Кенесары Қасымұлы кезіндегі қарулы күрестің күшейген кезеңі және оның жеңілуі туралы қазақша реферат

0

      1844-1845 жылы жылдар қазақ даласындағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық  қозғалысы өрлеудің ең жоғарғы шегіне жеткен кезі еді. Оғап Сыр бойының, оңтүстіктің қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерінің санын 20 мың адамға жеткізді. Жасақтардың жауынгерлік дайындығын жетілдіруге, оларды дұрыстап қаруландыруға көңіл бөлінді. Зеңбірек, мылтық, оқ-дәрі жасау, оларды сатып алу, азық-түлік дайындау жұмысы жолға қойылды. Патша әкімшілігі әскерлеріне тыңшы жіберуі, барлау жұмысы ұйымдастырылды.

1844 жылдың жазында Кенесары жасақтарын құртуға, халық қозғалысын басу үшін Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өзенінен патша әскерлерінің үш үлкен тобы шықты. Олардың алдына Кенесары жасақтарын қоршап, шешуші соққы беру міндеті қойылды. Осы міндетті ойдағыдай іске асыру үшін, олар Сібірден Кенесарымен шайқас жүріп жатқан жерлерге бет алған генерал Жемчужниковтың әскерімен күшейтілді. Кенесары бұл күштердің басын біріктірмеуге, сөйтіп өзінің жасақтарын қоршап алуына мүмкіндік бермей, оларды бір-бірлеп құрту тактикасын қолдануды жөн көрді. Сібір әскерінің алдынан шыққан оның шағын тобы Ақмолаға қарай қаша соғыс салып, Кенесары күші Ұлытауға бет алыпты деген лақап таратып, жау күшін осы жаққа тартты. Негізгі күшпен Ақмола бекінісіне шауып, Жантөрин шоғырын қоршап, ондағы 44 сұлтанды өлтірген Кенесары мен оның батырлары 1844жылы 14 тамызда Атбасар бекінісін тікелей шабуылмен басып алды. Бұл оқиға патша әкімшілігін қатты састырды. Дуниковский, Жантөрин, Жемчужников әскерлеріне көмекке полковник Ковалевскийдің отряды жіберілді. Жоғарыдағы айтылған шайқастардан кейін Кенесары жасақтары Мұғалжар тауларына барып бекінген еді.Кенесарының 1844 жылғы шайқастарындағы табысы оның даңқын барлық жерлерге жайды. Бұхара әмірі мен Хиуа хандығы онымен тығыз байланыс жасауға ұмтылып, оған сыйлықтар жолдады. Кенесары патша өкіметінен бітім сұрап, даулы мәселелердің барлығын келіссөз арқылы шешейік деді. Патша әкімдері оған онша көп сене қойған жоқ. Дегенмен келіссөз жөніндегі ұсынысты қабыл алып, Кенесарының кепілдікке алып кеткен туыстарын, әйелін тұтқыннан босатты.

Кенесарымен келіссөз жүргізу үшін патша өкіметі Долгов бастаған бір топ адам жіберді. Олар Кенесары патша әкімшілігіне сөзсіз, ешбір шарт қоймай бағынатын болса, оған кешірім жасалады деп мәлімдеді. Кенесары бұл мәселені ойланып көремін деп елшілерді екі ай бойы ұстады. Елшілер бітім болмайтынына көз жеткізіп, “кетеміз” дегеннен кейін Кенесары Орынбор генерал-губернаторына хат жазып, оларды аттандырып, жіберді. Ол хатында патша өкіметі өзінің қазақ жеріндегі бекініс-қамалдарын бұзып, қазақ халқына істеп отырған зорлық-зомбылығын тоқтатқанда, ғана Ресей бодан болуға дайын екенін мәлімдеді.

1845 жылы Кенесары Ұлы жүзге қоныс аударып, Жетісуға келіп тоқтады. Ақши, Күрті, Жиренайғыр деп аталатын жерлерді мекен етіп, осы арада ол Ұлы жүздің халқын біріктіруді, қырғыздармен одақ құрып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтіп оның қол астындағы қазақтарды босатуды көздеді. Кенесары Қытаймен мәмлеге келіп, онымен келіссөз жүргізу үшін Құлжаға елші жібереді.1845 жылы қазан-қараша айларында Кенесары жасақтары қоқан хандығына жорыққа аттанады. Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекіністерін алып, Ақмешітті /қазіргі Қызылорда/ қоршауға алды. Бірақ жорықты жалғастыруға осы жақта жұқпалы індеттің күшеюі бөгет жасады. Ол кері оралып, Жетісу жерінде өзінің келешегіне байланысты жоспарларын ойластырды.

Бұл тұста патша әкімшілігі Кенесарының төңірегіне тор құрып үлгерген еді. Ол қырғыз манаптарының және патшаға адал болып жүрген қазақтың бай шонжарларының басын қосып, Кенесарыға еңсесін көтертпейтін ең соңғы соққы беруге әзірленді. 1846 жылғы жазғы айлардың бірінде мың қаралы жасағымен Кенесары қырғызға бет алды. Хан солтүстік қырғыз манаптарынан өзіне бағынуын талап етті. Қырғыз манаптары Орман, Жантай және Жанғараш тайпалар өкілдерінің құрылтайын шақырды. Сарыбағаш, Бұғы, Саяқ, Солто, Шерік және басқа тайпалардың өкілдері қазақ ханының талаптарын орындаудан бас тартты. 1847 жылы сәуірде Кенесары жасақтарымен қырғыз жеріне басып кірді. Қырғыздармен қақтығысу Ыстық көлінің тау шатқалы қойнауында және Шу өзенінің бас жағында өтті. Кенесары Тоқмақтың маңында Кеклік сеңгірі деген жерінде үш жақтан қоршалған қайырымсыз қатал қамауға түсті. Оны қамаған қырғыз манаптарының жасағы, генерал Вишневскийдің ақ қалпақ киіп, пулеметтен оқ жаудырып, зеңбірегінен от шашып келе жатқан офицерлері мен солдаттары, Қоқан хандығының мыңнан астам сарбаздары еді. Кенесары қолы өзінен күші он есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Жасақтағы жігіттер арыстанша алысып, соңғы демі біткенше қарсыласты. Талай боздақтар осы шайқаста жан тәсілім қылды. Үлкен ерлікпен жау тобын бұзып шыққан Наурызбай тобы болды. Бірақ аз ғана адамымен Кенесарының жау қолына түскенін естіген ол ағасын қимай, жау әскеріне өз еркімен келіп берілді. Патша әкімдерінің кеңесі мен қырғыз манаптары екі батырдың да басын шапты. Сөйтіп бәрі бітті.Кенесары Қасымұлының көтерілісінде бірсыпыра қайшылықтар орын алды. Олар: бір жағынан қазақтарды Қоқан хандығынан азат ету мақсатымен соғыс, екінші жағынан, туыстас, қандас қырғыздармен ескі кек алу соғысы, үшіншіден, өзіне қолдау көрсетуден бас тартқан қазақ руларынан қарсы басып-шаншу саясаты. Кенесары тұсында қарт бурадай жарадық, жауды жасқап жапырып, жауған қардай боладық, дұшпанның алдын орадық, Кене ханнан айырылып, шіл боғындай тарадық, көрінгеннен қорғалап, кісі аузына қарадық – деп Нысанбай жырау айтқандай, Кенесары мен Наурызбай өлгеннен кейін ұлт-азаттық қозғылысы басылып, бостандыққа деген үміт үзіліп, қазақ жерін қайтадан қара түнек қаптады.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы патшаның отарлау саясатына қарсы жүргізілген ең ұзақ соғыс еді. Қазақ халқының феодалдық хан мемлекеттігін қалпына келтіру бұл жолы да жеңіліспен аяқталды. Оның жеңілу себебі, дамудың феодалдық саясатында тұрған қазақ халқының бытыраңқылығы. Байтақ даланы жайлаған қазақ халқы үш жүзге және Бөкей ордасына бөлінді. Осы елдің басын қосу оңай болмады. Жүздерге жіктенген қазақ рулары көтерілісті негізінен өз жерлерінде қолдап, Қоқан және Қырғыз жерлеріне басып кіруден өздерін алшақ ұстады. Кенесарының өзін қолдамаған ауылдарға озбырлығы, ауыр жазаға тартуы да көтеріліс қатарын әлсіретті. Екіншіден, ұлт-азаттық  қозғалысын қазақтың бай-шонжарлары, ауқаттылары қолдаған жоқ, қайта оны басуға патша әскерлеріне көмек көрсетті. Үшіншіден, көтерілісшілердің жетілдірілген қару-жарағы болмады. Төртіншіден, ұлт-азаттық қозғалысын басуға, Қазақстанның отар ел болып қала беруіне көршілес Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары да, қырғыз манаптары да мүдделі болды.

Қорытынды 

     Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақ жерінде үш жүздің халқын түгелге жуық қамтыған және ұзақ уақыт бойы жүргізілген көтеріліс еді. Оның патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бұқаралық сипатымен және қазақ халқының тарихында ірі прогресшіл бағытымен айқындалды. Біріншіден, бұл қозғалыс бұқараның азаттық үшін белгілі саяси мектебі ретінде көзге түсті. Патшаның отарлау саясатына қазақ халқының кейінгі жылдардағы қарсылығы осы көтерілістің  негізінде өсіп дамыды. Оның сабақтары отарлау саясатының қаншалықты озбыр, қанішерлік, халықтың тәуелсіздігін аяқ асты етіп отырған саясат екенін түсінуге, оған қарсы күресте өзінің еркі мен жігерін ұштауға көмектесті. Екіншіден, патша өкіметіне тегеурінді қарсылық көрсетіп, оның отаршыл аппаратына ірі-ірі соққы берген бұл көтеріліс халықтың күш-жігерін дұрыс ұйымдастыра білгенде жеңіске жетуге болатынын көрсетіп берді. Сонымен бірге ол қазақ халқының өсіп-өркендеуіне, ұйымдасып дамудың даңғыл жолына шығуына феодалдық бытыраңқылықтың тұсау болып отырғанын да көрсетті. Үшіншіден, Кенесары көтерілісі патша өкіметінің қазақ халқына құлдық қамытын кигізіп, біржола езгіге салатын, отарлау саясатын ширықтыра жүргізетін сәтін біраз кешеуілдетті. Көтеріліс отаршылдық саясатты қазақ даласына енгізудегі соңғы тосқауыл, ақырғы қамал іспетті.Одан кейінгі он жылдық ішінде болған 1853-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлының да, 1856-1857 жылдардағы Жанқожа батырдың да патша өкіметіне, қоқандықтарға қарсы азаттық күресі Кенесары бастаған қозғалыстай ауқымды бола алған жоқ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 

1. Қазақстан тарихы. Мусин Чапай. Алматы, 2008

2. Кенесары және қазақтар.Әбдіров М, Жамантаев К. Абылай.- Алматы, 1993.- б.120-125

3. Дүйсәлиев Т.  Қазақ тарихынан.- Алматы, 1997.- Б. 492-520

4. Кенесары хан.Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б.98-101

5.  Досмұхамедов Х. Кенесарының соңғы күндері // Жалын.- 1994.- № 9-10.- Б. 282-294

6. Жұмабайұлы Ә. Елі үшін құрбан болған ер Кенекем // Ақиқат.- 1992.- № 8.- Б. 31-37

7.Кенесары ханға тағзым // Жұлдыз.- 1997.- № 12.- Б.204-206

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!