Экологиялық сақтандыру |

0

Мемлекеттің экологиялық қауіпсіздігі және нақты жағымды нәтижелерге қол жеткізу үшін табиғатты пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды реттеудің экономикалық әдістерін қолдану тиімді болып табылады. Зиян келтіруші халық пен қоршаған ортаға келтірген залалын өтеу міндеті экологиялық қауіпсіздіктің маңызды жалпыға танылған халықаралық қағидасы болып табылады. Қазіргі таңда заң саласында қоршаған ортаны ластағандары үшін кәсіпорындардың экономикалық-құқықтық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, ластану салдарынан келтірілген залалды өтеу кәсіпорынның өз қаржы есебінен, ал ерекше жағдайларда, мемлекеттік бюджеттің есебінен жүргізіледі. Заңнамаға сәйкес өнеркәсіптік кәсіпорындар шығындарды өтеуге ғана емес, сондай-ақ жаңа шығындардың пайда болуына жол бермеуге міндетті. Шығындарға жол бермеу техногендік апаттың пайда болу тәуекелін төмендететін ескерту шараларының орындалуын білдіреді. Бірақ, қазіргі жағдайларда ластаушы-кәсіпорындарда қажетті қаражаттың болмауы мен барлық деңгейдегі бюджеттік ресурстардың тапшылығы салдарынан қоршаған ортаның апаттық ластану шығындарына жол бермеу және өтеу мәселесі әлі де шешілмей отыр. Техногендік апаттар салдарынан келтірілген шығындардың 80%-ы мүлде өтелмейді. Оларға жол бермеу мен өтеудің жалғыз ғана мүмкіншілігі бар, ол — экологиялық сақтандыру жүйесінің қағидаларын жүзеге асыру.

Экологиялық сақтандыруды жүзеге асырудың екі нысаны бар — ерікті және міндетті. Ерікті экологиялық сақтандыру сақтандырушы мен сақтанушы-кәсіпорын арасында ерікті жасалған шарт негізінде пайда болады. Сонымен бірге, сақтандыру тәртібі және шарттарын сақтандыру компаниясы өз бетімен белгілейді. Ерікті экологиялық сақтандыру жағдайда сақтандыру сомасы мен сақгандыру жарналарының жүктемесіне қатысты шектеулер болмайтынын ескеру қажет. Тек қана бір шарт сақталуы тиіс: апаттық ластану тәуекелі өскен сайын сақтандыру жарналарының жүктемелері де өсе түседі. Сонымен бірге, сақтандыру жарналары сақтанушы-кәсіпорынның өкімінде қалған табыс есебінен төленеді. Міндетті экологиялық сақтандыру жүйесі ерікті сақтандырумен салыстырғанда қатаң болып табылады. Міндетті сақтандыру сақтандырудың осы түрін жүргізу шарттары мен тәртібін белгілейтін заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Аймақтық немесе мемлекеттік деңгейде бекітілген қоршаған ортаның ластану тәуекеліне жататын экологиялық қауіпті нысандар (кәсіпорындар) тізімінің болуы қажетті шарт болып табылады. Сақтандыруды жүзеге асырудың осы нысанында сақтандыру сомалары мен сақтандыру жарналарының жүктемелері нормаға келтіріледі. Сонымең қатар, сақтандыру жарналарын сақтандырушы өнімінің (жұмысы, қызмет көрсетуі) өзіндік құнына жатқызу болжамдалады, ол экологиялық сақтандыруды жүргізу кезінде кәсіпорындардың қызығушылыгын көтеруге ықпал етеді. Міндетті экологиялық сақтандыру ерікті сақтандыруға қарағанда нәтижелі, өйткені осы жағдайда сақтандыру барлық әлеуетті қауіпті нысандарды қамтиды. Оның нәтижесінде зардап шеккендерге қоршаған орта ластану салдарынан келтірілген зиян үшін тиісті өтемақы алу мүмкіндігі пайда болады. Бірақ, қазіргі уақытта экологиялық сақтандырудың ерікті нысаны қолайлы. Бұл келесі себептермен түсіндіріледі:

— міндетті сақтандыруды енгізу үшін қажетті заң негіздері жоқ және экологиялық сақтандыру бойынша салалық әдістер әзірленбеген;

— техногендік апаттар мен дағдарыстар бойынша деректердің статистикалық банкі құрылмаған;

— мемлекеттік экологиялық сақтандыру қорын құруға қажет бюджетгік құралдардың болмауы.

Жоғарыда аталған себептерге байланысты бастапқы кезеңде ерікті экологиялық сақтандыру механизмін қабылдаған дұрыс, ал содан кейін қажетті нормативтік-әдістемелік құжаттың әзірленуіне қарай міндетті сақтандыруды енгізу қажет.

Экологиялық сақтандырудың міндетті шарты — апаттың алдын алу, сондай-ақ сақтандырушы мен сақтанушының қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеуге өзара мүдделіліктері. Сақтандырушы мен сақтанушының сақтану мүдделері пайда болады: сақтанушыда — тікелей және жанама шығындарды өтеу; сақтандырушыда — табыс алу.

Сақтандыру шартында сақтандырушының сақтанушыға белгіленген сақтандыру сыйақыларын (жарналар) толеуі, ал сақтандыру оқиғасы орын алғанда сақтандыру шартында белгіленген мерзімде және сақтандыру сома (жауапкершілік лимиті) шеңберінде келтірілген залалды өтеуі қарастырылған. Сақтандыру шартында сақтандырушы келтірілген залалдың болу мүмкіндігін немесе мөлшерін төмендететін табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асырған, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды қаржыландыруға сақтандыру қоры қатысқан жағдайда сақтандыру сыйақысын азайту мүмкіндігі сияқты өзге де шарттар көзделуі мүмкін.

Пайдаланылған әдебиеттер: Мұхажанова Н.А., Жаһандық экология: Алматы, -2011. -172 бет.