Кел, санайық санамақ балабақша ойындары
Кел, санайық санамақ
Санамақ
Бір, екі, үш,
Бір, екі, үш,
Ал, кәнеки, ұш.
Төрт, бес, алты, жеті,
Төрт, бес, алты, жеті,
Мынау – ауыл шеті.
Сегіз, тоғыз, он,
Сегіз, тоғыз, он,
Ал, кәнеки, қон.
Асықпа да саспа,
Бірден қайта баста.
Санамақ
Бота, түйе,
Құлын,бие,
Торай,шошқа,
Қозы, қошқар,
Қодық,құлан,
Көжек, қоян,
Бақа,шаян,
Торғай,шымшық…
Сен, қал!
Сен, шық! (Қадыр Мырза Әли)
Саусақ санау ойыны
Қуыр- қуыр қуырмаш,
Балаларға бидай шаш!
Тауықтарға тары шаш!
Бас бармақ,
Балалы үйрек,
Ортан терек,
Шылдыр шүмек,
Кішкене бөбек.
Сен тұр – қойына бар!
Сен тұр –қозыңа бар!
Сен тұр –жылқыңа бар!
Сен тұр –сиырыңа бар!
Сен тұр –түйеңе бар !
…Ал сен алаңдамай,
Қазан түбін жалап,
Үйде жат.
Мына жерде құрт бар,
Мына жерде май бар …
Мына жерде қатық бар …
Мына жерде қытық бар…
Қытық , қытық!
Нешеуміз
Бір үйде нешеуміз?
Кел, санайық екеуміз.
Бас бармағым — әкем,
Балалы үйрек – анам,
Ортан терек — ағам,
Шылдыр шүмек – мен,
Кішкене бөбек – сен.
Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз бемеуміз.
Жеті ұл
Сәл демалып, тыным ал.
Тақпақ тыңдап, ұғып ал.
Апта деген ағайдың
Жеті бірдей ұлы бар:
Біріншісі – Дүйсенбі,
Екіншісі – Сейсенбі,
Үшіншісі – Сәрсенбі,
Төртіншісі – Бейсенбі,
Жұма деген – Бесінші ұл,
Алтыншы ұл – Сенбі,
Жетіншісі – Жексенбі.
Санамақ
— Адамда қанша бауыр бар?
— Біреу.
— Қанша өкпе бар?
— Екеу.
— Бір тоқсанда неше ай бар?
— Үшеу.
— Есеп шығаратын амал қанша?
— Төртеу.
— Күнде оқылатын намаз қанша?
— Бесеу.
— Әлемде қанша құрлық бар?
— Алтау.
— Бір аптада неше күн бар?
— Жетеу.
— Малда қанша жілік бар?
— Сегіз.
— Домбыраның пернесі қанша?
— Тоғыз.
— Цифрлар қанша болды?
— Он. Міне өстіп жаңалап Айтып шықтық санамақ.
Он саусақ
Айтар болсам саралап
Көп қой түрлі санамақ
Бір дегенім – бір саусақ
Екі дегенім – екі саусақ
Үш дегенім – үш саусақ
Төрт дегенім –төрт саусақ
Бес дегенім – бес саусақ
Алты дегенім – алты саусақ
Жеті дегенім – жеті саусақ
Сегіз дегенім – сегіз саусақ
Тоғыз дегенім – тоғыз саусақ
Он дегенім – он саусақ
Он қолымда бес саусақ
Сол қолымда бес саусақ
Екеуін қосып санап ем
Барлығы болды он саусақ
Барлығыда әп ай ай,
Бейне бір он бауырсақ.
Бір аптада
Бір аптаның күндері өтті:
1.Дүйсенбіде гүлдер ектім.
2.Сейсенбіде алма тердім.
3.Сәрсенбіде су әкелдім.
4.Бейсенбіде бақша баптап,
5.Жұма күні тақпақ жаттап,
6.Сенбіде мен саған бардым.
7.Жексенбіде бір демалдым.
***
Бас бармағым -атам,
Балалы үйрек – әжем,
Ортан терек — әкем,
Шылдыр шүмек – анам,
Кішкене бөбек – мен.
Міне, менің барлық отбасым.
***
Басталады саусағым бас бармақтан, бірінші,
Балан үйрек болады, санағанда екінші,
Ортан терек биігі тұрып қапты, үшінші,
Шылдыр шүмек келеді «кезегім» деп төртінші.
Кішкентай бөбек таласпай, болған екен бесінші.
Қасқыр қақты қақпаны.
-Ашыңдар, тез!-айтқаны.
Сол-ақ екен лақтар-
Титтей-титтей шұнақтар
Жан-жағына жүгірді,
Жасырынып үлгерді.
Бірі — төсек астына,
Бірі — пештің қасына,
Бірі — сәкі астына,
Бір – астына керует,
Бірі –тапқыр керемет,
Отыр бөшке түбінде,
Қанша лақ бар бұл үйде?
***
Бір – дегенім бірлік,
Бірге ойнап күлдік,
Бір үйдегі көп бала,
Бір көлікке міндік.
Екі – дегенім елім,
Ата-мекен жерім.
Ол — өзен, көл, Кең дала,
Ол – тауларым менің.
Үш — дегенің үй,
Үйсіз оңбас күй.
Үй – туған ел бөлшегі,
Соны еске түй.
Төрт атақты төрт түлік,
Төрт түлікте тоқшылық.
Жылқы, сиыр, қой, ешкі
Өсір бәрін көп қылып.
Бес – қолында бес саусақ
Іске даяр тұр самсап.
Тас қамалды бұзамыз,
Жұдырықтай бір болсақ.
Алты- асау арғымақ,
Мінсең шабар арқырап.
Қиялдайды сондайды,
Бәйге сүйгіш әркім-ақ.
Жеті — туған жеріміз,
Біз – туған жер төліміз.
Жиі барсақ ауылға,
Тола түсер кеміміз
Сегіз — дегенің салтанат,
Ел жиналар анталап.
Тәуелсіздік тойы бар,
Сайыс құрар бар талант.
Тоғыз – торғын тоғайың,
Бауыр, туыс, ағайын.
Ұстаздарың, достарың,
Шаттық толы маңайын.
Он – Отанның ардақты,
Ол – қорғаның салмақты.
Сені ақылды болар деп,
Бар тілегін арнапты.
Санамақтар
Бір дегенім – баспақ
Бұзауды жүр бастап.
Екі дегенім ешкі
Ешкі қойдан есті. Үш дегенім – үйрек Жем бер, қолға үйрет. Төрт дегенім – тайлақ Тайлақты қой байлап.
Бес дегенім – бие
Құлынына ие
Алты дегенім – атан Мініп жүрген атан Жеті дегенім – жорға Жорғаны мін жолға Сегіз дегенім – сиыр Сиыр тұзға үйір.
Тоғыз дегенім – тоқты
Тоқты жемді соқты.
Он дегенім осы
Төрт түліктің досы.
Сайрағанда дүл – дүл. Бір дегенім бүркіт,
Қалады аңдар үркіп. Екі дегенім есек,
Білмейді ол есеп Үш дегенің үкі, Ұстап жейді түлкі. Төрт дегенім тиын, Сан білмесең қиын.
Бес дегенім бұлбұл,
Алты дегенім арғымақ,
Дөңдеу жерден қарғымақ.
Жеті дегенім жайын,
Жайынның жейміз майын Сегіз дегенім серке, Енесіне ерке.
Тоғыз дегенім түлкі,
Жүрген жері күлкі.
Он дегенім оймақ,
Осы сөзді қоймақ.
*Бір дегенім билік, барлық іске килік
Екі дегенім – ерік, қойма еркінді беріп.
Үш дегенім – үміт, шақырады күліп,
Төрт дегенім – талап, босқа жатпа қарап.
Бес дегенім – бірлік, бірліксіз жоқ тірлік.
Алты дегенім — арман, шығатұғын алдан.
Жеті дегенім – жігер, жеңгеніңді тілер.
Сегіз дегенім – сенім, сенген табар елін.
Тоғыз дегенім – талғам, оқуменен алған.
Он дегенім — өзім , бәрін білер кезім.
Бой сергіту жаттығулары
(Мазмұнына қарай қимыл жасап үйрету)
Ал, балалар, тұрайық
Алақанды ұрайық.
Оңға қарап иіліп,
Солға қарай иіліп
Бір отырып, бір тұрып,
Бір тынығып алайық.
Орнымыздан тұрайық,
Белімізді жазайық.
Жоғары төмен қарайық,
Солға, солға түзу тұр.
Алға қарай бір адым
Бойымызға күш жинап
Бір дем алайық.
Кәне, кәне тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық,
Алақанды ұрайық,
Отырып бір тұрайық.
Оң жаққа бұрылып,
Сол жаққа бұрылып,
Бір шапалақ ұрайық
***
Біз кішкентай баламыз Өсіп — өніп толамыз. Көкке қарап талпынып Күнге қолды созамыз. Қанат қағып ұшамыз. Қарлығаштай қалықтап, Бір отырып, бір тұрып, Жаттығулар жасаймыз.
Қоюланып тағы бұлт,
Жауды жаңбыр себелеп
Жапырақты жамылып
Бұға қалды көбелек.
Биік болып өсеміз
Жапырақтай жайқалып
Табиғатты сүйеміз
Денемізді тік ұстап
Билеп, билеп аламыз.
Бойды сергек тік ұста,
Емін – еркін тыныста,
Деміңді ішке тез алда
Оң қолыңды соз алға
Қол ұшына қара да
Үшбұрыш сыз ауада
Сол қол бос тұрмасын
Шеңбер жасап тынбасын.
***
Аспанда бұлт торлайды
Жаңбыр жауды себелеп
Кішене бұтақ астына
Тығылып алды сұр көжек.
Жел үрлейді у-у,
Құйын келіп билейді гу-гу,
Қатты – қатты жел соқты.
Жапырақтар қол соқты.
***
Қарлығашқа ұқсайық
Қане қанат жазайық
Қарлығаш боп ұшайық
Ұшып – ұшып алайық.
Бір –екі – үш,
Қарлығаш боп ұш.
Төрт -бес – алты,
Қарлығаш боп қалқы.
Жеті – сегіз –тоғыз – он,
Қарлығаш боп қон.
***
Көбелекке ұқсап-ап
Ұшайықшы бәріміз
Оңға қарай бір ұшып
Солға қарай бір ұшып
Шарлайықшы жер шарын
Біздер тату баламыз,
Гүл-гүл жайнап жанамыз
Жаттығуда сергіп қаламыз
1,2,3 жоғары қолды созамыз
Жоғары, төмен қарайық,
Орнымызды табайық.
***
Күнге қарайық,
Шашымызды тарайық.
Керіліп дем алып,
Бойымызды жазайық.
Секірейік, жүгірейік,
Қуанайық, күлейік.
Отырайық, дем алайық,
Дем алып ап, жүрейік.
Сергіту сәті
Ал, балалар, келіңдер,
Бой жазайық бәріміз-
Мойнымызды бұрамыз,
Қолымызды созамыз,
Биік болып өсеміз,
Жапырақтай жайқалып.
Табиғатты сүйеміз,
Шетімізден шеберміз.
Денемізді бос ұстап,
Билеп, билеп аламыз.
Аяқтармен топ-топ басып,
Орнымызға барамыз.
Сыңғыр, сыңғыр сыңғырлар,
Құлағымда ырғалар.
Оң қолымда білезік,
Саусақтарда сақина,
Санап көрші кәнекей 1,2,3
Дем аламыз жинап күш.
***
Көтеріліп шаңырақ,
Керегелер керіліп,
Өрімдей боп өріліп,
Бәріміз жүрсек айналып,
Киіз үй боп көрінер.
***
1,2,3 – ал қанекей ұш,
4,5,6,7 –мынау ауыл шеті,
8,9,10 – ал қанекей қон.
Асықпа да саспа,
Бірден қайта баста.
***
Қорбаң, қорбаң, қорбаңбай,
Келе жатқан аю ғой.
Жақындап оған бармайық,
Қатар, қатар тұрайық
Алыстан байқап қарайық.
Рахмет ретінде астында тұрған жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!