Ядролық күштер | туралы қазақша

0
242

Кез келген химиялық элементтің атомы ядродан және оны айналып жүретін электрондардан тұратындығын біздер жақсы білеміз. Нұсқасы Күн жүйесіне ұқсас (Резерфордтың теориясына сәйкес). Шын мәнінде бұл тіпті олай емес екен. Ядроның өзі өте күшті байланыстағы нуклондар жүйесінен, ал нуклондар протондар мен нейтрондардан тұратыны, олардың арасында ядролық күштердің әсер етететіндігі ғылыми жолмен және тәжірибемен анықталды. Егерде бір себептермен қозғалып кететін болса, керемет ғажайып энергия бөлетін осы күштер болып шықты. Адамзат осы күштерді босатудың әдістерін тауып алса да, оларды қалай қауіп-қатерсіз басқарудың мәселелерін толық шеше алмай келеді. Өйткені ядролық күштер теңдесі жоқ күштерге жатады. Бұл күштер электрмагниттік және гравитациялық (жердің тартуы) күштерден еселеп жоғары тұр.

Ядроны оны құрайтын нуклондарға бөлуге кететін энергияны байланыс энергиясы деп атайды. Іс жүзінде энергетикалық ядролық реакциялардың екі түрі қолданылады: ауыр ядролардың бөлшектенуі және жеңіл ядролардың синтезі. Бұлай болып бөлінудің себептері химиялық элементтердің атомдық массаларына байланысты. Енді адамзаттың бақыты мен соры осы жасанды энергетикалық күштерді қай бағытта дамытуда: бейбіт дамуға ма әлде өзін-өзі жоюға ма?

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Курчатов қаласында 1996 жылдың қазанында өткен халықаралық конференцияда «КСРО-да болған ядролық сынақтардың жалпы сипаттамалары және олардың кейбір экологиялық салдары мәселелері» жөнінде жасалған баяндамалардан үзінділер келтіру орынды болар.

Бүрынғы КСРО-да барлық ортада 715 ядролық сынақ (оның ішінде 124 бейбіт мақсатта) жасалған. Егерде КСРО-да 496 жер асты сынақтары жасалса, АҚШ-та 839 жер асты сынақтары (оның ішінде 35 бейбіт мақсатта) жасалды. Барлық бөлінген энергияның көлемі КСРО бойынша 38 миллион тонна тротил жарылғышына тепе-тең болса, АҚШ бойынша 38-39 миллион тонна болды. Егерде осыншама энергия басқарылмаса, не жер астында тұншықтырылмаса, барлық дүниедегі тіршіліктен және Жерден ештеңе қалмас еді!

Осындай «бейбіт» нәтиже адамның осыншама энергияны бұлжытпай басқаруы, жер қойнауында өшіруі және атмосферада таратуы арқылы болды. Егер олардың қауіптілігі мен кейінгі әсерлері Чернобыль АЭС-ның апатынан кейін дүние жүзіне түгел жайылып кетпесе, айтылған ядролық сынақтар туралы хабарлар онша таралмас та еді.

Енді мынадай салыстыру жасап көріңіз: 1945 жылы АҚШ-тың Жапонияға тастаған екі атом бомбасы ондаған ғана килотонна тротил жарылғышына тепе-тең болып (Хиросимаға тасталған ең үлкен бомбаның күші 20 килотонна), бір мезгілде 45 мың адамның өмірін қиса, сынақта жарылған ядролық қарулардың күші 77 миллион тротил жарылғышына тепе-тең болды! Қалай болса да адамзат осыншама энергияны басқара алды, өшірді, өзіне онша зиян келтірмеді. Әрине, Жердің және миллиондаған адамдардың қатты күйзеліске ұшырағанын жасыру мүмкін емес.

Осы себептен біздің алдымызда көптеген қиындықтар тұр: адамзаттың бейбіт жағдайда өркендеуі үшін атом энергиясының ролін мадақтауға тура келеді. Менің өз басым атом энергиясы адамзаттың келешегі үшін өте қажет болады, ол, автомобиль сияқты, адамдардың өміріне араласады деген шешімге келгендіктен, келешектегі электр және жылу атом электр станциялары туралы жан-жақты әңгімелесуіміз керек деп ойлаймын. Оған кіріспестен бұрын ядролық энергияның негізі болып табылытын изотоптардың маңызы туралы қағидаларды жақсы түсініп алуымыз керек.

Пайдаланылған әдебиеттер: Татамбаев С.А., Атом империясының радиоактивті мұрасы немесе радиациялық экология: Анықтамалар, түсініктемелер, әңгімелер. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2008. – 272 бет.

#Ядролық #күштер

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз