Экономикадағы мемлекеттік сектордың сипаттамасы | туралы қазақша
Əлемдік шаруашылықта экономика ұлттық-мемлекеттік құрылымда ұлттық экономика болып анықталады. Өндірістік қатынастардың жиынтығы ретінде ұлттық экономика қиын да біркелкі болмайтын категория болып табылады. Ұлттық экономика құрылымы экономиканың мемлекеттік жəне жеке секторынан тұрады. Əлемдік шаруашылық тарихы беттерін ақтарсақ, экономиканың жеке секторының құрылуы мен дамуы ұлттық экономиканың басты көрсеткіші болып табылатынын анықтайды.
Экономиканың мемлекеттік секторының монополиясы тəн болып табылатын өтпелі экономикасы бар елдер үшін бұл сұрақтың теориялық жақтары социалистік өндірістік қатынастар жиынтығымен анықталған болатын.
Дамыған елдердегі мемлекеттік сектор мəселелерін қарастыратын іргелі зерттеу авторлары Э. Б. Аткинсон мен Дж. Ю. Стиглиц «мемлекеттік сектор» мағынасын тұжырымдауларын «private» — «жеке» сөзінің антонимі болып табылатын «public» — «қоғамдық» сөзін қолданудан бастайды, яғни экономиканың жеке секторынан тыс орналасқан – мемлекеттік сектор.
Біздің ойымызша, бұл жағдайда «мемлекеттік» жəне «қоғамдық» ұғымдары синоним болып табылып, осы экономика секторының мемлекетке қатысын анықтайды. Кеңестік кезеңдегі экономика теориясы ғылымының өкілі, профессор Л.И.Якобсон:«əрекеттердің ерекше субъекті бола алатын мемлекет экономиканың мемлекеттік секторының мəн-мағынасы болып табылады», -деп атап өтеді. Мемлекет азаматтарының «атынан жəне тапсырмасы бойынша» ғана шаруашылықпен айналысады. Сол себепті нарықтық экономиканың мемлекеттік секторын қоғамдық деп атау қалыптасқан.
Көптеген авторлар мемлекеттік секторды нарықтық экономикадағы мемлекет рөлі тұрғысынан не экономиканы мемлекеттік реттеу тұрғысынан қарастырады. Л.Г.Ходовтың айтуынша, «экономиканың мемлекеттік секторы орталық немесе жергілікті мемлекеттік билік органдарына толығымен не жартылай түрде меншігіне жататын шаруашылық объектерінің кешені болып табылады».
Аталған анықтамалардан ғылыми əдебиетте экономиканың мемлекет-тік секторына біржақты анықтама жоқ екенін аңғаруға болады. Біздің ойымызша, бұл экономиканың мемлекеттік секторына əдіснамалық көзқарастар əлі де өзгеріс барысында екенінімен түсіндіріледі. Бұл жағдай, сонымен қатар, нарықтық шаруашылықтың басқа субъектілеріне қарағанда мемлекеттің ерекше жағдайда орналасуымен жəне мемлекет қабілеттерімен анықталады.
Сондықтан экономиканың мемлекеттік секторын қарастыруда басты назарды мемлекеттің əрекеттеріне, оның экономикалық саясаттарына емес, тек нақты мемлекеттік сектордың өзіне ғана аударамыз. Мемлекеттік секторды осы тұрғыдан қарастыру дəстүрлі болып табылмайды, өйткені көпшілік үшін ол мемлекет əрекеттерімен бір қатарда қарастырылады.
Экономикалық категория ретінде мемлекеттік сектор алуан түрлі жəне өзара байланыстағы қатынастардан тұрады. Мемлекеттік сектор ішінде бұл қатынастар иерархиялық принципі бойынша құрастырылған. Біріншіден, мемлекеттік бюджетке жəне бюджеттен тыс қорларға алымдарды жинау жəне оларды жұмсаумен байланысты болатын, мемлекет меншігін пайдалану, иелену, жəне билейтін əрекеттерімен байланысты болатын мемлекеттік билік органдары арасындағы қатынастар.
Екіншіден, мемлекеттік секторды басқарудағы құқықтар мен міндеттерді өзара бөлетін орталық, аймақтық жəне жергілікті билікті органдарының арасындағы қатынастар. Үшіншіден, мемлекеттік аппарат пен тауарлар мен қызметтерді шығаратын мемлекеттік кəсіпорындар арасындағы байланыстар. Мемлекеттік сектор аясында меншікті бөліп қарастыру қалыптасқан: — орталық үкімет меншігі; — жергілікті органдар меншігі.
Егер мемлекет жеке акционерлермен қатар орталық жəне жергілікті билік органдары атынан кəсіпорын акцияларына ие болса, онда аралас меншік туралы айтылады.
Кез келген қоғамдық жəне саяси құрылым кезінде мемлекеттік сектор елдің маңызды экономикалық бағаны болып табылады жəне мемлекеттік реттеудің маңызды саласы болып саналады. Нарықтық шаруашылық жағдайында жеке фирмалар қағидасынан бөлек ұстанымдарды ұстанатын мемлекеттік сектордың болуы жалпымемлекеттік экономикалық міндеттерді шешу үшін қолданылады. Аумақ көлемі, шекаралар ұзақтығы, əр түрлі табиғи-климаттық аймақтардың болуы экономикадағы мемлекеттік секторға біршама əсер етеді. Мемлекет аумағының үлкендігі экономиканың мемлекеттік секторының қомақты болуына себеп болады, өйткені үлкен аумақтар халықты жəне аймақтарды ортақ мемлекеттік жəне экономикалық тұтастыққа біріктіретін белгілі инфрақұрылымның болуын талап етеді. Экономиканың мемлекеттік секторы негізінің босаңдауы мемлекеттің əлсіреуіне, аймақтардың экономикалық жəне саяси əлсіреуіне, яғни экономикалық жəне саяси сепаратизмге əкеледі.
Сонымен қатар, ұлт пен мемлекеттің, дəстүрлер мен құндылықтардың, ұлттық менталитеттің қалыптасуын ескеру де маңызды болып табылады. Адамдардың бірлесе отырып табиғат пен қоршаған ортаға қарсы тұра алуы экономикалық əрекеттерге табыс əкелетіні тарихи қалыптасқан еді; мемлекеттік сектордың жоғары үлесі ұжымдық қатынастар мен бірлікке, əлеуметтік əділдікке ерекше назар аударатын ұлттық құндылықтарды ерекше орынға қояды.
Заманауи индустриалды елдердің даму тəжірибесі көрсетіп отырғандай, экономиканың нарықтық құрылымы жеке фирмаларға тəн болып табылатын еркін бəсекенің алды ғана болмайды. Жеке сектор өндірмейтін не ең аз мөлшердегі шығындармен өндіре алмайтын экономикалық жəне əлеуметтік игіліктер бар екенін естен шығармау керек. Мұндай игіліктер экономиканың мемлекеттік секторында өндіріледі. Экономикалық əрекеттің бір бөлігін жеке фирмалар орындайтын, ал бір бөлігі мемлекеттік сектор үлесінде болатын экономиканы аралас экономика дейді.
Мемлекеттік сектор капитализмге дейін де болған, оған мемлекет иелігіндегі жер үлестері, ормандар, жылжымайтын мүлік, азық-түлік жəне жанармай қоймалары, əскери базалар жəне басқа əскери шаруашылықтар, пошта, көлік қызметінің бір бөлігі, əскери зауыттар жататын. Мемлекет капитализм даму барысында мемлекеттік бюджет қаражатынан жаңа объектер салып, жеке меншік иелерінің инфрақұрылым, ауыр өнеркəсіп салаларындағы шаруашылық объектерін мемлекеттік меншікке алды.
Бір елдерде мемлекеттік сектор салалар мен кəсіпорындарды мемлекеттік меншікке алу нəтижесінде пайда болса (Франция, Италия, Ұлыбритания, Австрия), екінші бір елдерде құлдыраған шаруашылықтарды меншігіне алып не жаңадан салу нəтижесінде толықтырды (Германия, АҚШ, Швеция, Жапония). Жер, ормандар, ұлттық парктер, тарих жəне мəдениет ескерткіштері жататын экономиканың мемлекеттік секторы ландшафты, елдің тарихи жəне мəдени тектік қорын жəне құрылыс үшін резерв жерлерді сақтап қалу үшін маңызды болып табылады. Жеке капитал ұлттық байлықтың осы бөлігін сақтап қала алмас еді. Ол бұл объектерді барынша пайдалануға ғана мүдделі.
Мемлекеттік секторда жанармай, шикізат жəне азық-түліктердің мемлекеттік резервтері басты орын алады. Олар елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді жəне экономикалық тұрақтылыққа ықпал етеді. Дүние жүзілік саудада АҚШ-тың түсті жəне сирек жер металдарының стратегиялық қорлары белгілі. Əлемдік бағалар өскен жағдайда бұл қорлар сатылады.
Энергетикалық құлдыраудың дүмпулерінен кейін Батыс Еуропаның көптеген елдерінде мен Жапонияда ұлттық шаруашылықты эмбаргодан немесе бағаның күрт өсуінен сақтау үшін сұйық жанармайдың мемлекеттік резервтері жасалған болатын.
Экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі біркелкі болмайды. Ол бірнеше факторларға тəуелді жəне нақты экономикалық, əлеуметтік, саяси, тарихи, географиялық жəне табиғат жағдайларына байланысты үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, экономикалық құлдырау кезінде, соғыстан кейін экономиканы қайта құруды қажет ететін жағдайда, экономикалық дағдарыс кезеңдерінде мемлекеттік сектор рөлі күрт өсіп отырады. Экономиканың тұрақтануы мен қалпына келу барысында сектор үлесі қысқаруы да мүмкін.
Экономикадағы мемлекеттік сектор үлесінің қысқа мерзімді ауытқуы мен ұзақ мерзімді үрдістер болатынын айтуға болады. Ұзақ мерзімді үрдістер бойынша, экономикадағы өзара байланыстардың күшеюі, инфрақұрылымның дамуы, мəдениет, білім беру, экология, денсаулық сақтау сияқты қоғамдық игіліктерге деген қажеттіліктердің артуы нəтижесінде мемлекеттік сектор үлесі арта түседі.
Мемлекеттік сектордың көп бөлігін жеке капитал үшін пайдасыз инфрақұрылым объектері мен ірі инвестицияларды талап ететін жəне капитал айналымы баяу жүретін шикізат жəне энергетика салаларындағы мемлекеттік кəсіпорындар құрайды. Əр елдің экономикасында мемлекеттік сектор белгілі бір көлемде болуы қажет, ал дамушы елдерде оған басты көңіл аударылады. АҚШ-та барлық жұмыспен қамтылғандардың 40%-ы мемлекеттік секторда жұмыс істейді.Бұлар: инфрақұрылым объектілері, барлық деңгейдегі мемлекеттік басқару органдары, жол шаруашылығымен айналысатын қызметтер, мемлекеттік білім беру мекемелері, мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері, əскер, күрделі əскери техникасын қарайтын жəне техникалық қызмет көрсететін ірі кəсіпорындар, полиция, түрме, өрттен сақтандыру жəне т.с.с. Еуропалық одақ елдерінінің мемлекеттік секторында барлық жалданып жұмыс істейтіндердің 11%-ы жұмыс атқарады.
Мемлекеттік сектор жағдайы мен оның өтпелі экономикадағы рөлі өзара байланысқан жəне өзара əрект жасайтын екі үрдіспен сипатталады. Бірінші үрдіс бойынша, əміршіл-бюрократиялық жүйеден нарықтық экономикаға өту барысында алғашқы кезде мемлекеттік сектор қысқарып, мемлекеттің реттеу рөлі азайып, ЖІӨ-дегі шығындар үлесі төмендейді. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру жеке сектор шекарасы мен нарықтық тетіктер қызметін арттыра түседі.
Бірақ мұндай жағдай экономиканың жүйелі дағдарысы кезінде болады, ЖІӨ қысқарады, инвестициялық белсенділік төмендеп, инфляция артып, қаржылық дағдарыспен жұмыссыздық күшейеді. Бүгінгінің тұрақсыздығы, болашақтың белгісіздігі, меншік иелігі құқығының болмауы жəне т.б. келеңсіз жағдайлар туады. Дағдарысқа қарсы стратегия мен бағдарламалар жасау көбіне мемлекет мойнына артылады, ал ол мемлекеттің экономикадағы рөлінің артуын талап етеді. Тұрақтылық, тыныштық, адам жəне ұлт қауіпсіздігі сияқты қоғамдық игіліктерге деген қажеттіліктер арта түседі. Экономика шешуін таппаған мəселелерді қамтамасыз ететін ресурстарына тапшылық жағдайында бола бастайды. Бірақ бұл ресурстар терең дағдарыс жағдайындағы өндірістен шығуы мүмкін емес. Сондықтан бірінші орынға не мемлекет шығындары, не сыртқы қарыздар қойылады.
Сонымен, мемлекеттік сектордың дамуындағы жəне экономиканы мемлекеттік реттеудегі өзара қарама-қарсы, бірақ бір-бірімен тығыз байланыстағы екі үрдіс қалыптасады. Біреуі жекешелендіруден кейінгі кезеңде қалыптасқан экономикадағы мемлекеттік сектор үлесін азайту арқылы көрінсе, екіншісі қоғамдық игіліктерге деген қажеттіліктердің артуына байланысты мемлекеттік реттеу көлемін кеңейтуге жəне мемлекеттік шығындарды арттыру арқылы көрінеді.
Өтпелі кезеңдегі мемлекеттік сектор – екіжақты жəне қарама-қайшы жақтар. Оның шартты түрде екі бастауы бар екендігін келтіруге болады: орнын толтыруға, баламалылыққа, сатып алу-сатуға, меншік құқығын иеліктен шығаруға негізделген нарықтық негізі, жəне айырбас баламалы-лығының болмауына, ресурстарды бөлудегі нарықтан тыс тетіктерге, мемлекеттік жəне муниципалды кəсіпорындарға негізгі қорларды өтеусіз беруге, меншік құқығы белгісіздікке негізделген нарықтық емес негізі болып анықталады. Қоғамдық игіліктерді өндірудегі мұндай екіжақты қоғамдық игіліктерді өндіруде экономикалық ресурстарды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау мақсатында мемлекеттік секторды заң тұрғысынан реттеу қажеттілігін жəне мемлекеттік сектордағы барлық субъектілердің құқықтары мен қызметтеріне сəйкес табыстарды дұрыс бөлінуін талап етеді.
Экономиканың мемлекеттік секторы экономикалық өсудің негізгі факторы болып табылады, сонымен қатар тұрақтылық пен бірқалыпты дамудың кепілі мен ұлттық байлықтың сақталуының кепілдемесі болып табылады.
Мемлекеттік кəсіпкерлік пен мемлекеттік тұтыну мультипликативті сұраныс тудырады, капитал толығуын жеделдетеді, дағдарыс жағдайындағы салалардың айығуына ықпал етеді, əлемдік нарықтағы елдің жағдайын нығайтады. Адамның дене жəне рухани жетілдіруінің материалдық негізі болып табылатын өндірістік жəне əлеуметтік инфрақұрылымның біраз бөлігін ұстайды. Мемлекеттендіру көлемі нақты экономикалық жəне тарихи жағдайларға жəне қоғам жағдайына жəне басқа факторларға байланысты болады. Экономиканың мемлекеттік секторының үлесін есепсіз өзгерту елдің əлеуметтік-экономикалық дамуындағы жағымсыз нəтижелерге əкеледі.
Нарықтық экономикасы бар елдерде мемлекеттік сектор барлық мемлекеттік əлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жету үшін реттеу құралы ретінде кеңінен қолданылады. Ұлттық экономикадағы мемлекеттік меншік үлесі біршама болатын елдерде ол экономикалық кезең мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін пайдаланылады. Құлдырау жəне дағдарыс кездерінде мемлекеттік темір жолдарында негізгі капиталдың белсенді жаңаруы болып тұрады, пошта мен телеграфтың құрал- жабдықтары жаңарып тұрады; осы кезеңде автомобиль жолдарының салынуы мен кемежайлар мен аэродромдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы құрылыс жұмыстарға деген сұраныстар мен құрылыс тауарларын сатып алу деңгейінің артуымен қатар жүреді. Осылайша мемлекеттік шаруашылық объектері өндіріс құлдырауы мен жұмыссыздықтың өсуіне қарсы шаралар жасайды.
Мемлекеттік сектор мемлекеттің құрылымдық саясатында да белгілі қызмет атқарады. Мемлекет жаңа объектер құрып, ескілерін қайта құрады, жеке меншік иелерінен объектерді сатып алып, кеңейтеді. Көптеген елдерде мемлекеттік сектор мекемелері ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты орындаушылары болып табылады жəне ҒЗТКЖ нəтижелерін экономиканың барлық салаларына ұсынатын ірі жеткізуші болып табылады.
Мемлекеттік секторды пайдалану арқылы мемлекеттік реттеудің салық жеңілдіктері мен бюджет шығындары шараларына қарағанда басты артықшылығы бар, ол арзанға түседі. Ол былай түсіндіріледі, мемлекеттік фирмалардың пайдалылығының шамалылығына қарамай, өзіндік қоры болады, бағалы қағаздар шығарады, банк несиелерін пайдаланады, сондықтан олардың капитал салымдары, қарыздары өз қаражаттары арқылы толығымен не ішінара қаржыландырылады. Кейбір кəсіпорындар мемлекеттік сектордың басқа объектерінің тапшылығын ішінара жаба отырып, бюджетке табыс əкеледі.
#Экономикадағы #мемлекеттік #сектордың #сипаттамасы
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз