Казақ тілі сабағында шешендік сөздерді оқытудың тәрбиелік мәні
Мақалада қазақ диаспорасына инновациялық технология бойынша жанжақты тәлімтәрбие беру және шешендік сөздерді грамматикамен байланыстыра оқытудың тиімді жолдары қарасты рылған. Қазіргі таңда барлық оқу орындарында енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар оқу, білім алу үдерісіндегі әдістемелерге озық, жаңаша тұрғыдан қарап, оны үзбей жаңғырытылуда. Осы ған орай, қазақ диаспорасын дербес білім алуына, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеу мақсатында оқытушылардың инновациялық технологияны меңгеруі міндет, парыз.
Қазіргі таңда оқу үдерісіне «жаппай» енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар баршылық. Әрине, инновация көкейкесті мəселелердің тоғысында пайда болып, оқу үдерісіндегі əдістемелерге жаңаша тұрғыдан қарап, оны үздіксіз жаңғыртуға бағытталады.
Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пəндердің мəнін тереңдетуге, оқытушының кəсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға жəне шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған.
Мұндай технологияларды қолдану – біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, тыңдаушының пəнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, тыңдаушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан əдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек.
Оқу мен тəрбие егіз. Оқыту процесі тəрбиелеумен ұштасып жатуы керек. Оларды бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайтын, табиғаты танылып тұрған үрдіс. Ұлы ойшыл бабамыз əлФараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тəрбие берілуі керек, тəрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», – деген екен. Сондықтан, білім беру мен тəрбиелеу негіздерінің мақсаттарын бірлікте қарастыруымыз керек.
Ұлттық салт-дəстүрімізді қастерлеу, ана тілімізді құрметтеу арқылы елдік рухымызды асқақтатуды мақтаныш тұтатын сабақтарды өткізу – тəрбие саласының үлкен жетістігі болып есептеледі. Сабақтардың барлығы, ең бірінші, ұлттық – тəрбие мен тыңдаушылардың жан дүниесін азық болар құндылығы жағынан қарастырылады.
Жоғары білім беру факультетінде қазақ тілін оқытуға байланысты жүргізілетін барлық практикалық жұмыстар – тыңдаушыларды адамгершілікке, ізеттілікке тəрбиелеуге өз кəсібін меңгертуге, сөздік қорын байытуға, мəнерлеп оқу, сөйлеу мəдениетін қалыптастыруға, шығармашылық ой-қабілетін дамытуға арналған.
Ендеше, қазақ тілі сабағы тек тіл үйрету ғана емес, тыңдаушыларды жан-жақты тəрбиелеу сабағы. Бұл ретте дағдылы сабақтан тыс оқу материалы қазақ тілін оқытуда практикалық қана емес, сонымен қатар білім беру, тəрбиелеу міндеттерін жүзеге асыру болып табылады. Сабақ барысында оқу бағдарламасына байланысты грамматикалық тақырыптарды қайталау, бекіту мақсатында шешендік нақыл, толғауларды пайдалану тиімді. Сабақтың мақсаты:
- Грамматикалық материалдарды бекіту, олардың тілдік ерекшеліктерін толық меңгерту.
- Шешендік нақыл, толғаулардан тілдік категорияларды тауып, оларды ажырату, талдау, дəлелдеу, тіл ұстарту жаттығуларын жүргізу.
3.Алған білімдері негізінде шешендік сөздердің тереңдігіне, мағынасына көңіл бөлуге, есте сақтауға, ойлау қабілеті мен тіл байлығын тереңдетуге, өзіндік көзқарас танытып, пікір айтуға баулу.
4. Тілдік материалдардың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, жазбаша жұмыстарда сол ерекшеліктерді басшылыққа ала білудің практикалық жолын үйрету. Шешендік сөздер арқылы тыңдаушылардың рухани жан-дүниесін байыту. Қазақ – сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Қазақ халқы шешендікті өнердің ең биік сатысы деп, жоғары бағалады. Өйткені шешендік сөздер елдің əлеуметтік өмірінде аса маңызды қызмет атқарды.
Шешендік нақылдар мен толғаулар – ділмар ата-бабаларымыздың алтыннан соққан сөз сарайы, тіл маржаны, ақыл-ойдың дариясы, келер ұрпаққа айтып кеткен кір шалмас ғұмырлы өсиеті. Мұның тəрбиелік мəні де сонда. Логикалық қисыны мен мəні, тапқырлық жүйесінің ұғымдылығы жағынан бұл шешендік сөздер айтушысы мен тыңдаушының көңілінен шығып отырған. Бұлардың ішінде тəрбиелік мəні зор, халық жүрегіне ұялағандары ғана ғасырлар бойы ұмытылмай, қолданылып келеді.
Шешендік өнер қазақ халқының тұрмысында жас буынды тəрбиелейтін дəстүрлі мектеп іспетті болған. «Баланы жастан» деп білген қазақ бала тəрбиесіне үлкен мəн беріп, тəлім-тəрбие сіңген салт-сананы атадан балаға мирас ретінде қалдырып отырған. Демек, баланы тəрбиелеуде ата-бабамыз шешендік нақыл сөздерді ең қажетті құрал деп санаған. Таудың аласармауын, бұлақтың сарқылмауын мұрат тұтқан əр би өзінен кейінгі ұрпақтың да ел ұйытқысы боларлықтай азамат болып өсуін ешқашан қаперінен шығармаған. Мүмкіндігінше өз балаларының бірін, болмаса ат тұяғы жетер жердегі көкрегінде сəулесі, көзінде оты бар жасты қия биіктен танып, тəрбиелеп баулып баққан. «Өсер елдің баласы он бесінде баспын дейді, өшер елдің баласы он» бесінде жаспын дейді» дегендей баланы он бес жастан ел билігіне араластыра бастаған. Мəселен, Қаракесек Келдібек би өз баласы Қазыбекті жастайынан сөз өнеріне, шешендік тапқырлыққа баулиды.
Шешендіктің тәрбиелік мәні – қара қылды қақ жарған шындықпен шешілетіндігінде. Қазақтың қара өлеңінде, ұлттық дəстүр, əдет-ғұрып, тұрмыс-салт жырларында, ертегі, аңыздарында, мақал-мəтел, жұмбақтарындағы шешендік үлгілердің тəрбиелік мəні ерекше. Олай болса, қазақ тілін шешендік сөздермен байланыстыра өтудің үлкен маңызы бар деп айтуға болады.
Қазақ тіліне тəн дыбыстардың айтылуын, жазылуын, оқылуын толық меңгерту арқылы тыңдаушылрадың есте сақтау қабілетін жетілді-
ру, сөздік қорын байыту мақсатында, мəселен,
«Отын олжа, су нұрлық» мəтінінен (қазақ тіліне тəн дыбыстар бойынша) «Кім көп сөз табады?» ойынын жүргізуге болады.
Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып:
- Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, сенің есің неден кетіп еді? – дейді.
- Тақсыр, даланың отыны олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық, – деп жөніне жүре береді.
Казақ тіліне тән дыбыстарды табыңыз. Сөздерді буындарға бөліп, олардың қандай буын екенін анықтаңыз.
«Бір аяқ сусын бір кісінің құны екен ғой!» Сырым шөлдеп келе жатып, бір үйден түсіп сусын ішіпті.
- Япырмай, бір аяқ сусын бір кісінің құны екен ғой! – депті, Сырым маңдайының терін сүртіп.
- Жоқ батыр, бір аяқ сусын бір емес, екі кісінің құны. Бұл сусын табылмаса шөлдеп сіз де өлер едіңіз, ұялып мен де өлер едім, депті үй иесі.
Төмендегі берілген Әйтеке бидің сөздері қандай жағдайда айтылған? Бұл сөздер сіз білетін қандай мақалға ұқсайды? Етістіктерді тауып, олардың қандай шақ формасында тұрғандығын анықтаңыз.
Ашу бар жерде, ақыл тұрмайды. Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар. Ақыл деген дария, Алдын тоссаң тоқырар.
Етістіктің рай формасы туралы мағлұмат берген кезде шешендік нақыл, толғаулардан мысал келтіруге болады.
«Ақтайлақ би айтты» өлең жолдарынан шартты рай формасында тұрған сөзді тауып, оларды ашық рай мен бұйрық райға айналдырыңыз.
Ақ сауыттың белгісі – Атса мылтық өтпесе, Шын жүйріктің белгісі – Шапса тұлпар жетпесе, Шын жақсының белгісі – Тозған елді септесе,
Ер жігіт деп айтамыз, Жауға тастап кетпесе!
Септіктерді қайталау. Шығыс септігінің жалғауын, тауып, сұрақ қойыңыз. Мысалы:
«Балдан тәтті не бар?»
Бауадат дейтін жігіттің сұрақтарына Назым деген қыздың берген жауаптары:
- Балдан тəтті не бар, қылыштан өткір не бар, удан ашты не бар?
- Балдан тəтті бала бар, қылыштан өткір тіл бар, удан ащы əдепсіз адамның аузынан шыққан сөз бар.
Өлең жолдарынан ілік септігі мен тəуелдік жалғауының III жағында тұрған сөзді табыңыз. Қазақ тіліндегі жалғаудың түрлерін атаңыз.
Астындағы атың жүрдек болса, Жалғанның пырағы.
Алғаның жақсы болса, Үй мен қонақтың тұрағы.
Бала бидің сөздерін оқыңыз. Оның «жерден не ауыр, судан не терең, оттан не ыстық, көктен не биік?» деген сұраққа берген жауаптарын қалай түсінесіз. Сіз үшін не ауыр, не терең, не ыстық, не биік? Ойыңызды айтыңыз.
Берілген шешендік сөздермен морфологиялық талдау жасаңыз.
«Жерден ауыр не?»
Бала би қартайған шағында елінің игі жақсыларымен кеңесіп отырып: «Жерден ауыр не, судан терең не, оттан ыстық не, көктен биік не?»
– деп сұраған екен.
Бұған ешкім ауыз толтыралықтай жауап бере алмапты. Сонда Бала бидің өзі шешіп берген екен дейді.
Жерден ауыр дегенім – ақыл-білім, Судан терең дегенім – оқу-ғылым. Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі,
Көктен биік дегенім – тəкаппардың көңілі.
Көптік жалғауын табыңыз. Сөйлем мүшелеріне қарай талдау жасаңыз.
«Саудагерлер не жейді?»
Бір жолы үш жасар Жалмамбет əкесіне еріп Ташкент базарына барыпты. Саудагер, делдал дегенді алғаш рет көрсе керек. Үлкендерден
«Саудагер қулар алдап жеп кетіп жүрмесін» деген сөздерді естіп жүреді. Жолда бара жатып:
- Көке, осы саудагерлер не жейді? – деп сұрапты. Сонда Байдебек жас баласына:
- Саудагерлер, делдалдар түске дейін өзгелерді алдап жейді, түстен кейін өзді-өзін алдап түсіреді, – депті.
Есімдіктер құрамына және мағынасына қарай қаншаға бөлінетіндігін айтыңыз. Сілтеу, жіктеу, өздік есімдіктерінің септелуіне мысалдар келтіріңіз. Төменде берілген нақыл сөздің мағынасын түсіндіріңіз.
Нұрлыханның Сырымды сынауында «Жол анасы не, сөз анасы не, су анасы не?» деген жұмбақ сұрауларға
Жол анасы – тұяқ, Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ, – деп тапқыр жауап берген. Ақыл парасат, тапқырлық, терең логика қосқосынан табылатын шешендік өнердің бір саласы – жұмбақпен айтылатын шешендік сөздер. Жай айтылған шешендік сөздерден гөрі жұмбақпен айтылатын нақыл сөздер алдеқайда қызық та, көркем де.
Әрине, дағдылы сабақтан тыс оқу материалымен жұмыс жүргізу барысында тыңдаушыларға ұсынылатын түрлі тапсырмалар тізімін жалғастыра беруге болады. Бұл жүмыстың мақсаты өткен грамматикалық тақырыптарды меңгеру дəрежесін бақылаумен қатар, тыңдаушылардың өз бетінше ауызекі сөйлеу дəрежесін көтеруге мүмкіндік жасауға бағытталады.
Әдебиеттер
- Шешендік шиырлары. – Алматы: Қайнар, 1993.
- Төрекелдіұлы Т. Шешендік сөздер. – Алматы: Алтын алка, 2010.
- Дала кемеңгері немесе сырым туралы сыр. – А., 1992.
- Оразбаев Ф.Ш. Қатысым теориясы мен əдістемесі. – Алматы, 2000.
- Құрманова Н.Ж. Қазақ тілін оқытудың əдіснамалық негіздері. – Астана, 2008.
- Валиева М. Жаңа педагогикалық технологиялар. – Алматы: Әдістемелік нұсқау, 2002.
- Қазақ тілі мен əдебиеті. – №5. – 2004.
- Ж.Қ. Түймебаев Қазақ тілі: Грамматикалық анықтағыш. – Алматы, 2004.
- Қазақтың мақал-мəтелдері. – Алматы: Көшпенділер, 2002.
Автордың аты-жөні, тегі: Г.А. Мулдагалиева, Ж.П. Касымова