Экзистенциализм философиясы және әдебиет

0

Экзистенциализм – ерте грек тілінде ехtitentia – тіршілік ету, яғни «өмір сүру философиясы» деген мағынаны береді. Бағыты жағынан антропологиялық болып келетін бұл философияның негізгі мәселесі – адам проблемасы мен оның өмір сүру формасын қарастырады.

Экзистенция (лат. Existertia – өмір сүру) – экзистенциализмнің негізгі ұғымдарының бірі, жеке адам болмысының өмір сүру тәсілін ұғындырады. Ең алдымен экзистенциализм – философиялық категория болып табылады. Алғаш рет «экзистенция» терминін Кьеркегор осы мағынасында пайдаланды.   Экзистенциализмде адам өзінің орталық түпқазығы болып, соның арқасында алғашқысы жай ғана жеке эмпирикалық индивид ретінде және «ойлайтын ақыл-парасат», яғни қайталанбас нақты тұлға ретінде бой көрсетеді. Экзистенция – адамдардың мән-мағынасын емес, ол экзистенциалистердің (Сартр) теориясына сәйкес қандай да бір белгілі, күн бұрын айқындалған ұғымды білдіреді. Экзистенциялизмнің аса маңызды ерекшелігі – ол объективтілік сипатқа ие бола алмайды. Барлық адам өзінің қабілетіне, біліміне, шеберлігіне – сыртқы заттар түрінде объективті сипат бере алады. Одан әрі өзінің психикалық актілеріне, ойлау жүйесіне және т.б. теориялық тұрғыдан «объективті түрде қарап», оларды өзі қарастыратын объектіге айналдырады. Іс жүзінде де, теория жүзінде де объективті сипат беруге танымнан да жалтарып кететін, осылайша оған әмірі жүрмейтін бір нәрсе – оның экзистенциясы.

Экзистенциализмді ең бірінші зерттегендер философтар, алайда философтардың зерттеу обьектісі әдебиетші ғалымдардың жазбалары мен әдеби көркем шығармаларындағы экзистенциалистік сарындар болды.

Кезінде «өмір сүру философиясы» деп аталған мұндай бағытты тек буржуазиялық идеологияның, буржуазиялық философияның толғамдарының нәтижесінде дүниеге келген теріс көзқарастар бағыты деген түсінік қалыптасты. Мәселен, «Экзистенциализмнің философия мен әдебиеттегі көрінісі» деген еңбек жазған поляк ғалымы Ежи Коссак: «Философиялық концепция ретіндегі қазіргі экзистенциализмнің әлеуметтік және тарихи негіздерін, оны ерекшелейтін идеялар мен сарындарды айтқанда біз философияның тарихындағы кең ауқымдағы пессимистік және негилистік ағымдармен кезігеміз. Бұл адам ақыл-ойының қалыптасқан шындыққа бас көтеру тарихының құрамдас бөлігі» — дейді.

Экзистенциализмге сәйкес, философияның негізгі міндеті – дәстүрлі рационалистік ғылымдармен емес, жеке адам өміріне қатысты сұрақтардың жауабын табу. Адам еркінен тыс бұл өмірге, ондағы тағдырына «тасталған» және өзіне жат әлемде өмір сүреді деген идеяны алға тартады,.

И.Фихте айтқандай: «Адам қандай болса, оның философиясы да сондай болмақ». Ендеше, осы тұжырымды негізге ала отырып, философияның бұл түрінің пайда болуының мәнін түсіндіруге болады.

Экзистенциалистік ой-пікірдің ХХ ғасырда бой көтеруіне бірінші дүниежүзілік соғыстың әсері және адамзат баласының бір-біріне жойқын майдан ашқан екінші дүниежүзілік соғыстың өмір мен өлім, бар болу мен болмаудың адам психологиясына тікелей әсер етуі басты себеп болды.

К.Ясперс, М.Хайдегер, А.Камю, Ж-П.Сартр, Г.Марсель, Х.Ортега-и-Гассет, М.Бубер және т.б. – экзистенциализмнің көрнекті өкілдері. Оларға ортақ экзистенциалистік ұғымдар: «қамқорлыққа зәрулік» (забота), «ұмыт қалу» (покинутость), «жатсыну» (отчужденность), «абсурд», «үрей-қорқыныш», «жауапкершіліктен бас тарту», «таңдау», «өлім» сынды паратерминологиялар тән [3,45]. Экзистенциалды философия, А.Хюбшердың тұжырымынша – «самое непосредственное выражение современности, её затерянности, её безысходности… Экзистенциональная философия выражает общее чувство времени: чувство упадка (құлдырау), бессмысленности и безысходности всего происходящего… Экзистенциональная философия – это философия радикальной конечности» яғни «өзін жоғалту, тығырыққа тірелу, өмірдің мән-мағынасын жоюы, құлдырау сезімінің билеуі, міне, экзистенциалдық филасофияның мәні осындай.

Экзистенциализмнің идеялық қайнар көздері – өмір философиясы, Гуссерльдің феноменологиясы, Кьеркегордың діни-мистикалық ілімі. Экзистенциализм діни (Марсель, Ясперс, Бердяев, Л.Шестов, М.Бубер) және атеистік (Сартр, Камю, С.Бовуар) болып екіге бөлінеді. Хайддегердің түбірлі онтолгиясы бұдан оқшау тұр, оны діни экзистенциализмге де, атеистік экзистенциализмге де үзілді-кесілді жатқыза салуға болмайды.

Экзистенциализмнің басты мақсаты – адамның жоғалтқан дүниесін баяндау. Әдетте адам материалды емес құндылықтарды жеңіл жоғалтып алады және оның жоқтығы, бос орыны туралы мазасы кетпейді, өйткені біздің ғасыр материалды құндылықтарды бірінші орынға қойған ғасыр, оның ар жағында рухани құндылықтар жетімсіреп қалған күйде көрінеді.

Әлеуметтік өмірдің бар байлығы «өзгені тану» актісімен шектеледі. «Мен» және «Сеннің» кездесуі, өзара түсінісуі ортақ тіл табысу мен адамның жеке психосемантикалық қасиеттеріне де байланысты. Тұлғаның бірқалыптылығын дәлелдеуге тырысатын бұрынғы адам концепциясына қарсы философиялық антропология мүшелері адам мәселесін қарастырудан бас тартады; олар үшін Адам, оның өмірі – аяқталмаған, сондықтан да анықтама шеңберіне сыймайды.

Адам проблемасына Қайта өрлеу дәуірі ойшылдары ерекше назар аударды. Бұл мәселе біраз ойшылдардың – И.Кант, А.Шопэнгауэр, Ф.Ницше, Г.Марсель, М.Бубер, т.б. еңбектерінде маңызды орын алып келді.

Ал экзистенциализм бағытының негізгі тенденцияларын саралай келсек, олар мынадай:

  1. Қандай да бір болмасын білімнің көзі адам тұлғасының нақты болмысын талдаудан басталады. Адам болмысы – жалғыз шынайы ақиқат.
  2. Адам өзінің жекелік мақсатына ұмтылу барысында ғана өз табиғатына үңіледі. Яғни, өмір сүру – өзіңді-өзің қалыптастыру, өзіңді-өзің ғана таңдау.
  3. Қандай да бір ортақ мақсаттар мен идеологиядан, жалпылық мүдделестіктен ауылы алшақ адамның жекелік болмысы ғана оны абсурдық өмірден құтқарады.
  4. Адам өзінің күнделікті өмірінде өзін экзистенция ретінде, яғни нақты қайталанбайтын тұлға екенін сезіне бермейді. Ол үшін шекаралық ситуация, – өліммен бетпе-бет келу керек. Тек сонда ғана адам өз бостандығын сезіне алады. Сонда ғана ол өзінің «жапандағы жалғыздығын», адам мен сыртқы әлемнің сәйкессіздігін түсіне алады. Бұл – экзистенциалисттердің негізгі тұжырымы.

Бір сөзбен айтқанда, экзистенциалисттер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбиді. Алайда, олардың тұжырымдарында адамның ортамен, басқа адамдармен байланысы тіпті қарастырылмайды деу де қисынға келмейді. Әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдері – М.Хайдеггер, К.Ясперс, Ж.П.Сартрлерді ортақтастырып тұратын басты белгі – адам болмысына «Мен» және «Басқалар» ұғымы тұрғысынан келуі. Олар үшін қоғамдық қатынастар сияқты қозғалыс түрлері абстракция, негізгі шындық – субьективтілік.

Сонымен, экзистенциализм (латынша  existentia – «өмір суру») ағымы – ХХ ғасырдағы философия мен әдебиеттегі үлкен ағымдардың бірі. Бұл ағымның негізгі принциптері адам болмысының мына әлемдегі панасыздығы, шарасыздығы, өмірдің абсурдтығы, әлем және жалғыздық ұғымынан өрбіп, адам проблемасы мен оның өмір сүру формасын қарастырады.  Экзистенциализм ХХ ғасырда барлық әдебиеттерге ықпал ете бастағандықтан да қазақ әдебиеті ол ағымнан тыс тұра қалған жоқ.

Данат  Жанатаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Профессоры, доцент

Әбілда Қызжібек

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты