Киев Русінің құрылуы | туралы қазақша
Шығыс славян тайпалары. VI ғасырда Киевтен Воронежге дейінгі орманды дала алқабын шығыс славян тайпалары мекендеген. Шығыс славян тайпаларының жерінде құрылған мемлекет «Русь» деп аталды. IX ғасырдың басында шығыс славян тайпалары екі мемлекеттік одақ құрды. Біріншісі — полян тайпаларының одағы, астанасы Киев қаласы, екіншісі — солтүстікте Ильмен көлінің маңындағы кривич және басқа тайпалар одағы.
Шығыс славян шаруашылығының негізі егіншілік болған. Қара топырақты оңтүстіктегі жерлерді көбінесе қос өгіз жеккен соқамен, ал солтүстікте және орманды жерлерде бір ат жеккен соқамен жыртқан. Еккен егіндері: қарабидай, арпа, сұлы, тары, бұршақ, зығыр және шалқан. Егінді «тіршілік», яғни «жито» деп атаған.
Шаруа шаруашылықтарында жылқы, сиыр, қой, ешкі, шошқа, үй құстары өсірілген. Балық аулау, аңшылық және омарташылық ауыл шаруашылығының қосалқы бөлігі ретінде жүргізілген.
Туыстас рулар бірлестігінен тайпалар құрылған. Әрбір тайпада қоғамдық маңызды мәселелерді шешетін вече (халық жиналысы) шақырылып отырған. Тайпалар басшылығына әскери көсем (князъ) сайланған.
Киев Русінің құрылуы. IX ғасырдың екінші жартысында 862 жылы шығыс славян тайпалары өздерін басқару үшін Скандинавиядан (Солтүстік Еуропадан) Рюриктер тегінен шыққан князьдерді шақырды. Рюриктерді шақыруының негізгі себебі, біріншіден, сол кездегі Еуропада үстемдік жасап отырған викинг тайпасына тойтарыс беру үшін болса, екіншіден, «Ильмен көлінің бойындағы тайпалар арасындағы бақталастықты жою» деп жазады сол кездегі жылнамаларда.
IX ғасырдың соңында Рюриктің туысы Олег Киевті жаулап алады. Киев князьдері Аскольд пен Дирді өлтіріп, 882 жылы древлян, северян және радимичтер тайпаларын бағындырды. Князь Олег Киев жерін 33 жыл бойы басқарды. Днепр өзенінің орта ағысында славян тайпаларын бағындырып, мемлекет құрды. Рюриктің баласы Игоръ (912-945) Олегтен кейін Киев Русі мемлекетін басқарды. Князь Игорьден бастап орыс князьдері Рюриктер әулетінен шыққан деп саналады. Киев Русіне Киев князі билік етті. Ол елді князьдер мен жасақшылардан құралған Кеңес (Боярлар Думасы) арқылы басқарды. Жасақтар үлкен жасақ және кіші жасақ деп бөлінді.
Киев Русі мемлекетінің астанасы — ежелгі Киев қаласы. Оның іргесі осыдан 1,5 мың жыл бұрын қаланған.
945 жылы Игорьді древлян тайпалары салық жинау кезінде өлтіреді. Игорьдің жесірі Ольга кейіннен древляндардан күйеуінің кегін алады. Игорьдің баласы Святославтың (945-972) тұсында Киев Русінің қуаты артады. Әскери жорықтар жасап, көрші тайпаларды бағындыру арқылы мемлекеттің жері кеңейеді. Бірақ Киев князьдігінде бақталастық күшейіп, Святославтың екі баласы Ярополк пен Олег бірін-бірі өлтіріп, Киев Русі тағына кіші баласы Владимир отырады.
Киев Русінің христиан дінін қабылдауы. Владимир (980-1015) кезінде Орыс мемлекеті күшейді. Киев Русі мен Византия арасындағы экономикалық және мәдени байланыс дамыды. Шығыс славяндар пұтқа табынған. Христиан діні үстемдікке ие болғаннан кейін шіркеу князьдерден ірі жерлерді сыйлыққа алды және мемлекеттік табыстардан ондық салық алып отырды. Киев Русінде Киев митрополитына (шіркеу басшысы) бағынатын епископтар (дінбасылары) басқаратын епархиялар (шіркеулік-әкімшілік) пайда болды. Христиан дінін қабылдағаниан кейін Киев Русінің халықаралық беделі өсе түсті.
Ярослав Мудрый тұсындағы Русь (1019 -1054). Ұлы князь Ярослав Мудрый Орыс мемлекетінің нығайып, гүлденуіне негіз қалады. Еділ бойына Ярославль қаласын салдырды. Мемлекет жері кеңейді. XI ғасырда ол солтүстік-батыста Ладога және Онега көлдерінен оңтүстікте Қара теңіз жағалауына дейін, Дунай сағасына, Карпат бойынан Дон өзенінің бас жағына, Еділ өзеніне дейінгі кеңбайтақ жерді алып жатты.
Ярослав Мудрый орыс мәдениетінің дамуына жағдай жасады. Монастырьлар жанынан мектептер ашылды. Сәулет өнері дамыды. Киев қаласында алтын қақпалы София соборы салынды. Бұл собор Киев қаласында күні бүгінге дейін тұр.
Ярослав Мудрый кезінде орыс саудагерлері Еуропа, Шығыс елдерімен сауда қатынастарын жасап отырды. Киев қаласы сауда орталығына айналды. Орыс тауарлары Бағдат, Александрия, Хорезм қалаларында сатыла бастады. Балқан түбегіндегі Сербия және Болгария, Чехия мен Словакия, Полыпа мемлекеттерімен мәдени және сауда қатынасы жасалды.
Ежелгі Орыс мемлекетінің мәдениеті. Қазіргі орыс, украин және белорус халықтарының мәдениеті ежелгі Киев Русі мемлекетінің мәдениеті негізінде қалыптасқан. Рухани мәдениетке жазу, жылнамалар, сәулет, сурет және қолөнер жатады. Рухани мәдениет халықтың материалдық мәдениеті негізінде қалыптасады. Ертедегі шығыс славяндар шаруашылығы материалдық мәдениеттің дамуына жол салды. Христиан діні арқылы бұл дінді бүрын қабылдаған Балқан түбегіндегі Болгар патшалығымен тығыз байланыс орнап, болгарлар — Кирилл және Мефодий жасаған славян әліпбиі (алфавит) қолданыла бастады.
Ежелгі Орыс мемлекетінің жеріндегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде Новгород қаласынан қайың қабығына жазылған грамоталар, хаттар, шаруашылық құжаттар, шаруалардың арыздары табылды. Монастырьларда көптеген жазба тарихи құжаттар сақталған.
Монастырьлардан табылған жазба деректерді, күн сайынғы болған оқиғалар жазбасын орыстар летопись — жылнама деп атаған. Бізге келіп жеткен сондай жылнамалардың бірі — «Бағзы бір замандардың хикаясы» («Повесть временных лет»). Мұны жазған Киев — Печер монастырының монахы Нестор деген адам. Бұл жылнама Киев Русі мемлекетінің құрылуы, славян тайпаларының көшпелі тайпалармен соғысы, алғашқы князьдер туралы жазылған тарихи дерек, жазба ескерткіш болып табылады.
Ежелгі Орыс мемлекетіндегі монастырьлар жанындағы мектептерде оқу, жазу, дін ілімі, ән үйретілді. Мектепте ер балалар мен қыздар бөлек оқытылды. 1086 жылы Мономахтың туысы Киев қаласында қыздарға арнап мектеп ашқан. Монастырь жанындағы қыздар мектебінде төменгі діни қызметкерлер — дьякон, дьячилер сабақ берген.
Орыс халқы христиан дінін қабылдағаннан кейін, басқа славян халықтары сияқты оларда да сәулет өнері дамыды. Мәселен, Византияның дәстүрлі сәулет өнері негізінде салынған Успен соборы, Спас-Преображенский монастыры, София соборы т.б. Орыс, украин және белорус жерінде салынған барлық православие шіркеулері бір-біріне ұқсас болып келеді. Орыс мемлекетіндегі сәулет өнерінің өзіндік ерекшеліктері болды.
Пайдаланылған әдебиеттер: Айтбай Р.Т., т.б. — Дүниежүзі тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Атамұра, 2017. — 144 бет.
#Киев #Русінің #құрылуы