Эссе

0

                                                        Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы

                                                            Боровской селосы

                                                           «Балауса» бөбекжай балабақшасы

                                                           Педагог — психолог: Б.С. Ахмеджанова

 

 «Менің мамандығымның ерекшелігі» тақырыбына эссе.

          Мамандықтың бәрі жақсы. Соның ішінде өзіңнің сүйіп таңдаған мамандығыңа жететін шіркін, не бар дейсің?! Мен таңдаған мамандық – ол адам  жанының бағбаны психолог .

         Психология — жан туралы ғылым. Демек, ол — адам жанына терең үңілетін, оның бойындағы дарын мен таланттарды ашып шыңдайтын ғылым болып саналады. «Мен бір жұмбақ адаммын» оны да ойла – деп  Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір тұлға – жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу мен қалаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры.

Мен бүгін
Ерекше бір сезіммен ояндым,
Сәулелі шуақты ақ таңға боядым,
Жүректе қуаныш, бойда күш тасыған,
Өмірімнің мәніне айналған,
Бүлдіршіндерді көремін тағы да қасымнан!

       Мынау менің балабақшам… Мынау менің кішкентай бөбектерім… Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарағым келеді.
Мен балабақша психологімін.  Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады.

       «Тән ауруы жазылар, жан ауруы жазылмайды» деген сөзде үлкен мағына мен мән бар. Бүгінгі күні тән ауруын дәрігердің шипасы емдесе, жан ауруын психолог маман емдей алады. Әр адамның жүрегіндегі мұңды сезіп, ойды танып, дұрыс жол сілтей білу, адамнан тек мамандықты талап етпейді, адамға деген мейірімділік пен ізгіліктен туындайды.

       Жақсы психолог болу үшін ең алдымен терең білім, еңбек, дәлдік, ұқыптылық, бастамашылдық, қойған мақсатына жетуге деген өз күшіне сенімділік. Ең маңызды қасиет ол мәселені шығармашылықпен шешетін терең интуицияның болуы. Психолог — басқа адамның мәселесіне еніп, түсіне отырып, өзі бірақ бұдан зардап шекпейтін мықты тұлға. Өз өмірін тәжірбие  ретінде қолданбайтын, әр нәрсеге обьективті түрде қарай алатын, өзгелермен бірге қуана да, қайғыра да алатын терең эмоционалды, жоғарыда айтқандай бірақ өзі бұдан зардап шекпейтін жан. Психолог маман  аса сезімтал, ерекше  жанашыр, мықты шыдамды болу арқылы  шәкіртінің сырына бойлай алады. 

          Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін… Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу іс — әрекетін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен?..

         Айталық: Егер мен бір шәкіртімнің қатты жасық, жасқаншақ екенін анықтап шықсам, оны «шалқайғанға шалқай, ол атаңның ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол атаңның құлы емес» деген қағиданы санасына сіңіріп, оның ешкімнен кем емес екендігін, жұртпен бірдей екендігін  дәлелелдеп, жігерін ұштап, өзін-өзі тануына, қабілетін жетілдіруіне бар мүмкіндігімді жұмсаймын.

         Егер бала өзімшіл, қызғаншақ болса, «кең болсаң кем болмайсың» деп, халқымыздың ұлттық тәрбиесі қонақжайлық, мәрттік, жомарттық жағдайларына қатысты қызықты әңгіме, жыр, қазақ би шешендерінің айтқандарын  баяндау арқылы оның көпшіл болуына жол ашамын.

          Жантанушы ретінде толық адамға айналар тұлғаға жол көрсетер жан болғаныма  қуанамын. Сондықтан мен өз мамандығымды қоғамға қажеттілігін сезіне отырып, ерекше жақсы көрем және жақсы психолог  болу үшін барлық ерік –жігерімді сарп етуге әзірмін.

        «Білерім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін — зердесі кең, алыстан қарасаң — кербез, жақыннан қарасаң — кішіпейіл. Жүзіне үңілсең — мейірімді, жанына үңілсең — шуақты көрінбек.
        Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты психолог атансам — адами парызымның орындалғаны болар.

 

 

 

 

 

 

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!