Экзистенциализм философиясы – Философия – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0
3027

Қазіргі философиядағы ең ықпалды ағымдардың бірі — экзистенциализм (existentia – латын сөзі, өмір сүру) философиясы. Ол Батыс Еуропа топырағында екі дүниежүзілік соғыстың арасында қалыптасты. XX ғ. бірінші жартысында ондаған мемлекеттер қатысқан қантөгісте миллиондаған қыршын жастар қаза болып, мыңдаған қалалар, зауыттар мен фабрикалар, ауылдық жерлердегі үйлер қирап, адамзат тағы да варварлық сатыға қайта келгендей болды. Бұл трагедия ойланатын адамдардың санасында өзінің өшпес ізін қалдырып, дүниетанып, оны қайта өзгертуден гөрі, сол қайғылы замандағы адамның өмір сүруіне, оның қайшылықтарға толы дүние тебіренісіне, оның өмірінің мән-мағынасын анықтауға т.с.с. сұрақтарға жете көңіл бөлінуіне жеткізді.

Мұндай ахуал, әрине, өткен ғасырда өмір сүрген дат философы С.Кьеркогердің, неміс философы Ф.Ницшенің, француз ойшылы Б.Паскальдің, орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің ойларының өзектілігін көрсетіп, олардың еңбектері экзистенциализм бағытының теоретикалық қайнар көзіне айналды.

Экзистенциализм философиясының негізін қалаған ойшылдарға Мартин Хайдеггер (1888-1976 жж.) мен Карл Ясперсті (1883-1969 жж.) (Германия), Жан-Поль Сартр (1905-1980 жж.) мен Альбер Камюді (1913-1960 жж.) (Франция), Н.А. Бердяев (1874-1948 жж.) пен Л.И.Шестовты (1866-1938 жж.) (Ресей), Виктор Франклді (1900 ж.) (Австрия), Хосе Ортега-и-Гассетті (1883-1955 жж.) (Испания) жатқызуға болады.

Сонымен XX ғ. Еуропа цивилизациясының дағдарысы, зерде мен адамгершілік құндылықтарына деген сенбеушілікті тудырып, трагедияга толы адам мәселесін тікелей философиялық таразыға салды. Бұл саладағы анықталған ең бірінші жаңалық – зерденің негізінде ғылым мен техника дамыған сайын адам болмысының тұрақсыздығы мен нәзіктігінің өсуі. Мұндай күрделенумен қатар қатыгезденіп жатқан дүниеде тұрақтану үшін, адам ең алдымен өзінің ішкі өмірін талдап, соның негізінде өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін ашуы қажет. Мұндай адам өміріне қас дүниеде адам өзінің рухы арқылы ғана қарсы тұра алады. Олай болса, адамға ең керекті нәрсе – ол зат, материя, я болмаса идея, таным философиясы емес, негізінен алғанда, – адам философиясы. Ал адамға келер болсақ, ол, әрине, ешқандай объект, өндірістің, я болмаса танымның құралы емес, ол субъект – ерікті, өз-өзіне жеткілікті, жауапкершілікті болмыс.

Жоғарыда айтылған жалпы мінездемені нақтылай келер болсақ, онда экзистенция (өмір сүру) мен эссенция (мән-мағына) ұғымдарының осы философияның негізінде жатқанын байқаймыз. Егер бүкіл жануарлар әлеміндегі тіршілік өзінің мән-мағынасымен бірге бұл дүниеге келер болса, адам ең алдымен бұл дүниеге келіп, неше түрлі қиын-қыстау жағдайлардан өтіп барып, көп уақыттан кейін ғана өз өмірінің мән-мағынасына ие болады. Яғни адамның өмір сүруі оның мән-мағыналыққа жетуінен анағұрлым алда жүреді. Мысалы, Африкада, я болмаса Амазонканың бойында өмір сүретін. қолтырауын жағаға шығып, жұмыртқалап, оларды ыстық құмның астына көмеді. Уақыты келген кезде, жұмыртқалардың қабығы жарылып, ішінен кішкентай қолтырауындар жер бетіне шығып, дереу шөлге қарай емес, суға қарай жүгіреді. Қолтырауын осылайша миллиондаған жылдар бойы өмір сүріп жатыр. Ол өз мән-мағынасымен бірге өмір сүруге келеді! Ал дүниеге келген сәбиді алар болсақ, ол анасыз өмір сүре алмайды, оны көп жылдар бойы тәрбиелеп өсіру қажет, содан кейін ғана ол өз өмірі жайлы сұрақтарды өз алдына қойып, өмірінің мән-мағынасын ашуға тырысады.

Экзистенциализм философиясында «шекаралық ахуал» деген категорияға көп көңіл бөлінеді. Ол – өмір мен өлімнің екі арасында қалу, үрей мен алаңдау, түңілу мен қынжылу, уайымдау мен қамқорлық т.с.с. Тек осындай адам өмір сүруіне қауіп төнген жағдайда, оның жан дүниесі терең сілкініске ұшырағанда, «өмірде болу» тебіренісінің негізінде ғана адам тез пісіп-жетіліп, өз өмірінің қайталанбайтын ерекше қалыптасатын мән-мағынасын терең аша алады.

Экзистенциализм философиясы адамның еріктілігіне ерекше көңіл бөледі. Еріктілік – «қажеттікті тану», я болмаса «табиғи дарынды іске асыру» емес, ол экзистенциямен, яғни өмір сүрумен тең. Адам дегеніміз – өзін-өзінен жасайтын пенде. Ол – өзінің өзіндік жоспар-бағдарламасы. Бұл дүниеде еш нәрсе адамды билей алмайды. Адамның себебі тек өзінде ғана, ол өзіне «Causa sui». Ал еріктілік дегеніміздің өзі – таңдау. Адам ерікті пенде ретінде ойына не келсе, соны істей алады. Бірақ, сонымен қатар ол өз істеріне жауапты өзі ғана беруі қажет. Сондықтан Ж.-П.Сартр: «Еріктілік дегеніміз – адамға артылған адамгершіліктің ауыр жүгі», – деген болатын. Адам тек өз ісіне ғана емес, басқаларға да жауапкершілікті. Ол өз-өзін жете түсінудің арқасында басқалардың да терең сырын өзіне аша алады.

Адам экзистенциясының іргетасты ерекшеліктерінің бірі –трансценділеу, яғни өз шегінен өтіп кету. Сонда адам өз шеңберінен аттап өтіп, не нәрсеге жеткісі келеді? Діни экзистенциализм Құдайды трансценденттікпен теңейді. Олай болса, Құдаймен косылуға ынтық болу, нағыз еріктілікті содан іздеу діни трансценділеу болып есептеледі. Діни экзистенциализмнің көрнекті өкілі Н.Бердяевтің айтуына қарағанда, «адам табиғи дүниедегі үзілгендік», екі-жақты, қайшылық пен қайғылыққа шомылған пенде. Сондықтан оны түсіну – одан да жоғары тұрған Құдайды талап етеді. Ал мұның өзі адамның Құдайға тәуелді пенде екендігін көрсетпейді. Философия адамның құдайшылдығын, Құдайдың адамгершілігін көрсетуі қажет. Өйткені Христостың өзі адам болып туды. Құдай дегеніміз – ол рух. Олай болса, тек қана рухани қарым-қатынас қана адамдардың терең мәнін көрсетеді.

Ал атеистік бағытқа келсек, оның өкілдері – Ж-П. Сартр мен А.Камю – оны ештеңеге теңеп, ол экзистенцияның ең терең құпиясы деген пікірге келеді. Сонымен экзистенция дегеніміз – өзінің шектелгенін, яғни уақытша екенін сезінетін, ештеңеге бағытталған адам өмірі.

Экзистенциализмнің ерекшеліктерінің бірі – жеке адам мен әлеуметтік болмысты бір-біріне қарсы қою, осы адамзат болмысының екі жағының бір-бірімен ымыраласпайтынын көрсету болып табылады. Олай болса, адам өмірінің ерекшелігі – өмір сүру мен мәндіктің, болу мен алудың, таным мен түсінудің арасындағы тебіреніс, таңдау. Мұның өзі адам болмысының трагикалық жақтарын көрсетеді.

Өзінің «Болмыс пен уақыт» деп аталатын көлемді еңбегінде М.Хайдеггер адамның өмір сүруін «Dasein» деген ұғыммен береді. (оның қазақшаға тікелей аудармасы – «осы арадағы болмыс»). Мұндай ұғымды философияға енгізіп, ол адам болмысы – тарихи болмыс екенін, ол яғни «қазір және осы арада» өмір сүріп жатқанын көрсеткісі келді. Дүниеде адамнан басқа ешқандай тіршілік өзінің шектелгенін, яғни өлетіндігін білмейді. Олай болса, тек адамға ғана уақыттылық, ал сонымен бірге өмірде болу мәселесі тән. Бұл тұрғыдан алғандағы философияның негізгі мақсаты – ол дәл қазір өмір сүріп жатқан адамның ішкі тебіренісін зерттеу, содан шығатын өмір тәжірибесін талдау болып табылады. Бұл М.Хайдеггердің жасаған жаңа онтологиясы еді. Яғни ол – уақытпен шеңберленген адам болмысы, осы арада өмір сүріп, басқалармен бірге комму-никацияға (қатынасқа) түсу.

Алайда индустриалдық қоғамда адамның болмысы өзінің бишынайылығымен тең. Конвейерден шыққан бір-біріне ұқсас заттар сияқты, адамдар да орталанып, бір тұлға екіншіні жеңіл ауыстыра алады. Адамдар бірін-бірі ауыстыра алатындықтан, «басқа», ол – «нақтылы басқа тұлға» емес, «қайсыбір басқа», «жалпы бір басқа». Мұндай жағдайда «ол да», «мынау да», менің «өзім де» шынайы субъект емеспіз. Мұндай тобыр адамын М.Хайдеггер «das Маn» деген терминмен берсе, Н.Бердяев оны «объективацияланған дүние» дейді.

Ал адамның шынайы болмысына келер болсақ, ол – адамның тарихи пенделігін, уақыт шеңберінде шектелгенін, сонымен қатар өзінің еріктілігін сезінуінде. Шынайы болмысқа жету үшін адам күнделікті күйкелі өмірден бас тартып, соңғы өмірдің шегі – өлімге тікелей қарай алатын жағдайға келуі қажет.

– Бишынайы болмысты аттап өту үшін адамдар бір-бірімен қосылып, «абсурдтық дүниеге», оның шектелгеніне, өлімге, жалпы дүниенің жетілмегендігіне, мәнсіздігіне қарсы шығып, көтерілуі керек, – дейді француз ойшылы А.Камю. Алайда мұндай дүниеге түңілуден туған бірігушілік бірде-бір адам болмысының мәселесін, әрине, шешпейді.

Діни экзистенциализм бұл мәселенің басқа шешімін ұсынады. Г.Марсельдің ойынша, адамдар шынайы болмысты заттардың болмысымен теңейді. Ал шынайы болмыс, негізінен алғанда, әрқашанда тұлғалық болмыс. Болмыс – «Ол емес», «Сен», сондықтан адамдардың Құдай алдындағы бір-бірімен ішкі сырларын бөлісуі, ең құпия тереңде жатқан тебіреністерімен бөлісуі – шынайы болмыстың алғышарты. Ол үшін, яғни басқа адамның терең сырына жетіп, шынайы болмыстық дәрежеге көтерілу тек махаббат арқылы ғана іске асады.

Г.Марсельдің бұл ойларын дамытқан М.Бубер, Э.Левинас сияқты еврей ойшылдары болды. Олардың ойынша, адамның дүниеге деген қарым-қатынасы екіжақты, өйткені оның сөздігінде екі негізгі сөз бар. Олардың біреуі «Мен және Сен» болса, екіншісі «Мен және Ол». Дүние адамзат тәжірибесі ретінде «Мен және Олға» жатады. «Мен және Сен» адами шынайы қарым-қатынасты тудырады. Олай болса, адам алдында дүниеде болудың екі мүмкіндігі бар. «Мен және Сен» шынайы болмысты тудырса, «Мен және Ол» – адами қарым-қатынастарды заттандырады. «Сен» деп қарым-қатынасқа түскен адам – ол заттардың арасындағы зат емес. Мен оны тануға, зерттеуге тырыспаймын, өйткені мен онымен қарым-қатынастамын. Егер ол қатынастардан шыққанда ғана, мен оны тани бастаймын. Тану, білу – «Сеннің» алшақтауына әкеліп соғады.

«Мен және Сеннің» қарым-қатынасын махаббатпен теңеуге болады. Махаббат сезімі бүкіл дүниені өзінің сәулесімен жарқыратып, гүлдендіреді. Махаббат аясындағы адам қайсыбір адамды, жақсы мен жаманды, сұлу мен түрсізді, ақылды мен наданды –бәрін де ерекше «Сен» ретінде қарайды. Алайда адам болмысының трагедиясы – «Мен және Сеннің» қарым-қатынасының сарқылу, я болмаса құралға айналу мүмкіндігінде.

Экзистенциализм философиясының ірі өкілінің бірі – Виктор Франкл. Ол қазіргі қоғамдағы адамдардың қасіреті – ноогендік (nous – грек сөзі, ақыл-ой, зерде, pyx; genesis – грек сөзі, дүниеге келу, пайда болу;) невроздарда, яғни адамдардың өмір сүрудің мән-мағынасынан айырылып қалуында деген пікірге келеді. Соңғыны В.Франкл «экзистенциалдық вакуум» деген ұғыммен береді. Өз болмысының мән-мағынасынан айырылып қалған кейбір адамдар, рухани жүдеуліктен арылу үшін «Құдайды іздеу» жолына түссе, екіншілер нашақорлық пен ішімдіктің сағымында жүреді, үшіншілер қоғамдағы тәртіпке қарсы бағытталған қылмыстық іс-әрекеттерге, төртіншілер суицидке (өз-өзін өлтіру) дейін барады. Өзінің гуманистік көзқарасынан таймайтын В.Франкл өмірдегі ахуал қандай қиын болса да, тіпті жазылмайтын сырқат, өлімнің өзі болмасын, адам өз өмірінің мән-мағынасын жоғалтпауы керек, -деген терең ойға келеді. Өзінің екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Бухенвальд концлагерінде болған экзистенциалдық тәжірибесін сараптай келе, В.Франкл тек қана өз өмірінің мән-мағынасын сақтап қалған адамдар ғана сол тозақтан құтылғанын, ал өмірдің мән-мағынасын жоғалтқан көпшіліктің «малға ұқсайтын тобырға» айналып құрыңанын айтады.

Әрине, реформа барысындағы бүгінгі қиын-қыстау жағдайларда біршама адамдар бұрынғы ұстаған жан дүниесіндегі құндылықтардан айырылып, сонымен қатар жаңа құндылықтарды қабылдай алмай, экзистенциалдық вакуумде жүргендері баршамызға аян. Мұның өзі неше түрлі «әлеуметтік ауытқудың» түрлерін туғызып, реформаның әрі қарай өрлеуіне өзінің кеселін тигізіп отыр. Мұндай қиын жағдайда экзистенциализм ілімінің «әлеуметтік ахуалға» сілтегеннен гөрі, жеке тұлғаның ерікті іс-әрекетінен шығатын таңдауға, ал оның өзі белгілі бір жаңа ахуалды тудырып, өмірдің жаңа арнасын ашуының мүмкіндігін көрсетеді деген құнды пікіріне оқырманның назарын аударғымыз келеді.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!