітап сенің айналады досыңа.

Талаптансаң үйренуге құмартып,

Келгін, жан дос, ізденейік қосыла.

ІІІ кезең. «Көңілді тапқырлар»  Бұл кезеңде әр топ берілген сұрақтарға өзіне берілген әріптен ғана басталатын сөздермен жауап беру  тапсырылады.

Жауап 5 ұпаймен бағаланады.

«А»  дыбысы                                             «Б» дыбысы

Қала-                                                          Ұлттық тағам-

Өзен-                                                          Ат жарысы-

Ақын-                                                          Әнші-

Сәндік бұйым-                                             Батыр-

Хан-                                                            Сәндік бұйым-

Кітапханашы:  

Кел, балалар, келіңдер,

Қызық кітап көріңдер.

Қане, қарап шығыңдар

Сурет сырын ұғыңдар.

Білім бар да, оқу бар

Оқығанды тоқыңдар.

ІV кезең. «Ойлан, тап»  Бұл кезеңде жасырынған сурет арқылы сөздерді табу тапсырылады. Жауап 5 ұпаймен бағаланады.

Кітапханашы:  

Өмір мәні өнер менен білімде,

Айтайықшы кітабыңды жыр ете.

Әрі ақылшың, рухани қазынаң,

Құнды байлық баға жетпес бұл өте.

V кезең. «Үй тапсырмасы» Бұл кезеңде әр топ өздері дайындап әкелген өнерлерін ортаға салады. Жауап 5 ұпаймен бағаланады.

Әділқазы алқасы ұпай қорытындысын шығарғанша көрермендерге жұмбақ жасыру.

Жапанда бір нәрсе бар аузы жабық,

Ашылар мезгілінде бауырын жазып.

Ішінде толып жатқан қазына бар,

Қорек қып пайдаланар тамам халық.  (кітап)

Көлемі шағын, көп қыры,

Қолдан қолға өтеді.

Өмірдің талай мол сыры

Ішіне сыйып кетеді.       (кітап)

Аппақ дала, қара дән,

Сепкен дәнін түсінуге жараған.    (әріптер)

Қойған жеріңде жатады,

Қолыңа алсаң өзіңе тіл қатады.  (кітап)

Келгенше шамасы

Аямайды көмегін.

Бар адамзат баласы

Содан алар көмегін.  (кітап)

Қорытынды:             

Кітап көрмесіндегі кітаптармен таныстыру. Кітапты күтіп ұстаған оқушыларды үлгі ету.

Кітапханашы: 

Білім іздесең,

Кітаппен таныс,

Еңбегің еш болмайды.

Ақыл іздесең,

Адаммен таныс,

Өнерің кеш қалмайды.

Кітапхана — білімпаздар мекені. Оқушылар кітапханаға келіп, кітап алып оқып, керекті тапсырмаларына дайындалады. Біздің кітапхана кішкене болғанымен атқаратын қызметі өте жоғары. Кітапханаға жиі келіңіздер, бірге ізденіп, бірге еңбек етейік. Кітапты қадірлейік, сақтайық, жан серігімізге айналдырайық.